50611
Алматыда ақылы автотұрақтар әкімдік меншігіне қайтарылды
Алматыда ақылы автотұрақтар әкімдік меншігіне қайтарылды
Алматы қаласындағы ақылы автотұрақтар қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды деп жазды turkystan.kz.
Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі үлесін және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түскен.
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бірыңғай оператор ретінде қаланың бес ауданында (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетуге маманданған. Әкімдікке осы ЖШС-нің 30 пайызы тиесілі. «AlanParking» ЖШС 3 ауданда (Алатау, Бостандық, Жетісу) орналасқан алаңдағы автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор саналады. ЖШС толығымен жекеменшікте болды», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.Алматы қаласының әкімдігі қолданыстағы заңнама бойынша осы компаниялардағы үлестерді қайтару туралы қаулы қабылдады.
«Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс биыл 25 сәуірден бастап қала бюджетіне бағытталады. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады. Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін, сондай-ақ, монополияға қарсы органдармен келісу қажет екенін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылады», – делінген хабарламада.Бұған қоса, тұрғындардың шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданатыны хабарланды.
«Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, жинақталған проблемаларды шешу үшін қалада көп деңгейлі тұрақтар салуға басымдық беріледі», – деді әкімдік өкілдері.