Айгүлдің аппақ әлемі

Айгүлдің аппақ әлемі

Айгүлдің аппақ әлемі
ашық дереккөзі
1167

Бүгінде «Айгүл Аханбайқызы» деген аты-сойын бүкіл алты Алаш білетін қаламгерді біз сонау тұлым­шақ кезінен – ҚазМУ-дің журналистика фа­культетіне аяқ басқан балаң талапкер шағынан тану­шы едік. Бір қызығы, ол кезде бұл кісінің аты-жөні Назгүл Ха­лықова еді. Осы есімімен біздің есімізде қалған-ды. Курс­тастар өз ара­мыз­да әлі күнге оған «Назгүл-ау» деп сөйлейміз. Сол кездің өзінде ақыл тоқтатқан, сол кездің өзінде білімі көл-көсір, сол кездің өзінде көсем сөздің иесі болған бұл курс­тасымыздың қатарының алды болатынына, қазақ жур­на­листикасының қамбасына талай қазына салатынына ешкімнің күмә­ні болған жоқ. Кейін, оқу бітіргесін бұл кісі «Айгүл Ахан­бай­қызы» болып жаза бастады. Сөйтіп, бұл есі­мін де қазақ журналистикасының аспанына шы­ғарды. Қызық, кейбіреулер тоқсан жасаса да есімі то­ғыз адамның есінде қалмайды. Жалғыз атын жаһанға таныта алмай кететін екіаяқтылар то­лып жатыр. Тек біздің Назгүл – Айгүл емес. «Мұндай танымалдылықтың сыры неде?» деп ой­ланып қаласың кейде. Ол, әрине білімнен, мі­незден, еңбекқорлықтан ғой. Назгүлде Ілияс Жансүгіровтің тілі бар. Наз­гүлде Асқар Сүлейменовтің интеллекті бар. Наз­гүлде Төлеген Айбергеновтің сезімі бар. Енде­ше қалай осал болсын?! *** Студент деген халық адамға ат қойғыш қой. Бір курста тай-құлындай бірге жүріп, бірге оқыған елу студенттің әрқайсысының жанама есімі – қосалқы аты болатын. Назгүлге «Кітап» деген атты кім қойғанын білмеймін. Бұл, сірә оның әр сөйлемі сауатты, көркем, кітап сөзін­дей құйылып түсетіндігінен қойылған есім еді. Шынында да, сол бойжеткен Назгүлдің кей сөз­деріне қарап: «әлдебір кітаптың немесе ки­ноның сөзімен сөйлеп, бізді мазақ етіп тұрған жоқ па екен?!» деп ойлап қалып, бірақ жүзіне көз салғанда оның шынайылығын, бар бол­мы­сы осы екенін көріп қана күліп жіберетінбіз. ...Осы күні ойласам, расында да әр адам бір-бір кітап екен-ау! Немесе сол кітаптың қол­жазбасы түскен қалың дәптер десе де бо­лады. Өміріңді қалай өткердің? Ғұмыр-күн­де­лігіңе не жаздың, немен толтырдың?! Өмір-дәп­теріңнің қымбат парақтарын жыртып алып, желге ұшырып жіберген жоқсың ба?! Ал Айгүл Аханбайқызының ғұмыр кітабы, амал дәптері мағыналы жазбаға, ғибратты іске толы екеніне сенімдімін. Тіршілік түйткіліндегі ұсақ-түйекке, қоқыс-былыққа араласпай, ойын да, бойын да одан аулақ салатын; көңілі сәл пәс тартса, іргедегі Алатауға бір қарап көңілін кө­те­ріп алып жүре беретін періште көңіл перизат жан көрсең – сол біздің Назгүл ғой деп білем. * * * «Жас Алаш» газетінде Айгүл Аханбайқы­зы­мен қатар қызмет еттік. Нұртөре Жүсіп ағамыз ре­дакторлық еткен, «Жас Алаштың» ең бір жар­қырап көрінген тұсы еді. Сол газетте Айгүл Аханбайқызы, Гүлнәр Жұмабайқызы, Гүлзат Нұрмолдақызы, Абылай Қиялұлы, Әмірхан Бал­қыбек және тағы басқа курстастарым бірге жүр­генде ел ішіндегі бізге кәдімгідей мәр­тебе, мақтаныш болатын. Басылымның сол кез­дегі ең беделді авторларының қатарында Айгүл Аханбайқызы болғаны ақиқат. Айгүл әуелден мәнді тақырыпқа, мәңгі та­қырып­қа жазады. Оның ертеректе Маңғыстау са­парынан жазған мақалалар циклын қиып алып сақтап жүруші едім. Не жазса да шынайы, сезімін мөлдіретіп, ақтарылып жазу – Айгүлге әуелден тән. Шыны керек, кей кезде болмаса, әр мақалаға жан-терімізді салып, таусылып жа­за бермейміз ғой. Ал Айгүлдің әр мақа­ла­сы­нан биіктік, тереңдік, шексіздік сезіліп тұрады. Бұл оның ақ парақ алдындағы жауапкер­ші­лігінен шығар. * * * Бүгінгі көзі қарақты қауым Айгүл Аханбай­қызын тек талантты тілші ғана емес, өнер сын­шысы, сахна сарапшысы ретінде де таниды. Елі­міздің ең басты сахнасы – Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық теат­ры­ның баспасөз қызметінде еңбек еткені бар. Қазақстанның және әлемнің танымал сах­на саңлақтарымен жасаған сауатты сұхбаттары бір төбе. Әлі күнге дейін Egemen Qazaqstan газе­тінде мәдениет, руханият беттері Айгүлдің мақаласымен әрленіп шыққан кезде Қазақ­стан­ның мәдени өмірінде бір жаңалық, сәулелі самал ескендей болады. Заманауи журналистика бір салаға бейім­делген кәсіби мамандардың дәуірі деп жатады ғой. Айгүл де әу бастан осы мәдениет майда­ны­на, сахна мен кино өнеріне ерте дендеп, те­рең бойлап, бүгінде осы саланың кәсіби ше­беріне, өнертанушы маманына айналды. Айгүл­дің осы тақырыпты таңдауы да тегін емес деп ойлаймын: өйткені өмірдің өзгеге елеусіз сәттерінен мағыналы мезетті байқап қалатын, туын­ды тудырар табиғи режиссерлік қабілет оның өз бойында бар. Сахнаға режиссер болу бір бөлек, әр адам өз өмірінің де режиссері екенін көп адам ұға бер­мейді. Жылғамен аққан жаңқадай, өмірдің өзе­нінде қалбаңдай ағып жоқ болған жандар көп қой. Ал Айгүлдің бір басына қазірдің өзінде аз сынақ түскен жоқ. Бірақ соның бәрі Ахан­бай­­­қызының адами болмысын бұрынғыдан да жар­қыратып, шыңдай түсті. Болмысындағы бор сынды бос кеміктен тазарып, жақұттай жар­қырау деген сол болар. * * * Былтыр Egemen Qazaqstan газетінде Айгүл­дің «Әжемнің арқасы» атты шағын да болса шы­мыр, шедевр шығармасы жарық көрді. Әң­гіме немересін арқалайтын әже туралы. «...Кішкентай кейуананың сұрақ белгісіндей бүгіл­ген белі бір үйдің бармақтай үмітін ғана емес, болашақ еліне қызмет ететін тау тұлғалы аза­матын ауырсынбай арқалап бара жата­ты­нын қалай ұмытайық... Бұл – бүгінгі орта жасқа келіп қалған буын­нан жоғары барлық үлкендеріміздің басынан өткен таныс жағдай. Әкенің мойны мен әженің ар­қасы – қазақ баласының алтын тағы еді...» Апырмай, күні кеше ғана бәріміз көрген, ауыл баласына ежелден етене таныс көрініс қой! Осы бір үйреншікті суреттен автор үлкен мә­селе көтереді: сәбиді көтерудің ұлттық си­паты болатынына назар аударады, тіпті мұның ме­дициналық пайдасын да айтып өтеді, ең соңында екі ұрпақ толқынның арасында үзіл­ген жылылықты жоқтайды. «Төрт аяқты сүйретпе арбаның түр-түрі шық­қаннан кейін бірте-бірте әжелердің арқа­сы да ұмыт бола бастады. Арба немерені арқа­дан ажыратты. Ізінше әже мен немере арасын­дағы жүрекпен байланысқан жылылық салқын тартты...», – дейді автор. Бұған не айта аламыз?! Өз басым Айгүл мен Ержан­ның ұлы Нұрбек келін түсіріп, әже атан­ған Айгүлдің немерелерін арқасынан тастамай жүр­ген күндерін көргім келеді. Көп жасасын көңілі көркем кейіпкерім! * * * «Бізді қоршаған орта – біздің ішкі әле­мі­міздің көрінісі. Адам айналасын өзі жинайды. Сондықтан ең алдымен өз ішімізден таба алмай тұрып, өмірден қуаныш, бақыт табамын деу бекер-ау. Өз жүрегін махаббат пен әдемілікке тол­тырған адам төңірегінен де тек соны көреді» – Бұл Айгүл Аханбайқызының өз сөзі, шы­найы болмысы. Шынында да, біздің Назгүлдің – Айгүл Ахан­байқызының айналасынан үнемі жақсы адамдарды, талантты жастарды, таза тұлға­лар­ды көреміз. Әлеуметтік желідегі жеке парағында да жеңіл сөз, желікпе күлкі жоқ – әрдайым са­ли­қалы әңгіме, сауатты пікір айтылып жа­тады. Өнерді өсірмейтін өсек, жақсының сыр­ты­нан сыбалған кесек Айгүлден алты шақырым айналып өтеді. Еліне елеулі адам мерейлі жасқа келгенде кө­кейдегі сөзді айтып, жақсының жақсылығын біл­діру Ахаң мен Сәкеннен қалған игі дәстүр ғой. Қазақтың талантты перзенті, аяулы Айгүл Ахан­байқызына деген шынайы сезіміміздің бір там­шысы осы болды.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары