Адалдық аксиомасы
Адалдық аксиомасы
ӘҢГІМЕМІЗДІҢ ӘЛҚИССАСЫ Құданың құдіреті, біздің журналист ағайындардың айналасындағы жұрттан ат оздырып, алақайлар бір артықшылығы бар. Айталық, төрткүл дүниені төңкеріп тастауға қабілетті ғұлама ғалымдардың немесе ажал аузындағы бейбақтың бетін бері қаратар дауагөй дәрігерлердің есімін ел әрдайым біле бермеуі мүмкін. Ал көпшіліктің көкейінен шыққан көшелі дүниелер тудырған әріптестеріміз тез танылады. Бұл енді кез келген кәсіп иелерінің маңдайына бұйыра қоюы екіталай бақыт. Балағымызға шалынып жүрсек те, шығармашылық «шалыққа» ұрынған балалардың барлығы кітап, газет-журнал оқуға ертерек құмартатыны белгілі жайт. Әсіресе, мектеп қабырғасында мерзімді баспасөзді қалт жібермей, қадағалауға тырысатынбыз. «Балдырған» бастаған, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» қостаған басылымдарды бәріміз әке-шешеміз әкелер базарлықтай асыға күтетінбіз. Олардың ішінен өзіміздің ой-өрісімізге лайық олжамызды тауып, рухани рақатқа кенелетінбіз. Жас жанымызды жаулаған жақсы мақалалар авторларының аты-жөні де жадымызда жатталып қалатын. Сол саңлақтардың арасында бүгінде жетпіс бестің желкесіне шыққан қалың қазаққа танымал талантты қаламгер, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек те болғанын жиі еске түсіремін. Басқасын білмеймін, талай жеткіншектің танымын тәрбиелеген сөзжұмбақтарын шешуге үлкен-кіші шетінен үйір еді. Кейін журналистиканың жалына жармасқан кезімізде Жәкеңмен жақынырақ танысудың сәті түсті. Онда республикалық «Халық кеңесі» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі болатынмын. Тәуелсіздік таңын атырған 1991-дің тамызы. Арғы-бергі тарихымызда орны бөлек атақты Ойжайлауда асылтекті Абылайдың арқасүйер қолбасшысы Қарагерей Қабанбай батырдың 300 жылдық тойы дүрілдеп өтіп жатқан. Аспанға ақ көбік атқан асау толқынды Тентектің аңғарындағы Үйгентас шатқалы алып сахнаға айналды. Ұзын саны сегіз жүздің үстінде киіз үй тігілді. Топырлы тойға тастүйін дайындалған жетісулықтар қолын қусырып, кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабақ шытпай қарсы алды. Мәртебелі меймандар қатарында елге сыйлы «Егемен Қазақстанның» қызметкерлері де бой көрсетіп, қуаныш құшағындағы халықтың қайнаған ортасынан табылды. Сол жолы Жанат аға Елшібекпен алғаш рет қол алысып, ертеден араласқан ескі таныстардай елжірей табыстық. Ол – қасиетті Қараталдың, мен – ағынды Ақсудың тумасымыз. Асқар Алатаудың төсінен құлайтын қос өзен де Балқашқа барып құятыны аян. Түсіністігіміздің түп-төркіні жерлестікпен ғана шектелмегені сөзсіз. Бауырластықтың басқа да бастаулары баршылық болса керек. Көңілді көкке өрлетер көкжайлау төріндегі кездесу үстінде әңгімеленген көп жайлар естен шыққалы қашан. Алайда жарқын жүзді жайсаң жанның аузын ашса, көмекейі көрінетін көркем мінезі ұмытылмастай әсерге бөлегенін айтуға тиіспін. Ол туған өңірімен етене байланысын ешқашан үзген емес. Жерлестері де сүйсінуге тұрарлық сүйікті азаматын елдегі ерекше оқиға санатындағы салтанатты шараларға жиі шақырады. Сондай сапарлар аясында анда-санда жолығыссақ та сәлеміміз суымай, ағалы-інілі қарым-қатынасымыз беки берді. Сыйластығымызға сызат түспеді. Үлкендік жасап үйреткен ақылына құлақ астым. Соның арқасында «Ойтоғанның соңғы орысы», «Шоқан түскен үй», «Жамбылдың жеке дәрігері» және басқа мақалаларым «Егеменде» едел-жедел жарық көріп жатты. Аралас-құраластығымыз Астанаға көшіп келген соң тіпті арта түсті. Республиканың ресми үні «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы лауазымы қаншалықты ауыр жүк арқалатқанына қарамастан қаламын қаңтарып тастамағанына қайран қаласың. Күні-түні шапқылаудан шаршамай көркем шығармалар жазу шынымен таңдай қағарлық жағдай. Редакциядағы ең қиын өндірістік буынды басқару барысында небір күрделі істердің күрмеуін табуға тура келгені талассыз. Газетті безендіру, яғни нөмірге баратын әрбір материалды мағынасына қарай ұтымды орналастырып, оқырманға ұсыну өте үлкен өнер. Осынау орасан шаруаны Жәкең ұзақ жылдар бойы ойдағыдай орындады. Егер «Егемен» ақпарат құралдарының аламанында ылғи бәйгенің алдынан көрінуді дәстүрге айналдырса, оған Жанат Елшібек жампоздың да қосқан үлесі қомақты. Еңбек еш кеткен жоқ. Төгілген тердің төлеуіндей түрлі марапат белгілерді түгендеп жатудың, сірә қажеті бола қоймас. Ең бастысы, алдыңғы буын да, кейінгі толқын да оның есімін айрықша ілтипатпен атайды. Қасындағы қанаттастары қадірлеп жатса, адамға одан артық қандай құрмет қажет. 1976 жылы жарық көрген «Жауқазын» атты тұңғыш деректі хикаяты жарасымды жалғасын тауып, республикадағы әртүрлі баспадан «Студенттік меридиандар», «Сен білесің бе?», «Алтын ұя», «Атамекен», «Қарлығаш», «Жоғалған теңіз», «Зерек», «Шағалалар жылай ма осы?», «Мың бір қызық», «Қош бол, теңіз», «Таным», «Уақыт – сынап», «Сырлы әлем», «Тағдыр желі» тәрізді публицистикалық-танымдық көркем әдеби кітаптары оқырман олжасына айналды. Мерейтой қарсаңында көтеріңкі көңіл күйде күлімдеп жүрген көкемізбен жуырда тағы жүздесіп, әріден қозғап әңгіме-дүкен құрудың орайы келген болатын. Қазақ баспасөзінде қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырған тұғыры биік тұлғаның өнегелі өмір жолын өзімізше өрнектегенді жөн көрдік. ТУҒАН ЖЕРІМ – ТҰҒЫРЫМ Менің қазіргі мекенім Сарыарқа сауырындағы самаладай Астана мен кіндік қаным тамған Балқаш бауырындағы ауылымның арасында еңку-еңку жер жатыр. Кейде ерке Есілдің жағасында отырып қиырдағы Қараталымды аңсайтынымды қайтерсің. Санадағы сағыныш кеудені сыздатып, керемет сезімдерге бөлейді. Сондайда қолға қалам алып, әдемі әсерлерімді ақ қағазда айшықтаймын. Әттең, ақын емеспін, әйтпесе поэзия құлагері Ілиястай сұлулығын суреттеуге тіл жетпес Жетісудың ұшқан құс, жүгірген аңына дейін жырлар емес пе ем. Әйтсе де, суы күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын Қараталымды өзімше әспеттеуден әлімше жалыққан емеспін. Пешенемдегі перзенттік парызымызды өтеуге ұмтылмасақ, азаматтығымыз қайсы. Кемеңгер жазушымыз Әбіш Кекілбайұлының пайымдауынша, қалың жынысты Қаратал бойында көмбесі көп тарихты жасырған көне қалалар болған көрінеді. Оның ойын осы өңірде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері де айғақтайды. Табылған жәдігерлер талай ғасырлық шежіреден тағылымды сыр шертеді. Есімі ұрпақтарының ұранына айналған небір жақсы-жайсаңдар өтіпті бұл өңірден. Елінің қамын жеген Ескелді, Балпық билердің үлгі-өнегесі күні бүгінге дейін үзілмей келеді. Қасиетті өзеннің жағасында Айту би Жаубасарұлы, Бақай батыр, Мықтыбек батыр, Жәлменде би Байшығашұлы, Пышан Жәлмендеұлы, Қоғыл көріпкел, Қарынбай әулие Тәттібайұлы, Ұмтыл Қабылбекұлы, Тілеуғұл батыр, Арқабай әулие секілді дүлдүлдер мен бұлбұлдар дамыл тапқан. Олардың бәрі арғы замандардағы арыстар. Ал берідегі асылдарымыз өз алдына бір төбе. Қазақ театр өнерінің қабырғалы қайраткерлері Қанабек Байсейітов пен Бикен Римова, әдебиетіміздегі детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев, дарынды суретші Анарбек Нақысбеков, саңлақ спортшы Мәулен Мамыров, «Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов, қадірі бөлек қаламдас бауырларым Мұғалімбай Жылқыайдаров, Несіп Жүнісбаев, Ордаш Кендірбаев, Әміре Әрін сынды марқасқаларымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Жерлестерімнің бүгінгі әрбір жетістігіне жас баладай қуанып, жақсы ісіне жанашыр болып жүремін. Өмір-өзеннің асау толқындары алысқа алып кеткенімен, артымызда ақарлы-шаһарлы ел-жұртымыздың барын ойлап, ішімізден тәубе етеміз. АНАМНЫҢ АҚЫЛЫ АДАСТЫРМАЙ КЕЛЕДІ Соғыстан сорлаған халық 50-жылдары ептеп еңсе көтере бастады. Әйтсе де, тұрмысымыз әлі толықтай түзеле қоймаған. Төбесі Қараталдың нарқамысымен жабылған қоржын тамда қоныс тепкен ауыл мектебінде он бес шақты бала қысыла-қымтырыла отырып оқитынбыз. Бір аяғын майдан даласында қалдырып келген Базархан ағайдың сабақ сұрағандағы сұсынан қорқатынымыз сондай, кірерге тесік таппайтынбыз. Қабағынан қар жауған қаталдығының арқасында сапалы білім алдық. Ұлағатты ұстаз тәлімін бүкіл Сарыесік-Атырау аймағы аңыз қылып айтады. Жарықтық әрбір шәкіртінің көркем жазуға машықтануына қатты мән беретін. Қарындашты қатырып ұштауға үйрететін. Содан соң көбейту кестесін күнде сұрайтын. Алтыншы-жетінші сыныптарда әдеби шығармалар оқумен әуестеніп, жазу-сызуға үйірсектей бастадық. Өмірімдегі осы өзгерісті аңғарған анам бірден маған мынадай ақыл айтты: «Ақыры ниетің ауған екен, сен де көрген-білгенің мен көңілге түйгеніңді қағазға түсіріп байқасаң қайтеді? Қаламыңды ұштау үшін алдымен күнделік жазып дағдылан. Арғы жағын көре жатарсың. Андағы қолыңнан тастамайтын газеттеріңе ауыл-аймақтың, өзіңнің мектебіңнің жағымды жаңалықтарын жолдап жібер». Аяулы анамның әлгі сөзі әсер етті, алғашқы мақалаларымды жаза бастадым. Соның нәтижесінде «Қазақстан пионерінде» (қазіргі «Ұлан») тырнақалды хабарым жарқ ете қалды. Бас-аяғы он-ақ жолды құрайтын тұңғышымның аты – «Пионерлерге риза». Тасқа басылған аты-жөнімді көрген ауылдастар арасында абырой-беделім артып, «Тілші бала» атандым. Мақалаларым бірінен кейін бірі жарияланып жатты. Жарамай қалғандары да жоқ емес. Олардың неге шықпағанын түсіндіріп редакциядағылар хат жібереді. Бір жақсысы, ешқайсысы бетіңнен қақпайды. Келешегіңнен үлкен үміт күтетіндерін жеткізіп, жігеріңді жаниды. Келе-келе мөлтек әңгімелер, очерктер, этюдтер, суреттемелер жазып, балалар басылымдарынан басқа «Жетісу», «Спорт», «Лениншіл жас» газеттеріне де жөнелтуді тәжірибеге енгіздім. Жарияланғандарын жата-жастана оқып, өз көзіме өзім сенбеймін. Шынымен-ақ осыларды мен жаздым ба дегендей. Меніңше, бұл барлық қаламдас әріптестеріміз бастан кешкен кеп болса керек. Арманымды аялап, қиялымды қияға серметкен анамды ылғи құрметпен еске аламын. Сол кісі салып жіберген соқпақ мені адастырмай алып келеді. «БЕРІҢДЕР, СҰРАҒАН ҚАҒАЗЫН!» Қалам-қағазға қаршадайымнан құмартқанымды жоғарыда жеткіздім, білем. Сондықтан біресе ғарышкер, біресе инженер боламын деп солқылдамай, кәмелеттік аттестат қолға тиісімен жүрегім қалаған журналистиканың арғымағын ауыздықтау үшін Алматыға аттандым. Ару шаһарға ат шалдырған бойда аласұрып, коммунистік даңғылдың бойындағы 63-үйді іздедім. Өйткені, онда өзімнің «Лениншіл жасым» орналасқанын білемін. ЦУМ-ның маңайындағы керек мекенжайға маңдай тірегеніммен, ішке баса-көктеп кіруге батылым жетпеді. «Байғұс бала, сені мұнда кім күтіп отыр?» Санамды сан-саққа жүгірткен жайсыз сауалға жауап таппай сәл-пәл тосылғаныммен, белгісіз бір күш ішке қарай итермеледі. Жеделдете басып, үшінші қабаттағы «Лениншіл жастың» киелі табалдырығын аттағанымда аттай тулаған жүрегімнің дүрсілін баса алмай, аз-кем аялдадым. Аядай ғана дәліздің қабырғасы қатар-қатар есік екен. Шетінен ашық тұр. Қағазға қарап шұқшия қалғандардың айналасындағылармен менде шаруасы шамалы. Айдалаға аңырған ақ қояндай абыржып мен тұрмын. Кенет ұзын бойлы жігіт беймезгіл қонаққа бетін бұрды. – Кәне бауырым, төрлет! Әкелген бірдеңелерің болса, көрсет. Мен – Қалдарбек Найманбаев деген ағаңмын. – Ой, сізді білемін ғой. Әйгілі Әбілсейітайханов, Тимур Сегізбаев туралы очерктеріңізді оқығанмын. Мен өздеріңіздің штаттан тыс тілшілеріңізбін... Міне, мынау газетке басылған материалдарымның қиындылары... Журфакқа тапсырмақпын... Соған анықтама берсеңіздер жақсы болар еді... Енді өрби берген екеуара әңгімемізді әлдекімнің әмірлі даусы бөліп жіберді. – Қалеке, беттер қайда? Дайын ба? Үлкенді сыйлап үйренген басым отырған орнымнан ұшып тұрып, қолымды ұсындым. – Шераға, мына бала біздің жас тілшіміз ғой. Университетке түспек. Журналист болмақшы. Бізден мінездеме сұрайды. – Беріңдер, сұраған қағазын! Бәлкім, септігі тиер... Алғашында ашулылау көрінген адуынды бастықтың бас-аяғымды барлай қарап, жылы жымиғанын байқадым. Жаныма нұрлы шуақ құйған сол жалқы сәт, жалғыз ауыз сөз жадымда мәңгілік жатталып қалды. Бірақ қанша ұмтылғаныммен, ҚазГУ-дың дәмі тартпады. Әскери комиссариаттың куәлігі болмай, өткізген құжаттарым кері қайтарылды. «Жаны қысылған жақынын табадының» керімен қайтадан «Лениншіл жасқа» қарай жүгірдім. Өйткені өкінішімді айтып, өксігімді басатын басқа жанашырым жоқ еді. Менің мүшкіл халімді көріп, мұңды көңілімді жұбатқан журналистер уақытты ұттырмай КазПИ-дің филфагына бару жөнінде кеңес берді. Мұғалім болғым келмейтінін алға тартып, ат-тонымды ала қашсам, олар өз уәжін айтып әлек. «Балақай, сен алдымен түсіп алсаңшы. Кейін ауысып кетерсің. Әйтпесе, мүйізі қарағайдай біраз мықты журналистер мен жазушылар сол КазПИ-ді бітірген». Сонымен, қойшы, ағаларымның сөзін жерге тастамадым. Емтиханда жазған шығармамның бірінші бетіне «Лениншіл жастың» берген мінездемесін қыстырып жібердім. Кім біледі, Шерағаң айтқандай, бір септігі тиген шығар. Әйтеуір, білім бәйгесінде бағым жанып, студенттер қатарына қабылдандым. МҰРТАЗА, БЕРДІҚҰЛОВ, БАЙЖАНОВ, КЕКІЛБАЙҰЛЫ... ЖӘНЕ БЕС ЖҮЗ ЖУРНАЛИСТ Жастайымнан жан серігім болған жазу-сызуды студенттік шағымда одан сайын шираттым. Сабақтан бос уақыттарда редакцияларды жағаладым. Бойымдағы қабілет ұшқындарын қалайда өшіріп алмау үшін үнемі ізденіс үстінде жүруге талпындым. Көбіне газет бөлімдерінің тапсырмаларын орындаймын. Соңғы курсты аяқтауға жақын қалғанда «Лениншіл жастың» жауапты хатшысы Сәбит Жиренов пен оның орынбасары Серік Әбдірайымов қолымнан жетектеп, редактор Шерхан Мұртазаевқа алып барды. «Өткендегі айтқан жігітіміз осы» деді екеуі амандық-саулық сұрасқаннан кейін. Сөздерінің сыңайына қарағанда мені жұмысқа қабылдамақ. Баяғы таныс дауыс гүж ете қалды. – Әй, красвордшы, секретариатқа салып жіберсек, жұмысты алып кетесің бе? – Институтта оны оқытқан жоқ қой. Ештеңе етпес, үйренермін... – Білем оқытпағанын. Ерінбей еңбектенсең, еңсермей немене?! Макет сызу қиыннан қиыстырып сөзжұмбақ құрастырудан ауыр деймісің. Давай, іске кіріс! Талай таланттың тұсауын кесіп, томағасын сыпырған «Лениншіл жастың» ( бүгінгі «Жас алаш») нояндары қатарына қалай қосылып кеткенімді тіпті білмей қалдым. Бір жылдан кейін Шерағаң «Жалын» журналына бас редактор болып кетті де, оның орнына Сейдахмет Бердіқұлов келді. Ең ғажабы, екеуі рухтас-тұғын. Қос реформатор-редактордың ұлтжандылық ұстанымдары бір-бірінен алшақ кетпейтін. Олар қоғамның қотырын қасыған, қордаланған мәселелерін қозғаған өткір тілшілерін қолдай да, қорғай да білетін. Биліктің тарапынан үйірілген бишікке өздерінің жонарқаларын тосатын. Ешқайсымызды ешкімге жығып бермейтін. Батыр басшың барда сен де ештеңеден сескенбей, жан-жағыңа жалтақтамай қаламды еркін сілтейсің. Елдік, ұлттық мүдделерді екшеп, әлсіз әлеуметтің жоғын түгендейсің. Бірде балықшылар өмірінен «Шағалалар жылай ма, осы?..» деген оптимистік очерк жаздым. Ащы сынның аяғы у-шуға ұласатынын сезе тұра, Сейдағаң мақаланың шекесіне солақай қолымен сойдақтатып қолын қойды да, дереу баспаханаға жөнелтті. Ертесіне жоғары жақтан жұмсалған сойтан жұдырықтың соққысын маған дарытпады. Бұл мыңнан бір мысал ғана. Осы шулы мақалам лездемеде мақталып, қызметтес қыз-жігіттер құттықтап жатты. Тек Оралхан Бөкеев қана еш үнсіз қалғанын іштей жаратпағанымды жасырмаймын. Алайда үш күннен кейін Орекең аңқылдап бөлмеме келді де «Әкелші қолыңды, бүгін ғана оқыдым. Көкейкесті проблеманы көтеріпсің» деді. Көңілімде қатып үлгерген көк мұздың көбесі сөгіліп қоя берді. Қайратымыз қарындаған қайран жиырма бестің қимас қызықтарға толы қырқасынан аса бере «Социалистік Қазақстанға» шақырылдық. Әрине, есімімді елге танытқан «Лениншіл жастан» кету оңай соқпағаны анық. Үзеңгі қағыстырып, қатарласа шапқан қаламдастарымды қимай үш жылдай жүрдім. Спорт тақырыбындағы репортаждары мен очерктерін қалың оқырман қауым сүйсіне оқыған Сейдағаңның тақырып қоюдағы тапқырлығы, қарауындағы іні-қарындастарының қабілет көзін ашудағы көрегендігі, әркімді орнымен пайдалана білетін сұңғылалығы еріксіз бас шайқататын. Осындай білікті маманнан тәрбие алып, оң-солымды айырғанымды мақтан тұтамын. «СҚ»-ның сықиған ұжымы мені бірден бауырларына тартты десем, өтірік айтқан болар едім. Алғашқы таныстыру жиналысында-ақ тарпа бас салғандар табылды. Қиғаштау кетіп, қиямпұрыстау сұрақ қойғандар кездесті. «Сені кім мұнда шақырды?» дегенде, күтпеген сауалға күмілжіп қалдым. Абырой болғанда, редактордың бірінші орынбасары ара түсті. «Онда сіздің шаруаңыз қанша, редакция алқасы солай шешті» деді Балғабек Қыдырбекұлы әлгі ағайға ажырая қарап. Енді есімді жия бергенде «Шашың неге ұзын?» деді екінші біреуі. Жастар газетінде жағамыз жайлауда жүріп үйреніп қалғандықтан, бұл сауал қисынсыздау сияқты көрінді. Кейінірек осы партия басылымындағы қызметкерлердің жүріс-тұрысы мен киім киісіне дейін өзгешелеу екенін ұқтым. Басшымыз Сапар Байжанов салмақты мінезімен, барынша байыптылығымен ерекшеленетін. Өзі тамаша очеркист. Екінші орынбасары Сарбас Ақтаев та ақтаңгер журналист. Басқа да үлгі-өнеге аларлық ағаларымыз жетіп артылатын. Сойы бөлек сол сардарлардың сарбазы болып соңдарынан ердім. Қызметтің қызығын да, шыжығын да көрдік. Оны таңға ұрып айтып, тауыса алмайсың. «СҚ-ның» қыр-сырын меңгеріп, әбден ысылған кезімізде «Қазақ әдебиеті» «құда түспесі» бар ма. Құзыреті күшті Компартияның пәрменімен аталмыш апталықтың көлемі ұлғайып, ендігі жерде он алты бет болып шығатынын естідік. Демек, жаңа кадрлар алу қажеттігі туындаған ғой. Сол себеппен Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиевтің кабинетінен бір-ақ шығайын. – Қарағым, бізге жаңаша ойлайтын жауапты хатшы керек. Соған лайық кандидатура ретінде жігіттер сенің атыңды атады. Мен өзі оқ пен оттың ортасында майдандық газет шығарған адаммын. Бұл жұмыстың машақатын бір кісідей білемін. Сондықтан сені пікірлесуге шақырттым, – деді Жұбағаң мәймөңкелеп жатпай. Қысқасы, мені жаухатшылыққа алатын болды. Онымен қоймай, төрт бөлмелі пәтер бөлмек. Іле-шала сол заманның тәртібімен Орталық комитеттің сүзгісінен өттім. Үгіт-насихат жағына жауапты Әбіш Кекілбаев пен Мұқан Мамажанов оң қабақ танытып, сәттілік тіледі. Әне-міне ауысамын деп аумалы-төкпелі көңілмен жүргенімде Сапекең шақырып алып, ЦК-ның секретарымен менің мәселем жөнінде сөйлескенін, сондағы уағдаластық бойынша ешқайда кете алмайтынымды «естіртті». Міне, солайша бас басылымдағы қызметімді жалғастыра бердім. ...1989 жылдың қарашасында Шерағаң бізге бас редактор болып тағайындалды. Қайта құру қарқындап, жариялылық жалаулап тұрған тұс қой. Уақыт уыты өз өрнектерін салмай қоймайды екен. Оңды өзгерістер өркен жайып, жаңалықтар лебі есті. ЦК-ның идеология жөніндегі хатшысы, халқымыздың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібеков өзі ертіп әкеліп ұжыммен таныстырғанда Шерағаң темірқазық ұстанымын бірден білдіріп, алдағы бағытын айқындап алды. – Өзеке, газетті «өзгерт, жақсарт» деп жатырсыздар. Ол – ең алдымен мына отырған журналистерге байланысты нәрсе. Менің мықты журналистер жасайтын құдіретім жоқ. Өйткені Жаратушы емеспін. Ал бұлар айтқанымды орындап, ақылымды тыңдаса, бірдеңе тындыруға болады. Біз енді толғақты материалдарды, өткір сын мақалаларды көбейтеміз. Шырылдаған шындықты жазамыз. Сіз соған қамқор болыңыз, – деді сөзінің соңын нығыздап. Шерағаңның уәде үдесінен шыққаны баршаға аян. Жұрт білетін белгілі жайларды бекерге қайталап жатпайын. Жиырма жылдан кейін қайта қауышқан қадірлі жанның қарамағында газеттің жауапты хатшысы қызметін қал-қадірімше атқарып бақтым. Сындарлы сәттерде сыр бермеуге тырыстым. ...Журналистік ғұмырымда қазақтың аса көрнекті азаматтарымен қызметтес болғанымды өзіме зор мәртебе санаймын. Соған сан мәрте шүкіршілік қыламын. Тікелей газеттің тізгінін ұстаған он бір бас редактордың жетекшілігімен үлкен газетті қалың оқырманның сүйіктісіне айналдарған майталман басшылардың мектебінен өттім. Олар – Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдірахманов. Бүкіл саналы ғұмырымды осы екі басылымда өткізген жылдары бес жүзге жуық үлкенді-кішілі журналист ағайынмен иық тіресіп, қол ұстасып газет жасағанымды әрдайым ерекше үкілеп айтқым келеді. Мұндай бақыт кез келген пенденің пешенесіне бұйыра бермейтіні аян...
*** Қашан көрсең де жарау аттай жайтаңдаған сергек қалпынан айнымайтын Жанат Елшібектің қазір де қарап жатпағанынан хабардармыз. Өткенде өзара әңгіме үстінде екі кітаптың сиясы кеппеген қолжазбасын баспаға тапсырғанын айтып қалды. Не туралы дейсіздер ғой? Оны сәтін салған тұста оқи жатарсыздар... Өмірлік ұстанымы адалдық аксиомасы іспетті Жан-аға, жазарыңыз көбейіп, мерейіңіз асқақтап оқырманды қуанта беруіңізге тілектеспіз!
Талғат БАТЫРХАН, журналист