50263
Елордада инклюзивті балабақша ашылды
Елордада инклюзивті балабақша ашылды
Бүгін елордада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша ашылды деп хабарлады turkystan.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Балабақша 2 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға дайын. Мұнда оларға барлық жағдай жасалған, жайлы және жарық бөлмелер оңалтуға қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім беру бағдарламасы ерекше баланың өз қатарынан қалмай білім алуына бейімделіп құрылған. Сонымен қатар арнайы әдістер баланың білімді игеруіне көмектеседі.
Аталған жоба Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асуда. Жобаның бірегейлігі – ерекше қажеттіліктері бар балаларға алғаш рет Астана медицина университетінің профессорлық - оқытушылық құрамы тарапынан медициналық-оңалту көмек көрсетілетіндігінде.
Енді бұл балабақшаға сөйлеу қабілеті, аутизм спектрі, орталық жүйке жүйесі бұзылған және басқа да ерекшеліктері бар балалар медициналық - педагогикалық көмектің толық кешенін алатын болады.
Балалармен логопед-дефектолог, реабилитолог, балалар невропатологы, педиатр, педагог-психолог, эрготерапевт, кинезиотерапевт, сондай-ақ сурдолог оторноларинголог және нутрициолог секілді тәжірибелі мамандар айналысады. Балабақша АстМУ-дың клиникалық базасына айналады, онда медицина студенттері мектепке дейінгі ұйымдар деңгейінде балаларға көмек көрсету бойынша қосымша біліктілікті меңгереді.
Мектепке дейінгі мекемелерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың бейімделуі жылдамырақ өтеді, өйткені дені сау қатарластарының арасында олар әлеуметтік тәжірибеге ие болады деп атап өтті Астана медицина университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Камалжан Надыров.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец өз сөзінде «балабақша қоғам үшін маңызды және дер кезінде ашылды» деді. Сондай-ақ, ол Медицина университеті мен балабақшаның тандемі қоғамдағы ерекшеліктері бар балалардың дамуы мен бейімделуіне оң әсер ететінін атап өтті.