51492
«Балалар жылы» балаларға не береді?
«Балалар жылы» балаларға не береді?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.
Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді. Ал енді осы берілген тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде елімізде қандай шаралар ұйымдастырылып, қандай шаруалар атқарылып жатыр екен, соған сараптама жасап көрген едік. Бала тәрбиесі мен білімі туралы сөз болғанда ойға Білім және ғылым министрлігі оралса, ал әңгіме оның жан-жақты жетілуі мен рухани дамуына ойысқанда Мәдениет және спорт министрлігі назарға ілінеді. Аталған министрліктердің «Балалар жылына» қатысты қандай жаңалығы мен балаларға арналған базарлығы бар екен?
«БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДАҒЫ» ЖАҢАЛЫҚТАР
Бұл жыл шынында да балалар үшін берекелі жыл болмақ. Өйткені әлемдік білім бәсекесінде топ жарған жеңімпаздарға үлкен сый-сияпат көрсетіледі. Президент жақында халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де осындай ақылы сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттарға ие болу мүмкіндігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынайтын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз.
Бұдан бөлек, биыл елімізде өткен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар биігінен көрінген балалар саны аз емес, мыңға жуықтайды. Жүлделі орындарды иеленген оқушының жалпы саны 920-ны құраса, оның ішінде 183 оқушы алтын, 274 күміс және 463 оқушы қола медаль иегері атанған.
«Балалар жылына» қатысты шаралардан өңірлер де шет қалып жатқан жоқ. Соңғы 4 айдың ішінде еліміздің әр аймағында 5 000-нан аса өңірлік іс-шара өткен. Сол шаралар кезінде басты назар аз қамтылған отбасы балалары, көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарай бағытталған.
Сонымен қатар биыл «Балдәурен» базасындағы балалар лагерінде ЖОО, колледж педагогикалық бөлімшелерінің мүшелері қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өтсе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында елордалық 28 мектептің кітапханасы жаңғыртылып, 29 мектепте коуоркинг аймақтары ашылды.
БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?
Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтың айтуынша, министрлікте балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағытталған ауқымды іс-жоспар қабылданыпты.
– Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады. Ол 50 тармақтың ішінде 65 іс-шара бар. Және одан бөлек баланың шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында бағытталған 21 іс-шара кіреді. Бірақ «Балалар жылы» осы аталған шаралармен ғана шектеліп қалмайды, республикалық жоспардан бөлек, тағы да 17 өңірлік және 280 аудандық, қалалық білім ұйымдарының жоспарлары қабылданды, – деген еді комитет төрағасы.
Сол аталған 7 бағытқа қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдік. Алғашқы бағыт – «Білімді бала». Оның мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шеңберінде сыныпта және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы шаралар жүзеге асады.
Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты баланың білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды. Бұл жоба кезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұлғаларға көмек көрсету бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеу, және жекелеген санаттағы балаларға материалдық көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізу секілді іс-шаралар жүзеге асады.
Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жобасы. Оның мақсаты – балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту шараларын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау. Оның шеңберінде ҚР неонаталды хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, балалар онкологиялық және гематологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеу, жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға скринингтік зерттеулер, 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту секілді іс-шаралар іске асады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту қолға алынбақ.
Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-шаралар қолға алынады. Атап айтсақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарының функцияларын кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың баламасын әзірлеу секілді іс-шараларды қамтиды.
Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жобасы балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Дәлірек айтқанда, қала, елді мекендердің инфрақұрылымын қауіпсіздік тұрғысынан дамыту, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарды жарақтандыру, «2025 жылға қарай 1000 мектеп» бағдарламасы аясында салынған жаңа мектептердің ашылу салтанатын өткізу, «Балаға мейірімді қала» ұлттық сыйлығын енгізу секілді іс-шаралар легін қамтиды.
Ал келесі «Бала қорғау» жобасы балалардың қауіпсіз даму жағдайларында құқығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жариялау мәселесі бойынша ұсынымдар әзірленеді.
Соңғы бөлімдегі BALA_TIME.KZ жобасында балалар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында балаларға арналған арнайы медиа өнімдерді шығару және тарату: телешоулар, сериалдар, деректі фильмдер, әлеуметтік желілердегі имидждік өнімдер, «Балапан» телеарнасында мультимедиялық және танымдық контентті көрсету жоспары бар.
Енді баланың рухани, мәдени дамуына тікелей әсер ететін Мәдениет және спорт министрлігіндегі жаңалықтар мен атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсақ...
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР САЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ЖЕТІСТІГІ
Министрлік дерегіне сүйенсек, мәдени сала бойынша балаларға арналған ауыз толтырып айтатын жаңалықтар аз емес екен. Мысалы, қазір 1 миллионнан астам баланы қамтитын 6 ірі жоба іске асырылып жатқан көрінеді.
Алдағы уақытта министрліктің бастамасымен 5 үлкен жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Олардың қатарында С.Прокофьевтің «Золушка» балалар балетінің премьерасы; Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығының фестивалі; 200 астам баланы қамтитын «Жас қаламгер» оқыту мектебі; Astana Piano Passion жас пианистердің республикалық конкурсы; «Мейірім» балалар шығармашылығының инклюзивті музейлік фестивалі бар.
Сонымен қатар балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту мақсатында, жыл басынан бері
22 000-ға жуық бала театрларға, 30 000-нан астам бала музейлерге, 730 000 бала киносеанстарға барса, олардың 4 000-ы ауылдық жерлерде болып қайтқан. Енді жыл соңына дейін де осы көрсеткішкерді арттырмақ ниеттері бар екен.
Осы тұста алда келе жатқан балаларды қорғау күніне орай министрлік қандай шаралар ұйымдастырып жатқанын да сұраған едік.
Бұл күнді мерекелеу аясында «Графика және кескіндеме» және «Шебер» – Balavision 3.0 музей үйірмелерінің көрмесі, «Екі ағайынды туралы ертегі», «Көліктер тартысы» ертегілерін көрсетіліп, «Балалар әлеміне саяхат» атты қайырымдылық концерті мен SatsComUnity балалар театры студиясының би флешмобы өтеді екен.
Статистикаға сүйенетін болсақ, еліміздегі спортпен шұғылданатын тұрғындардың неғұрлым белсенді үлесі жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына тиесілі екен. Мысалы, 3,4 млн оқушының 2 миллионы немесе 61,4 пайызы дене шынықтырумен және спортпен қамтылған.
Биыл ұлттық мектеп лигасының бағдарламасы бойынша волейбол, футбол, футзал, гандбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түріне мектеп жасындағы 2,7 миллионнан астам бала қамтылған.
Нұржан НҰРЛАНҰЛЫ,
Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы:
КІТАПХАНАМЫЗДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ШАРАЛАР САНЫ КӨП
– Ұлттық академиялық кітапханада «Мәңгілік ел құндылықтары», «Ардақ тұтар алыптары», «Менің сүйікті кітаптарым» атты кең көлемді иллюстративті көрме тұрақты түрде ұйымдастырылған еді. Көрмеге кітаптармен қатар түрлі форматтағы 100-ге тарта балаларға арналған құжат қойылған.
Балаларға ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында да кітапханамызда көптеген жұмыс атқарып жатырмыз. Олардың қатарында «Бабалар 100-томдық сериясы» циклды жобасы аясында айтыскер ақын, журналист, қоғам қайраткері Егеухан Мұхамәдиқызымен, жыршы, манасшы, ақын Баянғали Әлімжановпен, экономика ғылымдарының кандидаты, балаларға арналған кітаптардың авторы Қасым Байбековпен өткізген кездесу кештері, өнеге-тәрбиеге баулитын сабақтар бар.
Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының көпшілік кітапханаларында «Балалар жылы» аясында «Әжемнің ертегілері» жобасы бастау алды. Жоба жас ұрпақты ертегі арқылы оқу мәдениетіне тартуға бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды. Отбасында ертегі оқу, әңгімелеу дәстүрлерін жаңғырту және жалғастыру, сонымен бірге отбасындағы ата-әжелердің рөлін, ең алдымен, рухани құндылықтарды арттыруды көздейді.
Алдағы уақытта да «Балалар жылы» аясында осы шаралар жалғасын табады,
1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай 31 мамырда «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара өтеді.
Сондай-ақ балалардың жазғы демалысына қарай Балалар кітапханасы жанынан жазғы лагерь ұйымдастырылса, Астана күніне орай балалар арасында байқау-челлендж болады.
Элина
ПАУЛИ,
БҒМ Балалардың
құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
БІЗ ӘР ӨҢІРМЕН НАҚТЫ ЖҰМЫСТАР ІСТЕУМЕН АЙНАЛЫСАМЫЗ
– Пандемия кезіндегі уақыт бұқаралық іс-шаралардың қысқаруына байланысты балалардың бір-бірімен қарым-қатынасының жетіспеуіне әкелді. Сол себепті қазір оқушылар аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыс, конкурстарға қатысуға дайын. Олар дәл осындай іс-шараларға қатысу арқылы дамып, әлеуметтенеді. Осы орайда біздің комитет те бірқатар жоба жасап жатыр. Мысалы, барлық білім беру ұйымдарында барлық оқушылар мен олардың ата-аналарына тегін кеңес беріп, көмектесуге бағытталған BALA QORǴAÝ жобасының bala.gov.kz веб-сайты жұмыс істеп тұр. Енді осы жоба бойынша QR код тақтайшаларын барлық өңір мектептеріне орнату жоспарланып жатыр. Яғни ата-аналар мен олардың балалары мектепте болған кикілжіңдер, сыныптастар мен өзге оқушылармен қарым-қатынас, отбасылық, қаржылық мәселелер туындағанда немесе көшеде қандай да бір қиындықтарға тап болған жағдайда анонимді түрде осы веб-сайтқа жазып, біздің кеңесшілерімізден тегін ақыл-кеңес ала алады. Ол үшін QR кодты сканерлеу керек немесе сайттың өзіне кіріп аталған мәселелерге қатысты мәтін түріндегі кеңестермен 24/7 (тәулік бойы) танысуға болады. Одан да басқа мәселелер мазалап жатса, сайттағы онлайн сұрақ, өтініш қалдырса, біздің кеңесшілеріміз кері байланысқа шығып, оны шешу жолдарын табуға көмектеседі. Ал ол сұрақтардың құпиялығы сақталуына 100 пайыз кепілдік беріледі, өтініш берушінің аты-жөні де анонимді түрде қалады. Сайтқа күнде 1 000-нан астам адам кіреді. Осы QR код тақтайшалары қазір 7 000-нан аса мектепте орнатылған. Негізінде барлық өңірге жіберілген, оны орнатуды әр аймақтағы мектеп әкімшілігі қолға алуы тиіс. Біздің балаларды қорғау комитеті ұйымдастырып жатқан акцияның бірі – «Балаға лайық» (#Balagalaiyq) деп аталады. Ол оқушыларды білім ордаларында құнарлы тағаммен қатар жылы, таза, қауіпсіз орынмен қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, оқушылар немесе мұғалімдер өздерінің мектептерінде бұзылған санитарлық талаптар мен асханаларда болған олқылықтарды фотоға немесе видеоға түсіріп, осы біздегі арнайы WhatsApp нөмірге жібере алады. Сонан соң біз осындағы арнайы жұмыс тобымен ол арыз-шағымдарды қарап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мәселенің оң нәтиже беруіне атсалысамыз. Бұл акцияның басты мақсаты – мектеп әкімшілігі мен қызметкерлерін жазалауға емес, біздің балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, қолайлы жағдай жасау. Сәуір айында басталған бұл акцияның бірінші кезеңі ертеңгі осы оқу жылының соңында аяқталады. Осы арнайы WhatsApp нөмірімізге 1 000-нан аса арыз-шағым келіп түсті. 1 маусымға арналған «Балалардың игілігі үшін» республикалық акциясы өтеді. Осы акция бойынша болатын барлық тұжырымдамалар біздің министрлікте әзірленіп, өңірлерге жіберілді. Бірақ бұл акция бір күн ғана емес, бір ай көлемінде, яғни 16 мамырдан 16 маусымға дейін жалғасады. Осы акция аясында республикалық деңгейдегі жазғы демалыс, қайырымдылық іс-шараларымен қатар, әр өңір біздің тұжырымдаманы негізге ала отырып, өз жоспарларындағы жобаларды жүзеге асыра алады. Еліміздегі барлық аймақ осы айтулы жылға қатысты өткізіп жатқан шаралары туралы есеп тапсырып, жұмыстарының сілтемелерін жібереді. Мысалы 9 000-нан астам жұмыс сілтеме келіп түсті. Олардың көбі БАҚ беттерінде жарық көріп, әлеуметтік желілерде көрініс тауып жүр. «Балалар жылында» балалардың құқығын қорғау мәселелерін де баста назарда ұстауымыз керек. Ол бойынша бізде мемлекеттік органдардың мақұлдауымен бекітілген арнайы алгоритм бар және комитетте құрылған жұмыс тобы сол құқық бұзушылықтар бойынша талдау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда атап өткен QR код тақтайшаларын осы мәселелердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жоба деп айтсақ болады. Жазғы демалыс басталған кезде балаларға қатысты түрлі оқиғалар болып жатады. Веб-сайтта қалдырған өтініші бойынша кеңесшілер шеше алмайтын қиын жағдайлар болып қалсақ, бізге заң органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, атсалысуға тура келеді. Біздің комитет ішінде елордалық оқушыларға арналған 742528 сенім телефоны іске қосылған. Онда арнайы кеңес беретін сарапшылар отыр. Сондай-ақ BALA QORǴAÝ (https://t.me/bala_qorgau) атты чат-бот бар. Біз «Балалар жылына» қатысты шаралар кезінде челлендждер, айқайлаған акциялар ұйымдастырумен емес, әр өңірмен нақты жұмыстар істеумен айналыспақпыз.Елімізде 6,1 млн бала бар екен. Оның 3,4 миллионы мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сол бүлдіршіндердің құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Дегенмен басты назар олардың санына емес, сапасына аударылса деген ниет бар.
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ