50582
Елордалық банк қызметкері 19 алаяқтық фактісі бойынша күдікке ілінді
Елордалық банк қызметкері 19 алаяқтық фактісі бойынша күдікке ілінді
Нұр-Сұлтан қаласының банк қызметкері тұтынушылардың атынан несие рәсімдеп, алаяқтық жасаған деп жазды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
28 қаңтарда Қарағанды қаласы ПБ-ның Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне 50 жастағы қала тұрғынынан арыз түскен. Әйел белгісіз біреу оның жеке деректерін пайдаланып, 2 миллион 100 мың теңге көлемінде несие рәсімдегенін айтты.
Тергеу нәтижесінде жәбірленушінің атына рәсімделген несие Нұр-Сұлтандағы банктердің бірінде берілген болып шықты. Полицейлер бұл қылмысқа арызданушының деректеріне қолжетімдігі бар адамның қатысы бар деген нұсқамен жұмыс істеуге кірісті.
«20 сәуірде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 19 жастағы елорда тұрғынын ұстады. Ол өз кінәсін мойындады. Ұсталған азаматтың жәбірленушіге несие берілген қаржы мекемесінің менеджері екені белгілі болды», – делінген хабарламада.Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы 18 қылмысқа қатыстылығын анықтады. Оның үстіне зардап шеккендер республиканың әр өңірінің тұрғындары болып шықты. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы анықталып жатыр. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.