50588
Ыбырайым мерген
Ыбырайым мерген
Екінші дұниежүзілік соғысқа қатысып, өшпес ерлік жасаса да, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған қаһармандардың саны көп. Солардың бірі – сұрапыл жылдар кезінде атағы жайылған даңқты мерген – Ыбырайым Сүлейменов.
Ол 1911 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауылында өмірге келген. 1941 жылдың 22 желтоқсанында Қызыл армия қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы нөмірі 100-атқыштар қазақ бригадасында борышын өтеді. Сарбаз Сүлейменов дәл сол жерде өзінің қысқа болса да, өмірлік нұсқа боларлық әскери мансап жолын бастады.
Жалпы, мергендікке біреулер арнайы мектеп бітіріп келеді, ал біреулерді сол кездегі жағдай мен өмірдің ағысы соған қарай алып келеді. Ыбырайымда да дәл солай болды. Ауылда бос уақыты бола қалса ескі мылтығымен аңға шығып жүрген жігіт атқан оғы қиыс кетпейтін қырағы сұрмергенге айналып шыға келеді. 1942 жылдың күзінде 100-атқыштар бригадасы Ржев майданына кіріскен кезде ол батальон командирі Ушаковты ұрыс алаңында алып жүреді. Алаңда жүріп келе жатқан офицердің дәл табан астындағы қарды кенеттен оқ тесіп өтеді. Ушаковтың артында келе жатқан Ыбырайым сол мезетте дереу оны өз денесімен қалқалап, бұрып әкетеді де:
– Сізді жау спайпері аңдып тұр. Сіз қорғана тұрыңыз, ал мен қазір оны тауып көрейін, – деп тасаға тығылып, барлауға кіріседі. Нысананы дәл көздеген ол бір-ақ мезетте фашист снайперін қағып түсіреді. Осы оқиғадан кейін оған батальон комиссары Райымжан Әшкеев нағыз снайперлерге арналған 47 нөмірлі винтовканы сыйға тартады. Әскери сыйды табыстау үстінде капитан Әшкеев:
– Винтовкаңның нөмірі 47 екен. Ендеше мен саған 47 фашистің көзін жоюды тапсырамын, – дейді. Тәжірибелі әрі байыпты командирінің қолын алып тұрған Ыбырайым:
– Небәрі 47? Мен одан да көбіне шамам жетеді, жолдас капитан, – дейді рухтанып.
Берген сертіне берік азамат сөзінде тұрып, көп ұзамай сол қандыауыз винтовкасымен қаптаған қалың жауды баудай түсіре бастайды.
Ыбырайым Ржев түбіндегі шайқаста-ақ жау шебіндегі 39 қарсыластың көзін жояды. Осы ерлігі үшін 1943 жылдың 27 қаңтарындағы бұйрық бойынша ең алғашқы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Қазақ сұрмергенінің таңғажайып ерліктері бұнымен тоқтамайды. Мойнына артылған міндетті абыроймен атқаруды мақсат етіп алған ол Калинин, Великие Луки қалаларын жау сарбазы мен офицерінен азат етеді. Бұл ерлігі үшін жаңа марапатқа ұсынылып, 100-атқыштар бригадасынан «Қызыл жұлдыз» орденін иеленеді.
1943 жылдың жазындағы әскери слетте сөз алған мерген Сүлейменов «Мені неге снайпер болды деп ойлайсыздар? Өйткені мен ұрыс алаңында жазықсыздан жазықсыз қаза тапқан көптеген адам мен бейкүнә балаларды көрдім. Ал тірі қалған тұрғындар маған фашистердің оларды қалай азаптап, қорлағанын айтып беретін. Әрбір қазалы үйден, жаралы жандардың көзінен қайғы мен мұң көрген сайын бір орнымда байыз таппай кететінмін. Сол кезде мен Отанымды оқ күшімен қорғаймын деп шештім. Мен – қазақпын. Менің Қазақстаным Мәскеуден алыста. Бірақ мен фашистердің көзін қазір жоймасам, олар Отаныма да жетеді. Ал мен олардың туған жерімді аяғымен таптағанын қаламаймын. Оған жол да бермеймін!» деген болатын. Сұрмерген Сүлейменов сөзінде тұрып, майдан алаңында өз міндетін межеден асыра орындап берді. Ол туралы газеттерде жазылды, оның ерліктері ақын Жамбыл Жабаев жырларының арқауына айналды.
Батырлығы бір кітапқа жүк болатын мергеннің түп атасы да тегін емес. Ол – Әз-Тәуке ханның бас батырларының бірі – атақты Наймантай батырдың және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен қатар жауға найза сілтеген ер Байғозының тікелей ұрпағы. Әкесі Сүлеймен мен анасы Тынышбаладан 7 ұл, 1 қыз тараған. Үйдің үлкені Сүйіндік ертерек еңбекке араласып, алғашқылардың бірі болып, ол кезде қазақ үшін таңсық кәсіп – тракторшылықты меңгеріпті. Ал одан кейінгі үш ұл Смайыл, Мәдібай, Ыбырайым соғысқа аттанып, сонда ерлікпен қаза тапқан. Ал одан кейінгі мергеннің екі бауыры Қуандық пен Қаспақтың толық өмірбаяны беймәлім. Ыбырайымның жалғыз қарындасы Аманкүл бақилық болғанша ағасының аманаты мен деректерін жинаумен айналысыпты. Қазір осы әулеттен тараған жүзге жуық немере-шөбере Жамбыл облысында тұрады екен.
Батырдың өзі соғысқа дейін Базарбике есімді арумен отау құрып, ағасы Сүйіндіктің ықпалымен Жамбыл аудандық МТС-ына тракторшы болып орналасады. Орда бұзар отыз жасында сол ұжымнан майданға аттанады. Болашақ сұрмергеннің соғысқа кетер алдындағы оқиғаны 1943 жылғы «Правда» газетінің №128 санында «Майданға бара жатқан Ыбырайым Сүлейменов өз тракторын ағасына табыстап тұрып, әулет пен ел намысын енді екі жақта жүріп қорғауға серттескен еді» деп суреттеліпті. Дәл сол мақалада бауырлардың батырлығы баяндала келіп «Ағайынды Сүлейменовтер жалпыға үлгі болар жол көрсетті: Сүйіндік бригадасымен тапсырманы 180-200 пайыздан асыра орындап, колхоз атырабында тыл үшін тракторымен күрессе, Ыбырайым 239 гитлер басқыншыларының көзін жойып, майдан алаңын мылтығымен азат етті» деп жазылған.
Сол кезеңдерде снайпер Сүлейменовтің даңқы дүркіреп жайыла бастайды. Өйткені ол жай мерген емес, өз алдына бөлек, жеке-дара жоспармен әрекет жасайтын «бақылаушы мерген» болған. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті, Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған.
Невель бағытында болған шайқас батырға асқақ атақ пен ауыр қазаны да қатар алып келді. Аңызға айналған ақырғы шабуыл кезінде ол қазақтың ержүрек қызы Мәншүк Мәметовамен бірге ұрыс алаңында атой салады. Жотаның сол қапталындағы окопқа Мәншүк, снайперлік атуға арналып қазылған үш окопқа Ыбырайым жайғасады. Жаңбырша жауған жау оғына кезектесе тойтарыс берген қос батыр ақырғы демі біткенше күреседі. Өршеленіп қарсы ұмтылған немістерді баудай түсірген Мәншүк пулеметінің дауысы өшкенде, бойын ашу мен кек кернеген Ыбырайым бар күшін жинап, соңғы патроны қалғанша жаумен арыстанша арпалысады. Өкінішке қарай, осы шайқаста батырлар ерлікпен қаза табады.
Бұл от пен оқтың ортасында болған ұлы оқиға үшін бригада қос қаһарманға да Кеңес Одағының Батыры атағы берілуін сұрап, Мәскеуге хат жібереді. Бірақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Мәншүк Мәметованы мақұлдайды да, мерген Сүлейменовке «Ленин» орденін тағайындайды.
Елі үшін құрбан болған батырдың өз дәрежесінде бағалануын күтіп отырмауға бекінген Жамбыл облыстық атқару комитеті 1944 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен Жамбыл қаласындағы орталық көшелердің біріне, Жамбыл ауданындағы ұжымшар мен ауылдық кеңеске Ыбырайым Сүлейменов есімін беріп, мергеннің ата-анасына арнап ұлының атындағы көшеден жаңа үй тұрғызып береді. Ал бұл қаһарман үшін көрсетілген құрметтің биігі еді. Сұрапыл жылдардағы ерлігі тарих қойнауында қалған қазақ сұрмергенінің есімін ұмытпай, жыл сайын жаңғыртып отыру – бізге, болашақ ұрпаққа парыз.
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ