1396
Монополияға қарсы күрестің күдір жолы
Монополияға қарсы күрестің күдір жолы
Наурыздың аяғында Үкімет жанынан экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия құрылды. Мақсаты – монополия жайлаған салаларды ретке келтіруге байланысты ұсыныс әзірлеу.
Содан бері құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кіретін комиссияның бірнеше отырысы өтті. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір жекенің қолына негізсіз өтіп кеткен нысандардың тізімі жасалып жатыр.
Жоспарланған немесе қабылданып жатқан шаралар ел экономикасына қалай әсер етеді, мәселені дәл қазір көтеруге не түрткі болды? Жалпы монополия тамырланып кеткен салаларды реттеу мүмкін бе, әлемдік тәжірибеде қандай кейстер бар?
Пайда мен игілікті иемденгендер
Ең алдымен демонополизация дегеніміз қандай процесс, монополия деген қандай ұғым деген сұрақтарға тоқталып өтсек.
Демонополизация, яғни монополияны жою, тура мағынасында алғанда – монополиясыздандыру, нарықтағы бәсекелестікті дамытып, монополиялық қысымды жоюға бағытталатын мемлекет саясаты. Бұл саясат негізінен заң арқылы іске асырылады. Яғни монополия жайлаған нарықты ретке келтіру үшін жасалатын нақты шаралар мен қадамдар, монополия болмаса, демонополизация туралы сөз қозғалмайтыны айтпаса да түсінікті.
Экономикалық терминдер сөздігіне сүйенсек, монополия ұғымы – көп мағыналы термин. Біріншіден, бұл – бір тұлғаның немесе тұлғалар тобының, тіпті мемлекеттің белгілі бір затқа, белгілі бір затты өндіруге немесе сатып алуға, қандай да бір сауда жасауға айрықша құқығының болуы. Екіншіден, салалық, ұлттық немесе әлемдік нарықта осындай үстемдігі бар кәсіпорындардың тобы. Үшіншіден, бір ғана немесе бірнеше кәсіпорын ғана бақылау жасап отырған нарық, ол монопсония және олигополия түрінде де болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында 30 жыл бойы Қазақстанның экономикалық өсімінің басты пайдасы мен игілігін қаржы-олигарх топтары көріп келгенін, қалыптасқан олигополия еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектегенін және елдің бәсекеге қабілеттілігін құлдыратқанын мәлімдеген еді. Одан кейінгі ірі кәсіпкерлермен өткен кездесуде ел байлығының жартысынан астамын 162 адам иемденіп отырғанын да айтқан болатын.
Саланың бәрі «сау емес»
Осыдан соң Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі іске кірісіп, тексеру жүргізгендерін, осылайша қаптаған олигополияны анықтағандарын мәлімдеген. Тіпті, олардың тамырланып алғаны сонша, жауапты мекеме оларға «дуополист» деп ат берген еді.
– Ұялы байланыс қызметтерінің нарығы дуополистік сипат алды, онда шоғырлану деңгейі жоғары. Нарықта бүгінде небәрі 2 ойыншы ғана қалды. Бұлар – «Қазақтелеком» және «Кар-Тел». 2016 жылға дейін нарықта 4 ойыншы болды: «Алтел», «Мобайл Телеком-Сервис», «Кселл» және «Кар-Тел». Мемлекет қатысатын ұлттық компания – «Қазақтелеком» АҚ-ға ұялы байланыс нарығының 60 пайыздан астамы тиесілі», – делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауында.
Монополияға қарсы құрылған комиссияның отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелекомға» демонополизация жүргізіп, оған бәсекелес компанияны нарыққа шығару керек деген пікір айтты. Нақтырақ айтқанда, осы арқылы елдегі мобильді операторлардың біреуін нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Қазір елдегі мобильді байланыстың 60 пайыз үлесі, ақылы теледидар қызметі нарығында 33 пайыз үлес «Қазақтелекомға» тиесілі екені айтылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі азаматтық авиация саласындағы ахуал да осыған ұқсас екенін мәлімдеді. Жауапты мекеме әуе тасымалындағы жолаушылар ағынының жалпы көлемінде, әсіресе ішкі жолаушылар тасымалдарында тек «Эйр Астана» мен SCAT үстемдік құрып отыр деген дерек айтқан.
Бұған дейін Bek Air әуекомпаниясы оларға бәсекелес болған, алайда оның қызметі тоқтатылған соң, нарықтағы аталған екі аса ірі ойыншының үстем жағдайы тіптен күшейген.
Агенттік электр энергиясы нарығында да жағдай мәз емес екенін анықтаған.
– Электр энергиясының көтерме сауда нарығы тік интеграцияланған ірі энергетикалық компаниялардың олигополиясына айналып кеткен. Бұл компаниялар электр энергиясын өндіру, тасымалдау және бөлшек саудада өткізу бойынша энергиялық активтерді иемденіп алған. Жекелеген өңірлік электр стансалары да солардың астында. Атап айтқанда, «Самұрық-Энерго», «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» компаниялары топтарының нарықтағы жиынтық үлесі 50 пайыздан асады. Жекелеген тұстарда іс жүзінде 100 пайызға дейін монополиялап алған. Бұл топтардың үлесі уақыт өтсе де өзгеріссіз қалады, ішінара шамалы ғана өзгерістерге түсуі мүмкін, – деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Одан бөлек бөлшек сауда нарығында бәсеке тудыру талаптары да текке кеткені айтылды. Ведомство «тауар нарығының оңтайлы құрылымын ұйымдастыру сол бойы мүмкін болмады» деп ашық мойындады. Соның салдарынан электр желісін және энергия өндіруші ұйымдарды қатар иемденіп отырғандардың ықпалы артыпты. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында бұлардың үлесі – нарықтың 55-70 пайызы. Ал қалған өңірлерде 90-100 пайызға дейін жеткен. Тіпті, ішкі нарықтың тізгіні кей салада шетелдіктердің қолында кеткені анықталған.
– Отын-энергетикалық кешен саласында олигополиялық топтардың үстемдігі – ең жоғары деңгейде. Бұл мұнай өнімдері нарығына тән: елдегі небәрі 3 ірі өнім берушінің – Petrosun, KMG және Petroleum operating-нің үлесі 80 пайыздан асқан. Қазақстанның сұйытылған мұнай газы нарығының 70 пайыздан астамы 3 негізгі өнім берушіге – CNPC, Petrosun, KMG-ге тиесілі», – деп мәлімдеген еді агенттік.
Жақында өткен монополияға қарсы кезекті отырыстардың бірінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов қазір Атырау МӨЗ және Павлодар МХЗ-де сұйылтылған мұнай газын (СМГ) сақтау парктері мен құю эстакадалары технологиялық тұрғыдан бөлінгенін және жеке ұйымдарға тиесілі екенін айтты. Министрдің сөзінше, тұтынушыларға сақтау және құю қызметтері қосымша ақыға шығады, бұл өз кезегінде газдың түпкілікті құнын өсіреді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі сұйылтылған мұнай газын ауыстырып тиеу және сақтау бойынша қызмет көрсететін технологиялық байланыстағы нысандарды мұнай өңдеу зауыттарының балансына қайтару мәселесін пысықтауды, мұнай өнімдері нарығын реттеу үшін МӨЗ-ге мұнай жеткізудің қолданыстағы құрылымын өзгертуді, сондай-ақ одан өнімсіз делдалдарды алып тастауды ұсынды.
Көмір нарығына жүргізілген талдау да көңіл көншітпеген. Бұл айтпаса да түсінікті, себебі көмір өндіре тұра, жылу маусымымен қатар жыл сайын елде абыр-сабыр, бағаның негізсіз көтерілуі, көмір жетіспеушілігі қатар басталады. Жауапты мекеме мәліметінше, салада бар-жоғы 2 ірі өнім беруші – «Шұбаркөл Көмір» және «Қаражыра» нарықтың 70 пайызынан астамын иеленген. Ал энергия өндіруші ұйымдарға көмір жеткізу нарығында жалғыз «Богатырь Көмір» үстем тұрған.
– Осыған ұқсас, көлік және байланыс саласында да нарықтың бір қолда шоғырлану деңгейі жоғары болып қалуда. Темір жол жүк тасымалдары нарығын талдау нәтижелері осы нарықтың жоғары шоғырланғанын, бәсекесі дамымаған болып табылатынын көрсетті. Негізгі нарықтық үлесті – жүктердің ұлттық тасымалдаушысы саналатын, сондай-ақ арнайы және әскери тасымалдарды да орындайтын және барлық магистральдық темір жол желісінде пойыздарды қалыптастыру жоспарын бір өзі қамтамасыз ететін «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» иеленген», – деді ведомство.
Одан бөлек қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, лифт, домофон қызметтері бойынша қызмет көрсету нарықтарында, автожолда да ұқсас жағдайлар байқалыпты. Тізе берсең, кете береді, оған қоса, тексеріс әлі жүргізіліп жатыр. Осылайша, құзырлы, жауапты органдардың мәлімдемелеріне қарасақ, бұл мәселеге қатысты жұмыс басталып кеткендей. Бір қарағанда, елде біржақты үстемдік, олигополия, монополия жайламаған сала жоқтай көрінеді. Бұлайша тамырланып кеткен монополияны жою мүмкін бе деген заңды сұрақ туатыны анық. Жалпы, бұл мәселеге қатысты не істелуі керек, нені назардан тыс қалдырмау керек, әлемдік тәжірибеде қандай үлгілер бар деген сұрақтарға жауапты сарапшы мамандардан сұрап көрген едік.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты:Монополиялық орта тиімді экономикалық саясаттың жүргізілуіне кедергі болып отыр – Ең алдымен айтып өтетін нәрсе – біздің мемлекеттің ұстанған бағыты нарықтық-экономикалық қатынасқа негізделген. Сондықтан нарықтағы кәсіпорындардың барлығы бәсекелестік ортада болуы керек. Алайда дәл қазір, байқап отырғанымыздай, бәсеке тудыратын, өндіріске қабілетті кәсіпорындар монополиялық бағытқа бағдарланып кеткен. Оған мысал ретінде жақында ғана төңірегінде мәселе туындаған «Қазақтелекомды» алсақ болады. Жалпы, монополиялық бағыт нарықтық қатынастардың заңдылығына бағынбайтын мемлекеттерде де көп кездеседі. Яғни барлығы да мемлекет бақылауында болуы мүмкін, бірақ басқа кәсіпорындарға дамуға мүмкіндік жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, демонополизация бағыты кезек күттірмейтін қажетті шараның бірі деп айтуға толық негіз бар. Көптеген саланы монополиядан арылтып, оны бәсекелестік ортаға салу арқылы біз, біріншіден, сол кәсіпорындардың баға саясатын реттеуіне мүмкіндік береміз. Яғни қалыпты бәсекелестік орта қалыптасса, баға тұрақталады. Бір ғана «Қазақтелекомның» өзі монополиялық ортада болғандықтан, осы сала бойынша бәсекеге түсетін кәсіпорындарды нарыққа кіргізе алмағандықтан, біздегі байланыс қызметінің бағасы өте қымбат. Тіпті ТМД мемлекеттері ішінде ең қымбат байланыс қызметі – бізде. Екіншіден, бағамен қатар сапа да жақсарады. Өйткені бәсекеге қабілетті болу үшін кәсіпорындар өздерінің табысының 30-40 пайызын сапаны жақсартуға, яғни модернизацияға жұмсайтын болады. Ал монополиялық ортада бұл түсім экономикаға пайдасы жоқ салаға кетіп отырады. Одан кейін мемлекеттің өзі монополиялық орта болатын болса, сырттан келетін инвесторлардың қарқынын, қаржы ағынын шектейді. Біз монополиялық компаниялардың көбеюіне жол бере отырып, инвестицияға да шек қоямыз. Одан бөлек, кәсіпорындардың көбеюі жұмыс орындарының ашылуына, жұмысшылардың көбеюіне сеп болады. Халықтың төлем қабілетін арттыруға мүмкіндік туады. Бірақ демонополиялық бағытты ұстанамын деп, өзіміздің негізгі стратегиялық бағыттарымыздан да тайқымағанымыз жөн. Мәселен, «Қазақстан темір жолының» ішіндегі магистралды жол тораптары бар, ол сала мемлекеттік маңызға ие, ондай секторларды Үкімет толығымен өз бақылауына алуы керек. Біз ең алдымен нақты қандай кәсіпорындар монополиялық бағытқа ие екенін айқындап алуымыз керек. Себебі бізде кей кәсіпорындар заң жүзінде монополист болмаса да, олар нарықта монополиялық үстемдік орнатып алған. Осыған байланысты нақты шаралар қабылдануы керек. Мысалға бізде жаңа экономикалық саясат әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорындарға, бизнеске қолайлы климат қалыптастыру. Климат қалыптастырамыз дегеніміз тек заң жүзінде болмауы керек. Мәселен, іс бастаймын деген кәсіпкерлер көптеген шектеуге тап болады. Тендерге қатысуға тек монополистік компаниялар ғана қатысатындай талаптар қойып қойған. Осының өзі тиімді экономикалық саясаттың жүргізілуіне кедергі болып отыр. Әлемдік тәжірибеде, АҚШ-та болмасын, Батыс Еуропада болмасын, кәсіпорындардың ашылуы өте тез, бірден бәсекелестік ортаға түседі де, қызметін бастап кетеді. Ал бізде бизнесті дөңгелетуге кедергі келтіретін тосқауыл көп. Қарапайым ғана бюррократиялық кедергілер, мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндіктің болмауы әрі қарай жалғаса береді. Заңды монополистік компаниялардың ыңғайына қарай бағыттап қойған. Жалпы, экономикалық саясат жүргіземіз дейтін болсақ, соған қатысатын ойыншылардың барлығына бірдей шарт, бірдей талап, бірдей мүмкіндік беруіміз керек. Осы орындалған жағдайда ғана біз реформа жасауға мүмкіндік ала аламыз.
Жұмабек САРАБЕКОВ, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:Әлемдік тәжірибеде демонополизацияға байланысты үлгілер өте көп – Жалпы, экономикадағы демонополизация деген өте ауқымды түсінік, бірақ оның негізгі түйіні нарықтағы бәсекелестік деңгейін арттыру мен ірі ойыншылардың заңбұзушылықтарын шектеуге келіп саяды. Қазақстандағы демонополизацияға келсек, біздің жағдайда басты әңгіме мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту туралы жүріп жатқан сияқты. Себебі қазірдің өзінде ұлттық экономикадағы мемсектордың үлесі өте жоғары. Әрине, нақты есептеулерді табу қиын, бірақ кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем емес. Одан бөлек, экономикамыздың отын-энергетикалық секторға аса тәуелді екенін айта кеткен жөн. Мысалы, республикалық бюджеттегі кірістің 45 пайызына жуығы мұнай мен газ өндірісінен келіп түседі. Бұл жердегі басты проблема қандай дейтін болсақ, мемлекеттің экономикадағы үлесі неғұрлым жоғары болған сайын, экономикадағы бәсекелестік жағдайы соғұрлым нашарлай береді. Яғни, монополизм жеке бизнес пен кәсіпкерлерге қатты қысым жасайды. Одан бөлек, мемлекеттік компаниялардың жұмысы көбінесе тиімділігі бойынша біршама төмен болып келеді. Мемсектордағы жемқорлық мәселесінің де өршіп тұрғанын айту керек. Сондықтан көтеріліп отырған проблема, яғни мемлекеттің экономикаға араласу деңгейін төмендету – Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Егер біздің билік бәсекеге қабілетті, заманауи және дағдарыстарға төтеп бере алатын экономика құруға шынымен мүдделі болса, онда жеке бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау мәселесімен айналысуы керек. Енді демонополизация бойынша әлемдік тәжірибеге келсек, ондай кейстер өте көп. Үлгі ретінде Қазақстан алысқа бармай-ақ, өзінің тарихына үңілсе болады. Мысалы, КСРО күйреп, еліміз тәуелсіздік алған уақытта, Қазақстан толығымен жоспарлы экономика жағдайында өмір сүріп жатқан болатын. Орталықтандырылған кеңестік экономикалық жүйе ыдырағаннан кейін, бізде өте ауқымды дағдарыс басталды. Яғни, социалистік экономика моделі толығымен өміршеңдігін жоғалтты. Дағдарыс жағдайында елімізде нарықтық экономикаға көшу процесі басталып кетті. Оның аясында бұрын мемлекетке тиесілі көптеген кәсіпорын мен нысан жекешелендіріле бастады. Ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелден ірі бизнес өкілдерін шақырдық. Ішкі нарықтың жағдайын жақсарту мақсатында жеке кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді заңнамалар қабылданды. Әрине, басында мұндай қадамдар дағдарысты ушықтырып жібергенімен, уақыт өте келе ұлттық экономикамыз нарық жағдайында өмір сүруге бейімделе бастады. Ал мұнай мен металлургия саласындағы инвестжобалар іске қосылғаннан кейін, бізде тіпті қарқынды экономикалық өсім де байқала бастады. Бірақ қазынасына қаржы көптеп түсе бастағаннан кейін, мемлекет біртіндеп экономикадағы үлесін де арттыра бастады. Көптеген холдинг құрылды. Квазимемлекеттік сектор деген түсінік пайда болып, кеңінен қанат жая бастады. Белгілі бір деңгейде экономикадағы мемлекет рөлінің күшеюі еліміздегі саяси процестердің дамуымен сәйкес келді. Яғни бір орталықтандырылған саяси жүйе бекіген сайын, мемлекеттің экономикаға араласуы да белең ала бастады. Енді не істеу керек дейтін болсақ, демонополизацияның рецепті мен тәсілдері айтарлықтай қиын емес: мемлекет экономикадағы үлесін қажетті минимум деңгейіне дейін азайтуы қажет. Бұл мақсатқа жекешелендіру арқылы қол жеткізуге болады. Одан кейін, бизнес үшін ашық және түсінікті ойын ережелерін қалыптастыру керек. Бірақ ең бастысы – ойын ережелері барлық бизнес өкілдері үшін тең және әділ болуы қажет, әйтпесе ешбір реформаның әсері болмайды. Шынын айту керек, демонополизация туралы біздің билік соңғы он жыл бойы айтып келеді. Ол туралы көптеген концепция да қабылданып, қаншама «жол карталары» да бекітіліп қойған. Бірақ әзірге дейін біз мемлекеттің бизнеске деген ықпалынан шынайы бас тартқысы келетінін көре алмадық. Себебі көп жағдайда биліктегі шенеуніктер ірі бизнеспен тікелей өздері айналысады. Сондықтан Үкіметтің осы жолғы үндеуінен қандай нәтиже шығатынын тек уақыт көрсетеді.