50981
«Қайта-қайта иіскегім келеді»: Тұрсынбаева ішек-қарын тазалағаннан рахат алатынын айтты (ВИДЕО)
«Қайта-қайта иіскегім келеді»: Тұрсынбаева ішек-қарын тазалағаннан рахат алатынын айтты (ВИДЕО)
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева тағы бір қырынан танылды. Ол айтыстың үздігі ғана емес, ішек-қарын тазалаудан да үздік екен деп хабарлады turkystan.kz.
Қазір айтыс сахнасынан алыстап, мотиватор болып жүрген ақынның айтуынша, ол бала кезінен малдың ішек-қарнын тазалап өскен. Тіпті осы жұмысты ерекше құлшынып істейтін көрінеді.
«Мен тәтемнің (нағашы апам) қолында өстім ғой. Қарапайым отбасы едік. Тәтем марқұм совхоздың сойылған малдарын жіліктеуге көмектесіп, ақысына ішек-қарын алатын. Оны үйге әкеліп, бірге тазалайтынбыз. Сіздер мені айтыстан 33 көлік мінген чемпион деп білесіздер ғой, егер ішек-қарын тазалаудан жарыс болса, 100 машина мінетін едім. Қарынды аппақ қылып тазалаудың бірнеше түрін білетінмін. Сонда 10-11 жаста екенмін ғой, ойлап отырсам. Тіпті, тәтем 2-3 қойдың ішек-қарнын маған әкеліп тастап, спокойно жұмыстарымен кете беретін. Рахаттанып тұрып тазалап, тіпті қуырдақ қуырып қоятын едім. Мен әлі күнге дейін ішек-қарынның иісін жақсы көремін. Қайта-қайта иіскегім келеді. Ішек-қарыннан жасалған қандай тағам түрлерін жақсы көресіздер?» деп жазды Айнұр Тұрсынбаева Instagram-дағы парақшасында.
Ел алдына тек әдемі киім киіп шығып жүрген Тұрсынбаеваның бұл жазбасына оқырмандары таңданысын жасыра алмады.
«Сізді ішек-қарын тазалайды деп мүлде ойламаппын. Таңқалып отырмын», «Жарайсың, Айдың нұры Айнұр! Нәзік жанды болсаң да сегіз қырлы, бір сырлы болып тұрсың ғой» дегендей пікірлер жазды көпшілік.