3672
Тәуелсіздік – тәуекелге бара алатындардың сыбағасы
Тәуелсіздік – тәуекелге бара алатындардың сыбағасы
Тәуелсіздік – халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік – қазақ халқының ерік-жігері. Азаттықтың қазаққа оңай келмегені хақ. Қазақ жерінің жаңа тарихының беті ашылған, Алты алаштың айбынын асқақтатқан Тәуелсіздігімізге биыл – 25 жыл. Осы орайда, егемендігіміз бен елдігімізді сөзбен суреттеген ұлт зиялыларының орамды ойларынан үзінділерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Тәуелсіздік бізге ең алдымен, той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек. Тәуелсіздіктің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттық ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетеді.
***
Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті
Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.Әлихан БӨКЕЙХАНОВ,
Алаш арысы
Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе.Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
Алаш арысы
Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды да. Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таржысынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады.Мұстафа ШОҚАЙ,
Алаш арысы
Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көну. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау. *** Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын. *** Азаттықтың асау тұлпарының тізгініне тұтымды уыс, тегеурінді тақым, тереңнен толғап, алыстан барлап, қапысыз шешім таба алар кемел ақыл иелік ете алмақшы. *** Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік. *** Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз. *** Тәубемізден жаңылмасақ, тәуекелімізден тайынбасақ, тәуелсіздігіміздің тасы өрге домалайды. *** Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет. *** Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады. *** Еркіндік дегеніміз – ешкімнің күштеуінсіз өзіңді-өзің қадағалайтын қатаң жауапкершілік.Әбіш КЕКІЛБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері
Мемлекет – қоғамның шаңырағы. Шаңырақ шайқалмас үшін, оның уығы – мемлекеттік идеология, керегесі – қоғамдық яғни ұлттық идеология екенін естен шығармауымыз керек. *** Мекен-тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, қазынасы – тілі. Тілінен айрылған халық адамзат тарихының кемесінен, назарынан тыс қалады. *** .....патриотизм атты киелі ұғымның қай заманда да генераторы – идеология. Тиянақты идеологиясы жоқ мемлекет құбылнамасы жоқ кемемен бірдей.Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның халық жазушысы
Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық еді. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты! Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе! Ақиқатын айтсақ, қаймана қазақ бұл жолда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа зор қарыздар. Сонау 90-шы жылдардың басында жаңа заман туды. Нұрсұлтан бастаған республика басшылары Қазақстанның егемендігін жария етті. Жаңа дәуірден тыңнан жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қиын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер кім бар? – дегенде көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды, дүние жүзі таныды. Оның дүниежүзілік беделі күннен-күнге артып келеді.Шерхан МҰРТАЗА,
Қазақстанның халық жазушысы
Ұлтқа, Отанға «жанартаудай атылып» қызмет ету – патриотизм. Тәуелсіздікпен мақтану аз, оны жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Ел мүддесін, халық мүддесін қорғап, оны ақтау қарыз. Жадағай қазақ, жаңа қазақ, қазақ ұлты, Қазақстан халқы бірігіп ол мүддеге негіз, тірек болуымыз керек… Егер демократиялық, құқықтық, зиялы қауым құрғымыз келсе, мемлекет халықтың қалың тобының мүддесіне негізделген әлеуметтік саясат жүргізуі керек. Біздің идеологияның басты, ең соңғы сөзі – тәуелсіздік, оны баянды ету. Мемлекеттегі идея да осы. Сан тарапқа тараған партиялар мен қоғамдардың ұрандары мен бағдарламалары қалаған, ұлт пен ұлыс өкілдерінің кәделеріне жараған негізгі ұлттық мүдде – тәуелсіздік болуын ұмытпағанымыз абзал.Манаш ҚОЗЫБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, академик
Жұбан ақын жырлағандай, қазақ «мың өліп, мың тіріліп», осы күнге жетті. Ата-бабамыз тәуелсіздікті сан ғасырлар армандап өтті. Егемендік үшін күресті. Қазір қазақтың қай жерін алсаң да, асты толған зират, сүйек. Күлтегінге арналған жырда «Сүйегі таудай үйілді, қаны судай ағылды» дейді. Тәуелсіздіктің ақ таңын көру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Қытайлар «мыңжылдықтар тоғысында өмір сүрмеу керек» деп айтады екен. Біз өмір сүріп отырмыз. Дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып жатқанда халқымыз сан мың жылдар аңсаған мұратына жетті.Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет қайраткері
Біздің қазақ ерте заманнан бастап тәуелсіздікті арман еткен халықтардың бірі. Бірінші рет Тәуелсіздігімізді біз 1456 жылы Жәнібек пен Керей Алтын Ордадан бөлініп, Қазақ хандығын жариялағанда алдық. Содан кейін жоғалтып алған тәуелсіздігімізді 1991 жылы 16 желтоқсанда өзімізге қайтадан оралттық. Тәуелсіздік деген сезімнен қуанышты, өрісті сезім жоқ. Әрбір мемлекеттің ең бақытты шағы – Тәуелсіздік шағы. Міне, сондықтан, мен трибунаға келген кезде халқымыздың Тәуелсіз мемлекет болған күнін бүкіл дүние жүзіне жариялауға көтеріліп келгенімді есімнен шығарғаным жоқ.Сұлтан САРТАЕВ,
заң ғылымының докторы, академик
Тәуелсіздік идеясын мен қуана құптаймын, бұл мен үшін бостандық! Бірінші кезекте, рух еркіндігі, биік адамгершілік еркіндігі. Біз бұған әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Бізде бірінші кезекке жанның емес, тәннің қалауын шығардық. Тым есепшіл болып кеттік. Бұл – қауіпті.Герольд БЕЛЬГЕР,
Қазақстанның халық жазушысы
Тәуелсіздік туралы көп ойланып жүрмін. Дербестік бізге оңай келген жоқ. Елбасының ақылдылығымен келді. Бірден тәуелсіз елмін деп өзбектің айтуға қақысы бар. Өйткені оларды Ресейден біз қорғап отырмыз. Ол Өзбекстанға бару үшін біздің жер арқылы өтеді. Тәжіктер, түркімендер, қырғыздар бізден бұрын тәуелсіздігін жариялады. Осы төрт елге біз арқамызды тосып отырмыз. Географиялық тұрғыдан алғанда аталған мемлекеттердің бағы бар. Біздің жағдайымыз басқаша. Елбасы тәуелсіздікті жариялар алдында Американың, Қытайдың, Ресейдің тілін тауып, жол таба білді.Әкім ТАРАЗИ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Бұл бір жағынан алып қарағанда өте қысқа уақыт сияқты, ал ой жіберіп, бұл жолда не істелді, қандай биіктерге қол жеткіздік, ел ретінде, халық ретінде бізді әлем таныды ма деген сұрақтарға жауап іздесек, ғасырға бергісіз жолдан өткенімізді түйсінеміз. Әр жыл бір тарихи кезең ретінде есімізде сақталып, талай айтулы белестерді артқа қалдырғанымызды байқауға болады. Соның бәрі – біздің тарихымыз, тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Сондықтан да өткен күндердің бәрі біз үшін ыстық, ол тек қағазға түскен қасаң тарих қана емес, сіз бен біздің өміріміз, сіз бен біздің атқарған ұлы істеріміз, қуаныштарымыз бен әттегенайларымыз. Осынау 25 жылдың әр жылының өзінің әкелген жақсылығы мен берекесі бар. Әр жыл біздің санамызда өзінің өшпес ізін қалдырып өтіп жатыр. Мейлі, кей жылдарда қиындығы мен тығырыққа тіреліп, қиналған да кезіміз болған шығар. Бірақ сол қиындықтардың өзі біздің жас мемлекетімізді ширатып, әлемдік өркениетке жол ашты.Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы
Тәуелсіздік туралы тереңнен толғап, арғы-бергі тарихты қозғап, көсіліп айтуға болады. Азаттық жолындағы бабаларымыздың айбынды күресі ғасырларға ұласты. ...Енді Ұлы мерекенің ширек ғасырлық тойын аста-төк қылмай, жинақы өткіземіз деп жатырмыз. Ол да дұрыс. Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Ақмоланың Астана атануы да азаттықтың айқын жеңісі дейміз. Ол – Елбасының тарихи еңбегі. Оны айтуымыз қажет. Рухани салада санамыз түледі. Асыл құндылықтарымыз ардақталды. Тасада қалған тарихымыз түгенделді. Жалпақ жұртқа ұлы әдебиетіміз бар екенін білгіздік. Тарихи тұлғаларымызды тірілттік. Жалпы, руханият әлемі экономикадан да маңызды сала саналады. Экономика құбылмалы келеді. Елбасы да: «Біз қазақтың рухани шындығын қайта айтып, жаңғыртып, сол арқылы халқымыздың жоғалған беделін қайтарып бердік» деген. Расында, халқымыз сол рухани рухын қайтарып алды. Соның арқасында байырғы ұлттың ертеңге деген сенімі күшейді. Міне, осы мәселені ерекше айтқан жөн. Қоғамның прогрессивті күші – жастар. Зәредей болса да жастардың тәуелсіздікке қосқан үлесін ұмыт қалдырмаған жөн. Аға толқынның азаттық үшін жасаған еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Ол – біздің парызымыз.Алдан СМАЙЫЛ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Көп адам, талай тағдыр жапа шексе де ұлттық серпілістің кілті осы кезден басталды. Қазақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ мемлекетінің бұрын құлап қалған шаңырағын қайта көтерді. Қазақтың ұлт ретінде қайта түлеуінің бір мүмкіндігі осылайша туды. Ұлттың бұлайша қайта түлеуі (ренессанс) бір емес, сан рет қайталануы мүмкін. Л. Гумилев айтқандай, қазақ қазір «инкубациялық кезеңді» басынан кешіріп жатыр.Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,
тарих ғылымының докторы