51161
Қазақстанда алған біліміммен Нью-Йоркті маман ретінде мойындаттым – Арайлым Қалдарбек, архитектор
Қазақстанда алған біліміммен Нью-Йоркті маман ретінде мойындаттым – Арайлым Қалдарбек, архитектор
Арайлым Қалдарбек биіктігі бір-бірінен асып, көкке шаншылған ғимараттар иін тірескен Нью-Йорк қаласында жұмыс істейді. Ондағы еңселі ғимараттардың қатарын көбейтумен айналысатын компанияда жұмыс істейтін ол архитекторлар мен инженерлерге консультация береді. Олардың сызған сызбасын тексеріп, жоба әзірлеушілерге құрылысты бастауға қажет құжаттарын реттестіруге көмектеседі. Ол Нью-Йорктегі жауапты бұл жұмысқа тұруға Қазақстанда алған білімі, жиған тәжірибесі септігін тигізгенін айтады. Тәжірибесі молайған соң, елге келіп, жаңа құрылыстың басы-қасында жүргісі келетін ниетін айтқан архитектор Арайлымға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Неміс ақыны Гете «Архитектура – таспен жазылған құдіреттi музыка» деген екен. Таспен жазылған музыка «авторы» болуға кім түрткі болды?
– Архитектор мамандығын таңдауыма әкем себепші болды. Ол кісі көп жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істейді. Өзінің жеке компаниясы бар. Бала кезімнен әкемнің құрылыста атқарған жұмысын көріп өскендіктен, болашағымды осы саламен байланыстырған дұрыс деп санадым. Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде сыныптастарымның көбі секілді ІТ саласына қызығып, хакер боламын деп ойлайтынмын (күліп). Десе де ҰБТ-дан грантқа түсуге жеткілікті ұпай жинай алмадым, сосын ата-анам «Қайда тапсырғың келеді, өз еркің» деп қолдау көрсетті. Сөйтіп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылыс және көлік факультетіне оқуға түстім. Екінші жылы оқу үлгерімім жақсы болғандықтан, грантқа ауыстым.
– Ал бариста курсына не үшін бардыңыз? Қосымша жұмыс істеп, ата-анаңызға салмақ түсіргіңіз келмеді ме?
– Негізі, мен 13 жасымнан бастап жұмыс істедім. Әркез ата-анамнан керегіме жарататын қаражат сұрай бергім келмеді. Сөйтіп, алғашында даяшы болып жұмыс істедім. Шымкентте «Сәлем» әлеуметтік қалашығында ерікті болып жұмыс істегенім бар. Сол кезде досымның баристаның курсына барып жүргенін көріп, мен де онымен ере барып, көп нәрсе үйреніп алдым. Бастапқыда ата-анам баристаның сертификаты не үшін керек екенін түсінбей, үнемі сұраумен болды. Дегенмен Шымкентте мамандығым бойынша да жұмыс істедім. Бір құрылыс компаниясында қазір Нью-Йорктегідей іс қағаздарды жүргізу, консультация берумен айналыстым. Құрылыс жұмыстарын тексеруге атсалыстым. Одан бөлек, архитектураны басты бағыт етіп алған бір компания ұйымдастырған үш айлық тренингке қатыстым.
– Нью-Йорк қалталылар қаласы екенін білеміз. Неліктен дәл сол қаладағы оқуды таңдадыңыз?
–2017 жылы ағылшын тілін жетілдіру үшін Америкаға барып, жазғы мектепте оқып келдім. Кейін Мэриленд университеті архитектура факультетінің магистратура бөліміне оқуға түстім. Шетелдік студент болған соң, тіл курсынан өтуім қажет болды. Нью-Йорк қаласында мен оқыған мамандық бойынша мүмкіндік көп екенін түсініп, университеттің Балтимордағы кампусынан осындағысына ауысып, білімімді жетілдірдім. Бастапқыда мұнда тұру қиынға соқты. Лицейде ағылшын тілі пәнінен үлгерімім жақсы болса да, оны осында жазғы мектепке келіп жетілдірсем де, алғашында «шок» болып, екі ай бойы мүлде сөйлей алмай қалдым. Алдымен Нью-Йорктің орыстілді ауданында тұратындармен орысша сөйлесіп, содан соң ағылшынтілді ортаға кіре бастадым. Америкалықтармен бірге жұмыс істесем, ағылшыншамды дамытамын деп, кофеханаға жұмысқа тұрдым. Маған қатты көмектескен сол болды. Қарап тұрсам, барлығы адамның өзіне байланысты екен. Не ойласаңыз, сол орындалады. Негізі, ата-анам басында мені оқуға жібергісі келмеді. Үлкендерді білесіз ғой, «қызға қырық үйден тыю» деген ұстаныммен қыз баланы жасынан қатаң бақылауда ұстағанды құп көреді. Оның үстіне, алдында лицейде оқығанда кампуста тұрғаным бар. Сол үшін олар грантты ұтып алсам да, елде қалуымды қалады. Содан соң осы жақта грантқа түсуге көмектескен компаниядағылар анаммен хабарласып, барлығы жақсы болатынына сендірді. Қазір барлығы жақсы, дегенмен ата-анама болған жайттың, мені алаңдатқан мәселенің барлығын айта бермеймін. Тек маңызды жаңалықтарды бөлісемін. Олардың мен үшін уайымдағанын қаламаймын.
– Аспанмен таласып тұрған биік ғимараттар тұрғызылған Нью-Йоркте архитекторлар арасында қызу бәсеке жүретін шығар. Әрі бұл мамандық бойынша жұмысқа кіру де оңай емес секілді. Ал сізде қалай болды?
– Әлбетте, біздің мамандық бойынша жұмысты бірден табу оңай емес. Университетте бізге өз саламыз бойынша жұмыс істейтін кеңселер тізімін береді. Сол тізімдегі кеңсенің түгеліне түйіндеме жіберіп, іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік беретін LinkedIn желісіндегі профилімді дұрыстадым. Қазақстандағы профессорлардан мінездеме хат алдырттым. Түйіндеме демекші, түйіндемені әр компанияның сұранысына сай етіп әзірлеуің қажет. Барлығына бір түйіндеме жібере алмайсың. Басында көбісі түйіндемеме қарап, жұмысқа алғысы келмеді. Қазақстаннан келгенімді білген соң, оданда өздерінікін жұмылдырған дұрыс деп есептесе керек. Тіпті, аты-жөнім компьютерге дұрыс енгізілмегендіктен, көп жерде түйіндемем қараусыз қалып кеткенін білдім. Десе де осында жеке компаниясы бар иммигранттар жетерлік. Бірінші жұмысыма қабылдаған компания директоры – Түркия елінің тумасы. Түрікше сөйлейтінім бар, оған қоса елде жүргенде жинаған аздаған тәжірибем бар. Сөйтіп, ол кісі екі кезеңді қамтыған сұхбаттасудан кейін мені жұмысқа алды.
– Ол компанияға магистратура бітірмей тұрып кірдіңіз бе? Сонда сізді Қазақстанда алған диплом, жинаған тәжірибе бойынша жұмысқа алып тұр ғой?
– Иә. Ол уақытта магистратурадағы оқуымды әлі аяқтамағандықтан, компания басшылығы мені Қазақстандағы дипломыма қарап, жұмысқа алды. Жалпы, М.Әуезов атындағы университет – еліміздегі үздік университеттердің бірі. Халықаралық ортада да беделі бар. Сондықтан дипломымды тексеруге келгенде еш кедергі болған жоқ. Оған қоса, түйіндемеме елде жұмыс істеген тәжірибемді қостым. Жоғарыда айтып өткенімдей, елде де қазіргідей жұмыс атқарғанмын, дегенмен мұнда стандарттар сәл өзгешелеу. Бірақ елде жинаған тәжірибемнің көп көмегі тиді. Әдепкіде басшылық шағын жобаларды жүргізуді тапсырды. Көбіне пәтер, театр, мейрамханаларға реставрация, реновация жасаумен айналыстым. Бірте-бірте мойныма үлкен істерді атқаруды міндет етіп қойды. Жаңа құрылыс жұмыстарына жауапты болдым. Бұл алдыңғы атқарған жұмысымнан қиынырақ, себебі мұнда ұсақ-түйектерге дейін көп көңіл бөліп, бір уақытта барлығына бақылау жасау керек. Кейін арнайы рекрутинг агенттігі маған хабарласып, біріншісінен үлкенірек компанияға жұмысқа шақырды. Қазір осында жұмыс істеп жүрмін. Әріптестерімнің көбі – өзге ұлт өкілдері. Әркім өздерінің ұлттық тағамдарын алып келіп таныстырады, ана тілі туралы мәселені ортаға тастайды. Қазақстан туралы да сұрайды. Мәдениетімізге қызығады. Бірақ мен 2-3 рет құрт әкеп, дәм татқызған едім, олар бір тістеп, түкіріп тастады (күліп). Ұнатпады. Фастфудты бәрінен биік қоятын олардың құртты ұнатпағанына аң-таң болдым. «Әркімдікі өзіне, Ай көрінер көзіне» деген осы болар.
– Ал қазір онда сізге жүктелген міндет қандай?
– Қазір мұнда жаңа құрылысқа жауапты бағдарлама менеджері болып жұмыс істеймін. Әрі архитекторлар мен инженерлерге консультация жүргіземін. Олардың сызған сызбасын тексеремін. Сондай-ақ, жоба әзірлеушілерге құрылысты бастауға қажет құжаттарын реттестіруге көмектесемін. 2018 жылы Қазақстанда құрылыс жүргізу үшін жұмыс басында архитектор, инженер болуға тиіс және құжаттары түгел болуы керек дегенді талап ететін заң шықты. Америкада да осы заң күшіне енді. Одан бөлек, Нью-Йоркте құрылыс қалай жүргізілу керек екенін түсіндіретін 5-6 үлкен кітап бар. Сол кітаптан қажет деректерді алып, архитекторлар мен инженерлерді хабардар етемін. Сонымен қатар, қазір мұнда шағын бизнеске арналған көп бағдарлама бар. Соны іске асыру үшін құжаттар жинап жүрміз.
–Архитектор лицензиясын алу ойыңызда бар шығар?
– Әрине. Бірақ ол үшін бес жыл бойы жұмыс істеу қажет. Сосын лицензия алуға мүмкіндік беретін, 100 сұрақты қамтитын тест тапсыру керек. Бірақ ол тест тапсырудың құны қымбат. 2-3 рет қайта тапсыратындай қаражатым жоқ, сол үшін қазір бір тапсырғанда қажет ұпайды жинайтындай мұқият дайындалып жүрмін. Бірақ екінші компания басшылығы жалақыны жақсы төлейді. Архитекторлармен тығыз жұмыс істеген соң, олармен жиі әңгімелесемін, арасында сырласамын. Олардың жалақысы менікінен азырақ. Сол үшін әзірге қазіргі жұмысымды істей берсем деймін. Дегенмен архитектор лицензиясы болашақта жеке компания ашуға қажет, сол үшін қалай да болса әлгі тестті тапсырып, лицензияны алуым керек.
– Ерекше ғимарат көрген кезде, оны салған архитектор кім екенін білгіміз келеді. Алдағы уақытта осындай ерекше ғимараттың архитекторы ретінде танылсам деген ойыңыз жоқ емес шығар. Қанша дегенмен, өнер адамы өз туындысының көпшілік жүрегіне жол тапқанын қалайды ғой...
– Әрине, бұл – менің арманым. Дегенмен алдымен компанияны дамыту керек. Жоба әзірлеудің шебері саналатын мамандар жаңадан ашыла салған компанияға келе салмайды. Сол үшін компанияның атын шығару керек, қызық жобалар жасаған жөн. Жеке компания ашқандармен сөйлескен кезде, олар мәртебесін өсіру үшін ә дегенде көп жұмысты тегін атқарғанын айтады. Менің мақсатым – жеке компания ашу, содан соң жеке архитектор ретінде танылу. Бізде көбіне үлкен құрылыс жұмысы сөз етілген кезде, бас архитектордың есімі ғана аталады. Бірақ түптеп келгенде барлық жұмысты ол емес, оның қоластындағы архитекторлар атқарады. Осылайша, олардың жұмысы еленбей қалады, әрі жоғарыда айтып өткендей, архитектордың айлығы аз. Дегенмен мұны түрлі саламен байланыстырып, дамытуға болады. Жыл сайын енгізіліп жатқан жаңалықтарды сол себептен де бақылап жүрмін. Америкада ІТ саласы мықты дамығанын білесіз. Қазір біздің компания ІТ мен құрылысты байланыстырып, қатар дамытуды қолға алып жатыр. Мен де бұл бастаманы болашақта іске асыруды ойластырып жүрмін.
[caption id="attachment_182019" align="alignleft" width="327"] Ата-анасы[/caption]
– ІТ мен құрылысты қалай байланыстыруға болады?
– ІТ мамандары архитекторлар қолданатын AutoCAD, 3dsMax секілді бағдарламаларды ойлап шығарады. Сондай-ақ, инженерлер жүгінетін бағдарламаны құрастыру тек солардың қолынан келеді. Сондықтан құрылыс компанияларының басшысы құрылысқа қажет бағдарламаларды өздері жасап шығарғысы келеді. Қазір осы мақсатта көп шаруа атқарылып жатыр.
– Архитектор лицензиясын алып, жеке компания ашқан соң, елдегілер осында келіп жұмыс істеуге шақырса келісесіз бе? Негізі, Қазақстанның қай қаласына барып жұмыс істер едіңіз?
– Егер мені елге шақырып жатса, алдымен жұмысты кіндік қаным тамған жер – Оңтүстік Қазақстан өңірінен бастағым келеді. Сосын кең-байтақ Қазақстанның өзге жеріне де баруға келісер едім. Алдағы уақытта үлкен қалалар салынып жатса, сол жердегі жаңа құрылыстың басында жүргім келеді. Елде қалай болса солай емес, жылдар өтсе де көздің жауын алатын ғимараттар салынса деймін. Қазір байқап қарасам, Нұр-Сұлтан қаласы дизайнының біздің тарихымызбен байланысы болмай қалған секілді. Таныстарымнан ел ішінде «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайына көп адам бармайтынын, бұрынғыдай тартымды емес екенін естідім. Бүтін бір елдің астанасы болған соң, қанша жыл өтсе де, қараған сайын қызығатын ғимараттар бой көтерсе деймін. Бірақ мен астананың стандарттарымен таныс емеспін, сол үшін нақты кесіп айта алмаймын. Бірақ шынтуайтқа келгенде құрылыста ғимарат дизайны екінші орынға шегеріледі, алдымен қауіпсіздігі барынша жоғары болғанына мән берілуі қажет. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал мұны түсіндіру жұмыстары Америкада әлдеқайда ілгерілеп кеткен. Сол үшін құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы консультациялар жиі жүргізіледі.
– Білікті мамандардың шетелге кетуі жиілегеніне наразы жұртшылық «Олар енді Қазақстанға қайтып келмейді. Қазақстанның «миын» өзгелер пайдаланып жатыр» дегенді алға тартады.
– Мен мұнымен келіспеймін. Қазақстанмен байланысым үзілмейді. Қазақстан – менің туған жерім. «Қазақстанға қайтып бармаймын» деп ешқашан ойлаған емеспін. Дегенмен бір орында тұрып қалмай, жан-жақты дамығанға не жетсін! Мен әлемнің адамы болуды көздеймін, десе де елімді көркейту үшін аянып қалмаймын.
– Қазақстанда аз уақыт болса да жұмыс істеген сіз архитектордың біздің елде елеусіз қалған мамандықтың бірі екенін жақсы білесіз. Америкадағыдай сұранысы көп мамандық қылу үшін бізге не істемек керек?
– Бізде барлығын тамыр-таныс, аға-көке шешеді. Маған сол ұнамайды. Сол үшін елде қалсам, кәсібімді дөңгелету үшін көп уақыт кететінін түсіндім. Бірақ барлығы адамның өзіне байланысты. Қанша жерден тамыр-таныс аяқтан шалып тұрса да, топ жарып шығатын таланттар баршылық. Дегенмен қалтасы қалың азаматтар қалалық жобалардың түгелін иемденіп алғысы келеді, сол жобаларға жауапты мамандардың басы-қасында жүреді. Содан соң көбі құрылысты стандарттарға сай жүргізбейді. Алдымен халықтың жағдайын ойлау қажет, барлық жұмыс біткен соң, күтпеген жерден өрт шығып жатса, жер көтерілсе, құрылыс тапсырылмай, қаншама адамның еңбегі зая кетеді. Дегенмен қазір оңтүстіктің астанасы саналатын Түркістанға көп ақша құйылып жатыр. Көркем ғимараттар тұрғызылды. Елдегілер барлығы өз қолынан келетінін түсінді. Дегенмен архитектура анау айтқандай бизнес емес, ел аузында жеке адамның шеберлігі емес, керемет салынған ғимараттың құрылысы жиі айтылады. Компания ашып, мәртебесін асыру керек дегенді алға тартып отырғаным да сондықтан.
– Нью-Йорктағы тым қарқынды жұмыс ортасына ілесіп жүру қиын шығар?
– Оңай емес. Мұнда жұмыс ерте басталады. Тұрғындар да еп-ерте тұрып алады. Мысалы, біздің директор таңғы төрттен бастап жұмыс істейді. Күнделікті қарбалас тірлікпен жүгіріп, күннің қалай батып кеткенін білмей қаласың. Осындай азан-қазанның ортасында көбісінің шамасы түгесіліп қалып жатқанын байқаймын. Десе де мұнда қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Табиғаты да, климаты да жақсы. Айтпақшы, Нью-Йорктің климаты біздің оңтүстіктің климатына ұқсас келетінін байқадым. Анаммен сөйлескенде Шымкентте жаңбыр жауып тұрғанын айтады, екінші күні бізде де жаңбыр құйып салады. Шымкентке қар түссе, келесі күні бізде де қар жауады. Күн жылынса, бізде де аяздың беті қайтады. Дегенмен мұнда қолдап, демеп отыратын қазақтар жетерлік. Бірақ орыстілді ауданда тұрғанда сыртта жүргенде көбіне ТМД-дан шыққан адамдар жиі алдайтынына көзім жетті. Олар «жұмыс тауып береміз» деп ақша талап етіп, соңында берген уәдесін орындамай, қашып құтылады. Ал америкалықтар ондай емес, керісінше көмектесуге, бар білгенін айтуға тырысады. Тіпті, өздері туралы жағымсыз пікірлерді жиі еститін еврейлер де әрдайым көмек қолын созып, құрақ ұшып тұрады.
– Ертең мектеп бітіргелі жатқан, өзіңіз секілді архитектор болғысы келетін жас түлектерге айтарыңыз бар ма?
– Қай іске икемі келетінін анықтап, бойындағы дарынын осы бастан ұштай түссе екен деймін. Сосын өзгелердің сөзіне ермесін. Бізде көбісі «Ақыл айтсақ, жақсы болсын деп айтамыз» дейді ғой, бірақ оның барлығын тыңдаудың қажеті жоқ. Қазір грантта оқуға жағдай болмай тұрса, салың суға кетіп уайымдаудың қажеті жоқ. Бүгін жолың болмағанымен, келесі жолы Құдай үсті-үстіне жақсылық үйіп береді. «Қанша рет құлағаның емес, қаншалықты тез тұра білгенің маңызды» дегендей, өміріңде осындай сәттердің болғаны да дұрыс шығар. Кейбір кезде үнемі биікте жүре бермей, астыға түсіп, асықпай, айналаға қарап, басар қадамыңды тағы бір рет анықтап алған дұрыс. Мені мысалға алып қарайықшы, алғашында грантқа түсе алмадым, көпшілік оқығысы келмейтін архитектура мамандығын таңдадым. Кейіннен барлығы бір рельске түсіп, бұраңдаған жол мені Нью-Йоркқа жетелеп әкелді. Алғашында ата-анам архитектура мамандығын таңдағаныма таңданған болатын. Қазір сол кезде өзіме ұнағанын, болашағы зор, жетіліп келе жатқан саланы таңдағаныма көзім жетті. Сол үшін ертең мектеп бітіргелі тұрғандар қандай жағдай болса да, морт сынбасын деймін. Мектепте болған жайттар ертең ұмыт қалады, өмірге араласқан соң нағыз мектептің алда екенін түсінесің. Ал ата-аналар баласына өз принциптерін күштеп танбай, оларға өз болашағына жоспар құрып, өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік бергені дұрыс.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ