52441
ҰБТ – 2022: 1 жылда 4 рет өтетін тестілеу
ҰБТ – 2022: 1 жылда 4 рет өтетін тестілеу
Мектеп бітіруші түлектердің өміріндегі маңызды сәттердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. 11 жылдық білім мен біліктің нәтижесін көретін бұл күннің маңызы талапкерлер үшін әрқашан жоғары. Әр жыл сайын форматы мен ережесі жаңарып отыратын ҰБТ-ның биылғы жаңалығы мен өзгерісі жетерлік. Бұрынғы тестілеуден айырмашылығы да аз емес. Соларға шолу жасап өтсек.
Мысалы, былтыр бірыңғай тестілеу 2 рет өткізілсе, биыл 4 рет болады. Нақтырақ айтқанда, қаңтар, наурыз, мамыр-шілде және тамызда. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тест тапсырған талапкерлердің ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуіне мүмкіндігі бар. Ал мемлекеттік грант үшін мамыр мен шілде аралығында болатын тестілеу негізгі ҰБТ деп аталады. Оны тапсыруға әр тестіленушіде екі мүмкіндіктен болады.
Қазір ҰБТ 43 аймақтық тестілеу орталығында өткізіліп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының айтуынша, барлық орталық техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген. ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отыратын орнында жеке басын сәйкестендіру. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.
Ал тестілеуге енгізілген пәндердің саны еш өзгеріссіз қалдырылған. Үш міндетті және екі таңдау пәні бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).
Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдан бастап тестілеу электронды форматқа көшірілген болатын. Талапкерлер ҰБТ-ны жергілікті тестілеу орталықтарында тапсырады. Электронды форматқа көшкеннен бері аппеляция беру рәсімі жеңілдеген. Өткен жылдар сияқты аппеляцияны келесі күні емес, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Ал оның нәтижесі 30 күн аралығында шығады.
Ұлттық тестілеу орталығы көрсеткен статистикаға сүйенсек, қазақ тілінде тест тапсыратын талапкерлердің саны жыл сайын артып келе жатыр екен. Атап айтсақ, биыл наурыз айындағы тестілеуге қатысқан 105 000 оқушының 78,2 пайызы қазақ, 21,7 пайызы орыс, 0,2 пайызы ағылшын тілінде тапсырған. Оның ішіндегі шет тілін таңдағандар Білім-инновация лицейі, жекеменшік ағылшын тілінде білім беретін мекеме түлектері екен. Дегенмен олар міндеттелген өзге пәндердің ішінен жалғыз пән Қазақстан тарихын қазақ тілінде не орыс тілінде тапсырады. Сондай-ақ орыс мектебінде оқыған талапкер тест кезінде қазақ тілін таңдауға мүмкіндігі бар. Бұрынғы оқыған тілі бойынша ғана тапсыру деген қағиданың қазір маңыздылығы жойылған.
ҰБТ-2022: БАСТЫ
ЖАҢАЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?
Бұл сауалды тікелей Ұлттық тестілеу орталығына жолдаған кезімізде Білім және ғылым министрілігі шешім қабылдау кезінде оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысатынын жеткізді. Сол себепті негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыру мүмкіндігі туралы шешім талапкерлердің ұсынысына сәйкес қабылданыпты. Яғни, оқушылар енді екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік алады. Мемлекеттік грант конкурсына екі сертификаттың біреуін ұсына алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мұндай шара оқушылардың эмоционалды стресс деңгейін төмендету үшін жасалды» деген болатын. Бірақ талапкерлер екі мүмкіндікте де бірбейіндік пәндер комбинациясын таңдауы керек. Яғни, бірінші мүмкіндікте «Математика+Физика» пәнін таңдаса, екінші мүмкіндікте де «Математика+Физика» комбинациясы бойынша тапсыруға тиіс.
Биылғы ҰБТ-ның тағы да бір ерекшелі-
гі – бірінші мүмкіндікте ереже бұзған жағдайда екінші рет тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Ал екінші тестілеу барысында ереже бұзса, бірінші және екінші тестілеудің нәтижелері жойылады. ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер тамыздағы тестілеуге қатыса алады, сонымен қатар шартты негізде ЖОО-ға ақылы қабылданып, ҰБТ тапсыра алады. Сол үшін де тест тапсырушы түлектерге академиялық адалдықты ұстану міндеттеледі.
Бұл жолы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да назар аударылыпты. Мысалы, оларға негізгі уақыттан бөлек, қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қатар ерекше көмекті қажет ететін оқушыларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалған. Қабылданған шаралар ерекше білім қажеттіліктері бар тестіленушілер санының артуына себеп болып отыр екен. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 бала қатысыпты.
Сондай-ақ академиялық адалдықты сақтау мақсатында тапсырылған тест нұсқалары таңбаланады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда жоғарыда айтып өткендей, олардың нәтижелері жойылады. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, осы кезге дейін 119 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттері үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған екен. Орталықтың сөзінше, қатаң бақылау мен талап тестілеу процесінің әділ әрі шынайы өтіп, түрлі заңсыздықтардың алдын алуға негіз болады.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – тақырыптық талдау жүйесінің енгізілуі. Ол оқушылардан бөлек, мектеп мұғалімдерінің де қай бағытта жұмыс жасау керектігін бағдарлауына да көмек болады. Бұл опция алғаш рет пилоттық жоба ретінде биылғы наурыздағы ҰБТ-да қосылыпты. Бұрын талапкерлердің жеке кабинетінде тек алған жалпы балы ғана көрінетін болса, биыл онымен бірге тест қорытындысы бойынша тақырыптық талдау нәтижесі де беріледі. Яғни, қазір негізгі ҰБТ-ға дайындалып отырған балалар наурыз тестілеуінің қорытындысы бойынша қай пәндерден және қандай тақырыптардан дайындығын жақсарту қажет екенін біледі. Сонымен бірге 1-мүмкіндігін тапсырып болған талапкер тақырыптық талдау арқасында екінші мүмкіндікке толық дайындала алады. Бұл талдаулар автоматты түрде жасалатындықтан, ол арқылы республика көлеміндегі білім сапасын бақылауға да болады екен. Алайда бұл бұрынғыдай мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің талапкерлерге моральдық қысым жасауына себеп емес. Мысалы, осы кезге дейін білім ордаларында оқу үлгерімі төмендеу бітіруші түлектерді «төмен балл алып қалса, мектеп рейтингіне кері әсер етеді» деп ҰБТ-ға қатысуына қарсы болу мен шеттету жағдайларын жиі естіп жүрдік. Ол әлі де саябырлаған жоқ.
«Бұл тақырыптық талдаудағы ең негізгі мақсатымыз – рейтинг шығару емес, білім берудің қай саласында біздің кемшіліктеріміз бар, соны түзетуге бағыттау. Сол үшін де талапкер төмен нәтиже көрсеткен жағдайда оған бұрынғы үйреншікті принциппен ауыр сын айтудан аулақ болу керек», – дейді ҰТО директоры Руслан Тоқтарбекұлы. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап ҰБТ-ға қатысу, қатыспау еркі әр оқушының өзіне берілген. Онлайн тіркелудің өзі оның ешкімнің ықпалынсыз жеке шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Тіпті, тапсыратын күнін, уақытын, өтетін жерін де өзі таңдай алады. Орталық директорының сөзінше, бұл жеңілдетілген процестер баланың тестілеуден психологиялық тұрғыдан қиналмай өтуі үшін жасалған.
Жыл сайын ҰБТ тапсырмаларына қатысты сын айтылып жатады. Биыл тест базасындағы «Қазақстан тарихы» пәні сұрақтарының саны өзгеріссіз сақтала отырып, контекстік (мәнмәтіндік) тест енгізіліпті. Яғни, 15 сұрақтың 5 сұрағы контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет. Бұл контекстік сұрақтар фактологияға емес, функционалдық сауаттылыққа негізделген екен.
Бұл жоғарыда аталған ережелердің барлығы жалпы білім беру мекемелеріне арналған. Осы тұста елімізде ҰБТ-дан босатылған Назарбаев зияткерлік мектептері мен SAT емтиханын тапсыратын білім мекемелері бар екенін де айта кеткен жөн. Олардың балына арнайы емтихан арқылы конвертация жасалып, ЖОО-на түсу конкурсына тікелей қатыса алады. ҰТО директорының айтуынша, алдағы уақытта ұлттық тестілеу барлық білім мекемелеріне міндеттелуі мүмкін.
«Бірақ биыл SAT-тың өзінде үлкен өзгеріс болды. Қазір арнайы жоба жасалып жатыр. Ол жүзеге асқанда ҰБТ-ны тапсырмайтын білім мекемелері елімізде аз қалады», – дейді ол.
БИЫЛ ҚАНША ГРАНТ БӨЛІНДІ?
Мектеп бітіруші талапкерлерді алаңдататын көп сұрақтың бірі – осы. Өйткені әр жыл сайын басымдық берілетін мамандық салалары мен бөлінетін грант саны өзгеріп отырады. Осы сауал бойынша Білім және ғылым министрлігінен мынадай жауап алдық.
Жалпы, біздегі білім гранттарын бөлу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген ел экономикасының салалары үшін қажетті мамандықтар болжамы негізінде жасалады екен.
Кейін сол кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Үкіметтің үш жылға арналған қаулысымен бекітіледі. Статистикаға назар салатын болсақ, білім гранттарының жыл сайын көбейіп бара жатқанын байқауға болады. Мысалы, 2019 жылы жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 51 023 грантты құраса, 2020 жылы 51 056 грант бөлінген. Ал былтыр талапкерлерге арналған грант саны 56 561 болған. Жалпы, соңғы 5 жылда жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 50 пайыздан асқан.
Енді 2022-2023 оқу жылы, яғни биылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына тоқталсақ. Елімізде жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған жалпы саны 88 214 грант бөлініпті. Оның ішінде бакалавриат үшін 73 061 грант, магистратураға 13 263 грант, ал докторантура арналған 1 890 грант бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ЖОО-лардағы гранттардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді екен.
Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға арналған гранттардың жалпы саны 36 пайыздан 60 пайызға дейін өседі.
ГРАНТҚА ТҮСУДІҢ БИЫЛҒЫ
ШЕКТІК БАЛЫ ҚАНША?
Тестілеудің ең жоғары балл саны әдеттегідей – 140. Ал шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсуші талапкерлер үшін ең жоғары балл – 125 балл. Дегенмен грантқа түсу үшін ҰБТ-дан жинаған балдың республикалық конкурс деңгейіндегі балмен сәйкес келуі маңызды. Сол үшін биылғы шекті балдарға тоқталып өтсек.
Ұлттық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын iске асыратын ұйымдарына кемінде 65 балмен қабылданады. Ал «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» даярлау бағыты бойынша бекітілген балл саны 75-тен төмен емес. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша грантқа оқуға түсу үшін 60 балдан кем жинамау керек.
Ал басқа да жоғары оқу орындарына түсудің шекті деңгейі кемінде 50 балды құрайды. «Педагогикалық ғылымдар» саласында тегін негізде оқу үшін шекті балл 75-тен жоғары болу керек болса, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету», яғни медицина саласы бойынша 70 балдан төмен болмау керек.
Сонымен қатар әр ЖОО-ның белгілейтін өз шекті балы барын да ескерген дұрыс. Ал бейінді пәндер білім беру бағдарламары тобына байланысты таңдалады.
Руслан ЕМЕЛБАЕВ,
Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
«ҰБТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ТЕК МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА
САЙ ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ»
– Ұлттық тестілеу орталығы министрлікпен тек тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан біз талапкерлерге ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл – барлық талапкерге тегін. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. «Жаратылыстану бағытындағы пән сұрақтары тым күрделі. Мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар көбейген» деген сияқты сыни ескертпелерді естіп жатамыз. Алайда, ҰБТ тапсырмалары тек мектеп бағдарламасына сай құрастырылады. Ол сұрақтарды мектепте сабақ беріп жүрген пән мұғалімдері даярлайды. Тест құрастыру алдында бұл педагогтер тестология бойынша семинар-оқыту курстарынан өтіп, тест тапсырмаларын дайындауға кіріседі. Даярланған сұрақтар екі рет сараптамадан өтеді, әр сараптамадан соң түзету жұмыстары жүргізіледі. Сараптамаға да тәжірибелі пән мұғалімдері шақырылады. Екі сараптама аяқталған соң, тапсырмалар мектепте 11-сынып оқушыларымен апробациядан өтеді. Содан соң Ұлттық тестілеу орталығының пән кураторлары тапсырмаларды ҰБТ-ның сұрақтар базасына енгізеді. Жалпы, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін болатын тестілеу 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады. Тағы бір жаңалығымыз, білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіп жатырмыз. Олар орталықтардың YouTube арналарында тікелей эфирде өтеді және сақталады. Оқушылар кез келген уақытта сабақтарды қайта қарай алады. Талапкерлер үшін жасалған тағы да бір мүмкіндік – екі жыл қатарынан ҰТО Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 датаны бекітті. Тестілеу барысында кездесетін даталар тек осы 100 датадан болады. Олар желтоқсан айында біздің сайтымызға орналастырылды. Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі. Кәмелеттік жасқа толмаған талапкерлер негізгі ҰБТ-ға тіркелу барысында ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілдің аты-жөнін және байланыс телефонын көрсетті. Айта кетсем, негізгі ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру 2022 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайтында жүзеге асты. Өтініштерді қабылдауды 24 сағат режимінде үздіксіз жүргіздік. Жаңа ережелер мен өзгерістердің барлығы балалардың физикалық, психологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып қабылданды. Әлі де тестілеудің өту барысы мектеп бітіруші түлектерімізге барынша жеңіл әрі ыңғайлы болуы үшін жұмыс жасап жатырмыз.Түйіндесек, ҰБТ-ның жыл сайын ережелері мен өткізу форматының өзгеруі тест тапсырушы талапкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталып жатқаны қуантады. Жаңа өзгерістердің енуі бітіруші түлектерге мектеп тарапынан моральдық қысым жасалуына шектеу қоятын шығар деген үміт бар. Биылғы жаңалықтың ең тиімді тұсы – оқушылардың ақылы және тегін негіздегі ЖОО үшін тестті өздері қалаған уақытта 2-3 рет тапсыруға мүмкіндік берілуі. Дегенмен ұлттық тестілеуді ортақ бір жүйе мен стандартты формаға келтіретін де уақыт келген сияқты. Бұл – қоғам талабы. Сондай-ақ бірыңғай тестілеуді білім мекемелерінің бәріне тапсыруды міндеттеу тезірек жүзеге асса, ҰБТ елдегі барлық бітіруші түлектердің тілегін бір жерге түйістіретін негізгі сынақ платформасы статусына ие болар еді. Дегенмен бұл тестілеу өмір мен білім емтихандарының ең соңғысы еместігін ұмытпаған да жөн.