50777
Киберқылмыс өршіп тұр
Киберқылмыс өршіп тұр
Ғаламдық ақпарат пен цифрлық даму үдерісінде интернеттің үстемдік алуы оның кез келген салада кең қолданысқа ие болуына жол ашты. Солайша көп қызмет көрсету орындары оффлайннан онлайн форматқа да ауысты, аса маңызды мәселелерді бірер мезетте шешу мейнстрим болудан қалды. Яғни, сандық құрылғыларды қашықтықтан басқару арқылы жұмысты жеңілдету мен жеделдетуге мүмкіндік алдық. Ең күрделі деген функциялардың өзі электронды түрде жүзеге асырылып, интернет қолданушыларының қажеттіліктері жайлап қанағаттандырыла бастаған тұста оған кері ықпал ететін факторлар да белең ала бастады.
Адамдардың әлеуметтік қалаулары мен тұрмыстық тұтыну тетіктерін тап баса білген алаяқтар да айла тәсілдерін өзгертуге көшті. Бұрын қоғамдық орындар мен мекемелерді, сауда-саттық орталықтарын, қаржылық ұйымдарды жағалап жүретін қалта қаққыш қулар енді бәрі үдере көшкен интернетті иектейтін болды. Солайша олар жүзбе-жүз көріп, бетпе-бет сөйлесіп көрмеген «клиенттеріне» өздері қолай көрген қызметін ұсынып, түрлі тауарларын сата беретін деңгейге жетті. Және олар жай адамдар емес, виртуалды әлемнің бүге-шігесіне дейін ақтарып біліп алған әккі баукеспелер. Яғни олар – цифрлы құрылғылардың бағдарламалау тілін жетік меңгергендер, IT мамандары, байланыс хакерлер сияқты «кәсіби» киберқылмыс өкілдері.
Олар көбіне «кардинг», «фишинг» тәсілдерін қолданып, тұтынушылардың ЖСН, төлем картасының немесе шоттың деректері, SMS-хабарлама коды және тіпті ЭЦҚ коды сияқты конфиденциалды деректерін ұрлаумен айналысады.
Кардинг – төлем карталары арқылы жүзеге асатын алаяқтық операциялар. Олар – банк картасын заңсыз иелену; интернетте сауда және төлемдер жасау мақсатымен карта деректерін ұрлау; жалған карта жасау мақсатымен деректерді көшіру. Оның ең басты мақсаты – қаражатқа қол жеткізу.
Фишинг – бұл пайдаланушылардың жеке деректерін, логиндер, құпия сөздер мен банкингке қол жеткізуді көздейтін интернет-алаяқтықтың түрі. Ірі банктер мен ұйымдардың балама сайтын жасау да кең тараған интернет-фишинг айласы. Алаяқтар пайдаланушыларды фишинг-сайттарына алдап тартады да, олардың электрондық мекенжайларына қол жеткізгеннен кейін, құнды сыйлық иесі болдыңыз деген хат жібереді. Сыйлықты иелену үшін банк картасы деректерін жіберу қажеттігін хабарлайды.
Осы тұста ІІМ Криминалдық полиция департаменті жариялаған ең жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың үш дерегіне тоқталсақ. Біріншісі, киберқылмыс өкілдері интернетте тауар мен оны жеткізіп беру туралы хабарландыру орналастырады. Яғни олар өз құрбандарын тауардың төмен бағасымен, қолжетімділігімен қызықтырады. Содан кейін тауардың жарты бағасын алдын ала төлеу керегін айтады. Ал төлем жасалғаннан кейін іске үшінші адам араласады. Ақшаны алған соң зардап шегушіге тауардың басқа елде екені, оны елге жеткізу керегін, мәселелер туындап жатқанын айтады. Кейін сол байланысқа шыққан адамдардың телефоны өшіп, тауар да жоқ болады.
Екіншісі – киберқылмыс ішінде ең жиі кездесетін онлайн кредит рәсімдеу дерегі. Онда алаяқ интернет-дүкен иесіне алдын ала төлем жасау керегін айтады. Тұтынушы оған жеке мәліметін, реквизитін, жеке сәйкестендіру, банк картасының нөмірін берген сәтте қылмыскер оны тиімді пайдаланып, дүкен иесі атынан кредит рәсімдеп үлгереді
Үшіншісі ол – жоғарыда айтып кеткен фишинг әдісі арқылы адамдардың жеке деректеріне ие болу. Алаяқтар қарапайым адамдарға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Содан соң клиенттің картасында күмәнді операция жүргізілгенін айтады. Одан әрі осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артындағы 3 таңбалы санды айту керектігін түсіндіреді. Қажетті мәліметі қолына тиген олар осы сәтте интернет-банкинг арқылы зардап шегушінің есепшотындағы ақшаны алып қояды.
Бас прокуратураның осы мамыр айында көрсеткен статистикасы бойынша, соңғы 5 жылда елімізде интернет-алаяқтық фактісі 10 есеге өскен. Нақтырақ айтқанда, 2017 жылы 2 мың шамасында тіркелген киберқылмыс дерегі 2021 жылы 21 мыңға дейін артқаны анықталған.
Әсіресе, азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай екен. Сонымен қатар қылмыскерлер онлайн қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады. Алаяқтар көбінесе құрбанына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды.
«Уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі күрделеніп барады. Алайда көп жағдайда алаяқтардың қасақана ойын іске асыруына азаматтардың өзі де кінәлі. Өйткені олар алаяқтардың жаңа әдістерін білмейді. Интернеттегі жарнамаға сеніп, оңай олжаға кенелемін деп, опық жеп қалады. Осындай қылмыстарды азайту үшін цифрлық технологияларды енгізуді, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіруді, ІТ бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеуді көздейтін арнайы Жол картасын әзірледік. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының да, оның аумақтық бөлімшелерінде штат саны көбейді. Онлайн несие алу тәртібін қатаңдату мақсатында биометрика және ЭЦҚ қолдану міндетті болды» делінген хабарламада.
Бас прокуратураның дерегінше, киберқылмысқа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың легі көп. Соның бірі – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңсыз онлайн несиелер бойынша ақпарат алмасу туралы жасалған меморандум. Сонымен бірге мемлекеттік орган өкілдері ел азаматтарын онлайн сауда-саттық, байланыс кезінде аса мұқият болуға үндеді.
«Қазірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтиже беруде. Өткен жылмен салыстырғанда интернеттегі алаяқтық фактілерінің саны 7-ден 4,5 мыңға дейін (34 пайызға) азайды. 808 (644) іс сотқа жолданды. Сондай-ақ өңірлерде осындай іспен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды.
Осы тұста тұтынушылар онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартуға шақырамыз. Банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіздер. Күмән туғызған сілтеме бойынша кіріп, ол жерге жеке мәліметтеріңізді енгізбеуді ұсынамыз», – дейді Бас прокуратура.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес өкілі Рүстем Дүйсетаевтың сөзінше, 2020 жылы елімізде 14 мың интернет-алаяқтық жасалса, өткен жылы оның саны 21 мыңға жеткен.
– «Биыл қаңтарда интернет арқылы 1177 алаяқтық әрекет істелген. Интернет-алаяқтық қылмысының кең таралған түрі – тауар сату. Яғни интернет арқылы тауар сатады, сатып алушы алдын ала ақшасын төлейді, бірақ тауар жоқ. Содан соң микрокредиттік мекемелерден онлайн несие алу. Цифрлық технология дамыған сайын алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілі пайда болып жатыр».
Оның айтуынша, алаяқтық көбінесе қарызға ақша беру арқылы жасалады. Нақты түрлерін атасақ, төменгі пайызбен несие беру, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікті сату тағы да сол сияқты деректер біз қозғап отырған мәселенің өршуіне себеп болып тұр.
Қазір жоғарыда аталған интернет-фишинг түрлерінен бөлек, әлеуметтік желілерде таралған алаяқтық фактілері де азаяр емес. Тіс қаққан киберқылмыскерлер желі қолданушыларын қақпанға түсірудің басқа бір әдіс-тәсілдеріне көшкен. Оны жасау үшін «кәсібиліктің» қажеті жоқ. Кез келген бот парақшалар мен фейк аккаунт иелерінен бастап, ақша табудың қитұрқы жолдарының көзін тапқан қарапайым адамдар да оған мысал бола алады. Оның ішінде жиі кездесетіндері – қайырымдылық қорлары, науқас жандардың атын жамылып, «қайыр» тілейтіндер, тұрғын үй немесе көлік алып беруге көмектесемін деп алдап соғатын делдалдар. Соңғы уақытта олардың қатарына әлеуметтік парақшаларында белгілі, белгісіз компания, тауарларды жарнамалап, өз аудиториясындағы жазылушылардың сан соғып қалуына себепкер болып жүрген өнер жұлдыздары мен блогерлер де қосылып жатыр. Соңында жарнама жасатқаны мен жасағаны да ақталып, қашып құтылып, солардың сөзіне сеніп, қалтасы қағылған қарапайым адамдар ғана зардап шегеді. Осылайша басқаша өң алып шыға келген алаяқтықтың аяғына тұсау салу мен оларды жедел түрде заңды тұрғыдан жауапкершілікке тартуда әлі де болса босаңдық бар. Мысалы, жақында ғана қаржылық пирамида мен «сиқырлы» қызыл жіпті жарнамалаған танымал блогерлердің үстінен іс қозғалған кезде басты назар соларға ауып, негізгі алаяқтардың жазалануы мен одан зардап шеккен жәбірленушілердің құқығының қорғалуы кейінгі сатыға түсіп қалды. Дегенмен оның да нақты алаяқтық фактісі ретінде тіркеліп, ақпараттық, заңдық сүзгіден өтетін кезі келген тәрізді.
Мәулен СПАНҚҰЛОВ, заңгер: – Интернет алаяқтарының жолын кесу оңай емес. Өйткені олардың көбісі шет мемлекеттерде жүріп те, Қазақстанның ішіндегі карточкаларды қолдана отырып, жұмыс істейді. Олар адамдардың жанды жерінен басып, «Үй алып беремін», «Кредит алып беремін», «Кредитіңді жауып беремін», «Банктегі қара тізімнен шығуға көмектесемін» деген сөздермен арбаумен айналысады. Оның бәрі – жалған. Негізінде біздің елімізде заңды түрде бұндай «делдалдық» қызметтер көрсетілмейді. Ешкім кредит алып немесе қара тізімнен шығуға көмектесе алмайды. Оны жасайтын тек банк қызметкерлері немесе микроқаржылық ұйымдар. Жалпы, оңай жолмен пайда көру, ақша табуды көздейтін жолдың бәрі түбінде сан соқтырады. Ал әлеуметтік желілерді пайданала отырып, танымал жұлдыз, блогерлер қандай да бір компания, тауарларды жарнамалайтын болса, ол – өздерінің құқықтары. Біріншіден, оларға ешқандай жарнама жасама деп айтуға қақымыз жоқ. Екіншіден, әр адам белгілі бір тауарды сатып алмастан бұрын оны арнайы зерттеп, талдап, таразылап алғаны дұрыс. Компанияларға да ақша салатын кезде оларды да тексеріп алу керек. Мысалы, олардың БИН нөмірлері, аттары арқылы олардың шоттарында аресттер бар ма, жоқ па деген сияқты көп мәліметті анықтап алуға болады. Ол компания қанша жылдан бері және қандай салық төлеп келе жатыр, сол төленген салық мөлшеріне байланысты олардың қаржылық айналымы қанша, соның бәрін біле аласыз. Егер ол компания 1-2 жыл ғана жұмыс істеген болса және күмән тудыратын деректер болса, әрине оған жоламаған дұрыс.
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ