50372
Барлығы балалар бақыты үшін
Барлығы балалар бақыты үшін
AMANAT партиясының жастар қанаты 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірқатар іс-шара кешенін өткізді.
Алғашқы шара «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубы мүшелерінің қатысуымен өтті. Бокстан ерекше балалар арасында ұйымдастырылған DARYN спорттық жарысына 40-тан астам жеткіншек қатысты.
Сайыста үздік болған 3 жеңімпаз ақшалай сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, белсенді қатысқан барлық балаларға спорттық керек-жарақ пен тәттілер толтырылған сыйлық пакеттері табысталды.
Осы сынды жарыстар жасөспірімдерді қанаттандырып, мотивация сыйлайды дейді «Жас жауынгер» клубының негізін салушы Садық Байымбетов:
«Әрбір өткен жарыс клуб мүшелері үшін бағындырылған белес сияқты. Сайыс болады дегенді естігеннен бастап балалар тынымсыз күтіп, жаттығуға ерекше ұмтылыспен кіріседі. Бүгінгі өткен спорттық жарыс та соның бір дәлелі. Ерекше балалармен жұмысқа тек елордамызда ғана емес, республикамыз бойынша көңіл бөлініп, қолға алынса деймін»,- деді ол.Партия жастары мұнымен шектеліп қалмай, аталмыш мерекемен құттықтау үшін Ұлттық нейрохирургия орталығында ұзақ уақыттан бері оңалтудан өтіп жатқан балаларға барды. Жас буын аниматорлар арнайы дайындаған қойылымды тамашалап, керемет көңіл-күйге бөленді. Сонымен қатар, оларға мерекелік бокстар таратылды. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, «Балалар жылы» аясында аянбай еңбек етіп, басты құндылықтарымызды балалар бойына сіңіру керек.
«Соңғы уақытта балаларымыздың өміріне қауіп тудырып, сарсаңға салған жағдайлар көбеюде. Оларды кішкентай демей, құлақ асқанымыз жөн деп санаймын. Олардың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдырын шешуге, кедергісіз келешегін қалыптастыруға алдымызға міндет қылған жөн. Жеткіншіктеріміз үшін Жастар қанаты атқарып жатқан жобалар соның бір үзігі. Президентіміз атап өткендей, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы біздің қолымызда»,- деп тоқталып өтті.Жоғарыда аталған шаралар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев жариялаған «Балалар жылы» аясында өткізілуде дейді ұйымдастырушылар. Жастар қанаты мұнымен тоқтап қалмайды, аталмыш жыл аясында бірқатар жобалар мен акцияларды жүзеге асырмақ.