288
Толайым табысқа толы сапар
Толайым табысқа толы сапар
10 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барды.
Түркия астанасы «Есенбоға» халықаралық әуежайында Қазақстан Президентін Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Анкара губернаторы Васип Шахин және басқа да бірқатар ресми тұлғалар күтіп алды. Мемлекет басшысының Анкарадағы екі күндік сапарында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, түркиялық ірі бизнес өкілдерімен өтетін бизнес форумға қатысуы жоспарланған болатын.
Мемлекеттік сапардың бірінші күні Президент Ататүрік кесенесіне гүл шоғын қойды. Анытқабір кесенесін аралап көрген Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев тамырлас түрік жұртына зор құрметін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың мәңгі болуын, екі ел ынтымақтастығының арта беруін және бауырлас түрік халқына бақ-береке тіледі. Гүл шоғын қою салтанатты рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.
Президент сарайында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтіп, екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Одан кейін шағын құрамда кездесу болды. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.
Шағын құрамдағы кездесу соңында Мемлекет басшысы Түркия Президентін елімізге сапармен келуге шақырды.
Режеп Тайып Ердоған Түркияға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын ризашылықпен қабыл алып, биыл күзде елімізге келетінін жеткізді.
Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Сапардың екінші күні Мемлекет басшысына инвестициялық жобалар таныстырылды, Президент Түркияның бірқатар кәсіпкерімен жеке-жеке кездесті, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Түркия: бизнес өкілдерінің басқосуына қатысып, сөз сөйледі, Мемлекет басшысының Түркиядағы екі күндік сапары Президенттік Ұлттық кітапхананы аралаумен аяқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін Режеп Тайып Ердоғанға ризашылығын білдірді.
– Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынасымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғанын атап өтіп, қазір Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналғанын айтты. Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.
– Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз. Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін. Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын, – деді Режеп Тайып Ердоған.Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Сонымен бірге мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды: 1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама. 2. Қазақстан республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім. 4. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тапсырма. 5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім. 6. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум. 7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім. 8. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Республикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. 9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласы бойынша ынтымақтастық туралы хаттама. 10. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама. 11. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім. 12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум. 13. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум. 14. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы.