701
Жаңғырған аймақтар – Жаңа Қазақстанның екінші тынысы
Жаңғырған аймақтар – Жаңа Қазақстанның екінші тынысы
4 мамырда Ақорданың ресми сайты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады.
8 маусымнан бастап күшіне енбек жарлықтың мәтінінде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру, Алматы облысының орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшіру, және бір ай ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекіту қажет екені туралы жазылған. Осылайша, еліміздегі аймақтар саны 20-ға жетті.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа Жолдауында елімізде тағы үш облыс құрылатынын мәлімдеген еді. Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады. Бұл облыстар тарихымызда бұрын да болған.
Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы Жезқазған қаласы болады.
Ал Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кіреді. Облыс орталығы Талдықорған қаласы болмақ. Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары және Семей, Курчатов қалалары кіреді. Облыс орталығы Семей қаласы болады.
Одан бөлек осыған дейін Шығыс Қазақстанда облыс қана емес, екі аудан да бөлінетіні хабарланған. Көкпекті, Тарбағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қалпына қайта келтіріліп, екіге бөлінбек.
Қаржы мәселесі қалай шешілмек?
5 мамырда Сенат Министрлер Кабинетінің алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке енгізген түзетулерін мақұлдады. Жалпы есеп бойынша шығындар 19 триллион теңгеге жетеді. Оның басым бөлігі Президенттің тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. Оның ішінде осы өңірлерді құру мәселесі де бар. Жалпы мемлекеттік қазынадан бөлінетін қосымша қаражаттың үштен бір бөлігі өңірлерге жұмсалмақ.
Нақтырақ тоқталар болсақ, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент тапсырмаларын орындауға 1,8 триллион теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге бағамына – 173 миллиард теңге, бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге 476 миллион теңге қарастырылғанын мәлімдеген.
– Бюджет түсімдері 2,7 триллион теңгеге ұлғайып, 15,8 триллион теңгеге жетті. Республикалық бюджет шығыстары 18,8 триллион теңге болады деп жоспарланып отыр. Шығыстар қосымша 2,7 триллион теңгеге артады және оны бірнеше басым бағыттарға жұмсау көзделген.
Жалпы көзделген шығыстардың 30 пайызға жуығы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Олардың жалпы сомасы 818 миллиард теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 миллиард теңге. Нәтижесінде өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 триллион теңгеден астамы немесе 29,3 пайызы бағытталатын болады, – деді Қаржы министрі Сенат отырысында.
Жалпы жаңадан облыстар ашу туралы тапсырма айтылған кезде құрылмақ өңірлердің бюджет мәселесі қалай шешілетіні туралы сұрақ ең өзекті сауалдардың бірі болған еді. Сол кезде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы сұраққа жауап беріп, қажетті қаражат есептеліп жатқанын айтқан болатын.
– Қажетті ақша мөлшері қазір есептеліп жатыр. Бізде оған қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің аясына сыйғызуға тырысамыз. Бірақ қажет болса, қосымша ақша бөлінеді. Өйткені жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады. Әкімдіктер, аудандар құрылып, штаттар саны бекітіледі. Оның бәріне резервіміз бар. Орталықтың, нақты айтқанда Мемлекет басшысының бастамасы болғандықтан, қажет болса республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлінеді, – деген еді Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар ол нақты соманы айта алмайтынын, қаражатты жаңа облыстарға әкімдер тағайындалғаннан кейін ғана бөлетінін түсіндірген. Бірақ 2022 жылы шартты түрде бекітілген Алматы облысының бюджеті – 857,3 миллиард теңгені әкімшілік орталықтар Талдықорған мен Қонаев арасында бөлуге болатынын, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына да қатысты екенін айтқан болатын.
– Әкімдерді тағайындағаннан кейін облыстардағы қолда бар қаражаттан қаражат бөлінеді. Қосымша штаттық санға, уақытша жаңа ғимараттарды жалға алуға қаражат қажет болады, әкімдіктер, мемлекеттік органдар ғимараттары және сол сияқты тағы да басқа шығындар. Барлығы пысықталып жатыр. Алдын ала есептелінді, бірақ әлі де есептеледі. Ал пысықтап үлгерген сома 800 миллиард теңгеден астам (немесе барлық шығыстардың 30 пайызы) өңірлерге, оның ішінде 475 млрд теңгені оларды дамытуға бағыттады.
Абай облысы
Семей облысының тарихы сонау 1854 жылдан бастау алады. Аймақ Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының, кейін Дала генерал-губернаторлығының құрамына кірді.
Үлкен Ресей энциклопедиясының мәліметтеріне сәйкес, 1897 жылдары 503,3 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан аймақта 684,5 мыңнан астам адам өмір сүрген. 1920 жылы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін облыс Семей губерниясына айналды.
Облыс екінші рет 1939 жылы Қазақ КСР құрамында құрылды. Оған 12 аудан: Абыралы, Ақсуат, Аягөз, Белағаш, Жаңасемей, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Новошульба, Үржар, Шыңғыстау, Шұбартау аудандары кірген. 1987 жылы облыстың ауданы 179,6 мың шаршы шақырым, ал халқы 816 мың болған.
Осылайша облыс 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен таратылып, Шығыс Қазақстан облысының құрамына енгізілгенге дейін жұмыс істеп тұрған.
Содан бері өңірдің халқы Семей облысының мәртебесін жаңғырту қажеттігін оқтын-оқтын айтып келген. Оған себеп те жоқ емес еді.
Аймақтың географиялық орны Азияны Еуропамен байланыстыруға мүмкіндік береді. Семей арқылы Азия танымының қақпасын ашқан атақты зерттеушілердің қатары қалың.
Сонымен қатар аймақ металл емес құрылыс материалдарына бай. Курчатов технопаркінің базасында силикат және қыш кірпіш, шыны, құрылыс керамикасы, құрылыс наноматериалдарын шығаратын мемлекеттік сектор зауыттарының құрылысын қарастыру дұрыс болар еді. Ертіс өзенінің бассейнінде қиыршық тастардың болуы да назар аудартатын мәселе. Еліміздің кей аймақтарында осы қиыршық тас тапшылығы мәселесі байқалады. Сондай-ақ өңірде ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік зор.
Дегенмен облыс орталығы – Семей қаласының қазіргі ахуалы мәз емес екені байқалады. Инфрақұрылымдар тозған, әлеуеті әлсіреген. Қалада жаңа құрылыс саусақпен санарлық. Мұны Мемлекет басшысы да айтып өткен.
– Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз, – деген еді Президент.
Қаладағы ірі зауыттар сауда орталықтарына айналып, ал кейбіреулері жұмысын тоқтатқан. Жұмыссыз қалған халық базар жағалады. Қаланың «базарлар қаласы» деп аталып кетуінің өзі жаңа жұмыс орындарын құру кезек күттірмейтін мәселе екенін аңғартады. Бұл мәселені шешу, әрине, аймақтағы экономикалық жағдайға әсер ететіні сөзсіз.
Одан бөлек, денсаулық сақтау, ғылым мен туризм, индустриялық-инновациялық бағыттарды дамыту Семей өңірінің Қазақстанның саяси, экономикалық орталықтарының біріне айналуына серпін берер еді. Өңірдің дамуы жалпы ел экономикасының нығаюына ықпал ететіні сөзсіз.
Одан бөлек, өңірдің тасын түртсең, шежіре төгілетін тарихи мекендері ел халқының ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген туристердің де қызығушылығын тудырады. Яғни аймақтың туризм саласындағы әлеуеті де өте жоғары.
Облыстың аты өзгергенімен, заты – cол, не десек те, қайта жаңғырған аймақтың жаңа тынысы ашылатынына сенім мол.
Ұлытау облысы
Жезқазған облысы 1973 жылы 20 наурызда Қазақ КСР құрамында Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінен құрылған. Орталығы Жезқазған болған облыс құрамына Балқаш және Қаражал, сондай-ақ Ақтоғай, Жезді, Ұлытау, Жаңаарқа, Шет және Ағадыр аудандары кірген. Облыстың жалпы аумағы 313,4 шаршы шақырым болды, 1989 жылғы мәлімет бойынша, 496 мың халқы болған.
Облыс 1997 жылы таратылып, оның аумағы қайтадан Қарағанды облысының құрамына кірді.
Ұлытау облысы болып қайта жаңғырып, жаңадан құрылып жатқан аймақтың ауданы 300 мың шаршы шақырымнан асады. Өңірде туризмді дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар. Әсіресе этнотуризмді дамыту бойынша әлеует зор.
Дегенмен аймақта мәселе де аз емес. Соның ішінде су жүйесінің тозығы жеткен. Аймақтағы жауапты шенділер қазіргі кезде жобалық-сметалық құжат толық дайындалып, мемлекеттік сараптамаға берілгенін мәлімдеген болатын. Сол кезде өңірлік даму бағдарламасына сәйкес қалаішілік құбырдың 219 шақырымын ауыстыру жоспарланғаны айтылды. Одан бөлек, инфрақұрылымдарды жаңарту мәселесі де бұл өңірді айналып өтпейді.
Жалпы Жезқазған және Сәтпаев қалалары өнеркәсіптік моноқалалар саналады. Өндірістің 96 пайызы мыс корпорациясының жұмысымен байланысты.
Жақында жаңадан құрылған өңірдің дамуын қолдауға атсалысу мақсатында «Қазақмыс» компаниялар тобы бірқатар компанияның Ұлытау облысы, Жезқазған қаласындағы заңды мекенжайын қайта тіркеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді. Атап айтқанда «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қазақмыс Коппер» АҚ, «Қазақмыс Барлау» ЖШС, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС, «Қазақмыс Дистрибьюшин» ЖШС, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Қазақмыс Прогресс» ЖШС, KAZ GREEN ENERGY ЖШС бөлімшелері.
Бұрын бұл бөлімшелер Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында тіркелген болатын. Бұл шешім осы аймақта орналасқан кәсіпорындардан қосымша салық шегерімдері арқылы еліміздегі жаңа аймақтың қалыптасуына қолдау көрсетуге байланысты қабылданған.
Осылайша «Қазақмыс» тобының кәсіпорындары мемлекетпен бірлесе отырып, өңірлерді дамытуға және «Қазақмыстың» негізгі өндірістік алаңдары орналасқан Жезқазған, Балқаш және Қарағанды қалаларындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайтуға белсенді үлес қосуды жалғастыратындарын мәлімдеді.
Аймақтағы жол мәселесі де назарға алу керек түйткілдердің бірі. Аймақ географиялық жағынан тоғыз жолдың торабында орналасса да, жол сапасы өңірдің әлеуетін толық ашуға кедергі болып отыр. Аймақтың логистикалық әлеуетін Жолдауда Президент те айтып өткен болатын.
– Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз, – деген еді Президент.
Жетісу облысы
1867 жылы құрылған Жетісу облысы 1924 жылға дейін сақталды, кейіннен облыстың оңтүстігі бөлініп, қалған бөлігі Жетісу губерниясына айналды. Облыстың ауданы бастапқыда 402,2 мың шаршы шақырым, ал 1920 жылға қарай халқы миллионға жуық болған.
Ал жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, Алматы облысының құрамына 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала кіретін болады.
– Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын. Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді, – деген еді Жолдауда Президент Қ.Тоқаев.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, қазіргі Алматы облысында соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есе өскен. 20 жыл ішінде 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 7,2 триллион теңге инвестиция тартылған, облыс бюджеті 2001 жылғы 21 миллиард теңгеден 2021 жылы 830 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал аумақтың екі облысқа бөлінуі өңірлердің дамуына одан әрі серпін беруге тиіс.
Талдықорған өңірін дамыту мақсатында 6 542 жұмыс орнын ашатын, 999,5 млрд теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген екен.
Ал болашақ облыс орталығына айналатын Қонаев қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір 3 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр екен.
– Қазір маңызы бар әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схе-малық карта дайындалып, Қапшағай қаласының жаңа бас жоспарын егжей-тегжейлі ұйымдастыру жобасы әзірленуде. Экономикалық есептеулер жасалып, Алматы және Жетісу өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалды. Қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін нысандарды айқындау жұмыстары басталды, – деп мәлімдеген еді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Үш облыс қайта жаңғырады деген ақжолтай мәлімдемеден кейін-ақ осы өңірлердің халқы бөркін аспанға атып, бір-бірін құттықтап, ерекше қуанған. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, екі үлкен орталықтың бір облысқа бірігуі жаңадан құрылмақ аймақтардың орталығы болатын қалалардың тынысын тарылтқаны жасырын емес. Не десек те, жаңа облыстар елдің экономикасына, жалпы әлеуетіне серпін беруге ықпал ететініне сенім мол.