ҚазҰУ жаһандық сертификат иегері атанды

ҚазҰУ жаһандық сертификат иегері атанды

ҚазҰУ жаһандық сертификат иегері атанды
ашық дереккөзі
50383
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR жаһандық рейтингі бойынша 150-орынға ие болды деп хабарлады turkystan.kz. Рейтинг қорытындысы 8 маусымда жарияланған еді. Осыған орай, білім ордасындағы «Әл-Фараби» кітапханасында университетке QS  рейтингісінің сертификатын тапсыру салтанаты өтті. Марапатты ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа табыстады. Агенттік өкілі ҚазҰУ-дің соңғы жылдардағы жетістігін атап өтіп, QS жаһандық рейтингіндегі талаптарға тоқталды. Университеттің алдағы даму жоспарымен, ғалымдардың ғылыми-инновациялық жобаларымен танысқан ол ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биыл көптеген талаптар бойынша өз көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Халықаралық деңгейдегі рейтингте 150-орынға жайғасу – үлкен көрсеткіш. Мұндай ҚазҰУ тарихында болмаған. Университеттің дамуына сүбелі үлес қосып, еңбек еткен оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен барлық ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің білім ордаларыңыз дамыған мемлекеттердің университеттері арасынан оза шығып, алдыңғы қатарға жайғасты. Бұл – сіздердің еңбектеріңіз», – деді Сергей Христолюбов.
 width= Өз кезегінде университет басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық рейтинг қазақстандық жоғары оқу орындары үшін жыл сайын өз көрсеткіштерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Бір жыл ішінде оқу орнымыз 175-орыннан 25 позицияға жоғарылады. QS WUR жаһандық рейтингіндегі жаңа көрсеткішіміз – 150-орын. Бұл – біз үшін үлкен жетістік әрі жоғары жауапкершілік. ҚазҰУ – «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» марапатын алған Орталық Азиядағы  алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.  Сондай-ақ, QS by Subject пәндік рейтингісінде университет 4 пән саласы мен 16 дайындық бағыты бойынша үздіктер қатарына кіреді. Университеттің 137 білім беру бағдарламасының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді», – деп атап өтті ректор.
Университет басшысы барлық ғалымдарды, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерді құттықтап, бұл жетістікпен тоқтап қалмай, межелі мақсаттарға жету жолында табысты еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, іс-шара барысында химия және химиялық технология факультетінің профессоры Зұлхаир Мансұров,  Instituto Universitário de Lisboa  профессоры Постолах Октавиан, халықаралық білім беру америкалық кеңестер ұйымының жоғары білім беру бағдарламаларының басқарушы директоры Грэм Хеттлингер, Колумбия университетінің докторы Мамата Ханумаппа, химия және химиялық технология факультетінің аға оқытушысы Гемиль Ахмат, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Муззаммил Илахи және  докторант Арифиоглу Абдуррахман Зеки ҚазҰУ ұжымын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Айта кетсек, QS WUR әлемнің үздік университеттерінің тізімі 2004 жылдан бері жарияланып келеді. Ағымдағы жылы рейтингке әлемнің 100 елінен 2,5 мыңға жуық ЖОО қатысқан болатын.

Серіктес жаңалықтары