Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі құрылды
Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі құрылды
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін шетелде туып, өзі өскен жерлерде қазақ көркемсөзін дамытуға үлес қосып жүрген қаламгерлердің шығармашылығына назар аударыла бастады. Бұрын шетте өмір сүрген жекелеген ақын-жазушы, ғалымдардың аты ғана атажұртына белгілі болса, енді бұлардың жазғандары тарихи Отанында танылуына кең жол ашылды. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы, Қазақстан Жазушылары одағының араласуымен олардың кітаптары шығарылып, шығармашылық кештері өткізіліп жатты. Бұл дүниежүзіндегі бар қазақтың рухани бірлікте өмір сүргенінің айғағы еді. Енді бұл үдеріс жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Осы аптаның басында Жазушылар одағының жанынан шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі құрылды. Кеңестің жаңартылған құрамдағы алғашқы отырысы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын, академик, әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Жақыптың басқаруымен өтті. Жиналыста Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің құрамы жасақталып, мәжіліске қатысушылар Әрмиябек Сағындықұлын кеңестің төрағасы етіп сайлады. Сондай-ақ кеңес төрағасының орынбасары Мұрат Шәймаранұлы, хатшысы болып Бағдат Мүбарак сайланды. Ал қаламгерлер Сейітжанұлы Зуфар, Ахметбекұлы Алмас, Ислам Жеменей, Дағжан Белдеубай, Ахмет Өмірзақ, Жәди Шәкенұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Рысбек Дәбей, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Тұрсынхан Зәкенұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Мағиза Құнапия, Мақсұтқан Дәлей, Сейітхамза Сламхат, Серік Әкрамұлы, Шоқан Мұратхан кеңестің мүшелері болды. Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Әрмиябек Сағындықұлы 1956 жылы 13 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Алтай аймағы Буыршын ауданы Шұңқыр ауылында дүниеге келген. Ол 1982 жылы Іле педагогика институтын, 1988 жылы Шыңжаң педагогика университетін бітірген. Іле институтында, Шыңжаң педагогика университетінде оқытушы болған. 1993 жылдан бері Ұлттық ғылым академиясында ғылыми қызметкер. 1989 жылдан бері әдебиет зерттеумен, әдеби аудармамен, шығармашылықпен айналысады. «Тарбағатай», «Шұғыла», тағы басқа баспаларда көптеген зерттеу еңбектері жарық көрген. Жиналыста Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі жайында сөз сөйлеп, оны құрудың мақсаты мен міндеті туралы айтты. Бұдан соң кеңес мүшесі, белгілі ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы, ҚР мәдениет қайраткері, Халықаралық жазушылар Pen club мүшесі Ислам Жеменей сөз сөйлеп, өзінің қазақ әдебиетін Иран еліне таныту жолында істеп жатқан жұмыстарымен таныстырды. Ғалымның қазақ әдебиеті туралы зерттеулері Иранның бірнеше беделді басылымдарына жарияланып, қазақ әдебиеті туралы зерттеу кітабы Иранның Қазақстандағы елшілігінің көмегімен жарыққа шыққан. Енді ол алдағы уақытта қазақ әдебиеті туралы бірнеше томнан тұратын зерттеу еңбегін парсы тілінде жазып жатқанын және оның алдағы кезде Иранда жарық көретіні жайында хабардар етті. Сол сияқты жиынға қатысқан шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің мүшелері де сөз сөйлеп, Жазушылар одағы басшылығына өз ұсынысын айтты. Кеңес мүшелері шетелдегі қазақ әдебиеті мәселелеріне орай айына бір рет жиналыс өткізіп тұруға келісті.