51417
Бірлік – бәрінен биік ұғым
Бірлік – бәрінен биік ұғым
Бүгінгідей сәт сайын құбылған аласапыран заманда бірлік сөзінің мағынасын тағы бір мәрте ұққандай болдық. Адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі саналатын халықтар қамқорлығының парқын ұғындық. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында халық арасындағы ынтымақты арттырып, сонымен қатар мемлекеттік тілдің нығаюына атсалысып жүрген, қазақ тілінің маңызы туралы ұдайы пікір білдіріп, ұлттарды ұйыстыруға үндеп жүрген өзге ұлт өкілдерімен тілдескенді жөн санадық.
Максим СПОТКАЙ, Сенат Аппараты басшысының орынбасары:1 МАМЫР – ЖАЙ ҒАНА «ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ» КҮНІ ЕМЕС – Біз 1 мамыр мерекесінің мағынасын дұрыс түсінуіміз керек. Бұл – жай ғана «халықтар достығы» күні емес, бүкіл халқымыздың бірлігі күні. Қазақстан бірліктің арқасында ең күрделі тарихи кезеңдерінде басқа түскен қиындықтарды еңсере алды. Қазақ халқы тәуелсіздік жолындағы күрес пен өзінің аумақтық тұтастығын бірліктің арқасында ғана қорғап қалды. Біз бірліктің арқасында 30 жыл ішінде қазіргі заманғы мемлекеттілікті, тиімді басқару жүйесін орнаттық, қоғамдық келісім мен татулықты нығайттық. Біздің барлық жетістігіміз онсыз мүмкін емес еді. Билікке, шенеуніктерге қарсы болуға болатын шығар, бірақ өзіңіздің мемлекеттілігіңіз бен Тәуелсіздікке қарсы болуға болмайды. Сондықтан Егемендік – бұл қазір бізді біріктіретін биік ұғым. Мемлекет басшысының «алуан пікір – біртұтас ұлт» туралы тұжырымына орай бірлік идеясы ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл осы мерекенің мән-маңызын ашып көрсетіп, бірлік идеясына деген өз көзқарасымызды кеңейте түседі. Осылайша, 1 мамыр – ұлтымыздың, барша халқымыздың бірлігі күні. Бұл біздің көзқарасымыз бен ниет-мақсатымыздың бірлігі арқасында ғана барлық бағытта жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынымызды паш ететін күн. Мемлекеттік тіл 30 жыл ішінде ресми коммуникацияның тілі ғана емес, сонымен бірге қоғамның, басым көпшілігінің қарым-қатынас құралына айналды. Яғни, қазақ тілін білу тек билік үшін ғана емес, бір-бірін түсіну, қоғамның көңіл күйін білу, халықтың сөзін сезіну үшін де маңызды. Бүгінде жалпыхалықтық және жалпыұлттық пікірталас мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді түсінбей қоғамның әлеуметтік сұранысы мен пікіріне шолу жасауы және бағалауы мүмкін емес. 30 жыл ішінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесі мен рөлі айтарлықтай өзгерді. Қазақ тілі біртіндеп этносаралық қарым-қатынас құралына, әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері үшін байланыс құралына айналып келеді. 90-жылдардың басында әдебиет, оқулықтар, әдістемелер мен оқытушылардың жетіспеушілігінен қазақ тілін білетіндердің пайызы төмен болатын. Қазір бұл мәселелер оң шешімін тапты. Қазақ тілін оқыту орталықтары ашылып жатыр, қоғамдық пікірталастарда қазақ тілінің рөлі айтарлықтай күшейіп келеді. Мемлекеттің пәрменінен басқа, азаматтардың өздері де атсалысып жатыр. Мемлекеттік тіл қоғамдық іс-шараларда, ресми және ресми емес кездесулерде қарқынды түрде қолданылып келеді. Мемлекеттік тілдегі БАҚ та айтарлықтай дамыды. Ақпараттық кеңістік барған сайын қазақтілді болып келеді. Осылайша, 30 жылда Қазақстан халқының арасында қазақ тілінің мәртебесі көтерілді деп сеніммен айтуға болады. Дәл қазір маған қоғамдық жұмыстарды жалғастыру аса маңызды екені ақиқат. Бұл бізге азаматтардың мәселелерімен айналысуға, бір-бірімізге көмектесуге, қоғамда қадірлі құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы жұмысты волонтер ретінде жалғастыра беретін боламын. Жалпы, волонтерлік қызмет кейінгі кезде Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа серпін алғанын айта кеткен жөн. Бұл – біздің еліміз үшін аса маңызды. Еріктілердің даму деңгейі және азаматтардың бір-біріне қолдау білдіруі бүкіл мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді.
Татьяна ТҰРЛАЙ, әртіс, блогер:Қазақ тілінің менің өмірімде көмегі көп – Менің анам ауылда қазақтардың арасында өскендіктен, қазақтардың тұрмыс салты мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Бар білгенін маған да үнемі айтып жүреді. Әлі есімде, анам базардан Асылбек Еңсеповтің кассетасын сатып әкеліп берді. Сол сәттен бастап оның шебер орындайтын күйін күн сайын тыңдамасам тыншымайтынмын. Сосын бірде анам мектеп кітапханасындағы сөреден Шара Жиенқұлованың, қазақтың халық билерінің топтамасы енгізілген «Би құпиясы» атты кітабын тауып, маған оқуға берді. Сол кітапты басынан аяғына дейін оқып, ақырында бірнеше қазақ билерін үйреніп алғанмын. Мектепте оқығанда сыныптастарымның арасынан үздік оқушы атанғым келді, сол үшін барлық пәнді, соның ішінде қазақ тілінде жақсы оқуға тырыстым. Өкінішке қарай, мектеп бағдарламасы бойынша оқытылған қазақ тілін оқыту әдістемесі біз күткендей нәтиже бермеді. Бірақ сонда да мектептен тыс уақытта қазақи ортада жүріп, қазақ тілін өз бетімше үйренуге тырыстым. Колледжде оқығанда қазақша КВН-де ойнадым. Көпшілік, тіпті қарсылас командалар «қазақтардың арасында жүрген сары қыз» деп мені үнемі әзілге қосатын. Командаластарым да мені «аямайтын», қазақ тілін жетік білмейтінімді біле тұра менімен тек қазақша сөйлесетін. Негізі, мен қайда барсам да, қазақтілді ортаға тап болатынмын. Ресейдегі Екатеринбург мемлекеттік театр институтында оқығанымда жатақханада тұрған қазақтармен жақын дос болып араластық. Сол кезде таңды таңға ұрып, сүт қосылған шай ішіп, жылқы етінен тамақ әзірлегенімізге ресейлік курстастарымыз таңғалатын. Студент кезімде татар ұлтының азаматына тұрмысқа шықтым. Десе де күйеуім қазақ отбасында тәрбиеленген, оны бағып-қаққан Тұрысбек ата бар тәттіні немересінің аузына тосып, бетін қақпай өсірген. Сондықтан қайынжұртымның қазақ халқына тікелей қатысы бар. Өз отбасымның да қатысы бар. Туған сіңлім Александра қазаққа тұрмысқа шыққан. Бүгінде Алматыда ата-енесімен бірге тұрады. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін деп айта алмаймын, қате сөйлеуге қорқамын. Тек қазақша сөйлеуді талап ететін жобаларға келісуге тартыншақтаймын, бірақ бойымдағы бұл үрейді сейілтуге тырысып жүрмін. Айналамда ұлты қазақ болмаса да қазақшаға судай таныстарым жетерлік. Оларға үнемі таңданыспен қараймын. Олармен тең болу үшін қазір блогты қазақша жүргіземін, қазақтілді сериалдарға түсемін, арнайы маманмен қазақ тілін үйреніп жүрмін. Әлбетте, келіндердің тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын блогты көп адам қарайды. Десе де әлеуметтік желідегі аудиториямның өсуіне қазақ мәдениетіне деген риясыз сүйіспеншілік, отбасылық қалжың әсер етеді деп ойлаймын. Мойындау керек, қазақ тілі өмірімде маған көп көмектеседі, мысалы, базар аралап жүргенде «Мынау қанша тұрады?» деп сұрасам маған, сатушы сұраған затымның бағасын түсіріп береді. Бірақ әу баста блогты аудитория қалай жинасам болады деп емес, айналамды қалай қызықтырсам, қандай пайдам тисе деген оймен жүргіздім. Мен – әртіспін, біз үшін мейірімділік пен әзіл бәрінен жоғары тұру керек. Оған қоса, мен қазақ мәдениеті мен қазақ тіліне «ғашықпын». Осының барлығын біріктіре келе қазір көпшілік білетін Таня Тұрлай болып шыға келдім. Бірінші мамандығым педагог-хореограф болғандықтан, 1 мамыр дегенде «Халықтар достастығы» биі еске түседі. Бұл биді қазақтар, орыстар, қырғыздар, украиндықтар, беларусьтер, әзербайжандар, грузиндер, немістер, өзбектер және тағы басқа ұлттар өкілі бірге билейді. Жыл сайын осы биді билеген кезде осыншалық мәдениетке бай елде туып-өскеніме марқайып, төбем көкке жетіп, ерекше күйге бөленемін. Жалпы, 1 мамыр – ашық аспан астында тұратын барлық халықтың бірлігін айқындайтын қуаныш мерекесі. Сондай-ақ 1 мамыр – бүгінде жаныма жақын халықтарға жетіспей жүрген бейбітшіліктің құнын түсінуге тамаша мүмкіндік.
Алексей ЛОДОЧНИКОВ, блогер, домбырашы:ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛКЕН ЖЕТІСТІГІ – Ынтымақ пен бірлік – Қазақстанның үлкен жетістігі. Бүгінгідей алашапқын уақытта бізге осы жетістігімізді сақтап қалуымызға күш салуымыз қажет. Тек ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Сондықтан қазір бізге сүттей ұйыған ынтымағымызды бұрынғыдан бетер нығайта түсу керек. Біздің елде тұратын әр азамат ынтымақ пен бірлік сөзін тек 1 мамыр күні еске салмаса екен деймін. Әлбетте, ел халқын топтастыруда, достастыруда бұл мерекенің рөлі зор. Дегенмен қалған 364 күнде де ынтымақ пен бірлік, татулық пен тұрақтылықты ту қылып тігіп жүргеніміз жөн. Өзге ұлт өкілі болсам да, бұл мерекеде көпшілікпен бас қосып, дүркіретіп тойлаймын деп айта алмаймын. Бірақ дәл сол күні әлеуметтік желі арқылы дос-жаран, әріптестеріме құттықтау жіберемін. Халықтар достығына арналған мереке болған соң, жаныма жақын достарымды бір ауыз сөзбен болса да қуантқым келеді. Жалпы, мен тамаша көңіл күй сыйлағанды жөн көремін. Көпшілік қазақ тілін жетік білу себебінен әлеуметтік желілердегі аудиториямның саны көбейіп жатыр деп ойлауы бек мүмкін. Бірақ мен блогты тек ол үшін ғана емес, сондай-ақ, адамдарға позитив сыйлау үшін жүргіземін. Жүрген жеріңді ән мен күйге бөлеп, әдемі әзіл айтқанға не жетсін! Ән мен күй демекші, қазақтың қара домбырасымен дәстүрлі әндерді орындаймын. Бір қарағанда тек блог жүргізетін адамға ұқсауым мүмкін, бірақ алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, әншілік жұмысты да дамытсам деген жоспарым бар. Сосын, әлбетте блогосферада қазақ тілін насихаттауды жалғастыра беремін. Өкінішке қарай, елімізде тіл мәселесі әлі де бар. Қазақ тілін білудің мен үшін оң шешім екенін айтқым келеді. Біріншіден, бұл – мемлекеттік тіл. Мұны білуге бәрі міндетті. Екіншіден, қазақша ән шырқап, қазақша таза сөйлегенімнің арқасында маған үлкен жол ашылды, мол мүмкіндік берілді. Сондықтан өзгелер мен секілді мемлекеттік тілді үйренсе, алдынан даңғыл жол ашылады деп ойлаймын.
Олег ЧУГУНКОВ, Курчатов қаласының әкімі:МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ БОЛАШАҒЫҢА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ АШАДЫ – 1 мамыр менің бала күнімдегі асыға күтетін мерекемнің бірі болды. Миллиондаған замандастарым секілді қолыма шар, бейбітшіліктің символы саналатын көгершін құсының қағаз бейнесін ұстап алып, ауыл орталығында өтетін парадқа ата-анаммен бірге қатысуға қатты асығатынмын. Бұл – ауылымыздың үздік жұмысшылары, қарапайым еңбек адамдары марапатталып, бір марқайып қалатын ерекше күн. Бұл – ғарышкер болуды армандайтын бала арманымның орнына айға ұшпай-ақ, елімнің өркендеуіне қолымнан келгенін жасап, қарапайым жолмен де үлес қосуға болатынын алғаш ұғындырған мереке. Ұлтым орыс болғанмен, бала жастан қазақ тілінде ойымды еркін жеткізетіндей деңгейде меңгергенім көрініп тұратын. Өйткені ауылдың топырағында аунап өскен бала болғандықтан тілді меңгеруіме өскен ортамның, достарымның, ата-анамның ықпалы зор болды. Бүгінде соның жемісін көріп жүрмін. Сондықтан айналамдағы барша отандасыма тілді меңгеру, әсіресе мемлекеттік тілді үйрену болашағыңа даңғыл жол ашады дер едім. Ал мемлекеттік қызмет жолын таңдаған әріптестеріме, әсіресе қол астымда жұмыс істейтіндерге «Қызмет сатысымен көтерілгің келе ме? Мемлекеттік тілді үйрен! Басты артықшылығы осы» деп мотивация бергенді жөн көремін. Оларды «Тілді міндетті түрде үйрену қажет» деген талап қойғаннан гөрі осылай ынталандырғанды құп санаймын. Негізі, бұлай талап ету мемлекеттік деңгейде қаталдау болса өте жақсы болар еді. «Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік тілді меңгерген әріптестеріне қарағанда 25 пайыз аз жалақы алады немесе жоғары лауазымды орындарға ұсынылмайды» деген сынды нақты қатаң талап қойсақ, 30 жыл шешілмеген мемлекеттік тіл тақырыбына 1 жыл ішінде-ақ нүкте қоюға болар еді. Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған әрбір азамат мемлекеттік тілді жетік білуі – заңдылық. Бірақ біздің елде мемлекеттік тіл тақырыбы «қамшылап емес, тамшылап» орындалатын өзекті тақырып болғандықтан жиі талқыға салынады. Тәуелсіздігінің отыз жылдық белесін бағындырған елімізде тіл тақырыбын өз деңгейінде орындалмай отырғаны мені қынжылтады. Меніңше, мемлекеттік тілді үйрету үшін азаматтарына бар мүмкіндікті жасап отырған әлемдегі ең толерантты ел біз ғана шығар. Осындай мүмкіндікті пайдаланбаған азаматтар өзінен көрсін. Қамшылайтын заман келді. Сондықтан өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратын, бұл елді Отаным деп бағалайтын кез келген азамат мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Мемлекеттік тіл тақырыбы ешқашан талқыланбауы тиіс. Неге десеңіз, бұл – талқыланбайтын, орындалатын заңдылық. Бұл – менің жеке пікірім, азаматтық көзқарасым, ұстанымым.
Сергей ЦЫРУЛЬНИКОВ, Гиннестің рекордтар кітабының рекордсмені, пауэрлифтингтен спорт шебері, гір тасын көтеру бойынша спорт шеберлігіне үміткер:ҰЛТТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАРАСЫМДЫ ТАТУЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫН ТҮСІНУ ҮШІН ОСЫНДАЙ МЕРЕКЕЛЕР КЕРЕК-АҚ – 1 мамыр – біз, қазақстандықтар үшін ең маңызды мереке. Қазақстан көпұлтты отбасының мүшелерін бір шаңырақ астына біріктіріп, тату-тәтті өмір кешуіне жағдай жасап отырғанын әлемге дәлелдеп келеді. Сондықтан осы жарасымды татулықтың маңызын тағы бір мәрте түсіну үшін осындай мерекелер керек-ақ. Тағы бір айтарым, бұл мерекенің мен үшін маңызы зор, себебі бұл – ел аумағында тұрып жатқан халықаралық отбасыларға, әсіресе осындай киелі жерде тұрып жатқанымыз үшін қазақтарға алғыс білдіруге жақсы мүмкіндік. Десе де Қазақстан аумағы менің де жерім деп те айтуға болады, себебі мен – қазақстандықпын. Мен – бұл жерде тұрып жатқан үшінші ұрпақпын. Тіл – бірлік пен ынтымақтастық құралы. Ерте ме, кеш пе, ел аумағында тұрып жатқан әр өзге ұлт өкілі қазақ тілінде сөйлейтін болады. Біз мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, оны мақтан тұтуымыз керек. Қай ұлттан тарасаң да, Қазақстан территориясында тұрып жатқан соң сенің ана тілің қазақ тілі болуы керек, ал ұлтаралық қатынас тілі ретінде кез келген тілді қолдануға болады. Қазір қазақ тілін үйреніп жүргеніме екі ай болды. Екі ай ішінде қазақшам судай болды деп айта алмаймын, бірақ бір білетінім – сізге жүз пайыз сеніммен айта аламын, алдағы уақытта қазақ тілінде еркін сөйлейтін боламын. Қазақ тілін үйрену – менің азаматтық ұстанымым. Бұл тіл қазақстандықтардың басын біріктіруде өте жақсы алаң бола алады. Өзім Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданы Новокубанка ауылының тумасымын. Өкінішке қарай, біз жақта қазақ тілі мектебі болмады. Ал кейбір орыс мектептерінің оқу бағдарламасына қазақ тілі пәні кіріктірілмеді. Шет тілі ретінде неміс тілін оқыдық. Мектепте жүргізілген қазақ тілі пәндерінің оқыту әдістемесі дұрыс болмады. Сол себепті мектеп бітіріп шыққанда тіпті екі сөздің басын құрай алмадық. Қазақ тілін үйренуді енді қолға алып жатырмын. Айтпақшы, бізге қазақ тілі мектебінің негізін қалаушы Владислав Тен сабақ береді. Қазақстанда кәріс мен секілді беларуське қазақ тілін үйретіп жүр, керемет емес пе, келісерсіз?! Кейде ойлап қоямын, егер мен Түркістан облысында тусам, орыс тілін мүлде білмес едім. Бірде астанаға қонаққа келген, Қазақстанның оңтүстік бөлігінде туып-өскен неміс, украин, беларусьтармен достасып алдым. Орыс тілінде бірде-бір сөз білмейтін олар қазақшаға судай. Таныстарым олардың кейбір қазақтар білмейтін сөздерді білетінін айтып, таңғалысты. Біз де бір күні соған келеміз. Біз де олар секілді емін-еркін сөйлейтін боламыз. Байқап қарасам, бүгінде қазақ тілін үйрену оңай іс екен. Мен мұны қазақ тілін үйреніп жүрген балаларымнан аңғардым. Қазір әр өңірде мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Алдағы уақытта бұдан да жақсы жағдай жасалады деп ойлаймын. Десе де барлығы адамның өзіне байланысты. Ниет танытса, қазақ тілін аз уақыт ішінде үйреніп алуға болады. Айналамда қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып жүрген немістер, украиндықтар қазір ол тілді өздігінен үйреніп жүр. Бұл қарқын осылай жалғасатын болса, 5-10 жылдан соң түгеліміз қазақ тілінде сөйлесеміз деген сенімдемін.