АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай

АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай

АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай
ашық дереккөзі
51102
Өткен аптада қазақстандық БАҚ Аме­ри­каның Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында тұңғыш қазақ мек­тебі ашылғанын жарыса жазған еді. Kazakh American қауымдастығының президенті Жұл­дызай Исмаилова бұл мектепті ашуға бес ай уақытын жұмсаған. Оған дейін ол Американың алғашқы астанасы саналатын Филадельфияда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ата Заңымыз қабылданған күнге орай іс-шаралар өткізіп, 800-ге жуық адам бас қосқан Наурыз мерекесін ұйым­дастыруға атсалысқан. Ұлық мереке­міз­дің ашық аспан астында дүркіретіп тойлануы­на тіпті Филадельфия қаласының әкімшілі­гін­де жұмыс істейтін қызметкерлер қызық­қа­нын айтқан Жұлдызайға хабарласып, әңгі­ме­лес­кен едік. – Әлеуметтік желіде Америкадағы қа­зақ­тарға арналған топтар көп. Сондықтан ол жақ­та белсенді жұмыс істейтін қазақ қауым­дас­тығы көп шығар деп ойлайтын едік. Бірақ Фи­ладельфияға үш жыл бұрын қоныс ау­дар­ған сіз бара сала Kazakh American қауым­дас­ты­ғын ашып, азғана уақыт ішінде бірталай іс­ атқарыпсыз. Тіпті, ондағы Тулар ал­лея­сын­дағы желбіреп тұрған тулар қатарына Көк байрағы­мыз­дың қосылуына атсалысып­сыз. Сон­да ол жақта сізге дейін қазақтардың ба­­сын қосатын ешкім болмағаны ма? – Бастапқыда түсініспедік. Фи­ладель­фияға көшіп келген кезде мұнда қыр­ғыздар мен өзбектерді көп кездестірдім. Тіпті, мен тұратын үйден ары екі қадам ат­т­а­с­аң өзбектер ашып алған бірнеше дүкенді көзің шалады. Алғашында «бұл қалада қазақ­тар жоқ-ау, шамасы» деп ойладым. Кейіннен белгілі болғандай, мұнда ұлттық мерекелерді ұйымдастырып жүретін белсенділеріміз бар екен, десе де олар тек мерекеде бас қоса­тын­дықтан әрі ресми тіркелген қауымдастық мүшелері саналмағандықтан, көпшілік кө­зіне түсе бермейді. Ал мен бұл қауым­дас­тық­ты ашуда екі мақсатты көздедім. Осында тү­рік, өзбек қауымдастықтарының белсенді жұ­мыс істеп жатқанын көрген соң қазақтар қауым­дастығын ашу қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, оны заңды тіркеу, қала әкімшілігіне бізді мойындату үшін біраз жүгіріп, тер төгу­ге тура келді. Екіншіден, Американың алғаш­қы астанасы саналатын Филадельфиядағы тулар аллеясында көптеген мемлекеттің туы жел­біреп тұр. Бірақ ол қатарда біздің Көк бай­рағымыз жоқ. Мұны байқаған кезде «Біз­дің Туды сол жерде көтеру үшін не істесек бо­лады екен?» деп бас қатырғаным бар. Сол кез­де әкімшіліктегілер ол үшін ресми түрде қауым­дастық ашып, сол қауымдастық аты­нан хат жазу керек екенін айтты. Қажетті про­цедураның барлығынан өткен соң, 4 қа­зан күні қауымдастықты заңды түрде тір­кеп, жұмысты бастап кеттік. Былтыр Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына арналған іс-ша­ра­да әлгі мен айтқан аллеяда Туымыз көкке кө­терілді. Сол іс-шарада Филадельфия қа­ла­сының әкімі сөз сөйлеп, бізді айтулы мере­ке­мізбен құттықтады. Сондай-ақ 100 адам­ның қатысуымен Ата заңымыз қабылданған күн­ге орай іс-шара ұйымдастырдық. Осы­лайша, бірнеше штатта жұмыс істейтін қазақтар қауымдастықтарының қатарын Фила­дельфиядағы біз ашқан қауымдас­тық­пен толықтырдық. Енді біз көппіз.  width=– Филадельфияда екі жыл қатары­нан Наурыз мерекесін дүркірете тойлат­қан­дарыңыз да ел аузында жүр. Оны да сіз ұйымдастырды деп естідім. – Былтыр 200 адам бас қосқан Наурызды бір өзім ұйымдастырдым. Ал биыл Нью-Йорк­тегі қазақтардың басқосуына ұйытқы болып жүрген Бағдат Әріповтің қасына бір­не­ше қазақ бірігіп, бауырларымыздың ұлық мере­кемізді ерекше тойлауына жағдай жаса­дық. Сол мерекелік басқосуға 600-ден астам ересек, 200-ден астам балалар жиналды. Биыл­ғы іс-шараның ерекшелігі көп, бізге бірнеше демеуші қолдау көрсетті, сондай-ақ е­лден киіз үй, текемет, кілемше, тоғызқұ­малақ тақтасын алдырттық. Сонымен қатар биыл бізбен бірге Наурызды тойлауға Нью-Йорктағы қырғыз, түрік, өзбек, литва қауымдастықтарының басшылары мен өкілдері келді. Негізі, Америкада жылқы сою үшін рұқсат алу керек, ал біз биыл жасыры­нып жүріп, жылқы сойып, қазы-қарта әзірледік. Сырттан келген қонақтар ұлттық тағамдарымыздың, соның ішінде қазының дәмін ұнатып, ыстық лебізін білдірді. – Жуырда елдегі БАҚ жарыса жазған, Филадельфияда ашылған тұңғыш қазақ мек­тебі туралы сөз қозғасақ. Онда оқу­ға ниет білдірген бала саны қанша? Са­бақ беретін мұғалімдерді қалай ірік­те­діңіз? – Негізі, бұл жаңалық елде осындай ре­зонанс тудырады деп ойламадым. WhatsApp-тағы топтарға қазақ мектебінің ашылу сал­танатына шақыру жолдаған едік. Содан соң сол топқа тіркелген Kazunite онлайн газе­тінің журналисі сұхбат алды. Ертесінде «жұл­дыз» болып ояндым (күліп). Белгілі меце­нат Қайрат Құдайберген ризашылығын білдіріп, біз жүктеген видеоны пост қылып жариялапты. Үйдегілер әлгі видеоның ақ­жол­тай жаңалық ретінде «Хабар» арнасынан көр­сетілгенін айтты. Әлі де құт­тықтап жат­қан­дар баршылық. Тіпті, Қазақстанда отан­дық өнімдер әзірлеумен айналысатын бауыр­ларымыздың «Бізден қандай көмек қажет? Мына өнімді салып жіберейік. Бізден сыйлық болсын» деп тілектес болып жүр­геніне риза болдым. Бір қызығы, көпшілік қазақ мектебі дегенге кәдімгідей үлкен мек­теп деп ойлап жүрсе керек. Бұл – Филадель­фияда тұратын қазақ балаларына қазақ тілін, салт-дәстүрімізді үйрететін мектеп. Америкада туған балалардың көбі қазақ тілін білмейді. Қазақтілді орта болмаған­дықтан, көп нәрседен бейхабар. Сондықтан қай елден таралғанын ұғындыру үшін осы мектепті ашуды жөн санадық. Қазақ тілінен бөлек, олар біздің мектепте домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптарды үйрене алады. Сондай-ақ оларға әнұран, мақал-мәтелдер жаттатқызамыз. Одан бөлек, ата-анасының рұқсатымен Құранды жатқа оқуға үйретеміз. Мектебіміздің ашылғанына он күн ғана бол­ды. Сол себепті қазір бізде оқып жүрген бала саны аз, 15-20 шақты оқушы ғана. Мектеп туралы енді естіп-білетін жатқан көпшілік алдағы уақытта балаларын өздері ертіп әкелер деген үміттемін. Біз тұратын қаладан Нью-Йоркке және Нью-Джерси штатына бір жарым сағатта жетуге болады. Сол жақта тұра­тын қазақтар хабарласып, болашақта ба­ла­ларын біздің мектепте оқытқысы ке­ле­тінін айтып жатыр. Сабақ күндерін сей­сенбі және бейсенбіге бекіткен едік, бірақ осында тұратын балалардың өздері оқитын, жалпыға білім беретін мектептегі оқуынан бөлек, түстен кейін баратын түрлі секция­лары бар. Сондықтан әзірге олардың қолы бос болатын күндерін реттестіре алмай, сабақ кестесін нақты бекіте алмай жүрміз. Негізінен біздің мектепте баланың оқуына барлық жағдай жасалған. Әзірше үш кабинет жалдап отырмыз, бірақ болашақта өз орта­лығымызды ашқымыз келеді. Ал мұға­лімдер туралы сұрасаңыз, «Болашақ» бағдарлама­сы­мен оқуға келген студенттердің көмегі көп тиді. Солардың ішінде балаларды оқытуға бар күшін салатынын айтқан, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Дариға есімді қыз ән-күйден сабақ береді. Қа­зақ тілі сабағын елде жүргенде ағылшын тілі пәнінен сабақ берген Ақбаян есімді қыз өткізеді. Ал Құранды жатқа оқуды түрік орта­лығында сабақ беретін арнайы маман үйрететін болды. Ал осында жұмыс істеуге кел­ген қазақтар Әнұран, Қазақстан тарихы, ма­қал-мәтелдер туралы сабақты тұрақты түрде жүргізіп отыруға ниет танытып отыр. Жал­пы, бос уақытында біздің мәдениет тура­лы тегін сабақ өткізуге дайын екенін айт­қан­дар өте көп. Балалар саны көбейген кезде бар­лығына білген-түйгенін бөлісуге мүмкін­дік береміз. Байқап қарасам, мектепті қазақ­тар көп шоғырланған жерден дер кезінде ашыппыз. Егер қала сыртынан немесе қазақ­тар тұратын ауданнан алыс ашқанда, ешкім баласын ертіп келмейтін еді. Тіпті, олар 30 минуттай жүріп баратын жолды алыс дейді. Мұн­да тұратын америкалықтар уақытты қат­ты бағалайды. Сол секілді осында тұра­тын қазақтар да уақытын тектен-текке өт­кіз­гісі жоқ. Біздің мектепте сабақ беретін мұға­лімдердің де алтыннан қымбат уақытын ар­науға келіскенін ескеріп, ай сайын жалақы тө­лейтін боламыз. – 15 баланы екі топқа бөліп оқы­та­сыз­дар ма? Бір сабақтың құны қанша? – Иә, екі топқа бөліп оқытамыз. 6-9 жас ара­лығындағы балаларға әріптерді үйретсек, 10-16 жас аралығындағыларға күрделі та­қырып­тар жөнінде сабақ береміз. БАҚ тарат­қан видеоны көрген болсаңыз, кабинеттер қа­зақы стильде безендірілген. Текемет төсел­ген кабинетте ұлттық аспаптар үйретеміз. Екін­ші кабинетте қазақ тілі сабағы өтсе, үшін­шісінде Құранды жатқа оқу сабағы өткі­зіледі. Қазір әріптерді басып шығарып, «Әліп­пенің» мазмұнына сай сабақ құрылымын дайын­дап жатырмыз. Бір сабақтың құны – 15 АҚШ доллары. Баласын алып келген ата-ана­ға «Балаңыз қазақ тілін үйренеді, дом­быра­ның құлағында ойнайтын болады. Дін­нен де хабары болады. Баланың бойына осын­шама білімді «үйіп-төгетін» мұға­лім­дерге жалақы төлеу керек» деп барлығын түсін­діреміз.  width=– Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Бас консулдығы да көмектесетін болар? – Ондағылар былтыр Наурыз мерекесін ұйым­дастырғаныма ризашылық білдіріп, кең­сеге шақырған. Сол кезде «алдағы уақыт­та Филадельфия қазақтарына арнап мектеп аша­мын дегенімде, қазақ тілін үйретемін де­сеңіз қаже­тіңіз­ге жарап қалар» деп қазақ тілі, тарихы тура­лы кітаптар беріп жіберген. Десе де, олар­ға мектептің ашылғанын әлі айт­қа­ны­мыз жоқ. Консулдықтағыларға хабар­лассақ, олар­дан тағы көмек болатыны сөзсіз. Жал­пы, алдағы бір ай ішінде мек­теп­тің жұмысын рет­тестіріп алған соң, жеке кәсіппен айна­лыссам деймін. Ел есінде осы мектептің не­гізін қалаушы ретінде қалғым келеді. Алда­ғы уақытта жеке кәсіп жүргізуді қолға алған соң мек­теп ішінде отырмай-ақ сырттай көмек­тес­сем деймін. Негізі, бұл игі іске атса­лыс­қысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Сон­дық­тан болашақта мектептің жұмысы алға бас­паса, кері кетпейді. Жалпы, Американың бір­неше штатында жұмыс істейтін қазақтар қауымдастығы бар, онда қазақ тілі мен мәдениетін наисхаттайтын қазақ мектептері ашыл­ған. Лос-Анджелесте Раушан апай, Хьюстонда Қуатбек ағай ашқан мектеп жұ­мыс істейтінін білемін. Жуырда Анар есімді қыз ел астанасы Вашингтоннан қазақ тілі мектебін ашты деп естідім. Сіздерге білінбес, бірақ қазір Америкада қазақ мәдениетін та­нып-білуге бағытталған іс-шаралар жиі өткізіледі. Сыртта жүрген ересек қазақтар кө­біне орысша сөйлейтін еді. Ал қазір ме­ні­мен бірге жұмыс істейтін қыздар олардың тек қазақша сөйлеуге тырысып жүргенін ай­та­ды. Расымен, қазір қазақтар бас қосса, тек қазақша сөйлеп жүргенін байқадым. Әрқайсысы өз өңірінде ұстанатын салт-дәс­түр туралы тың деректер айтып, бір-бірінің әң­гімесін ұйып тыңдап отырады. – Филадельфия қаласының әкім­ші­лі­гі өткізетін жиналыстарға жиі бара­ты­ныңызды айтып қалдыңыз. Бұл жиын­дар әкімнің қатысуымен өте ме? Онда қандай мәселе талқыланады? – Иә, Филадельфия қаласының әкімшілігі ай сайын өтетін дөңгелек үстелге шақырады. Ол жиынға қауымдастық президенті ретінде кейде мен қатысамын, кейбірде осында адво­кат болып жұмыс істейтін әрі біздің қауым­дас­тықтың вице-президенті Балсұлу Басқа­нова барады. Сондай-ақ бізде есепші болып жұмыс істейтін Гүлнар Үсембаева қатысады. Үшеуміз кезектесіп барамыз. Әзербайжан, түрік, қырғыз, өзбек қауымдастықтарының, жал­пы саны 15-ке жуық ұйым мүшелерінің ба­сын қосатын бұл дөңгелек үстелде әкім­шілік өкілдері бізге не көмек қажет екенін сұрайды. Әркім өзін алаңдатқан мәселесін ортаға салады. Олар мәселені бірден шешіп беруге тырысады. Осындай қауымдастықтың көбейіп жатқанына қуанатынын айтады. Өткен айдағы жиналысты ашқан қалалық кеңес мүшесі Дэвид Оу әлеуметтік желідегі парақшамызға жазылған. Наурызды жоғары деңгейде атап өткенімізді көріп «Қандай күш­ті! Керемет ұйымдастырыпсыздар! Келе­сіде бізді де шақырыңыздар, бізді қал­дыр­маңыз­дар. Міндетті түрде барамыз» деп қызы­ғушылық білдірді. Шынымды айтсам, олар біздің мерекеге осыншалық қызығады деп ойламаппын.  width=– Алдағы уақытта жүк тасымалдау қызметімен айналысқыңыз келетінін ай­тып қалдыңыз. АҚШ-та бұл қызмет түріне деген сұраныс артқанын білеміз. Десе де, әйел баласына ұзақ сапарға шы­ғып, көлік жүргізу қиын емес пе? – Жалпы, Американың үлкен трасса­сын­да жүк көлігі түгілі, жеңіл көлікпен жолға шығу да қауіпті. Оның үстіне, ол жүк көлік­тің артына трейлер тіркеледі. Сондықтан, оны ұзақ уақыт бойы жүргізу оңай емес. Десе де, қазір осы қызмет түрімен айналысып жүр­ген қазақ қыздары жетерлік. Әр жұмыс­тың өзіндік қиындығы бар. Бірақ бұл жүк та­сымалдау қызметінің табысы мол. Содан соң өзім бала кезден ерлермен тең жұмыс іс­те­генді құп көремін. Қатарластарым уни­вер­ситетке оқуға түсуді армандап жүрсе, мен «әскерге барамын, үлкен көлік айдаймын» деп үнемі айтатынмын. Бірақ ата-анам қар­сы болғандықтан, есепшінің оқуын оқыдым. Де­генмен өз қолым өзіме жеткен соң, түбі ер­лерге «тән» жұмысты атқарамын деп ойлап жүре­тінмін. Америкаға келердің алдында мұ­наралы кранды меңгерудің оқуын оқы­ғалы жүргенмін (күліп). Бәрібір елде жүр­ген­де ерлермен бірге жұмыс істеп жүрер едім.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары