Дархан Мыңбай: Ата Заң – елдіктің өлшемі

Дархан Мыңбай: Ата Заң – елдіктің өлшемі

Дархан Мыңбай: Ата Заң – елдіктің өлшемі
ашық дереккөзі
50506
Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша өткен референдумға қатысты пікірін білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Өзгерістер күткен еліміздің азаматтары референдум арқылы өз ерік-жігерін әлемге жария етті. Қатысушылардың 77,18 пайызы жаңарған Конституцияны қолдады. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның референдумды бағалау жөніндегі миссиясының басшысы Тамаш Месерич осынау саяси шараны ұйымдастырушыларға референдум комиссияларының барлық деңгейлерінде тиімді өзара іс-қимыл жасағаны үшін алғыс айтты. Алдағы уақытта тығыз ынтымақтастығын жалғастыруға дайындығын растады. Шанхай ынтымақтастық ұйымынан, Түркі мемлекеттер ұйымынан келген, өзге де халықаралық байқаушылар қатысып, еліміздегі жағдайға қанық болды», – деді Дархан Мыңбай.
Мәжіліс депутаты қашанда жаңалыққа құмар халқымыздың ішінен, әсіресе жастардың ынтасы ерекше болғанын атап өтті.
«БАҚ-та жарияланған дауыс беру қорытындысы тек цифр мен пайыз болып қалмасын десек, қоғамды түзеуге деген құлшыныс, адам құқығын сақтау, соның ішінде еңбек адамына деген құрмет, сайлау туралы, өзге де заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру, оны бұлжытпай орындау бір сәт те ұмыт қалмауға тиіс.  Өйткені, халық сыны қатесіз. Ал Ата Заң – елдіктің өлшемі. Кезінде «Жеті жарғыны» қабылдағаннан кейін әз Тәуке хан атақты билерден: «Дауға билік айтқанда, алдымен жасы үлкеннің бастауы, жасы кішінің қоштауы жөн бе, әлде жасы кіші бастап, жасы үлкеннің қоштауы жөн бе? - деп сұрапты. Сонда бұл сұрақтың сын екендігін ұққан Төле би бабамыз: «Төбеде тұрған кісі төрт жағын түгел көргенде, төменде тұрған екі жағын, беткейде тұрған бір жағын әрең көреді. Сондықтан жасы үлкеннің, оңы мен солын, алды-артын болжаған ағаның алдымен билік айтқаны дұрыс қой» - деген жауабы қай заманда да көкейде тұрса, ата-дәстүрден айнымайтын шығармыз», - деді ол.
Дархан Мыңбайдың  айтуынша, елімізде дәстүрді жаңғырту бағытында Ұлттық құрылтайдың құрылуы да халықты мемлекет ісіне тартуға мүмкіндік береді.
«Одан басқа жаңа құрылымдар - конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Жоғары Аудиторлық палата өз дәрежесінде елімізде әділеттілікті орнатуға барынша атсалысуға тиіс деп ойлаймыз. Конституциялық реформа жауапкершілігін мойнына алған биліктің барлық тармақтары өздеріне жүктелген орасан зор міндеттерді адал орындау арқылы ғана елімізді өркендетіп, дамытуға үлес қоса алады», - деді Мәжіліс депутаты.
Іңкәр Серікқызы

Серіктес жаңалықтары