50483
«Елбасының тарихи рөлі Конституцияда бөлек бекітуді қажет етпейді» – Ерлан Қарин
«Елбасының тарихи рөлі Конституцияда бөлек бекітуді қажет етпейді» – Ерлан Қарин
Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлі туралы мәртебе беретін норманы Конституциядан алып тастау жөнінде өтінім жолданды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин telegram каналында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Бүгін Конституциялық Кеңес ел Конституциясына түзетулер енгізу жобасын жақтайтын қорытынды шығарды. Бұл - Конституциялық реформаны іске асырудың ең маңызды, ел мен ұлт болашағында мәні зор кезеңдерінің бірі. Конституциялық реформа билік тармақтарының арасындағы теңгерімді оңтайландырып, халықтың мемлекетті басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді және азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын күшейтеді. Сондай-ақ, жұмыс тобының кейбір мүшелерінің пікірін ескере отырып, Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысы бар норманы алып тастау туралы қосымша өтінім жолданды. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірі бойынша, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі жалпыға мәлім және оны Конституцияда жекелеп бекіту қажет етпейді», – деп жазды ол.Мемлекеттік хатшының жазбасына қарағанда, Конституциялық Кеңестің енгізілетін түзетулер жобасына қарсылығы жоқ.
«Конституциялық Кеңес түзетулердің бүкіл тармақтары Конституцияға сай деген қорытынды берді. Конституциялық норма тұтастай мемлекеттік-саяси модельді трансформациялауға бағытталған және қоғам игілігі үшін жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды Ерлан Қарин.Ол жұмыс тобы мүшелерінің пікірі ескеріліп, түзетулер жобасына сәйкес, Тұңғыш Президент пен оның мәртебесі, өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толық алынатынын да жеткізген. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да айғақтай түседі. Мемлекет басшысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына берік екенін растады. Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Тұңғыш Президент туралы Заң қашан күшін жоятынын айтқан болатын.