50311
Елімізде жаңадан Су кодексі қабылданады
Елімізде жаңадан Су кодексі қабылданады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламентке жаңа Су кодексінің енгізілетінін мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
Қошановтың айтуынша, қазіргі кезде су ағындары мен су айдындарының режимін зерделеу үшін небәрі 310 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Жалпы, мұндай бекеттер 800-ден асуы қажет.
Ол, сондай-ақ, су шаруашылығы инфрақұрылымы әртүрлі мемлекеттік органдардың қарауында екенін айтты. Спикердің сөзінше, бұл су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Мәселен, сумен жабдықтау көздері (жерасты, жерүсті) мен топтық сутартқыштарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап береді. Елді мекендерді сумен жабдықтауды дамытуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Жоспарлау, салу және одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
«Еліміздің су саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақын арада Парламент мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Мендегі ақпарат бойынша, бұл Су кодексі министрлікте әзірленіп жатыр. Бұл құжатты біздің қараумызға тез арада енгізу маңызды. Ең бастысы, кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс. Елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі Бірыңғай оператор құру керек», – деді Мәжіліс спикері.