50773
Моңғолиялық Forbes-тің үздік отыздығына енген қазақ: FORBES-тің рейтингіне ену – жақсы-ақ, бірақ...
Моңғолиялық Forbes-тің үздік отыздығына енген қазақ: FORBES-тің рейтингіне ену – жақсы-ақ, бірақ...
Қазақстандық БАҚ екі апта бұрын Моңғолияда тұратын қос қандасымыз Базар Әшімұлы мен Аягүл Тілейханқызы моңғолиялық Forbes-тің «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енгенін жарыса жазған еді. «30 жасқа дейінгі ең перспективалы 30 азаматтың» тізіміне енген екеудің бұл жетістігін елдегілер қуана қабылдап, әлеуметтік желілерде қолдау білдірді. «Хэруга партнерс» компаниясының негізін қалаған адвокат Базар Әшімұлы атажұрттағы қалың бұқараның белсенді түрде қолдау білдіргенін бірінші рет естіп тұрғанын айтады. Бес жыл ішінде біраз шаруа атқарып, әсіресе парламент мүшесі басқаратын компанияға қарсы сотта жеңіске жетіп, көпшілік қалауымен жаяужол салынуына себепкер болған Базарға хабарласып, әңгімелескен едік.
– «Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау» деген сөз жауыр тіркес көрінгенімен, шындап келгенде бұл – өмірдегі ең шешуші қадамдардың бірі. Ал сіз мамандығыңызды таңдауда неге мән бердіңіз?
– Баян-Өлгей аймағында өсіп-өніп, 10 жылдық мектепті бітірген соң, Моңғолия ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Шынымды айтсам, әу баста «Қайтсем де заңгер боламын», «Бұл – беделді мамандық» дегендей зор қызығушылық болған жоқ. Қазақстанда түлектер болашақ мамандығын қалай таңдайтынын білмеймін, біз жақта мен мектеп бітірер кезде «Қай мамандықты таңдаған дұрыс?» деп зерттеу жүргізу жағы дұрыс дамымаған еді. Он үш жыл бұрын бұл туралы көп ақпарат та болмады. Тек конкурс уақыты таяған кезде заңгер мамандығын игерсең, жұмыс бірден табылатынын естіп-біліп, заң факультетінде оқуды құп көрдім. Әйтпесе, отбасымда заңгер ешкім жоқ. Әкем салық инспекторы болып жұмыс істеді, ал анам – үй шаруашылығындағы кісі. Ағаларым – түрлі мамандық иелері. Ал заңгерлікке деген сүйіспеншілік университетте оқып жүргенде пайда болды.
– Сонда бұл сала несімен қызықтырды?
– Қазір ойлап қарасам, оған мынадай үш фактор әсер еткен секілді. Әкем үкіметтік ұйымда істеп жүргенде өте әділетті қызметкер болуға тырысып-бақты. Жұмысты әділ істеуің керек, адамға зияныңды тигізбеуің керек екенін бала жастан санамызға сіңірді. «Заңгер болсам, кішкене күнімнен әкем айтып келе жатқан әділеттіліктің жолында жүремін» деген ой маған темірқазық болды. Екіншіден, заңгер, адвокат мамандардың басты мақсаты – әділетсіздіктен жаны қиналып, жанталасып жүрген адамдарға көмектесу, сол тығырықтан алып шығу, сосын сол адамдардың алғысын естіп, қошаметіне бөлену. Сол жағынан да бұл мамандық қатты қызықтырды. Сосын заңгер болу арқылы көп табыс тауып, жоғары айлық алуға болатыны тағы бар. Бірақ шынымды айтсам, мамандығымды 100 пайыз не үшін жақсы көретінімді білмеймін. Десе де «Нені жетік білемін?» дегенде, мамандығымның қыр-сырын толық меңгергендіктен, осы саланың білгірі екенімді нық сеніммен айта аламын.
– Өзіңіз негізін қалаған «Хэруга партнерс» компаниясы қашан ашылды? Жеке өзіңіз аштыңыз ба әлде серіктестеріңіз бар ма?
– 2014 жылы университет бітірген соң сақтандыру компаниясында заңгер кеңесшісі болып екі жыл жұмыс істедім. Осы жақтың заңы бойынша екі жыл мамандық бойынша жұмыс істеген соң, көп мүмкіндікке жол ашатын емтихан тапсыруға болады. Ол сыннан мүдірмей өтсең, заңгер, сосын адвокат бола аласың. Емтиханды сәтті тапсырған соң, заңгер болу құқын иелендім. Сосын 2017 жылдың басынан бастап адвокат қызметін атқара бастадым. Ойлана келе, университетте бірге оқыған екі досыммен бірге «Хэруга партнерс» компаниясын құрдық. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге, компания өкілдеріне заң жағынан ақыл-кеңес беру, адвокат қызметін ұсыну. Моңғолиядағы ішкі компаниялар, Моңғолияға инвестиция салған шетелдік компанияларға қызмет көрсетеміз. Бір сөзбен айтқанда, біздің басты жұмыс бизнеске бағытталған. Қылмыстық іс, отбасылық мәселелерді шешуге көп келісе бермейміз, бірақ бізбен үнемі жұмыс істейтін тұрақты клиенттер «Бұл істі қолға алыңдаршы, сендерге ғана сенеміз» деп сенім артқан соң, бизнестен өзге мәселелерін де қарастыруға тура келеді. Ондай жағдай туындаса, мұндай істен хабары бар біраз қызметкерді жұмысқа тартамыз. Басында бұл компанияны моңғол азаматтарымен бірге ашқан едік. Кейін қатарымызға Баян-Өлгейде өсіп-өнген, болашағын заңгерлікпен байланыстырған біраз қазақ қосылды.
[caption id="attachment_181259" align="alignnone" width="1920"] «Хэруга партнерс» компаниясын құрған алғашқы үшеу[/caption]
– «Хэруга партнерс» ашылғанына аз уақыт болса да, клиенттер жиі жүгінетін компания деп естідім.
– Моңғолиядағы топ үштікке кіретін компаниялар қатарына кіретіндей деңгейге жете қоймадық. Клиент тарту үшін өзімізді жиі жарнамаламаймыз, маркетинг жұмысын да жүргізбейміз. Ашылғанымызға бес жыл ғана болса да, көмегімізге жиі жүгінетін тұрақты клиенттеріміз жетерлік. Бір клиент екіншісін ертіп келсе, ол үшіншісін жібереді. Біздің жұмысымызға деген сұраныс осылайша артады. Сұранысқа байланысты компаниядағы қызметкерлер саны да көбейіп келеді. Бүгінде заңгер, заңгердің кеңесшілерін қосқанда кеңседе жалпы саны 10 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта қызметкерлер санын арттыруды көздеп отырмыз. Басты мақсат – кәсіпкерлерге, компанияларға кәсіп жүргізуде заң жағынан ақыл-кеңес беретін Моңғолиядағы ең үлкен, ең мықты компания деңгейіне жету. Күш салып, жұмыс істесек оған да жетіп қалармыз деген сенімдеміз. Өткен жылы ондай мүмкіндік болмады. Әлемді жайлаған ковид салдарынан Моңғолия үкіметі көп шектеу қойды. Мұның бизнеске кері әсері тиді. Оның үстіне, шетелдік ақпарат агенттіктерінен оқыған болсаңыз, қазір Моңғолия экономикасының дамуы анау айтқандай керемет емес. Жыл басында Азиялық банк, әлем банктері Моңғолияның экономикалық өсімі 8-9 пайыз болады деп болжаған еді, ал қазір мамандар ол көрсеткіш ары кетсе 1-2 пайызға ғана өседі деп отыр. Сондықтан біз жақтағы өңір тынысында өрлеу бар деп айта алмаймын.
– Сізді танитын көпшілік «Жаяужолды иемденіп алған парламент мүшесімен екі жыл бойы соттасып, сол істі соңына жеткізу арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленді» дейді. Рас па?
– Адвокат болған соң, беделдісі бар, белсендісі бар, кез келген адамға қарсы шығасың. Клиенттерімнің ішінде Моңғолияның экс-президенті, парламент мүшелері де болды. Тіпті, тыңшылықпен айналысатын ұйымның басшысына да қарсы шықтық. Үкіметке де жиі қарсы шығамыз, бірақ мұның барлығы халықтың құлағына жетіп, назарына түсе бермейді. Өзіңіз білетіндей, мұның барлығы құпия түрде сақталуы қажет. Ал сіз айтып отырған мәселені сөз етер болсам, бізде 20 жыл бойы билеуші партия саналатын Моңғол халық партиясы жұмыс істейді. Сол партияның әрі парламент мүшесі саналатын азаматтың компаниясында жұмыс істейтіндер сауда орталығының қарсы алдында адамдар жүретін жолды көлік тұрағы етіп, иемденіп алған. Мұның заңсыз екенін дәлелдеуге ешкім қозғалмай отырғандықтан, бұл істі қолға алып, оларды сотқа бердік. Екі жылдай жүгіріп, ақырында сот үкімі біздің пайдамызға шешілді. Қазір сол маңда жаяужол салынып жатыр. Мұны көрген жергілікті халық «біздің қауіпсіздігіміз үшін жақсы болды» деп қуанып жүр. «Осыдан кейін парламент мүшесі болсын, жоғары шенді азамат болсын, кез келген азамат бұлай істемеуі керек. Халықтың қалауы осы» деп те айтып жүр. Әуелде айтып өткенімдей, біз атқарған көп шаруа құпиялылық туралы келісімге бола көлеңкеде қалып қояды. Ал көпшілік жаяужолға қатысты мәселе қалай шешілетінін күтіп жүргендіктен, істің барысын, соттың шешімін Facebook пен Twitter-ге үнемі жариялап жүрдім. Бәрінің көз алдында, ашық түрде жүргізілгендіктен, ел аузында жүретіні де сондықтан. Біз, заңгерлер өзіне тапсырылған жұмыстан тыс халыққа пайдасы тиер істі шешуге барын саламыз. Сол себептен қоғамды толғандырған мәселе, қашан болмасын, назарымыздан тыс қалмайды.
[caption id="attachment_181258" align="alignnone" width="1920"] «Хэруга партнерс» компаниясының қазіргі ұжымы[/caption]
– Моңғолиялық Forbes журналы жариялаған «30 жасқа дейінгі ең перспективалы 30 моңғолиялық» рейтингіне енуіңізге де қоғамдық жұмысыңыз себеп болды деп ойлайсыз ба? Сізді онда әрі адвокат әрі кәсіпкер деп көрсеткен.
– Бәлкім. Негізі, Forbes рейтингіне енуді еш мақсат тұтпадым. Күні бүгінге дейін оған онша назар аудармай келдім. Журналда жұмыс істейтін мамандар хабарласып «Түйіндемеңізді жібере аласыз ба? Сізді үздік отыздыққа кіргізгелі отырмыз, бірақ алдымен жұмысыңызды зерттеп көреміз», – деді. Түйіндемемді жіберген соң, сурет сұрады. Сол кезде «Отыздыққа кімдер енетіні енді белгілі болатын шығар» деп ойлап жүрсем, сарапшылар күні бұрын шешіп қойыпты. Әлемдік журнал болғандықтан, жұмыс бұрыннан қалыптасқан стандарт бойынша жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта рейтингке енгеннің әрбірімен үлкен сұхбат жасап, жеке журналдарға жарияламақшы. Менен әлі сұхбат алған жоқ. Бәлкім, осы айдың соңына ұйымдастырылуы мүмкін. Ол рейтингтің жария болғанына да көп уақыт өткен жоқ. 30 адаммен біртіндеп сұхбаттасуды енді қолға алып жатыр-ау деймін. Ал бұл рейтингке қандай критерийлер бойынша іріктеп алғанын нақты білмеймін, бірақ болжауымша, әр салада жақсы жұмыс істеген, өз ісін тапқан 30 жастағы 30 азаматты таңдап алған секілді. Маған келсек, бұл рейтингке енуіме ел аузында айтылып жүрген жаяужолға байланысты істің шешілуі әсер еткен болуы керек. Сосын сөз басында айтқанымдай, заңгер құқын беретін емтихан тапсырғанда Моңғолия бойынша ең жоғары ұпай иеленген едім. Осындай ұсақ-түйек нәрсенің барлығы жиналып келіп, сол рейтингке енуіме себепкер болған шығар. Ал адвокат бола тұра, кәсіпкерлер категориясына неліктен енгізілгенімді түсіндірер болсам, біріншіден, біз кәсіпкерлерге заң жағынан ақыл-кеңес береміз, бизнеске қатысты заңдарды жиі қарастырамыз. Екіншіден, мен жеке адвокат емес, тұтастай бір фирманы дамыту ісін қолға алып жүрмін. Журнал сарапшылары мұны да ескерген болар. Бұл да – бизнестің бір түрі, адвокат қызметі бизнеске жатпайды деп айтуға болмайды.
– Моңғолия жастарының арасында үздік отыздыққа ену сізді ынталандырмай қоймайды десем, қателеспейтін шығармын.
– Солай деп те айтуға болады. Ол рейтингке ену – жақсы-ақ. Бірақ екінші жағынан «бұл мені ынталандырады» демес едім. «Адамды алға тартатын не?» деген сұраққа ойлансам, «Ой, сен – мықтысың! Сен – кереметсің» деп қолпаштау адамды алға дым жетелемейтінін түсінемін. Қошаметтеу – өткінші нәрсе. Мақтау, мадақтау «алыс» мақсатқа апаратын нәрсе емес деп ойлаймын. Адамда алға жетелейтін – ойлаған ой, көздеген мақсат, қойған жоспар. Бар болғаны осы. Шынымды айтсам, бұл жаңалықты алғаш естіген кезде «Уау!» дейтіндей «шок» күйде болмадым. Екіншіден, эмоцияға жоқ адаммын. Бұл туралы қазақтілді бір сайтта жазылғанын көргенмін, бірақ мен туралы көп сайт жазғанын енді біліп отырмын. Елдегі достарым, туыстарым да бұл туралы айтқан жоқ. Десе де көпшілік оған көп мән бермегенін қалаймын.
– Бірақ бұл бес жыл ішінде атқарған жұмысыңыздың нәтижесі ғой. Мойындағыңыз келмесе де, мұндай беделді рейтингке енген соң, ел аузында жүретініңіз анық.
– Әр адамның көзқарасы әртүрлі келеді. Менің көзқарасыммен алып қарайтын болсақ, Forbes рейтингіне ену – жақсы, бірақ соншалық керемет деп айта алмаймын. Мақсатым айқын, өз-өзімді бағалайтындықтан мұны бір «ғажап» жайт ретінде қабылдамадым. Жұмыс көп, уақыт тығыз болғандықтан, кейде күннің қалай өтіп кеткенін білмей қаламыз. Сол себепті бұған мән беріп, таңырқап отыруға уақыт табыла бермейді (күліп). Жалпы, Forbes-ке шықсын, шықпасын, біздің жұмысымыз онсыз да жақсы жүріп жатыр. Құдайға шүкір, діттеген мақсатымызға бірте-бірте қол жеткізуді көздеп отырмыз.
– Сол рейтингке енген екінші қандасымыз Аягүл Тілейханқызын танисыз ба?
– Аягүл туралы естігенім бар. CallPro компаниясының атқарушы директоры екенін білемін. Бірақ жақын танымайды екенмін.
– Ұлан-Батырда сіз секілді жеке кәсіпкерлікпен айланысатын қазақ көп пе?
– Жетерлік, бірақ бәрін тани бермеймін. Дегенмен халық санына шаққанда аз болуы мүмкін. Қазір Моңғолияда үш миллион үш жүз мыңға жуық халық тұрады. Оның ішінде қазақтардың саны – шамамен 120 000. Баян-Өлгейде тұратын қазақтардың онда кәсіп жүргізуі екіталай. Біразының Ұлан-Батырда дамып жатқан кәсібі бар. Дегенмен олардың көбі шетелге кетуге тырысады. Қазақтар түгіл, моңғол азаматтары да шетелге кетуді қалайды, кетіп те жатыр. Дейтұрғанмен араларында екі жақта да кәсіп жүргізіп жүргендер бар. Өзім жақсы араласатын Ғабит есімді азамат ІТ саласы бойынша әрі Моңғолияда, әрі Америкада ісін дөңгелетіп жүр. Айтпақшы, ол 5-6 жыл бұрын Forbes-тің осы рейтингіне енген болатын. Forbes-тің үздік отыздығы туралы алғаш сол кезде естіген болатынмын. Қателеспесем, Ғабит бұл рейтингке кірген тұңғыш қазақ болуы керек.
– Қазақстанға жиі келіп тұратын шығарсыз?
– Қазақстанға барып көргенім жоқ. Ол жақта көп туысым тұрады, бауырым да сонда оқиды. Бірақ ол жаққа барудың реті бір келмей қойды. Басында оқу, сосын жұмыс дедік. Сосын жеке компаниямызды аяғынан тік тұрғызу үшін дамыл таппай, жұмыс істедік. 2017 жылы шаңырақ көтердім. Әзірге бір қыз өсіріп отырмын. Содан соң пандемияға тап болдық. Қазақстанға жағдай жақсарып, шекара ашылған соң, отбасыммен барып қайтуды жоспарлап отырмын. Бірақ Қазақстанға барып қыдыру үшін бір апта уақыт аз секілді. Өйткені онда тұратын қалың туыстардың «Бүгін бізге кел», «Ертең бізде қонақ бол», «Сосын сені біз күтеміз» деп асты-үстіңе түсетіні сөзсіз. Біріне барып, екіншісіне үлгермей қалсаң, ренжіп қалады (күліп). Сондықтан атажұртқа ұзақ уақыт демалуға бару керек. Былайша, елдегі ахуалды үнемі бақылап отырамын. Ондағы достарыммен жиі әңгімелесемін, олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Моңғолияға Қазақстаннан келген азаматтар болса, хабарласып, танысып, көмегіміз қажет болса, аянып қалмаймыз. Елге қайтар кезде «Моңғолиядағы қазақтар «нашар» екен» деген әңгіме айтпасын деп, шама-шарқымыз келгенше көмектесуге тырысамыз. Бір өкініштісі, Қазақстан мен Моңғолия арасында сауда-саттық, бірлесе бизнес жүргізу туралы келісім жоқ. Моңғолия көбіне Қытай мемлекетімен сауда-саттық мәселелері бойынша келісімдер жүргізеді. Сондықтан біздегілерге Қытаймен бірігіп жұмыс істеу әлдеқайда оңай.
Қазақстанда қазақтар орысша көп сөйлейді, сөз арасына орыс тіліндегі сөздерді көп қосады. Бәлкім, оларға ойын осылай жеткізу оңай шығар. Сізбен сұхбаттасып отырғанда байқағаным, мен де олар секілді сөз арасында моңғолша сөздерді қосып жіберетін болыппын. Қазақша таза сөйлеуден қалып барады екенмін. Бізге қарағанда сіздер қазақ тілінде нақышына келтіре сөйлейсіздер ғой. Ал мен көп қазақтың арасында өмір сүріп жатқан жоқпын. Оның үстіне, жұмысым заңға тікелей байланысты болғандықтан, айналамдағы барлық процесс моңғол тілінде жүргізіледі. Қазақ тілінде үзбей сөйлеу қиын екен. Дегенмен мұны дер кезінде түзеп алармын деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ