53064
«Қыз Жібек» фильмі туралы 20 қызық дерек
«Қыз Жібек» фильмі туралы 20 қызық дерек
Қазақ киносының алтын қорына айналған «Қыз Жібек» көркем фильмінің жарық көргеніне бүгінде жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Соған сәйкес, turkystan.kz фильмді түсіру, монтаждау кезіндегі сәттерден 20 қызық мәлімет ұсынбақ.
- «Қыз Жібектің» алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталыпты. Кино түсірілгенге дейін фильм сценарийі 1944 жылы, яғни 10 жыл бұрын жазылған екен.
- Фильмді түсіру үшін қазіргі күні кездеспейтін 8-10 қанатты шаңқан ақ үй арнайы тігілген. Түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қолданылады.
- Режиссерлік сценарий бойынша Жібектің 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітіледі («Анна Каренина» фильмінде Каренинаның 25 түрлі костюмі болған).
- Жасанды, боялған материал экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті барқыт, мақпал, жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-камзолды әдіптейтін құндыз, сусар, елтірі, киімді оқалайтын жақат, інжу-маржан қолданылады.
- Арнайы қаулы негізінде, Ауыл шаруашылық министрлігіне фильмге керек таңдаулы 40 ат тауып беру жүктеліпті.
- Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да сатуда жоқ кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілген екен.
- Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекей жасап шығарған.
- Фильм суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мыңдаған моншақтарды бір-бірлеп өз қолдарымен қадаған екен.
- «Қыз Жібек» группасындағы жүзге жуық студия қызметкерлері екі жыл бойы даярлық, әзірлік жұмыстарын орындап шығыпты.
- Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түсіпті. Олардың ішінде 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің серіктері ретінде бекітілген.
- Режиссерлер Жібек рөліне лайықты қызды таппай, ұзақ ізейді. Алматының №66 мектебінде 10 сынып оқып жүрген Меруерт Өтекешованы режиссер Ғазел Мағауина студияға ертіп әкелген.
- 1969 жылы 4 сәуірде көркемсовет мәжілісі фильмнің алғаш түсірілген материалын талқылайды. Жиында Төлегенге «Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ көрінеді» деген сын айтылады.
- Шәкен Айманов «Біздің көріп отырғанымыз – ойсыз алаңсыз жүрген біреу» десе, Ғабит Мүсірепов «Ол Бекежанның қасында бір бишара. Төлеген, қайталап айтайын, тым дәрменсіз, үміт аз...» деп сенімсіздік танытқан. Десе де сырбаз да, ізетті Төлеген рөлін Құман Тастанбеков өз деңгейінде алып шықты.
- «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын обьектілерді түсіру кезінде «Қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе әкелінеді;
- Тастың басына ескі таңбаларды қашап салу үшін екі үлкен көтергіш кран жөнелтіледі;
- Іле жағасында «Сырлыбай ауылы» үшін 35 киіз үй тігіліпті;
- Фильмге Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінеді.
- Қаршыға мен Шегенің күй жарысында билей жөнелетін аққулардың көрінісін кеш батып бара жатқанда түсіріп үлгерген. Фильмдегі аққулар биін түсіру үшін оператор мен режиссер бір күн бойы тапжылмастан күткен екен.
- Көлемі 3600 метр фильм үшін 50 мың метр пленка қолданылады. Кейбір кадрлар 10-12 рет қайтара түсірілген.
- Қазақтың кең өлкесінің көркем бейнесін барынша әсем көрсету мақсатында Ұлытау, Ақтау, Алтай, Жайық, Іле жағасы, Қарқаралы, Алатау табиғаты кадрға алынады.
- «Қыз Жібек» 1972 жылы Бакуде Бүкілодақтық кинофестивальда көрсетіліп, фильм оң бағаға ие болады.