«Үкімет пен қоғам арасына диалог алаңы керек» –  депутат

«Үкімет пен қоғам арасына диалог алаңы керек» –  депутат

«Үкімет пен қоғам арасына диалог алаңы керек» –  депутат
ашық дереккөзі
50272
Саясаттанушы, депутат Ерлан Саиров Мәжіліс пен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға серпін беретін диалог алаңын жасауға шақырды. Ал Қоғамдық Палатаның құрылуы соның бастамасы болатынын айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Біздің елімізде түбегейлі саяси реформалар, қоғамдық процесстерді жаңарту үрдісі жүріп жатыр. Мәжіліс төңірегінде  Парламент, Үкімет пен азаматтық қоғам арасындағы терең, жан-жақты диалог алаңын жасау –  заман талабы. Мәжілісте қазірдің өзінде заң шығару шеңберінде азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығымен оңтайлы  қарым-қатынас жүйесі қалыптасқан», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Саясаттанушының сөзінше, құрылғалы отырған Қоғамдық Палата Ұлттық Құрылтай форматын дамыта отырып, Мәжіліс пен қоғам өкілдері, сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды жүйелі түрде нығайтуға серпін береді. Сондай-ақ, ол демократияның индикаторы рөлін атқаратын Қоғамдық Палаталар институты әлемде жан-жақты дамығанын айтып, біздің елімізде де оны қалыптастыруға толық негіз бар екенін жеткізді.
«Ғибратты ой, салиқалы іс-қимыл әрқашан маңызды. Бұқар жырау «Сірә, бір кеңес құрыңыз, Бірауызды болыңыз!» деп атап өткен. Сондықтан Қоғамдық Палата жаңа заманға сай саяси мәдениетті қалыптастырып, қоғамдық-саяси ағартудың да мектебі болуы қажет. Палатаның мүшелері жүйелі түрде өзгеріп тұрады. Солайша, белсенді, өзінің айтары бар азаматтар потенциалын ұштауға мүмкіндік алады», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Яғни, Саировтың айтуынша, Палатаға еліміздің барлық аймақтарынан белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар мен қоғам белсенділері, әр түрлі саладағы сарапшылар, саясаттанушылар мүше бола алады. Олар бұл алаңда мемлекет пен қоғам, рухани толысу мен даму, экономикалық тыныс-тіршілік, жаһандық мәселелер жайын кеңінен талқылайды. Сөз соңында Ерлан Саиров Қоғамдық Палатаның құрылуы еліміздегі заң шығару процесінде жұртшылықтың рөлін арттыратын негізгі тетіктің бірі болатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары