216
Астаналық полицейлер театрда спектакль қойды
Астаналық полицейлер театрда спектакль қойды
Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында көрермен назарына«Әке жолы» спектаклі ұсынылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қойылымда рөлдердің барлығын елордалық полиция қызметкерлері ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Идея авторы - Астана қаласы ІІД бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров. Оның сөзінше, қойылым барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батырлық, ерлік қарекеттерін, сонымен қатар Отан алдындағы және халыққа берген антының адалдығын көрсеткен туынды.
«Әке жолы» спектаклінің басты кейіпкерінің прототипі ретінде ерлікпен қаза болған Ақмола облысы ІІБ Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, милиция кіші лейтенанты Жанайдар Жирентаев алынды. Спектакльде екеуі де ішкі істер органдарының қызметкерлері болып табылатын әкесі Әділ мен ұлы Қайсардың ерен ерлігі баяндалады. Жас жігіт Әділ Ауғанстанда кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің құрамында әскери қызметін өткеру кезінде оқ жарақатын алады. Демобилизацияланғаннан кейін ІІБ-ге қызметке тұрады. Жедел тергеу тобын шақыртулардың біріне бастап барған ол қылмыскерді ұстау кезінде арты өлімге алып келген жарақат алады. Әділдің ұлы Қайсар анасының қарсы болғанына қарамастан әкесінің жолын жалғастырмақшы болады.
Ішкі істер бөлімшелерінің бірінде қызмет атқара жүріп Қайсар өз өмірін қатерге тігіп, ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кеседі. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қайсар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Әділдің әкесінің рөлін полиция аға лейтенанты Жұмажан Өтегенов, ұлы Қайсардың рөлін полиция аға лейтенанты Жандар Болатбек ойнады.