Атырауда 14 жастағы оқушыны аяусыз соққыға жыққан (ВИДЕО)

Атырауда 14 жастағы оқушыны аяусыз соққыға жыққан (ВИДЕО)

Атырауда 14 жастағы оқушыны аяусыз соққыға жыққан (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
50628

20 мамыр күні Атырау облысындағы Исатай ауданы Исатай ауылында 8-сынып оқушысы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді деп хабарлады turkystan.kz. Жасөспірімнің анасы Гүлзада Мұсағалива оқиғаның 20 мамыр күні күндіз болғанын, футбол ойнауға кеткен баласы үйіне көңілсіз келгенін айтты.

«Отбасымызда үш баламыз бар. Кенже балам Мұханбет футболдан біртүрлі денесін ауырсынып келгендей болды. Не болды деп сұрағанымда ойнап жүріп, құлап қалдым деді. Содан соң жатып қалды. Кейін тамаққа тұрғызғанымызда орындықта дұрыс отыра алмады, біртүрлі дірілдеп отырғандай болды. Ертесіне де балам селсоқ, тек жата берді. Сол кезде үстіндегі көгерген іздерді көріп шошып кеттім. Дереу «жедел жәрдем» мен полицияны шақырып, арыз түсірдім», - деді  Г.Мұсағалиева.

Дәрігерлер жасөспірімді ауданнан облыс орталығына алып кеткен. Сол жерде оған «оң жақ иықтың көптеген жұмсақ тіндерінің көгеруі, бел және жүрек қуысының жарақаты» деген диагноз қойған.

«Ұлымды 9 бала ұрған. Екеуі - 9-сынып оқушысы, қалғандары сыныптастары. Қазір олардың ата-аналары келіп, кешірім сұрап жатыр. Мұны жазасыз қалдырғым келмейді. Мектеп те жауап берсін», - дейді зардап шеккен баланың ата-анасы.

Исатай орта мектебінің директоры Айгүл Әділбаева істі полиция тексеріп жатқанын, тергеу аяқталғанша ештеңе айта алмайтынын жеткізген.

«Осы оқиғаға байланысты оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесу өткіздік. Балалар бұл оқиға сабақ аяқталғаннан кейін, ауылдың шетінде болғанын айтады. Қазір жәбірленушінің жағдайы қалыпты, ауруханада емделіп жатыр», - деді Исатай аудандық білім бөлімінің бастығы Гүлайна Құрманғалиева.

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 мамырда 2007 жылы туған жасөспірімнің ата-анасынан арыз түскен. Күдікті ретінде Исатай орта мектебінің екі 9-сынып оқушысы анықталған. Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бойынша соталды тергеу басталып, сараптамалар тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары