50689
Қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген – Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты
Қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген – Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты
Соңғы жылдары оқушы қыз балалардың мектепте орамал тағуына қатысты дау өршіп тұр. Жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке орамал тағып келуге рұқсат берілуі мүмкін деген мәлімдеме жасады. Бұл бізден басқа да мемлекеттердегі басты мәселенің бірі болып тұрғанын айтқан министр орамал тағуға тыйым салғандықтан, ата-аналары мектепке баруға рұқсат бермей отырған оқушыларға қатысты ережені жеңілдету керектігін алға тартқан еді. Бұған қатысты ел тұрғындарының пікірі екіге жарылды. Бірі мұны қолдаса, бірі қарсы шығып жатыр. Осы тақырып төңірегінде педагог, Сенат депутаты Динар Нөкетаева ханымның пікірін білген едік.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Сенат депутаты:
ҚЫЗДАРЫМЫЗ БАСЫНА ОРАМАЛ ЖАУЫП, БОЙЫН ТОЛЫҒЫМЕН МАТАМЕН ОРАП ЖҮРМЕГЕН
– Бұл біздің қоғамдағы әлі бір нақты шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі болып тұр. Біріншіден, біз зайырлы, демократиялық мемлекет болсақ та, құқықтық мемлекет екенімізді де ұмытпауымыз керек. Сол үшін біз діни орын ережелері мен әлеуметтік, педагогикалық мекемелер тәртібін бір-бірімен араластырып, шатастырмауға тиіспіз. Екеуінің қоғамдағы миссиясы мен функциясы мүлдем бөлек. Сауд Арабиясы, Иран сияқты дінді ғана басты құндылық ретінде ұстанатын елдермен өзімізді салыстыруға болмайды. Олардағы киім кию салтының өзі жергілікті табиғат ерекшеліктері мен ішкі діни-саяси мәселелеріне байланысты қалыптасқан. Мысалы, мен сол мұсылман мемлекеттерінің кейбірінде болған кезде сонда тұратын жергілікті әйел адамдардың біразы бетті бүркеніп немесе үнемі оранып жүрудің қиындық тудыратынын айтқан болатын. Бірақ басқа амалдары болмаған соң солай жүруге тура келеді. Өздерінің киім кию салтына разы емес халықтардың әдеті мен әдебін бойымызға көшіруден біз опа таппаймыз.
Хиджап пен орамал – біздің ұлттық киіміз емес. Мен бұл жерде келіндеріміз тартатын жаулықты айтып тұрған жоқпын. Мұның бәрі сыртқа еліктейміз деп, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан салтымыз бен мәдениетіміздің түп-тамырына дұрыстап үңілмеуден болып жатқан жағдайлар деп ойлаймын өзім. Біз қазақ ешқашан дінге толығымен мойынсұнып, өз дәстүрімізден аттап кеткен емеспіз. Оған тарих куә. Бұрынғы ата-бабаларымыз өмір сүрген кезеңге көз жүгіртсек, қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген. Кішкентай кезінде көз тимесін деп үкілі тақия кигізген. Ал бойжете бастаған тұста шашын қос өрім етіп өріп, шашбау таққан. Кейін оң босаға аттайтын кезде ғана сәукеле кигізіп ұзатып, түскен жері басына ақ жаулық салған. Демек, бұл арқылы жап-жас, бүлдіршін қыздарымызды бүркемелеп қою деген салтымызда болмағанына көз жеткіземіз. Дінді ұстансақ та, оны жастарымыз бен бүлдіршіндерімізге мәжбүрлеп таңған кезіміз болмаған. Мұны біраз қоғам қайраткерлері де жиі айтып жүр. Бірақ одан әлі еш нәтиже шығар емес.
Жалпы, мен педагог ретінде жас оқушыларымыздың мектепте орамалмен жүруін құптамаймын. Мектеп – діни мекеме емес. Білім ордасында жүрген кезде жалпыға ортақ, нақты бекітілген формамен жүру керек. Сабақтан тыс уақыттарда өздері қалаған киімдерін кисе болады ғой. Бұл жерде ата-аналар бала алдындағы жауапкершілікті тереңірек түсіну керек деп ойлаймын. Әйтпесе солардың ықпалымен орамал, хиджап киіп жүрген қыздарымыз мектепте өз қатарластарының жанында қысылып, тіпті кейде психологиялық қысымға да ұшырауы мүмкін.
Мен педагог болғаныммен, қазіргі статусым – әже. Әже ретінде де кішкентай немерелерімнің оранып, балалық шақтарын діни рәсімдерді жасаумен өткізгендерін құптамаймын. Бәрі өз уақытымен болады ғой. Көшеден орамал тағып, аяғына дейін оранып киініп алған оқушы қыздарды көріп қаламын. Сырттай қарағанда ол киімдері өздерінің еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретіні көрініп тұрады. Әсіресе, жаз, қыс мезгілдері. Мектеп жасындағы кезең олардың достарымен ойнап, асыр-салып жүретін кездері ғой.
Әрине, бұл – әркімнің өз шешімі. Бірақ біз құқықтық мемлекет болғаннан кейін нақты бекітілген ережелер мен заңдарды құрметтеп, сыйлауымыз керек деп ойлаймын.
Ә.Құлманова