Алаштың жарық жұлдызы
Алаштың жарық жұлдызы
Уақыт – төреші. Уақыт та, тарих та көрсеткендей, туған ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Алаш азаматтары қайтадан руханият көгіне шықты. *** Барлыбек Сырттанұлы! Алаш ұранды рухты жылдардың қайтпас қайсар тұлғасы еді! Елінің мүддесі үшін, жерінің тұтастығы үшін басын қатерге тіккен, шовинистік-империялық қысымның құрбаны болған азамат тағдыры – менің ғылыми шығармашылық ізденісімнің негізгі көкөзегіне айналған, күні-түні толғандыратын мәселе. Өйткені оның азаматтық болмысы, ұстанымы мен туған еліне берген жігіттік серті, арман-аңсары, мақсат-мұраты – бәрі тек азаттық үшін бағытталған ғұмыр болатын. Барлыбек Сырттанұлы (1866-1914) – ХХ ғасыр басындағы еліне қорған болған үркердей шоғырдың өкілі. Заманына сай білім алып, өркениеттің ордасы болған Петербор, Ташкент, Орынбор, Омбы сияқты шаһарлар да жастық шағы, азаматтық-қайраткерлік қалыптасу кезеңдері өткен. Орыстың ағартушы, демократ, саяси тұлғаларымен қоян-қолтық араласқан. Пікірлес, мәжілістес болып, өзара талқы құрып, ой жарыстырған. Жетісудан шыққан сардар да бодандық бұғауындағы бейқам халқын өркениеттің өріне сүйреген көсемдер мен серкелердің сойынан еді. «Алаш!» деп ұран айтқан жігіттердің көзге ерек шалынар асыл қасиеттері – «сегіз қырлы, бір сырлылығы». Барлыбек – шығыстанушы, публицист, әрі ғалым, әрі дәрігер, әрі саяси қайраткер, заңгер. Барлыбек ел тізгінін ерте қолына ұстаған-ды. «Бір адам таққа отырса, қырық адам адам атқа қонады» деген сөз бар. Барлыбек – осы сөзді шындыққа айналдырған ғұмыр иесі. Ол кісі Ташкенттен Алматыға қызмет ауыстырған соң Жетісуды қоныс еткен бар түркітілдес ұлт пен ұлыстың айы оңынан туды ма дерсің! Мысалы, ол ең алдымен Алматыны қазақыландыруға құлшына кірісті. Болыстық, уездік мектептердің санын көбейтті. Қазақ балаларының гимназияда оқуы үшін бөлінетін квота көлемін арттырды. Екіншіден, қаладағы қазақтар үшін «Мұсылман кітапханасын» ұйымдастырды. Мешіт пенен медреселерге ілінген II Николай патшаның портретін шариғат талабына сай емес деп алдыртты. Үшіншіден, не оқусыз, не жұмыссыз, қам-қарекетіз жүрген адамдарды оқуға тартты, жұмысқа орналастырды. Төртіншіден, Облыстық Әскери губернатор кеңсесіне қарасты мекемелерге орыс тілін білетін қазақ жастарын жұмысқа кіргізді. Бесіншіден, отарлық езгінің алым-салық зардабын тартқан қарашаның жақтасы болып, қанаушы старшындар мен болыстарға әділ билігін жүргізді. Төрелігі – әділ, көзқарасы – тура. Кімге болса да ақиқатын кесіп айтатын, тіліп айтатын. Оның ұлт тарихындағы баға жетпес еңбегі, шоқтығы биік зор ісі – 1911 жылғы 13 маусымда жазған «Қазақ елінің Уставы» конституциялық мұрасы. Жетісу өлкесінде туған нар тұлға Барлыбек Сырттанұлы да отарлық саясатының құрсауында қалған елінің тағдыры жолында күресіп, Қазақ мемлекетін құру идеясын көтерген реформатор ретінде танылды. Конституция тарихын, теориясын, нормасын зерттеп жүрген академик Сәкен Өзбекұлы, профессор Шолпан Тлепина сияқты заңгерлердің тұжырымына сүйенсек, 1911 жылы жазылған алғашқы заң жобасы – еуропалық стильдегі қазақ құқықтық-саяси ой-көзқарасының даму көрсеткіші, жеткен жетістігі. Уақыт өтсе де, өзінің құндылығы мен мазмұнын, мән-мағынасын жоймай, керісінше жалпыұлттық деңгейге айналып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та, айқын мысалы – біздің сүйікті кейіпкеріміз жазған «Қазақ елінің Уставы» конституциялық еңбегі дер едік. Асылы, бұл еңбек – бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихының төлбасы. «Қазақ елінің Уставы» – дәуір тудырған саяси құжат. Анығында, шығыстанушы Барлыбекті саясат сахнасына шығарғанда бодандық құрсауындағы Алаш жұртының бақытсыз тіршілігі, құлдық қамыттың тақсіреті еді. 1905 жылдың жазында өткен «Қоянды» жәрмеңкесіндегі қазақ оқығандарының жабық құрылтайы оның санасына, көзқарасына зор ықпал етті. Ауыр халдегі халқының тұрмысына алаңдап, елі үшін, азаттық үшін Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды пассионар тұлғалармен тонның ішкі бауындай араласып, бір идеяға қызмет етуге келісті. «Қазақ елінің Уставы» – ұлт миссиясын арқалаған құқықтық низам. Оқымысты арғы тарихымыздағы Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы» сынды Ұлы даланың ар-намысқа, ер мұратына негізделген көшпенділердің дәстүрлі жөн-жосығын жетік білетін. Өзіне дейін ғұмыр кешкен хан, билердің және ақын-жыраулардың ой-толғамдарын ескеріп, жаңа заң принциптеріне арқау еткен. Қыр баласы қазақ елінде бұрын-соңды болмаған һәм Алаш ұлысына таңсық еуропалық стандарттағы заңнаманың ой-ұғым, термин мен тезаурусы қамтылған жаңа да соны саяси құжатты ұсынды. Бұл – реформатор тұлғаның қоғамын алға сүйреудегі, елін азат қылудағы батыл қадамы. Барлыбек Сырттанұлы – ұлттық мемлекет құруды жан-тәнімен аңсаған азаттық жаршысы. Оның еңбегінде «Ұлттық мемлекет», «Ұлт мәжілісі», «Президент», «Вице Президент», «Министр», «Присяжный суд» туралы жаңа терминдер бірінші рет ғылыми айналымға енді. Ол – мемлекет теориясының негізін, шартын түзуші. Заңгердің 4 бөлім 28 баптан тұратын Уставының әрбір тармағына зер салып қарасаңыз, Сырттанұлының арман-мұратын түсінесіз. Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген Уставтың негізгі платформасы мен идеясы кейіннен Алашорда үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты. Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құқық теориясы», «қылмыстық құқық», «халықаралық қатынас», «экономикалық құқық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пәндерді оқыған. Қазақ ойшылы университет қабырғасында игерген теориялық білімін практикамен ұштастырады. Орыс патшалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы билікке айбат танытты. Сөйтіп, Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкі-лі – қазақ жұртының профессионалды Уставы өмірге келді. 111 жыл бұрын Петерборда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның пәтерінде, бір түн ішінде адам бостандығы мен құқы, мемлекет қалпы мен құрылымы туралы халықаралық нормаға сай жазылған заманауи еңбектің мәні, идеясы әлі күнге дейін өміршең, жасампаз. Тәуелсіз Қазақстанның саяси процесі де, жүйрек уақытта аталған заңның құндылығы мен маңызын айқын көрсетті. Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни, қарапайым әрі ұғынықты тілде жазылуы. Бәлкім, осы қарапайымдылығынан болар, әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отырғаны. Қазір жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, «қазақшасын» түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Егер біздің заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса, болашақ заңгерлеріміз бүгінгі олқылықтың орнын толтырар ма еді?! «Қазақылығында» дегенімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бәкең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағдыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, таразы басына тартылып тұр емес пе... Ал, сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру құқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен. Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгенінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шетелдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбегімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойларының күретамыры Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж.Локк еңбектері болған. Устав жазылғаннан бері ғасырдан астам уақыт өтті. 2018 жылы Президент шешімімен Конституциялық реформа даярланып, билік тармақтары қайтадан бөлінді. Яғни, Барлыбек атап көрсеткендей, негізгі жұмыс орталық атқарушы орган – министрліктерге беріліп, олардың өкілеттігін қарау, есеп алу, бақылау жұмыстары Парламент құзырына өтті. Саяси-құқықтық идеяның заманауи сипаты – тәуелсіз Қазақстан республикасының қажетіне қызмет етуі. Ал жуырда ғана өткен референдумнан соң да Ата Заңымызға бірқыдыру толықтыру, түзету енетіні белгілі болды. Алаш оқымыстысының құқықтық көзқарасының концепциясы түрлі нысанда (мақала, баяндама, саяси-теориялық сараптама, конституциялық құжат) жазылғанымен, ортақ мақсаты қазақ елінің азаттығына қызмет етуге бағытталған, ұлттық мемлекет құрудағы ғылыми доктрина дәрежесіне жеткенін мойындауымыз керек. Барлыбек жазған заң жобасы ресми бекітілмесе де, бұл құжатты сол заманның идеялық-теориялық ілімінің жетістігі деп қарауымыз ләзім. *** Барлыбек Сырттанұлы – жаугершілік дәуірден кейінгі қаламмен, парасат-пайыммен күреске шыққан буынның басы. Патшалық астанасы Петербор өркениетімен танысқан, небір ғұлама, атақты орыс ғалымдарының лекциясын алып, білім көкжиегін кеңейткен оның отаршылдыққа қарсы күрес танымы да өзгеше еді. Өз жұртының саяси санасын өсіру, халықты ағарту оның ең басты көксегені болды. Шығыстану мамандығын бітіріп, заң іліміне жетік болған үлкен оқымыстының бостандық тұғырнамасы – «Қазақ елінің Уставын» жазуы да сондықтан. Барлыбек – өз заманындағы алдыңғы қатарлы азамат. Ол 8 тілді еркін игеріп, жиған ілім-білімін елінің тұрмысын жақсартуға, әлеуетін арттыруға жұмсады. (Барлыбек – 8 тілді емін-еркін меңгерген IQ жоғары қазақтың бірегейі. Ол қазақ тілінен бөлек, орыс, неміс, француз, түрік, араб, парсы, татар тілдерінде таза әрі әдеби көркем сөйлеген). Тәңірдің өзіне берген өлшеулі ғұмырында бар парасатын елі үшін кәдеге жаратты. *** Барлыбек Сырттанұлы – «Қазақ елінің Уставы», «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер» (Оның қолданылу тәртібі мен емдік қасиеті) сынды іргелі еңбектердің авторы. Егемендікті қастерлеудің бір ұстыны өткен тарихты ұғыну, азаттық жолында құрбан болған аяулы азаматтардың атын біліп, өмірінен өнеге алу. Ел тарихының ескі парақтарын ақтарсақ, азаттық пен еркіндік үшін қаншама арыс отаршылдық саясатқа қарсы шығып, атойлы күрес, рухты дүрбелең тудырғанын білеміз. Империялық саясатты әшкерелеп, бодандықтан құтылудың жоба-жоспарын құрып, өзімен ниеті бір, мақсаты өзектес оқығандармен тізе қосып, ой жарыстырғанын түйсінеміз. Егер патриоттық сана, отаншыл таным қандай болуы тиіс деген сұрақ қойылса, біз оны осы – Барлыбек ғұмырынан аңғарамыз. Барлыбектің саналы ғұмыры – жастар мен жасөспірімдерге тағылым, өнеге. Бүгінгі ұрпақ Барлыбектей оқуға ынтық болған азаматтардан үлгі алып, солардай болуға бел бууы керек. Осы сөзімізді Петербор университетінің Заң факультетін үздік бітірген заңгер, Бірінші және Екінші Мемлекеттік думаның депутаты болған, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сенің ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға хақың бар», – деп Барлыбек Сырттанұлына берген бағасы қуаттайды. *** Патша үкіметі де, Совет үкіметі де Алаштың аймаңдай ұлдарын ұмыттыруға барын салды. Еңбектерін, ерліктерін айтқызбауға тырысты. Олар жайлы естелік айтқан немесе жақсы сөз білдірген кісілерді де жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамап тастады. «Шаш ал десе, бас алған» кер заман еді ғой... Барлыбекті де атып өлтірген. Бірақ та... Оны қанша жерден туған халқына көрсетпей, есімін айтқызбай тыйым салса да, «алтын пышақ қап түбінде жатпайды» дегендей, оның аты мәңгілікке қайта жаңғырды. Себебі ол ақиқат еді. Ол ата тарихымыздан сұрыпталып алға шыққан қайраткер еді. Ол Алаш аспанының жарық жұлдызы еді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ