50433
Елордада «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті өтеді
Елордада «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті өтеді
Бүгін, 17 маусымда елордада «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті өтеді деп хабарлады turkystan.kz.
Медицина қызметкері күнін мерекелеу қарсаңында және Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясының шеңберінде іске асырылатын іс-шараның ұйымдастырушылары Денсаулық сақтау министрлігі және «ALTYN SHIPAGER» ұлттық медициналық сыйлығының ұйымдастыру комитеті болып табылады.
Саммитке Президент әкімшілігі, Үкімет мүшелері, елдің медицина жұртшылығының өкілдері, бизнесмендер, денсаулық сақтау саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысады.
«Медициналық саммит барысында дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірушілерінің, импортерлердің және дистрибьюторлардың, фармацевтикалық компаниялардың, медициналық мекемелердің, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, медицина саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің, ғылыми институттардың, зертханалардың және тағы басқалардың қатысуымен республикалық ауқымды көрме өтеді», - делінген хабарламада.Отандық және шетелдік спикерлердің, медицина саласындағы, менеджмент және денсаулық сақтау жүйесін стратегиялық дамыту саласындағы сарапшылардың қатысуымен TEDx форматында «Health&Talks» диалог алаңының отырысы өтеді. Сонымен қатар жыл сайынғы ALTYN SHIPAGER ұлттық медициналық сыйлық табыс етіледі.
«Саммиттің миссиясы мен мақсаты – адамның өмір сүру ұзақтығын ұлғайту және медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, жеке және мемлекеттік секторларының өкілдері үшін коммуникациялық алаң құру, медицина саласының қызметкерлеріне қолдау көрсету, отандық медицина мен медициналық туризм саласына инвестициялардың өсуін ынталандыру мақсатында жалпы мемлекеттік идеяға қол жеткізуге үлес қосу болып табылады», - делінген хабарламада.