50595
Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп
Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп
Гарвард университеті антропология факультетінің докторантура бөлімінде оқитын Алекс Уорбертон өткен жылдың қараша айынан бері Қазақстанда зерттеу жүргізіп жүр. Елдегі тіл саясатына, соның ішінде Алматы секілді ірі қаладағы тұрғындардың сөйлеу стиліне басты назар аударып жүрген ол көшпенділер мұрасына да қызығушылық танытады. Жуырда Aul Inspired жобасы аясында Қазақстан ауылдарын аралап, бар білгенін балаларға үйретпек. Қазақша емін-еркін сөйлесе де, өзінің оған көңілі толмайтын Алекске хабарласып, әңгімелескен едік.
– Алдымен Қазақстанға зерттеу жүргізу үшін арнайы бір жылға келген сіздің қазақ тілін қайдан үйренгеніңізді білгім келеді.
– Негізі, өзім Сан-Диего қаласынанмын. Чикаго университетінде лингвистика факультетінде білім алған соң, Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасы бойынша Түркия астанасы Анкараның қасында орналасқан Қырықкале қаласындағы университетте сабақ бердім. Оған дейін университетте оқып жүргенде Түркия мен түрік тіліндегі диалекттер туралы жоба жасайтынмын. Түркияда жұмыс істеп жүріп, түрік тілін меңгердім. Бірақ тек Түркиямен шектелмей, Орта Азия аймақтарында, соның ішінде түркітілдес тілдердің бірінде сөйлейтін ортада тұруды көздедім. Неге десеңіз, уақыт өте келе адам туған соң немесе қайтыс болған соң қырық күннен кейін жасалатын салт-дәстүрлер және тағы басқа ырымдар туралы біле келе, түркі әлеміне қызықтым. Түркітілдес ұлттардың тілдерін үйренгім келді. Сосын әлем картасынан Орта Азия елдерінің орналасқан жерін қарап әрі тіл бағдарламаларының артықшылықтарын ескеріп Қазақстанға баруды ұйғардым. Оның үстіне, Қазақстан – аумағы жағынан үлкен ел. Мүмкіндік те көп. Түрік тілін білетіндіктен әрі екі тілдің құрылымы бірдей болғандықтан қазақ тілін игеру оңай әрі жылдам шығар деп ойладым. Бірақ барлығы мен ойлағандай емес екен (күліп). 2015 жылы Гарвард университеті антропология факультетінің докторантура бөліміне оқуға түстім. Антропологияның түрлі тармақтары бар екені белгілі, мен соның ішінде лингвистикалық антропологияға қызығамын. Онда тілдердің мәдени ортада қолданылуы, адамдардың өзара араласуы, өзге тілде сөйлеу стилі зерттеледі. Қазіргі менің академиялық қызығушылығым – осы. Тілде мәдениет элементтері бар. Мейлі ол өте байырғы тіл болсын, тіпті қолданыста болмасын, көп нәрседен хабар береді. Мысалы, қазақ тілін үйрену арқылы көшпенді дәстүрмен таныстым. Мені қызықтырған жайт, қай үйге барсам да, ондағылар мені төрге шығарып, ерекше құрмет көрсетеді. Табалдырыққа қарсы бетті төр санайтыны, қонақты ерекше сыйлап, оған төрден орын беретініне тәнті болдым. Одан бөлек, осындағы заманауи мәдениетке, жастардың әңгімесіне қызықтым. Бәлкім, олар мектепте оқымаған қызықты тарихи деректер білетін шығар. Сондай-ақ, олардың ру, жүз туралы не білетінінен хабардар болғым келеді. Екі жыл бұрын Fulbright-тың АҚШ аумағынан тыс зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін грантын жеңіп алдым. Содан соң 2020 жылдың ақпан айында Қазақстанға зерттеу жүргізу мақсатында келгенмін, бірақ әлемді жайлаған пандемия салдарынан наурыз айында Америкаға қайтып кеттім. Жалпы, мен бұған дейін Қазақстанға бес рет келдім. Алғаш рет 2016 жылдың жазында АҚШ Консулдығының арнайы бағдарламасы бойынша Алматыға келіп, КИМЕП-те ашылған курста екі ай қазақ тілін үйрендім. Келесі жылы жазда Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университетінде ашылған курста тағы екі ай қазақ тілі сабақтарына қатыстым. 2018 жылы жазда тағы осында келіп, арнайы курсқа қатыспасам да, жеке сабақ алып қайттым. Одан кейінгі жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылған жазғы екі айлық курсқа тағы қатыстым. Бірақ тілді толық меңгеру маған қиынға соқты, себебі екі ай курс оқыған кезде қазақшамды жетілдіріп аламын, кейіннен он ай Америкада жүргенде барлық ереже ұмыт қалады да, келесі екі айлық курсқа келген кезде барлығын басынан бастауға тура келеді. Бірақ Қазақстанда бір жыл уақыт боламын, осы жыл ішінде қазақ тілін меңгеру деңгейімді жақсартып аламын деп сенемін.
– Бірақ сіз қазірдің өзінде емін-еркін сөйлеп тұрсыз. Қазақ тілінде сауатты жазасыз. Қазақшаңызға неге көңіліңіз толмайды?
– Жоқ, әлі үйренетінім көп. Маған қазақ тілінде жазу оңай, себебі мәтінде не жазылғанын ойлануға уақыт бар. Оған қоса, қазақ тілінде сөйлем құрауға қатты қызығамын. Қазақ тілінің синтаксисі орыс, ағылшын, басқа еуропалық тілдердікінен өзгеше. Тіпті, кей тұста оларға қайшы келетін ережелері де бар. Осының барлығын зерттегім келеді, түркі тілдес ұлттардың сөйлем құрастыру құрылымын меңгерсем деймін. Биолингвист болудың екі тілге әсері қандай болатынын зерттеу – менің лингвистикалық қызығушылығымның бір түрі. Бірақ қазақ тілінде еркін сөйлеуге аздап қиналамын. Сосын қазақ тіліндегі әңгімені тыңдау өте қиын. Байқағаным, қазақтар қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдіктерге қалай сөйлеу керек екенін білмейді. Өте жылдам сөйлейді. Сондықтан олардың не айтып жатқанын кейде түсінбей қаламын. Мысалы, мен ағылшын тілін жетік білмейтіндерге жай сөйлеуге, дыбысты нақты шығаруға тырысып, күрделі, слэнг сөйлемдерді қолданбауға тырысамын. Бірақ қазақтар дәл осылай жасайды деп айта алмаймын. Бұған жүз пайыз көзім жетті (күліп).
– Былтыр Алматыға келген қараша айында хабарласқанымда «Қазақстанға енді келдім. Бейімделу үшін бірнеше ай керек. Мамыр айында хабарласыңыз» деп едіңіз. Бірақ «барлығы мен ойлағандай оңай емес екен» дегеніңізге қарағанда біраз қиындықтар бар секілді, солай ма?
– Өкінішке қарай, бейімделу процесі мен ойлағаннан да қиын өтіп жатыр. Зерттеуіме көмектесетін қазақ тілін меңгерудегі прогресіме көңілім толмайды. Оған қоса, қазір орыс тілін үйреніп жүрмін. Аптасына үш рет қазақ және орыс тілінен сабаққа қатысамын. Екі тілді қатар үйрену қиын екен. Бірақ мен деңгейімді көтеру үшін көп жерге, «Батыл бол» секілді спикинг клубтарға барамын. Байқағаным, қазір қалада қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге құлшынысы мол. Олар неліктен осы қаладағы курсты таңдағанын, бұдан қандай пайда тиетінін зерттеп жүрмін. Сосын Алматыда және қала орталықтарында тұратын тұрғындардың қазақ тілінде сөйлеуіне көңіл бөліп, орыс тілінен қазақшаға ауысуы және екі тілдің элементтері бар түрлі нұсқаларды қалай құрайтыны басты назарымда. Лингвистикада екі тілдің өзара байланысуын code-switching деп атайды. Сол себепті қазір қала тұрғындарының қазақша сөйлеуіне көп мән беремін. Себебі «Қазақ тілін үйреніп жүрмін» десем, көпшілік «Олай болса, Алматыға емес, Шымкент, Ақтауға баруың керек» дейді. Алматыны орыстілді қала деп айтатынын да байқадым. Бұл – бір жағынан дұрыс пайым, бірақ екінші жағынан мұнымен келіспеуге де болады. Алматының басқа бір бұрышына барсаң, тұрғындардың қазақ тілінде көп сөйлейтінін байқайсың. Десе де кейбірі орысша білмей, тек қазақша сөйлегенді құп көрсе, енді бірі керісінше тек орысша әңгімелескенді қолайлы санайды. Содан соң олар қазақтілділер және орыстілділер деп екіге бөлінеді екен. Осыған байланысты бір қызық жайтты айтып берейін. Бір досым Оралға қарындасының тойына шақырды. Онда да айналамдағылар аталған қаланың Ресеймен шекаралас орналасқанын, ондағы қазақтар тек орысша сөйлейтінін айтқан еді. Бірақ онда барғанда досымның туыстары, жалпы айналасы тек қазақша сөйлейтінін байқадым. Елдің ана аймағында қазақша сөйлейтіндер, ал мына аймағында орыстілділер тұрады деп бөлу дұрыс емес секілді. Ел айтып жүрген сол аймақтарға барып, барлығын көзіңмен көріп, құлағыңмен тыңдап, зерттесең барлығы басқаша екенін түсінесің. Оралға барған кезде досым қонақтарға мен орысша түсінсем де, түсінбейтінімді айтып, барлығының менімен қазақша сөйлескенін қалады. Әлгі досымның Ресейде тұратын ағасы менің шетелдік екенімді білген соң, орысша сөйлескісі келді. Орыс тілін емес, қазақ тілін түсінетінімді білген соң, ол «Кешірерсің, бірақ мен Ресейде тұратындықтан қазақша сөйлей алмаймын» деді. Бірақ сәлден кейін ол кісінің сол әулеттің үлкені саналатын атамен орындықта екі сағаттай қазақша әңгімелескенін байқадым. Бірде-бір қазақша сөйлей алмаймын деген кісінің қазақ тілінде әңгімелесіп отырғанына таңғалдым. Маған мұндай жайттар қызық, әсіресе олар қолданатын тіл стилі, өзге тілден екіншіге ауысқандағы сөйлеу мәнері қызықтырады.
– Ол кісі ана тілін білсе де, акцентпен сөйлейтінін ескеріп, сізден ұялған болар. Орыстілді ортада өскендердің көбі «қазақ тілінде акцентпен сөйлеуге ұяламын, мазақ қылады» дегенді алға тартады.
– Мен де осыны байқадым. «Акцентпен сөйлесем, көпшілік сынайды» деп тартыншақтайды екен. Жоғарыда айтып өткен спикинг клубқа баруым да осы себептен. «Батыл бол» деп аты айтып тұрғандай, тілді үйренуде батыл болу керек. Ештеңеден ұялмаған абзал. Мұндай жайттар адамның қазақ тілін үйренемін, ол тілде емін-еркін сөйлеймін деп құлшынып тұрған адамның мысын басып тастайды. Өткенде Павлодарда туып-өскен қазақ досым Алматыда жол бойы такси жүргізушісімен қазақша сөйлескенін айтып, қуанып қалғанын айтады. Бірақ сөз арасында қазақша бір сөзді есіне түсіре алмай, орысша сөйлеп қалса, әлгі такси жүргізушісі «Неге орысша сөйлеп тұрсың? Қазақсың ба? Қазақша сөйле» деп дүрсе қойыпты. Досым сапар кезінде қазақша сөйлесуге тырысты. Бір ғана қатесіне болса дереу оны сынға алу дұрыс па? Достарымның айтқан әңгімесінен, осында қазақ бола тұра қазақ тілін білмеуді ұят санайтындар көп екенін байқадым. Орысша қате сөйлегендерді сынға алғандарды да көрдім. Өзге ұлт өкілдерінің қазақшаға судай екенін бетіне басып, «Ал сен неге білмейсің?» дейтіндер де баршылық. Тағы да қайталап айтамын, мұның барлығы тілді үйренуге кері әсерін тигізеді. Барлығына түсіністік таныту қажет. «Сен үйренуің қажет» деп бұйырмаған абзал. Оларға ауыр сөздер айтып, жазалап, қысым түсірудің қажеті жоқ. «Қарашы, шетелдіктер сенің ана тіліңе қызығып, оқып жүр. Бәлкім, сен де бұл істі қолға аларсың» дегендей жылылық танытқан жөн. Қазір не көп, қазақтілді контент көп. Қазақ тілін түсінуге қызықтыра түсетін туындылар көп. Мысалы, Молданазар, Орынхан, Желтоқсан, Әли секілді өнерпаздардың шығармаларын тыңдаған соң, «Маған мына ән ұнап қалды. Мағынасын түсінгім келеді» дейтіндер жетерлік. Менің плейлистімде қазақтілді орындаушылардың заманауи стильде айтатын әндері көп. Оған қоса, олардың концертіне жиі барамын. Жуырда Молданазардың ән кешіне бардым. Сонда Әли атты әншінің шығармашылығымен танысып, оның жанкүйері болып қайттым. Қазақстанға алғаш рет келгенде осындай стильде ән айтатын тек Молданазар ғана секілді еді, қазір олардың қатары көбейгенін байқадым. Әрине, мұның бәрі қуандырмай қоймайды. Мұндай қазақтілді контенттің көп болуы бізге бейтаныс сол тілді үйренуге, түсінуге итермелейді. Сондықтан тілді жетік білмейтін адамды ұялтқаннан гөрі, қателік жасау арқылы оны үйренуге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Бірақ бұл – менің жеке ойым. Қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз екенін зерттеп жүрмін. Антропологияда қатысушы ретінде бақылау (participant observation) әдісі бойынша барлығын жіті қадағалап жүрмін. Қазір мен деректер жинау кезеңіндемін. Адамдардың түрлі әңгімесін естимін, спикинг клубтарға жиі барамын, қазақтілді контент әзірлейтін медиа продюсерлермен сөйлесемін. Мысалы, Steppe & World Publishing баспасының иегері Раиса Сайранмен байланыс орнаттым. Олардың калькасыз, таза қазақтілді контент әзірлеп жүргеніне қатты қызықтым. Одан, бөлек, ел ішін аралаймын. Өткенде Шымкентке барып қайттым. Күндіз өте ыстық болғанымен, кешке қала тамаша кейіпке енеді екен. Ол жақта ғана пісіретін кесе самсаны ұнатып қайттым (күліп). Содан соң Текеліге барып, оның қарасаң көз тоймайтын табиғатына тамсандым. Сосын қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімім Кеген жақтағы жайлауға апарып қайтты. Оған дейін жайлау туралы көп еститінмін, бірақ ондай керемет жерді мың рет естігенше, бір рет көріп қайтқан дұрыс екен. Байқап қарасаңыз, мен барған жерлердің түгелінде қазақ тілін үйренудің элементтері бар. Мұның маған көмегі көп тиді. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысына саяхат жасамақпын.
– Гарвард университетіне 2015 жылы оқуға түскеніңізді айттыңыз. Сіздерде докторантура бөліміндегі оқу Еуропадағыдай үш жыл емес пе? Қазір Қазақстанда зерттеу жүргізіп жүрген тілдік саясат туралы диссертация жазуға қанша уақыт беріледі?
– Әдетте біз жақта докторантура бөліміндегі оқу бес жылға жалғасады. Бірақ оқу мерзімі мамандыққа байланысты әртүрлі. Мысалы, біз – антропологтар алты, кейде тіпті жеті жыл оқимыз. Дала зерттеуін (field research) жүргізуді талап ететін мамандық болған соң оқу ұзаққа жалғасады. Оған қоса, докторантурада оқу арқылы магистр дәрежесін алып шығасың. Мысалы, менде магистрлік диплом жоқ. Бірақ осы оқуды бітіргенде әрі магистр әрі докторлық дәреже қоса берілетін болады. Алдағы қазан айында АҚШ-қа оралған соң жиған деректерімді сараптап, бір-бірімен байланыстыра отыра сипаттап, диссертация жазуға кірісемін. Бірақ кейін аз уақытқа Қазақстанға қайта оралып, сұхбат жүргізуім мүмкін. Өзіңіз білетіндей, диссертация жазу үлкен кітап жазғанмен тең. Көп уақыт алады. Бірақ қазір маған қиынға соғып жатыр, себебі мен таңдаған тақырыпта түрлі элемент пен идея бар. Олардың барлығын бір арнаға қалай топтастыратынымды білмеймін.
– Зерттеу жұмысы сіз ойлағаннан да баяу жүріп жатыр ма?
– Иә, мен жоспарлағандай емес, жұмыс барысы баяу жүріп жатыр. Қараша айында келгенде екі ай ішінде қазақ тілін дамытып аламын, орыс тіліне ден қоямын деп жоспарлаған едім. Оған қазақстандықтарды дүрліктірген қаңтар оқиғасы кедергі болды. Сосын ақпан айында ковид жұқтырып, ауырып қалдым. Десе де қолымнан келгеннің барлығын істеп жатырмын. Барлығы жақсы болады деп сенемін.
– Ал Қазақстанда ауылда тұратын балалардың білімін жетілдіруге бағытталған Aul Inspired жобасына қалай қосылдыңыз?
– 2020 жылы Қазақстанда болған аз уақыт ішінде балаларға арналған OYLA ғылыми журналында еңбек ететін жұмыс тобымен байланыс орнатқанмын. Сол кезде Aul Inspired жобасының жетекшісі, Гарвард университетінің түлегі Әлия Шайхинамен танысқанмын. Кейін ол маған хабарласып, жобаның мақсатын түсіндіріп, бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс айтты. АҚШ-та балаларды әлеуметтік-эмоционал қарым-қабілетін дамытуға көп көңіл бөледі. Онда бала эмоцияны тыю, тайм-менеджментке, табысты болу секілді мектепте үйрене алмайтын қарым-қабілетті үйрене алады. Қайыра айтқанда, ауыл балаларының қолы жете бермейтін біліммен нәрлендіріп, оларға не қажет екенін түсінуге тырысамыз. Осы мақсатта алдағы айда ауылдарды араламақпыз. Сол кезде де ауыл балаларымен қазақша сөйлесуге мүмкіндік болады.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ