51143
Асылбек ТӨЛЕШОВ: Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елеусіз қалғандар бар
Асылбек ТӨЛЕШОВ: Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елеусіз қалғандар бар
Сұм соғыста хат-хабарсыз кеткен қазақ майдангерлерінің сүйегі Ресей жерінен табылғаны туралы жаңалықты жиі естиміз. Онда келтірілген тың деректермен қатар, Мәскеу болат және қорытпалар институтының профессоры Асылбек Төлешовтің есімі үнемі аталады. Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнында он жыл бойы оқытушы қызметін атқарған ол кезінде қалалық кеңеске депутат болып сайланып, Теміртаудың экологиясын жақсартуға атсалысқан. Отыз жылға жуық Мәскеуде тұрып жатқан профессор оқытушылық қызметінен бөлек, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтар туралы зерттеу жүргізеді. Бірнеше жылға жалғасатын, жауынгерлердің сүйегін іздестіру жұмысына белсенді қатысып, ізінше туыстарына хабарлайды. Осы жұмысы үшін екі жыл бұрын «Жыл еріктісі» сыйлығын алған Асылбек Қуантайұлымен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бір басылымнан Алматыдағы белді университеттердің біріне оқуға түсе алмаған соң, Теміртаудағы институттың деканы құжаттарыңызды сізге айтпай алып кеткенін, осылайша болашағыңызды инженер-құрылысшы мамандығымен байланыстырғаныңыз туралы оқыдым.
– Негізі мен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Ембі стансасында туып-өстім. Сол жердегі № 457 теміржол мектебін бітірдім. Алғашында Алматыдағы Политехникалық институттың электр жүйелері мен желілері мамандығы бойынша оқуға тапсырған едім, бірақ бір ұпай жетпей, ол діттегенім іске аспады. Сосын әкем екеуіміз университетке құжаттарымызды алуға барсақ, ондағылар оны Теміртаудан келген бір декан алып кеткенін, мені кешкі оқу бөліміне қабылдағанын айтты. Содан ақырында Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнының күндізгі оқу бөліміне оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықтым. Оқуды бітірген соң, жолдама бойынша Ақтөбе облыстық кәсіби білім беру басқармасына қарайтын № 107 қалалық кәсіби-техникалық училищеге оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Кейін сол басқармада жұмыс істедім. Сосын Теміртауға оралып, өзім оқыған оқу орнында оқытушылық қызмет атқардым әрі ғылыми жұмыспен айналыстым. Ол кезде ғылымға ден қойған қазақтарды Ресейде оқуға жиі жіберетін. Сол уақытта Мәскеу болат және қорытпалар институтының (МБжҚИ) еңбек және қоршаған ортаны қорғау кафедрасында тағылымдамадан өтіп, кейіннен аспирантура бөлімінде оқыдым. Онда төрт жыл білім алған соң, Теміртауға келіп, он жылға жуық оқытушы болып жұмыс істедім. Оқытушылық қызметтен бөлек, қоғамдық жұмысқа көңіл бөлдім. Әсіресе, Теміртаудың экологиялық мәселелерін шешуге жауапты тұрақты комиссияның төрағасы болдым. Ол кезде Теміртау экологиялық жағдайы ушығып тұрған ошақ болатын. Қазір де жақсарғаны шамалы. 1989 жылы қала тұрғындарының дауыс беру нәтижесінде қалалық кеңестің депутаты болып сайландым. Әлі есімде, 80 депутаттың 5-еуі ғана қазақ, қалғаны орыстар болды. Сосын білімімді жетілдіру үшін 1994 жылы жылы МБжҚИ-дің докторантура бөліміне оқуға түстім. Оны бітірген соң, сол университетке жұмысқа тұрып, ақыры Мәскеуде қалып қойдым. Сөздің шыны керек, менде Мәскеуде қаламын деген мақсат болмады. Сәті түсіп, өзім оқыған кафедраға жұмысқа шақырды, онда доцент болып жұмыс істеген мен профессор атағын алдым. Қазақстандық студенттердің осында келіп оқуына себепкер болдым, атап айтсам, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқитын 2-курс студенттерінің МБжҚИ-де білімін жалғастыруына көмектескенім бар. Бірақ қаңтар айынан бастап онда жұмыс істемеймін. Десе де Мәскеудегі оқу орталықтарында өзім оқыған мамандық бойынша қосымша сабақ беремін. Одан бөлек, Президент істері басқармасына қарасты өнімдерді жеткізу бойынша кәсіпорында жарты ставкамен жоба жетекшісі болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетi мен ондағы Қазақ-орыс халықаралық университетінде онлайн форматта дәріс оқимын. Бәлкім, алдағы уақытта елге қайтатын шығармын.
– Ал Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің қайда жерленгені мен туыстарын іздестіру ісіне араласуға кім түрткі болды?
– Алматыдағы Политехникалық институтта, сосын Шымкент педагогикалық институтында ректор болған Әшім Омаров 2005 жылы Мәскеуге келді. Әшім Құрамбайұлы да мен секілді МБжҚИ-де оқыған. Сол кезде ол кісі осында 1978 жылы ашылған Әлия Молдағұлова атындағы мектеп әрі ішінде музей бар екенін айтты. Сосын сол мектепте Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған іс-шараларға қатыстым, музей ішін араладым. Сол кезде Қазақстан елшілігі музейге көп көмектесті, Әлия Молдағұлованың бюстін жасап әкелді. Ақтөбеден арнайы делегация келді. Осылайша, мектеп әкімшілігімен байланыс орнатып, мектепке жиі келетінді шығардым. Ал іздестіру жұмысы туралы сұрасаңыз, сол жылы Ақтөбедегі тумаларым Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Вязьмада қаза тапқан туыстарын іздеу үшін арнайы Мәскеуге келген болатын. Оларға көмектесу үшін қан ең көп төгілген шайқас Ржев қаласы арқылы өтіп, Вязьмаға бардық. Сол кезде Ржев түбінде қаза тапқан, хабарсыз кеткен қазақтар туралы көп естіген соң, іздестіру жұмысына араласқанды жөн санадым.
– Машақаты көп іздестіру жұмыстарына сізге көмектесетін арнайы команда бар ма?
– Жоқ. Барлығын жұмыстан тыс уақытта өзім іздестіремін. Негізі, орыстар қолы қалт етсе қала сыртындағы саяжайға қарай «жүгіреді», ал бізде ондай мүмкіндік болмаған соң, бос уақытта пайдалы іспен айналысқанды жөн көремін. Жалпы, бос уақытты тектен-тек өткізуге жаным қас. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы конференцияларға жиі қатысатындықтан, осы тақырып төңірегінде зерттеу жүргіземін. Сондай-ақ, ерлікпен қаза тапқан солдаттардың өмірін зерттеймін. Бірақ бүкіл жұмысты бір өзім атқарамын деп айта алмаймын. Ресейлік іздестіруші топ ерлікпен қаза тапқан солдаттардың сүйегін тапқанда оларға тиесілі медальон, каска, тіпті қасық пен саптыаяққа қашап жазылған аты-жөндерін жария қылады. Я болмаса олар табылған кейбір деректердің славян емес, азиаттарға тиесілі екенін анықтайды. Содан кейін сол деректерді негізге ала отырып, мақала жазамын, артынша жан-жаққа таратамын. Сол аймақтың журналистеріне көп жазамын. Шайқас болған, жерленген жерге өз қаражатыма барып, деректер іздестіремін. Кейде туыстары бірден табыла кетсе, енді бірде 7 жылдан соң табылып жатады. Мысалы, Қостанай облысы Денисовка ауданының тұрғыны Светлана Корольдің Жетіқарада туып-өскен, соғыста қаза тапқан әкесінің інісі туралы деректер іздеп жүргеніне көп уақыт болған. 2021 жылдың мамырында 7 жыл бұрын мен газетке берген деректі интернетте кездейсоқ оқып қалып, ағасының жерленген жерін білді. Іздестіру жұмысына студенттер де көмектеседі. Оленин округінде болған «Марс» операциясы деп аталған шайқаста Қазақстанда жасақталған ұлттық атқыштар бригадасындағылардың түгелі қаза тапқанын білетін боларсыз. Ондағы әкімшілік Жеңіс күніне орай өткізілетін іс-шараларға қазақтарды жиі шақырады. Сол кезде студенттерді де ерте барамын. Сондай бір сапарда Қызылордадан келген бір қазақ студент қаза тапқан солдаттың тегі өзінікімен ұқсас болған соң, үйіндегілерге хабарласып сұраған кезде расымен туысы болып шықты. Сәтін салса, биыл 9-10 мамыр күндері өтетін іс-шараға барып қайтпақшымыз.
– Осы кезге дейін қанша жауынгердің туысы табылды?
– Жаңылыспасам, он шақты-ау деймін. Жылына 1-2 жауынгердің туыстары табылып жатады. Мен жария еткен деректер бойынша туыстарын тапқандар бірден маған хабарласады. Оларды күтіп алып, қонақүйге орналастырамыз. Кейін жерленген жеріне алып барамыз. Негізі, шын іздеген адам табады екен. Соған көзім жетті. Туыстарының арасында ерекше белсенділер соңына дейін жүгіреді. Ал кейбірі туысы екенін біле тұра, зират басына барғысы жоқ. Кейбіреуі қабір басына барып, Құран оқытады. Моласынан бір уыс топырақ алып кетеді немесе елден топырақ алып келеді. Ал кейбірі жағдайы жоқтығынан мұнда келе алмайды. Бірақ сыртта жерленген батыр туысының басына қатты барғысы келеді. Ал енді бірі пандемия салдарынан келе алмай қалып жатады. Мысалы, Қазмағамбет Жұмамұратовтың немересі атасы жерленген Ленинград облысына қарасты Синявино ауылындағы бауырластар зиратына келіп, Құран оқытпақшы. Қазір пандемияға бола енгізілген шектеулердің алынып тасталғанын күтіп отыр. Кейбіреуіне қай елде жерленгені белгілі болса да, елшіліктен басқа ешкім көмектесе алмайтынын айтамын. Мысалы, ең бірінші Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданынан соғысқа аттанған, мықты снайпер болған Қуанай Әбдірахмановтың туыстарын таптым. Олар ол кісіні соғыста хабар-ошарсыз кетті деп ойлап жүр екен. 2012 жылы архивтерді ақтара келе, оның Польшаның Лассен қаласында жерленгені мәлім болды. Десе де ол аймақтың нақты қай жерінде жерленгені әлі белгісіз. Туыстарына Польшадағы Қазақстан елшілігіне хат жазыңдар деген едім, әлі жазбады-ау деймін. Дегенмен туыстары табылғандардың түгелімен жақсы байланыс орнатып алдым. Тіпті мереке күндері бір-бірімізді құттықтаймыз. Сөйлескен сайын мені елге қонаққа шақырады.
– Екі жыл бұрын 1942 жылы Смоленск облысы, Темкинск ауданында жан тапсырған майдангер Медет Аманжоловтың сүйегі елге жеткізілді. Жауынгерді 78 жылдан соң туған жеріне жерлеуге мүмкіндік берген бұл игі істің басы-қасында өзіңіз жүріпсіз.
– Иә, Қарағанды облысының Шет ауданында туған Медет Аманжоловтың сүйегін іздестіру жұмысына атсалыстым. Көп адам кіріскен бұл жұмыстың нәтижесінде оның Смоленск түбінде жерленгенін білдік. Теміртауда жұмыс істегендіктен, Қарағанды облысын жақсы білемін, бір-бірімізге айта отыра, туған-туыстарын тауып, ақырында сүйегін елге алып келді. Жалғыз жерленген жауынгердің сүйегін туған еліне алып кетуге болады. Ал бірақ бауырластар зиратында көппен бірге жерленгендердің арасынан кім екенін анықтау қиын ғой. Дегенмен көпшілігі бөлек траншеяда жерленген. Бірақ олардың сүйегін алып кетуге ешкім ниет танытпады. Осы ретте айта кететін жайт, біздің елде «бұл – біздің жерлесіміз, өзіміз жерлеп, белгі қоямыз» деп, сүйегін елге алып кетуге мүмкіндік беретін заң шығарылса игі еді.
– Соғыста қаза болған боздақтардан бөлек, елге аман-есен оралған, десе де ерлігі еленбей қалған батырлардың өмірін зерттеп, марапат иесін табуға да септігін тигізген екенсіз.
– Иә, тек қаза тапқандарды емес, сонымен қатар елге оралғандардың арасында кім қандай медаль алғанын да зерттедім. Ақтөбенің перзенті Гайнедин Өтешов пулеметші болғандықтан, майданда үнемі алдыңғы шепте жүрген. 1945 жылы жараланып, Алматыдағы госпитальдердің біріне жеткізілген. Ол ем-дом алып жатқанда майданда оған «Даңқ» ордені берілген. Оны біз архивтерді ақтарғанда ғана білдік. Бірақ ол оны білмеген. Ол ауылына оралып, сонда көп жыл бойы ұстаздық етіп, 1975 жылы қайтыс болды. Осылайша, ол тірі кезінде осындай марапатқа ие болғанын біле алмай кетті. Кейін Ақтөбе жақтағы Жаңажол ауылында мектепке немесе сыныпқа оның есімі берілді-ау деймін, бірақ ескерткіш тақта орнатылғанын нақты білемін.
– Сұхбаттарыңызда ерлігі Әлия мен Мәншүктен кем түспейтін қаһармандарымыз бар екенін жиі айтасыз.
– Қазақ мықты халық қой. Сол сұрапыл соғыста қайсарлық танытқан қазақтар қаншама. Негізі, Кеңес Одағының Батыры атағына көп қазақ ұсынылған, бірақ жоғары жақ рұқсат бермеген. Ерлігін күллі Кеңес Одағы білген батырларымызбен қатар, есімі аталуға тиіс жауынгерлер жетерлік. Мысалы, Жезқазған жақтан аттанған танкист, аға лейтенант Жұмаш Рахметов Оленин түбінде болған шайқасқа қатысып, немістің 11 танкісін атып түсіріп, ерлікпен қаза тапқан. Түсінген адамға, осыншама танкіні жою – ерліктің ғажайып үлгісі. Ол кісінің қайда жерленгені белгілі. Бірақ балалар үйінде тәрбиеленіп өскендіктен, туған-туыстарын табу қиын. Ол кісі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ атақ орнына оған орден берген. Жалпы, атақ алмаса да, ерлік танытып, адам жанын ажалдан арашалап қалған қазақтар жетерлік. Мысалы, Невель қаласында бірінші әскери комендант болып, қаланы азат ету жолында қаза тапқан командир, павлодарлық Әбілқайыр Баймолдин де Кеңес Одағының Батыры атағын алуы керек еді. 2014 жылы Невельде оған ескерткіш орнатылып, алаң атауы берілді. Жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов те ерлік көрсетіп, Мәншүк Мәметовамен бірге жаудың бетін қайтарған. Ол да Мәншүкпен қатар үлкен атақты алуға лайық деп танылған, бірақ жоғарыдағылардың нұсқауы бойынша оған да берілмеген. Осы ретте сізге бір қызық деректі айта кетейін. Осы жылы қаңтар айының басында Әлия Молдағұлова жерленген Псков облысы Новосокольники ауданының азат етілгеніне 78 жыл толғанына орай іс-шараға шақыртылдым. Сол сапарда Невель қаласының музейіне бардық. Музей жетекшісі біздің делегацияға Мәншүк Мәметова туралы 1944 жылы Қызыл Армияның жоғары саяси басқармасы басып шығарған қазақша үндеухатты көрсетті. Онда Мәншүктің суреті бар, өмірбаяны жазылған. Бір қызығы, екінші бетінде «Оқы да, жолдасыңа бер» деп жазылған. Мұны мен қазақтың қайсар қызының ерлігін насихатта деп түсіндім. Қазақ тілінде жазылған бұл құжатты көргенде қатты таңғалдым. Музейдегілер естелікке сол үндеухаттың фотокөшірмесін берді. Олар биыл Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай пошталық ашықхат жасап шығармақшы. Бірақ алдымен Невельдегі Мәншүк Мәметованың ескерткішін орнатқан авторлардың келісімі керек екен. Қазір сол мүсіншілердің туған-туыстарын іздестіріп жатырмыз. Іздестіру демекші, қазір аты-жөні мен қай аймақтан жіберілгені белгілі солдаттардың туған-туыстарын іздеп жүрмін. Тверь облысы Зубцовский ауданының аумағында 1942 жылы 25 қараша мен 20 желтоқсан аралығында өткен шайқаста 326 атқыштар дивизиясының сапында болған мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Қазір қолымда сол мыңның үш жүзінің аты-жөні, қай облыстан аттанғаны туралы деректер қамтылған құжатты ұстап отырмын. Бұл тізімдегі 300 батырдың 100-і – Оңтүстік Қазақстан облысының перзенті, қалғаны басқа облыстардан аттанған. Аймақтан аттанған солдат саны көп болған соң, бұл деректерді «Южный Казахстан» газетіне бердім, олар жариялаған болуы керек, бірақ ешқандай реакция болмады. Мен сол тізімді сізге жіберейін, бәлкім сіздер арқылы батыр туыстарының сүйегі қайда жатқанын білетін болар. Менің басты мақсатым да – осы. Жанқиярлық көрсеткен батырларымыздың туған-туыстары, артынан қалған ұрпақтары оларды ұмытпасын, ерлігі туралы біліп жүрсін, есте сақтасын деймін. Ауылдың, мектептің, кем дегенде сыныптың аты берілсе де батырлар есімі ел аузында жүреді ғой.
– Әңгімеңізді тыңдап отырып, 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанған сіздің бұл марапатқа әбден лайық екеніңізге көзіміз жетіп отыр.
– «Еріктілер жылы» болып бекітілген сол жылы «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу жұмысына белсенді атсалысу» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Көп қазақстандық маған дауыс беріп, көш басына алып шықты. Пандемиямен тұспа-тұс келгендіктен, марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті. Кейіннен осындағы біздің елшілік мені арнайы шақырып, жеңімпаз кубогін табыстады. Одан бөлек, жоғарыда атап өткен, шайқас болған аудандардың әкімшілігінен де көп грамота алдым. Ярославль облысында Әлия Молдағұлова оқыған мектеп әкімшілігі жыл сайын оның атымен мергендер турнирін өткізеді. Ол жарысқа біз де қатысамыз, түрлі марапат қағаздарын алып қайтамыз. Айтпақшы, ол мектепте Әлия алған бағалары бар журнал әлі сақтаулы тұр. Әлия кілең бестікке оқыған екен.
– Орыстілді журналистер сізді үнемі «Ақтөбе жерлестері» қауымдастығының мүшесі» деп жазады. Ақтөбеліктер Мәскеуде жеке қоғам ашып алған ба сонда?
– Кезінде Ақтөбеден Мәскеуге көп орыс қоныс аударған. Олардың арасында Ақтөбеде, кейін Ақмолада прокурор болған, кейін осында прокурордың орынбасары қызметін атқарған Олег Майданов осы қоғамның ашылуына түрткі болған. Осы қауымдастықтың жұмысына қатысымыз болғандықтан, журналистер үнемі солай атайды. Одан бөлек, бірнеше қазақтар қауымдастығының жұмысына да араласамын. Ұлттық мерекелерді бірге атап өтеміз. Ұйымдастырушылар қазақстандық әншілердің қатысуымен өтетін концерттерге шақырады. Наурыз мерекесінде ВДНХ маңынан арнайы павильонда көрме ұйымдастырылып, киіз үй тігіледі.
– Сұхбаттың басында «Бәлкім, елге оралармын» деп айттыңыз. Қай қалаға барып тұрғыңыз келеді? Елдегі университеттерден шақырту болмады ма?
– Негізі, Нұр-Сұлтанға барып жұмыс істегім келеді. Ол мүмкін болмаса, кіндік қаным тамған жер Ақтөбеге барып тұрақтасам ба деймін. Негізі, елдегі бірнеше университетке түйіндемемді жібергенмін. Бірақ ешқайсысынан жауап келмеді. Бір естігенім, олар маманның жасына қарайды екен, алпыстан асқан мамандарды жұмысқа алғысы келмейді. Десе де елге барсам, маған жұмыс табылатынына сенімдімін. Бастысы, пәтер мәселесі шешілсе болғаны.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ