Доржийн Баярхүү: Моңғолия қазақтары қоғамның барлық саласында белсенді

Доржийн Баярхүү: Моңғолия қазақтары қоғамның барлық саласында белсенді

Доржийн Баярхүү: Моңғолия қазақтары қоғамның барлық саласында белсенді
ашық дереккөзі
1526
Биыл Қазақстан мен Моңғолия рес­пуб­­ли­касының арасында дип­ло­матиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толады. Екі елдің тарихи-мә­дени өмі­рін­­де ұқсас­тық көп. Сонымен қатар Моң­ғо­лияда қа­зақ диас­порасының бір бөлшегі өмір сүреді. Біз жуықта ғана Моңғолиядан Қа­­­зақстанға Төтенше жә­не өкілетті елші бо­лып келген Дор­жийн Баярхүүді сұхбатқа тарт­тық. Сұхбат екі ел арасындағы экономикалық бай­­ланыс, сауда-саттық реті, Қазақстан мен Моң­­­ғолия ара­сын­дағы көлік қатынасы жайлы өр­біді. – Құрметті елші мырза, Қазақстан мен Моң­ғолия арасындағы дипломатиялық қа­ты­нас­тың орнағанына 30 жыл толды. Осы жыл­дары екі ел арасында қандай іл­кім­ді жобалар қолға алынды? Екі елдің эко­номикалық және сауда-саттық тұрғы­дан байланыс орнатуына қандай мүмкін­діктер бар? – Ең алдымен Сіздердің «Түркістан» газе­ті­нің қалың оқырмандарына арнап екі ел ара­сындағы қарым-қатынас пен ынты­мақ­тас­тық туралы сұхбат бергеніме қуаныштымын. Моң­ғолия мен Қазақстан арасындағы дип­ло­ма­тиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бауырлас Қазақстан хал­қын шын жүректен құттықтаймын. Соңғы 30 жылда Моңғолия мен Қазақстан ха­лықтарының сан ғасырлық дәстүрлі тарихи қа­рым-қатынасы қазіргі заманға сай өзгеше бояу­лармен өрнектеліп ынтымақтастық жан-жақ­ты қанат жайғанына ризашылық сезім біл­дірумен бірге моңғол мен қазақ халқының мүд­десі мен игілігіне сай достық байланысымыз бо­лашақта да қарқын алатынына кәміл сене­мін. Қазақстан Республикасы Моңғолияның сыртқы саясатында айрықша орын иеленетін Орта Азия аймағында біздің еліміздің маңызды әріптесі. Біздің халықтарымыз тарихи-мәдени терең байланысқа, ортақ мұра, дәстүрге ие болу­мен бірге КСРО кезінде де жақын достық қа­рым-қатынаста болған елдер. КСРО ыды­ра­ғаннан кейін Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дігін жариялаған соң 22 қаңтар күні екі ел ара­сында дипломатиялық қатынас орнаған бо­латын. Міне, биыл сол тарихи оқиғаға 30 жыл толып отыр. Біздің ел 1992 жылы Алма­ты­да елшілігін ашып, 2010 жылы Нұр-Сұлтан қа­ласына көшірген болатын. Ал Қазақстан Рес­публикасы 1997 жылы Моңғолия астанасы Ұлан­батырда елшілігін ашқан еді. Соңғы жылдары екі ел арасындағы саяси қа­рым-қатынас жоғары деңгейде қарқын алып ке­леді. Мәселен, Моңғолия Премьер-Министрі У.Хүрэлсүхтің 2019 жылғы ресми сапары моң­ғол-қазақ қарым-қатынасын жаңа деңгейге кө­терді деп тараптар есептейді. Сапар барысында ауыл шаруашылығы са­ласындағы ынтымақтастықты күшейту, Қа­зақ­станға ет, ет өнімдері мен мал шаруашылығы өнім­дерінің көлемін ұлғайту, Моңғолияның ба­тыс аймағында ұсақ мал шаруашылығына ар­нап бірлескен және тікелей инвестиция құру мә­селелері талқыланды. Ветеринария, каран­тин саласында, Өсімдік және егін шаруа­шы­лы­ғы институттары арасында «Ынтымақтастық туралы меморандум» орнады. Бұл біздің елдің ет пен ет өнімдерін осы елге шығаруға құқық­тық негіз қалыптастырған қадам деуге болады. Сонымен бірге осы сапар кезінде Ұланбатыр мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында достық қа­ты­­нас орнап, Қазақстан тарапынан студент­тер­ге бөлінген грантты 25-ке жеткізуге келісім жа­салды. Қазіргі жағдайда Қазақстанда біздің елдің 1045 азаматы бакалавр, магистрант, док­торант санатында білім алып жатыр. Сапар ке­зінде Моңғолия, Қазақстанның бизнес фо­ру­мы ұйымдастырылып, оған біздің тараптан 31 шаруашылық бірлік, Қазақстан тарапынан 160 бизнес өкілі қатысты. Нәтижесінде іскер биз­нес топтары арасында 40 миллион дол­лар­дың қаржысы көлемінде 8 құжатқа қол қойыл­ды. Жалпы бұл жолы екі елдің арасында сауда, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндіктер бар екені дәлелденіп, соған бизнес-іскер топтардың қызығушылығы артқаны айқын байқалғанын атап өткім келеді. Моңғолия Премьер-Министрі са­па­ры­нан кейін екі елдің қарым-қатынасы, соның ішін­де сауда, экономикалық байланыс артуға ба­ғыт алғанымен пандемия салдарынан кедер­гілер келіп, көрсеткіштер төмендеді. 2021 жылғы 10-14 қазанда Моңғолия Сырт­қы қатынастар министрі Б.Батцэцэг Қ­а­зақ­стан Республикасына ресми сапармен келді және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары кеңесінің (АӨСШК) 6-министрлер кез­десуіне қатысты. Бұл сапар 1992 жылы елі­міз бен Қазақстан арасында дипломатиялық қа­рым-қатынас орнағаннан бергі уақытта жү­зеге асқан Моңғолияның Сыртқы қаты­нас­тар министрі деңгейіндегі алғашқы айрықша са­пар болды. Сапар барысында Моңғолия Сырт­қы қатынастар министрлігі мен Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігі арасында 2021-2024 жылдарға арналған өзара түсіністік ту­ралы меморандумға және Моңғолия Сыртқы қа­тынастар министрлігі мен Қазақстанның Сау­да және интеграциясы министрлігі ара­сын­да­ғы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Біздің елдеріміз арасындағы сауда-эко­но­ми­калық ынтымақтастықты дамытуға зор мүм­кіндік бар деп есептейміз. Моңғолияның Қа­зақстанға және аймақтың басқа елдеріне ет жә­не ет өнімдері экспортын айтарлықтай арт­тыру, құрғақшылыққа төзімді астық сорттарын жер­сіндіру, зерттеу, ветеринария және каран­тин мекемелері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, теңізге шыға алмайтын елдер ретінде Азия мен Еуропа екі құрлықты бай­ла­ныстыратын географиялық орынды тиімді пай­далана отырып, транзиттен табыс табу үшін Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге жұ­мыс істеп жатырмыз. 2021 жылғы жағдай бойынша екі ел ара­сын­дағы тауар айналымы 21,06 миллион АҚШ дол­ларын құрайды. Оның ішінде Моңғолия 2,1 мил­лион АҚШ долларын құрайтын азық-түлік өнім­дері, жылқы еті, кілем,тоқыма өнімдерін экс­порттаған, ал 18,92 миллион доллар көле­мін­де ұн, нан-тоқаш өнімдері, күріш және те­ме­кі импорттаған. Алдағы уақытта екі ел ара­сындағы тауар айналымын арттырып, Моң­ғолия экспортының түрлері мен көлемін ұлғай­туға мүмкіндік бар. Мен елші қызметін ат­қарған кезде осы мәселеге ерекше назар ау­дара­тын боламын. Екі ел арасындағы саяси және эко­но­ми­ка­лық қарым-қатынастардан бөлек, мә­дени-гу­ма­нитарлық байланыстарды кеңейту – менің маңыз­ды мақсаттарымның бірі. – Қазақстан мен Моңғолия елдерінің арғы тари­хында, рухани-мәдени өмірінде ұқсас тұс­тары көп. Екі елдің ортақ тари­хын бірлесе зерт­теу жөнінде ауқымды жо­­баларды жүзеге асы­руға мүмкіндік бар ма? Осы уақытқа дейін қан­дай ортақ зерт­теулер қолға алынды? – Біздің екі халық ежелден тарихи-мәдени бай­ланысқа ие киіз туырлықты, ортақ мұрасы бар байырғы көшпелілер. Моңғолиядағы Ұлы Түр­кі қағандығының тарихи-мәдени ескерт­кіш­терін зерттеу мақсатында Нұр-Сұлтанда ор­наласқан Халықаралық Түркі академиясы Моң­ғолия Ғылым академиясы, Моңғол Ұлттық му­зейі, Моңғолия тарих және археология инс­титутымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істе­ді. Осы бағытта 2016 жылдан бері көне түркі дәуірінің тарихи кешендерін зерттеу мақсатында «Шивээт улаан», «Номгон» және «Хаяахудаг», «Гүнбурд» киелі ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер мен далалық қазба жұ­мыстары атқарылып, бірқатар ғылыми жаңалықтар ашылды. Сондай-ақ Түркі ака­демиясы жанынан Алтайтану, түркітану, моң­ғолтану қауымдастығының тұрақты хат­шы­лығы құрылып, Моңғолтану орталығы ашыл­ғаны да қуантады. Соңғы жылдары екі елдің тарихшылары мен археологтарының моңғол және қазақ халықтарының мұраларын зерттеу саласындағы ынтымақтастығы айтарлықтай кеңейіп келеді. Моңғолия Үкіметі бұл саладағы табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Президент Жарлығымен Халықаралық Түркі ака­демиясының президенті Дархан Қыдырә­лі­ні мемлекеттік жоғары награда «Алтын жұл­дыз» орденімен марапаттаған болатын. Бұл сый­лықты Моңғолия Сыртқы қатынастар ми­нистрі Б.Батцэцэг сапары барысында табыс ет­кенін ықыласпен атап өткім келеді. – Моңғолияда қазақ ұлтының өкілдері тұ­ра­тынын біз білеміз. Олардың ұлттық бол­мысы, рухани-мәдени өмірі қандай деңгейде? Қа­зақтардың тұрмыс тіршілігі мен рухани өмірі жайлы мәліметтер бізді қызықтырады. – Моңғолияда өмір сүретін моңғолдан өз­ге, екінші үлкен ұлт – қазақтар. Яғни, хал­қы­мыздың 95 пайызы моңғолдар, 4 пайызға жуы­ғы қазақтар, 1 пайызы өзге ұлттар мен ұлыс­тар. 2021 жылғы санақта Моңғолияда 128 886 қазақ бар болса, олардың көпшілігі, яғни 77,1 пайызы Баян-Өлгий аймағында, қалған­дары Ховд, Селенге, Дархан, Төв аймақтары мен Ұланбатырда мекендейді. Моңғолиядағы қазақтар – қоғамымыздың ажыра­мас бөлігі және Моңғолия үкіметі олар­дың салт-дәстүрін сақтауға әрқашан қолдау көр­сетіп келеді. Бүгінде қазақ халқы саясаттың, эко­номиканың, қоғамның барлық сала­ларында белсенділік танытып, Моңғолияның гүлденуіне үлес қосқанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бұл ретте менің сенім грамотамды қа­был­дау кезінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Моң­ғолияда тұратын қазақтар екі елдің дос­тық қарым-қатынасының «Алтын көпірі» еке­нін жылы лебізбен атап өткенін айта кеткім ке­леді. Расында да, екі ел арасындағы ын­ты­маққа елімізде тұратын қазақ ұлты өкілдері, со­­нымен бірге Моңғолиядан Қазақстанға қо­ныс аударған азаматтар елеулі үлес қосқаны бел­гілі. Жалпы, Моңғолиядан Қазақстанға кө­шіп келгеннен кейін қоғамның барлық сала­сында жемісті еңбек етіп, екі ел арасындағы өза­ра түсіністікті кеңейтуге қызмет етіп жүр­ген кісілер аз емес. – Пандемия шектеулері кезінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас қа­лай жүріп жатыр? Әсіресе, екі елге бөлініп қал­ған қазақ этнос өкілдері үшін қандай да бір қиын­дықтар туындап отырған жоқ па? – Әлемге таралған GOVID-19 індетімен кү­рес­тің осы қиын кезеңінде біздің Елшілігіміз екі ел арасындағы қалыпты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты сақтау үшін көп жұмыс іс­теп жатыр. Мәселен, Моңғолияның Сыртқы қа­тынастар министрі Б.Батцэцэгтің сапары, соны­мен бірге 2020 және 2021 жылдары Моң­ғолия мен Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистр­ліктері арасындағы саяси және кон­сул­дық консультациялар сәйкесінше электронды түр­де сәтті ұйымдастырылды. Биыл біз жоғары деңгейдегі бірқатар ресми са­парлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қа­рым-қатынасты кеңейтуде маңызды рөл ат­қара­тын үкіметаралық комиссияның отырысы осы жылдың екінші жартыжылдығында өтеді. Пандемия салдарынан шекаралар жа­бы­лып, халықаралық рейстер мен автокөлік жол­дары тоқтаған қиын кезеңде тараптардың күш-жігерінің арқасында екі ел өзара вак­ци­нация сертификатын мойындауға келісім жа­сады. Соның нәтижесінде Hunnu Air ұшағы 2020-2022 жылдар аралығында екі елде бөгеліп қалған 2000 жолаушыны 28 арнайы рейстер арқылы тасымалдады.Айта кетейік, компания осы жылдың наурыз айының соңынан бастап Ұлан­батырдан Алматыға тікелей рейстерді жү­зеге асырып келеді. Сондай-ақ жақын арада қа­зақстандық Scat әуе компаниясынан Нұр-Сұл­тан-Ұланбатырға тікелей әуе қатынасын қал­пына келтіру туралы келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, кез келген екіжақты қарым-қатынаста тікелей рейстердің болуы маңызды. Тікелей рейстер өзара трафикті арттырады. Өздеріңіз білесіздер, екі елдің азаматтары мен туристерінің саны артып, бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ 2022 жыл­дың 14 ақпанында Моңғолияның панде­мия­дан қорғанудың жоғары деңгейін жойып, ха­лықаралық көлік қозғалысына толықтай ашық болды. 11 сәуірде Қазақстан да жермен қаты­нау­ға өз шекарасын ашты, бұл екі елдің аза­мат­тарына автокөлікпен еркін жүруіне мүм­кін­дік береді. – Қазақстанға елші болып келгеніңізге де бірер ай болды. Әйткенмен қазақ хал­қының ұлт­тық болмысы, салт-санасы, саяси-эконо­мика­лық өмірінен хабардар болып қалдыңыз. Қа­зақстан жөнінде алған әсеріңізді айтып бер­сеңіз. – Менің Қазақстан Республикасындағы ел­ші болып тағайындалғаныма 4 айдан асты. Осы жылдың 21 ақпанында Қазақстан Пре­зи­денті Қ.Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырдым. Қа­зақстанға жақында ғана келсем де, Қазақ­стан мен Моңғолияны көшпелілер мәдениеті, тари­хы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жағынан ұқсастықтары көп. Кейбір тіл мамандарының айтуынша, моңғол мен қазақ тіліндегі түбір сөздерінің шамамен 70 пайызы ұқсас. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстан мем­лекеті мен халқы өркендеуге бағытталған ау­қымды реформаларды сәтті жүзеге асырып, дамудың даңғыл жолымен нық қадам басып ке­ле жатқанын ризашылықпен атағым келеді. Осы қысқа мерзімде Қазақстан үлкен әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы арқылы аймақтық және халықаралық жоғары беделге ие болға­ны­мен құттықтаймын. Сондай-ақ осы сәтті пай­далана отырып, Қазақстан халқына қаң­тар­дағы қайғылы оқиғаларды мойымай ең­серіп, жағдайды тұрақтандырғанына разылық біл­діремін. Сұхбат соңында Қазақстан Респуб­ликасы географиялық жағынан да, тарихи жағынан да біздің үшінші жақын көршіміз екенін ерекше атап өткім келеді. Елші ретіндегі басты мақсатым – Қазақстанды саяси және эко­номикалық тұрғыдан маңызға ие үшінші көр­шіге айналдыруға күш-жігерімді жұмсай­тын боламын.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Серіктес жаңалықтары