AMANAT-тың Атқарушы хатшысы азаматтарды қабылдады

AMANAT-тың Атқарушы хатшысы азаматтарды қабылдады

AMANAT-тың Атқарушы хатшысы азаматтарды қабылдады
ашық дереккөзі
50213
AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Ол түрлі өңірлерден түскен өтініштерді офлайн және онлайн форматта қарады. Тұрғындар көтерген жеке және жүйелі сипаттағы мәселелерді шешу заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Ақмола облысы Егіндікөл ауылының тұрғыны Светлана Гурбанова сумен жабдықтауда ұшырасып отырған проблемалары туралы айтты.  width=
«Су мәселесі шешілмей келеді. Ұңғыма да, құдық та жоқ, бар үмітіміз тек Нұра каналында. Мұндағы жағдай қиын, аудан жойылудың аз-ақ алдында тұр. Адамдардың көбі бұл жерден көшіп кетпек, сусыз қалай өмір сүреді? Мәселе өткен жылы, біз жаз бойы сусыз отырған кезде шегіне жетті. Аптасына 1-2 рет су алып келіп, әр үйге шамамен 200-250 литрден береді. Бірақ барлығында бірдей суды ұзақ уақыт сақтайтын бөшке де жоқ», - деді ол.
Бұған жауап ретінде Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленетінін, ал Нұра топтық су құбырын жөндеуге 2023 жылы кірісетіндерін жеткізді. Осыған ұқсас мәселемен Маңғыстау облысы Оңды ауылының тұрғыны Басшы Көбентаев та партияға жүгінді. Батыс Қазақстан облысы Подстепное ауылының тұрғыны Баян Төлеутаева өз ауылында балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр екенін алға тартты.
«Ауылымыз Оралдан 12 шақырым жерде орналасқан. Халық саны 15 мың адамға жетті. Жыл сайын 1-сыныпқа баратын балалардың саны артып келеді. Жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, біз құрылысты барынша жылдамдатуды сұраймыз», – деді ол.
Өз кезегінде Қостанай қаласынан келген Айымгүл Ахметова денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін, бірақ медициналық қызметкерлер қатарына кірмейтін тәрбиешілерді педагогтарға теңестіру қажет деп есептейді. Бұл шара осы саладағы еңбекақы мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық бірыңғай стоматологтар қауымдастығының президенті Назым Бектұрғанова балалар мен жүкті әйелдерге профилактикалық стоматологиялық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Көкшетау қаласының тұрғыны Фарида Көшенова «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына жетім балалар санатын қосуды сұрады. Олар қазіргі  уақытта бұл бағдарлама бойынша баспана ала аламайды. Бұған жауап ретінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин мұндай өзгерістер Үкімет қаулысымен бекітілгенін, жоба қазір мемлекеттік органдарда келісу сатысында екенін атап өтті. Павлодарлық кәсіпкер Виктор Пряхин ғимараттарды пайдалануға беру кезінде орын алатын келеңсіздіктерге тоқталды.
«Кез келген нысанды пайдалануға беру кезінде әлеуметтік қорғау органы жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін ыңғайлы болуын қамтамасыз ету бөлігіне сәйкес келетіні туралы декларацияны келіседі. Алайда, бұл декларацияны келісудің нақты алгоритмі мен мерзімі жоқ. Осы функцияны мемлекеттік қызметтер тізіліміне қосып, арнайы стандарт әзірлеуді сұраймыз», - деді ол.
Алматылық экобелсенді Сергей Снегирев жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң нормаларының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу жобасын іске қосуды ұсынды. Әрбір өтініш бойынша партияның Атқарушы хатшысы бірқатар нақты тапсырма берді. Өтініштердің басым бөлігін Асхат Оралов жеке бақылауына алды.
«AMANAT партиясының XXI Съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметін жандандыруды тапсырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында, партия  билік пен азаматтар арасындағы көпір болуы тиіс. Олар әділдік іздеп, бізге келеді. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды», - деп атап өтті Атқарушы хатшы.
 width= Айта кетейік, AMANAT партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 65 мыңнан астам адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 13 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 36 мың адамның талап-тілегі тыңдалды. «Мобильдік қоғамдық қабылдаулар» жобасы аясында 4 ай ішінде партиялықтар еліміз бойынша 578 ауылды аралап, 5 мыңға жуық азаматты қабылдады.  

Серіктес жаңалықтары