50441
Референдум. Ата Заңымызға енгізілетін түзетулер туралы нені білу қажет?
Референдум. Ата Заңымызға енгізілетін түзетулер туралы нені білу қажет?
Референдумда 11 өңір халқы жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Вице-министр Ата Заңымызға енгізілетін түзетулер турасында айтып берді.
«Конституцияның 91-бабына сәйкес Конституцияға түзетулерді қабылдаудың 2 жолы бар: республикалық референдум арқылы немесе Парламент арқылы. Президент бірінші жолды – референдумды таңдады, өйткені дәл осы жол демократиялық институттардың дамуын көрсетеді», – деді Алма Қайратқызы.Айта кетейік, Президент 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарғы қабылдаған болатын. Референдумға елдің кәмелетке толған азаматтары қатыса алады. Қазір Орталық сайлау комиссиясы референдумға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімін жасақтауды бастады. «Референдумға 1 мәселе – Конституцияға түзетулер қабылдау мәселесі шығарылады. Егер 11 қаладағы халықтың көпшілігі «жақтап» дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады. Неліктен мен 11 қала туралы айтып отырмын, түсіндіремін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заң бойынша референдумға шығарылатын мәселе, егер ол үшін өңірлердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
«Қазір Қазақстанда 17 өңір бар (жаңа 3 облысты құру туралы Жарлық – олар Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ағымдағы жылдың 8 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі), осылайша 17 өңірдің үштен екісі 11 өңірді құрайды. Осыған байланысты Конституцияға түзетулерді қабылдау толығымен халықтың еркіне байланысты болады», – деді вице-министр.Алма Мұқанованың айтуынша, түзетулерді 12 блокқа бөлуге болады. Біріншісі - Президенттің лауазымына байланысты шектеулер.
«Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу болып табылады. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына шектеу қою. Бұдан әрі Президенттің өңірлер әкімдерінің актілерінің күшін жою және тоқтата тұру, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін босату құқығы алынып тасталады», – деді вице-министр.Сонымен қатар, Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау көзделген. Мәселен, 1) Бірінші Президентке 2 реттен артық сайлану мүмкіндігімен; 2) оның қызметін жекелеген Конституциялық заңмен реттеумен; 3) Тұңғыш Президент іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің және және оның мәртебесінің өзгермеуімен байланысты 3 норма алып тасталады.
«Ата Заңға енгізілетін түзетулер қатарында жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау қарастырылған. Алма Мұқанованың айтуынша, тағы бір маңызды түзету - кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер. «Мәселен, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық Палатаның Төрағасы мен мүшелері үшін саяси партияда, кәсіподақтарда болуға және қандай да бір партияны қолдауға тыйым салу ұсынылады», – деді вице-министр.Оған қоса, Ата Заңға енгізілетін түзетулерде өлім жазасын жою да көзделген. Айта кетейік, елімізде 2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий енгізілген. Бұдан басқа, Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру, құқық қорғау институтарын күшейту көзделген. Вице-министр Алма Мұқанованың айтуынша, аса маңызды бірқатар түзетулерді түсіндіруге – олардың қоғам үшін маңыздылығына дәлірек тоқталуға болады. Біріншіден, Конституциялық Соттың құрылуы. Екіншіден, Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту. Үшіншіден, заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту. Төртіншіден, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша соттардың шешімдері бойынша мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі. Бұдан басқа, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту де қарастырылып отыр.