725
«AMANAT»: Зиялы қауымның пікірі – елдің үні
«AMANAT»: Зиялы қауымның пікірі – елдің үні
«AMANAT» партиясы 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумды қолдау үшін партия жанынан штаб құрған болатын.
Конституция реформаланып, ондағы 33 бапқа түзету енгізілетін маңызды оқиға Президент айтқан жаңа, әділетті Қазақстанды құрудың негізгі қадамы болатыны анық. Ал Жаңа Қазақстанды құруға ел азаматтары түгелдей атсалысуы керек екені де мәселе көтерілгелі бері айтылып келеді. Соның ішінде Ұлт ұстыны зиялы қауым өкілдерінің орны бөлек.
Ел тарихында екінші рет өткізілгелі отырған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін түсіндіру, елде болатын өзгерістерді талқылау мақсатында «AMANAT» партиясы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынды Turkistan халықаралық газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды. Талқылауға Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел ұйымдастырудағы басты мақсат – жиналған зиялы қауым өкілдерінің елде болатын маңызды өзгерістер туралы пікірін, көзқарасын біліп, ескеру, басшылыққа алу екені айтылды.
Дөңгелек үстел басындағы талқылауда кезек-кезек сөз алған интеллигенция өкілдері еліміз жаңғыру алдында тұрғанын, үміт пен күдік аралас бұл кезеңде халық болып жұмылу керек екенін айтты. Өз ойларын ортаға салып, ел ішіндегі түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.
Зиялы қауым өкілдері қатысқан осындай талқылаулар ел болашағы үшін аса маңызды екені де тілге тиек етілді. Себебі мұндай жиындар мен пікір алмасулар арқылы халықтың сөзін сөйлейтін интеллигенцияның үні айқын естіліп, сөзсіз ескерілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Референдумға қатысу құқығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi.
Дәулет КӘРІБЕК,
«AMANAT»
партиясының
хатшысы:
Біз елдің аманатын, айтарын да тыңдаймыз
– Бұл іс-шара зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, ел дамуындағы жаңа кезең, жаңа қадамды кеңесу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Интеллигенцияның пікірін тыңдап, жұмыс барысында басшылыққа алуды жоспарлап отырмыз.
5 маусым референдум күні болып бекітілді. Соған орай «AMANAT» партиясының жанынан қоғамдық штаб құрылды. Штаб басшысы ретінде партия төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бекітілді. Қазақстан бойынша штаб жұмысы аясында 5 000 адам, республикалық штабта 200 адам жұмыс істемек. Бұл референдум науқаншылдыққа ұласпас үшін мағыналы басқосулар, елдің алдында жүрген адамдардың пікірін тыңдау үшін кездесулер өткізілмек. Бұл кездесу – сол жиындардың алғашқысы. Осылайша түсіндіру жұмыстарын келелі жиындардан бастап жатырмыз.
Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, аймақтарды аралап, насихат жүргізіп, елмен кездесетін болады. Сонымен қатар біз елдің аманатын, айтарын да тыңдайтын боламыз.
Президент «AMANAT» партиясының төрағалығынан кеткенімен, партия Президенттің тірегі болып қала бермек.
Құрметті зиялы қауым өкілдері, осы ел үшін маңызды келелі мәселеге қатысты ой-пікірлеріңізді ортаға сала отырсаңыздар.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»
АҚ басқарма төрағасы:
«АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ БІРІ
– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, бұл референдумның шынында да жөні бөлек. Осы кезге дейін референдум деген сөзден қорқып қалған жұрттың ойы қазір сан-саққа жүгіріп, әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір айтып жатыр. Біз жалпы өзіміз өте секемшіл халықпыз ғой. Пандемия кезінде неше түрлі жағдайлар болды. Соның бәрі әсер еткен болу керек, әр өзгеріске күмәнмен қарап, сынауға, пікір қосып қалуға тырысып жатамыз. Бірақ мәселенің барлығын бір сәтте қамту мүмкін емес. Алда болатын референдумда ең басты мәселелер көтеріледі. 30-дан астам заң баптарын өзгерту – шынында да өте үлкен жұмыс. Бұл жердегі басты тақырып – әділетті Қазақстанды құру. Соның ішінде, заң алдында бүкіл азаматтардың тең дәрежеде болуы, барша ел тұрғындарының бірдей мүмкіндіктерге ие болуы, монополияға жол бермеу.
Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет деген ұғымдарды біз көбіне ауызша айтқанымызбен, оның ең негізгі мәнін түсінбей жатамыз. Ал оның Ата Заңда нақты көрініс табуы, сол арқылы жүйеленуі мүлде басқа мәселе.
Әрине, осының бәрі халықтың даусымен, халықтың өзінің шешімімен жүзеге асуы үшін референдумды асыға күтіп отырмыз. Сол үшін мұндай маңызды сәтте халық өте белсенді болуы керек.
Азаматтық қоғамға талпынамыз ғой, ал «АмаNат» партиясы еліміздегі ең үлкен азаматтық қоғам құрылымдарының бірі. Сол себепті ел аманатын арқалаған партияға артылған сенім жүгі ауыр. Меніңше, референдум – ұрандату емес, кеңесу, ойласу, ел тағдырына қатысты сұрақтарды бірге талқылау. Бұл референдум басқасынан өзгерек деп отырған себебім, осы жолы суперпрезиденттіктен бас тарту, Парламентке иек арту, конституциялық соттың құрылуы сияқты іргелі өзгерістердің бастауына айналатын сияқты. Сондықтан бұл маңызды шараға баршамыз атсалысуымыз керек. Өйткені ол – әділетті Қазақстанға жасалатын үлкен қадам.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты:
Бұл – қазақ баласының баспанасы,
кәсібі болуына жол ашатын бастама
– Кең байтақ Қазақстандағы қаншама елді мекеннен азаматтар өтініш айтып жатыр. Солардың барлығының айтқанын есепке алып, зерделеп келіп, өз ойымызды ортаға салып отырмыз. Норвегия – біз сияқты мұнай өндіруші ел. Бірақ онда жан басына мұнайдан келіп түсетін пайда қазір норвег халқының жағасын жайлауға жеткізіп отыр деп айтуға болады. Тура сол сияқты біздің жер қойнауындағы байлықты Қазақстан халқына теңдей үлестіруге мүмкіндік беретін үлкен жобалар ертең жүзеге асады. Бұл – тек бастамасы. «Референдум бізсіз де өтеді ғой, оған осыншама шығындалып не керегі бар?» деген секілді әңгімелерді де естіп жатырмыз. Мұның барлығы – біздің өмірімізге қатысы бар өзгерістер. Мұны ертең қазақ баласының алақан жаймай, біреуге кіріптар болмай, жеке өзінің баспанасы, кәсібі болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы дұрыс болуына жол ашатын, байлықты әділетті бөлуге септігін тигізетін шын өзгерістердің бастамасы, соған жол ашатын жаңалық деп қабылдау керек. Бұл туралы жүрген жерде айтып жүрген жөн. Әлеуметтік желіде мұны дұрыс түсінбеген көпшілік түрлі пікірлер айтып жүр. Қымбатшылық өршіп барады, баға болса өсіп жатыр. Бірақ ертең «Бай республиканың халқы неге кедей?» деген сұрақтың жауабына әлі күнге дейін бәріміз басымызды шайқап, зар еңірейміз. Ал енді сол әділетсіздіктер болмас үшін мына өзгерістердің бастамасына бәріміз қолдау білдіргеніміз абзал.
Айгүл ҚАПБАРОВА,
Сенат депутаты:
Референдум біздің тағдырымыз болғаннан кейін оған атсалысуға міндеттіміз
– Бұрын елдің бастапқы даму кезеңінде саяси модельдің бәрі жүзеге асты, өз қызметін атқарды. Ал қазіргі жаңа сипатқа ие болған қоғамның дамуына жаңаша өзгеріс қажет болып тұр. Оның ішінде Президенттің өкілеттілігін тек бір жерге шоғырландырмау мәселесі де бар. Мысалы, облыс, аудан әкімдеріне өз бетінше акті қабылдауға, дербес шешім шығаруға мүмкіндік беру керек. Ауданға, әр өңірге барған кезде аудан немесе облыс әкімінің қолы қысқа болып жатады. Мысалы, бір маңызды актіге қол қою үшін Президенттің құзыреті мен одан рұқсат сұрауға тура келеді. Бізде әр облыс, аудан, ауылдар әртүрлі ғой. Сондықтан ол өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес әкімдер өздері дербес шешім шығара алатындай құзыреттілік берілуі керек деп санаймын. Бірақ олар сол құзыретті халықтың емес, өзінің жеке игіліктеріне қолданып кетпеуін бақылауда ұстаған дұрыс.
Тағы бір маңызды тақырып – жер мәселесі. Заңда «Жер мен ондағы табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық онда меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген сөз бар. Ал оны қалай пайдаланамыз, игереміз деген сұрақ туындайды. Жалпы, «Жер – халықтікі» деген ұғым нені білдіреді, оның игілігін қарапайым халық көре ала ма, оны жер комитеті, мәслихаттар басқара ма, референдумда осы мәселелерді ел тұрғындары міндетті түрде бірге талқылауға тиіс деп санаймын. Мысалы, 1994 жылдары жерді сатып алғандардың дәуірі басталды да, сол мезетте тексерулер мен зерттеулер жүргізілген жоқ.
Бізде көбіне елдің тағдыры өте тар ауқымда шешіледі. Мысалы, 2 жылдың ішінде Мәжіліске барған 9 заң кері қайтты. Мәжілісте заң талқыланып болғаннан кейін де халық тарапынан келіспеушілік, дау-дамайлар туындап жатады. Әлеуметтік желілерде шу көтеріледі. Ал оның бәрі – заңды дайындаушы органдардың, министрліктердің ел тұрғындарының сөзіне құлақ аспай, олармен санаспауының кесірі.
Тағы бір мәселе – адам құқықтары жөніндегі уәкіл. Осы жолы сол уәкілдің конституциялық сотқа жүгіне алатын бағыты қосылып отыр. Бұрын мұндай құзырет қарастырылмаған болатын.
Референдум біздің тағдырымыз болғаннан кейін оған атсалысуға міндеттіміз. Ал оған қатыспастан бұрын осы 30 бапқа қандай өзгерістер енгізіліп жатыр, сонымен танысып алған жөн.
Сұраған
РАХМЕТҰЛЫ,
ақын:
Ата Заң
туралы пікірталастар
жиі жүргізілуі керек
– Қазір референдум туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Францияның Ата Заңына 42 рет, Түркиянікіне 21 рет өзгеріс енгізіліпті. Мұның барлығы – халықтың игілігі үшін жасалған үлкен саяси реформа. Бұл бізге сабақ деп ойлаймын. Қазір біз қазақ тілінде сауатты жазылған Ата Заңның негізгі баптарын насихаттайтын үлкен жолдың үстінде тұрмыз. Бұл жолды жасайтын – билік, «АМАNАT» партиясы, сонымен қатар белсенділер. Референдумға қатысты телеарналар мен газеттерде ұсыныстар, пікірталастар жиі жүргізілген жоқ. Осыған қатты назар аударса екен деймін.
Қайрат САҚ,
Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
Бізді тарихи миссия күтіп тұр
– «Айналамызға қарасақ, түнерген бұлттар көрінеді. Ол бұлттар жауын болып себіле ме, дауыл болып шебімізді қирата ма, білмейміз. Етегіміз жиюсыз, қол жеңіміз киюсіз үшін қамсыз жатқан елміз» деп Алаш қайраткерлері жүз жыл бұрын айтып кеткен. Содан бері бір ғасыр өтті, көп нәрсе өзгерген жоқ. Қазіргі еліміздегі жағдайда тура сол ХХ ғасырдағы ахуалды еске салады. Қаңтар оқиғасы кезінде бәріміз уайымдадық, бәріміз алаңдадық. Қазір халық арасында бір үміт, бір күдік бар. Енді сол күдік сейіліп, үміт асса екен деп ойлаймыз. Осы бағытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен бастамалар көтеріп, сөзіне адал болып, айтқанын іспен орындап келе жатыр. Барлығы халықтың сұранысына сай атқарылып жатыр. Соның бірі – саяси реформа. Бір кезде осыны армандадық. Қазір Мемлекет басшысы реформаларды іске асыруды қолға алды. Сол реформаларды жүзеге асыру үшін алдымен Ата Заңымызды өзгерту керек. Ата Заң – барлық заңның темірқазығы. Кеше халық ортасынан келдім, халық референдум туралы жаңалықты дұрыс түсініп жатқан жоқ. Сондықтан оны зиялылардың емес, қарапайым халықтың ортасына барып, бізге мұның не үшін керек екенін, мұның бізді қайда апаратынын түсіндіруіміз керек. Президент қызметіне кіріскелі бері барлығын ашық айтып келе жатыр. Ол бастаған реформалардың барлығы аяғына дейін іске асырылып, жүзеге асса, дамыған елдердің қатарына қосыламыз деген сенім бар. Біздің Отанымыз – біреу. Ол – Қазақстан. Қазақстанның болашағы мықты болса, барлығымыздың арманымыз орындалды деуге болады. Бізді тарихи миссия күтіп тұр. Егер бұл реформалардың түгелі дұрыс іске асырылмайтын болса, ертең ұрпақтың алдында қалай жауап береміз? Еліміздің тәуелсіздігі бар кезде мұндай тірліктер атқарылмай жатса, кінәні қайда қоямыз? Бұрын барлығын Кеңес Одағынан, Мәскеуден көрдік. Ал қазір өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан референдум өткізу – біз үшін үлкен жауапкершілік.