50510
Қазақ топырағын басқанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезіне аласың – Үмітхан Гүлерюз, Түркия қазағы
Қазақ топырағын басқанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезіне аласың – Үмітхан Гүлерюз, Түркия қазағы
Өткен аптада әлемнің тоғыз елінде тұратын 30-ға жуық қазақ жастары жаңа тынысы ашылған Семей жерінде бас қосты. Сыртта жүрсе де, Қазақстан десе елең етпей қоймайтын олар «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Алаш астанасында өткен «Киелі Қазақстан – 2022» жобасына қатысты. Онда Түркиядан келген қандасымыз Үмітхан Гүлерюз Қазақстанның түрлі аймағына түрік кәсіпкерлерін тартып, екі ел арасындағы мәдениет және сауда-саттық елшісі болғысы келетінін жеткізді. Семейден Ыстанбұлға оралғанына алты күн болса да, атажұртқа алғаш жасаған сапарынан алған әсерін айтып тауыса алмай жүрген Үмітханға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Семейде өткен кездесуде «Омбы қазақтары» ұйымының басшысы Торғын Әшенова «Түркиядан келген Үмітхан бауырымыз бәрімізді таңғалдырды. Ел десе жүрегі ерекше соғады. Айтары бар. Содан сұхбат алыңызшы» деген еді. Алдымен өзіңіз туралы айта отырсаңыз.
– Мен 1993 жылдың шілдесінде Түркиядағы Нигде провинциясының Бор ауданына қарасты Алтай ауылында дүниеге келдім. 70 жыл бұрын ата-бабаларымыз Гималай, Тибет асып Түркияға үдере көшкенін тарихтан білетін боларсыз. Түркияның сол кездегі Бас министрі Аднан Мендерес қазақтарға Алтай ауылында тұруға жағдай жасап, құшақ жая қарсы алған. Біздің әулет те сол аймаққа тұрақтаған. Кейін ата-анам бізді Ыстанбұл қаласына көшіріп әкелді. Мектепті бітірген соң Адана қаласындағы Чукурова университетінде ауыл шаруашылығы инженері мамандығын алып шықтым. Сосын Анадолы университетінің халықаралық байланыс факультетінде тағы білім алдым. Қазір Нигде Өмерхалисдемир университетінің технопаркі компаниясында жұмыс істеймін. Компанияның Нигдедегі орталығы мен Ыстанбұлдағы филиалында бағдарламалық қамтамасыз ету, жарнама, өндіріс және медиа жоспарлау ісін қадағалаймын. Жұмыс барысында түрлі муниципалитет, үкіметтік емес ұйымдар, корпоративті компаниялармен тығыз байланыс орнатуға жауаптымын. Одан бөлек, төрт жыл бұрын түрік досым екеуіміз ІТ және жарнама жұмысымен айналысатын арнайы агенттік ашқанбыз. Қазір сол агенттігіміздің Нигде және Ыстанбұл қаласында ашылған екі кеңсесі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Нигдеде тұратын қазақ балаларына көмектесуге, әсіресе ауыл-аймақта тұратындарға қажет нәрсемен қамтамасыз етуге тырысамын. Былайша айтқанда, жұмыс деген бастан асады.
[caption id="attachment_185716" align="alignnone" width="1280"] Семейде бас қосқан қандастар[/caption]
– Қор өкілдері Қазақстанға түрік кәсіпкерлерін тартуды бірінші болып бастама көтерген сіз екенін айтады.
– Мен Қазақстан мен Түркияның арасында мәдениет және сауда елшісі болғым келеді. Түркиядағы кәсіпкер достарыммен жиі кездесіп тұрамын, сондай кездесулерде олардың Қазақстанда бизнес ашқан тиімді екенін, екі ел кәсіпкерлері арасындағы жұмыс жемісті болатынын үнемі айтып жүрмін. Қазақстан мен Түркияның туыстас қалалары арасындағы байланысты нығайтқымыз келеді. Осылайша, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас беки түседі. Қазақстан мен Түркия – достығы жарасқан, бауырлас елдер. Бәрінен бұрын Қазақстан – біздің атажұртымыз. Қазақстан дамыса, түрік әлемі де қарқынды дамиды. Түріктер де Қазақстанды көргісі, жақыннан танып-білгісі келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде іске асырылатын әр жоба түрік әлемінің ілгерілеуіне үлкен үлес қосатыны айтпаса да түсінікті. Одан бөлек, менің идеям іске асса, Қазақстанда жұмыс орындары да көбейеді. Бауырларымыз өзіне қызық іспен шұғылдана алады. Діттегенімді іске асыру үшін алдымен Ыстанбұлдағы консулмен ақылдастым. Сондай-ақ кезінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болған, қазір «Отандастар қорын» басқаратын Абзал Сапарбекұлымен жақсы араластық. Қандай істі қолға алсақ та, алдымен ол кісіні іздеп, онымен ақылдасуға асығамыз. Түркиядағы қазақтардың түгелі Абзал мырзаны жақсы таниды әрі ерекше құрметтейді. Сондықтан ішімде пісіп жүрген бұл идеяны ол кісіге де айттым. Бұйырса, келесі айда Түркиядан он беске жуық кәсіпкер Қазақстанға бармақ. Мен өз тарапымнан түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанға іскерлік және мәдени турлар аясында жиі келуін қамтамасыз етуге тырысамын.
– Сіз айтқан он бес кәсіпкер Қазақстанның қай қаласына келуді жоспарлап отыр?
– «Отандастар қорының» өкілдерімен ақылдасқан кезде олар алдымен киелі Түркістан қаласын аралаудан бастаған жөн екенін айтты. Ыстанбұлдағы консул да сонда барған дұрыс деді. Түріктер Түркістанды аралап қана қоймай, онда кәсібін дөңгелетіп отырған жергілікті кәсіпкерлермен идеялар алмасып, диалог құруды көздеп отыр. Олар алдымен осында келеді, жан-жағын аралап көреді. Не қажет екенін түйген соң кәсіп ашады. Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болғандықтан, түріктер Түркістанды «жақын» тартатынын білесіз. Олар мұнда іскерлік байланыс орнатудан бұрын «туыстарымызға келдік» деп бауырлас екенін білдіру үшін келетінін де білесіз. Алдағы уақытта Түркістаннан басқа да қалаларды аралап көрмекші. Бірақ олай ниет танытқандардың барлығы бірден келе алмайтыны белгілі. Қазіргі бар уайымым – Түркістанға ұйымдастырылатын сапар біз ойлағандай болып, екі елдегі кәсіпкерлер тіл табысып, өзара ынтымақтастық орнатса екен.
– Семейге келгенге дейін Қазақстанға мүлде табаныңыз тимесе де, атажұртыңыздың көсегесін көгертуге сәл де болса үлес қосуға деген ынтаңыздың болғанына қайран қалып отырмын.
– Қанымыз қазақ болған соң елең етпей тұра алмайсың. Қазақ тілінде сөйлеуді әжемізден үйрендік. YouTube-тан қазақ ән-жырларын тыңдап өстік. Домбыраның үнін естісек болғаны, жүрегіміз жібіп сала береді. Атажұрт туралы жаңалықтарды да қалт жібермейміз. «Ішіміз» қазақ болған соң «сыртымыз» да қазақ болуы керек деген ой ғой біздікі.
– Семейден Ыстанбұлға оралғаныңызға алты күн болса да, бұл сапардан алған әсеріңізді айтып тауыса алмай жүргеніңізді байқадық.
– Қазақстанға алғаш рет келгендіктен, расымен есімді әлі жия алмай жүрмін. Атажұртымыздың мәдениет пен тарихқа бай екеніне көзім жетті. Қазақстанға барғанда түсінгенім – Қазақстанға бармаған сырттағы қазақ өзін «қазақпын» деп ойламасын. Неге десеңіз, Қазақстанға барғанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезе аласың. Топырағына табаным тиген сәттегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Киелі Семей жері қазақ екенімді ерекше сезіндірді. Семейдің табиғатын өзім туып-өскен Алтайға қатты ұқсаттым. Семейде туған ауылымда жүргендей күй кештім. Тіпті, біз барған бір ауылдағы үйді көргенде ауылдағы үйді көргендей болдым. Ұйымдастырушылар Шәкәрім университетіне, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық мұражайына, сондай-ақ Абай ауданында орналасқан Жидебайға апарып, әкелді. Осы сапарда ұлы Абай туралы көп мәліметке қанығып қайттым. Біз үшін ол туып-өскен жердің топырағын басудың өзі бір бақыт. Одан бөлек, қазақ жастарымен бірге ән шырқадық. Ертіс өзенінің бойын араладық. Айтпақшы, Шәкәрім университетіне барған кезде үш студент қыз жоқтау өлең айтты. Бұл өлең бізге әсер етпей қоймады. Көзімізге жас алып, ерекше күй кештік. Семей сөзбен сипаттап жеткізе алмайтын «тәтті» сәттермен есімізде қалды. Қайтар күні бізді кешке асқа шақырған Семей қаласы әкімінің орынбасары айрықша қонақжайлылық танытты. Мұндай мейірімді жандар өзі қалаған биіктен асып түскенін қалаймын. Осы ретте біздің асты-үстімізге түсіп, көңілімізді баққан семейліктерге зор алғыс білдіргім келеді. 30 жыл ішінде бұрын-соңды мұндай эмоцияны бастан кешірмегенмін. Төбем көкке екі елі жетпей, қатты қуандым. Ондағылар Орта жүздегі біз тарайтын Керейлер Семейде көп тұратынын айтты. Сондықтан ата-бабаларымның жерінде жүрмін деп есептеп, көкірегім толғанша атажұрттың саф ауасын сіміре жұтып, рақаттанып жүрдім. Тіпті, сағатқа да қарамадым. Мен үшін күн мен түн бірдей болды. Көпке дейін ұйықтамай, ерекше жерді кезіп, көп қыдырдым. Елшілікте жұмыс істеген Мерей деген бауырымыздың үйлену тойына бардық. Осылайша, қазақ тойы қалай өтетінін көріп, марқайып қайттық. Бір қызығы, Түркияда үйлену тойын Қазақстандағыдай өткізбейді. Үстелге қойылатын тағам түрлері аз, Қазақстандағыдай ойындар ойнатылмайды, көп ән де айтылмайды. Сіздерде тойда тіпті әкесі, анасы, әпкесі, бауыры бәрі-бәрі ортаға шығып, ақ жарма тілегін айтады екен. Ал Түркияда олай емес. Тойға келген барлық кісінің жастарға деген игі тілегін, аппақ ниетін жеткізгеніне риза болдым. Сосын тағы бір айта кететін жайт, сіздерде той сағат түнгі бір жарымда аяқталады екен. Ондағылар «бұл қайта ерте қайтқанымыз ғой» дейді. Ал бізде тойға келгендер түнгі он бір жарымда тарқайды. Ұмытып барады екенмін, Франция, Германия, Ресей, Өзбекстан, Иран, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Беларусь елдерінен келген 30 белсенді қазақпен таныстырған да – осы Семей жері.
– Сонда сіз Еуропа қазақтарынан басқа жерде де мәдени қауымдастықтар жұмыс істеп тұрғанын білмедіңіз бе?
– Иә, мен бізден бөлек Франция, Германиядан басқа елдерде қазақтардың басын қосатын ұйымдар бар екенін білмеппін. Сол ұйымдардың жұмысын дөңгелететін қазақтардан басқа ешкімді танымайтынмын. Әлемнің тоғыз елінен келген жастармен танысып, олармен атажұртымызда ана тіліміз – қазақ тілінде шүйіркелесіп, сырласқанымызға қатты қуандым. Бір-бірімізбен қазақша түсініскен кездегі сезген эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бірақ олардың қазақшасы бізден жақсы екен (күліп). Түркияда қазақтардың мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамы сақталған. Бізден де «Руың кім?» деп сұрайды. Бірақ бізде сақталмаған бір нәрсе бар, ол – қазақ тілі. Мен басқа елдерде де қазақша еркін сөйлейтіндер аз шығар деп ойласам, қателесіппін. Семейдегі делегацияның ішінде менен жақсы сөйлейтіндер көп екен. Біз қазақ тілін ұмытқанымызды сонда түсіндік.
– Түркиядағы қандас ағаларымыз өзіңіз секілді жастардың қазақ тілін білмейтінін айтқан еді...
– Иә, Түркияда туған жастардың басты проблемасы осы – қазақ тілін білмейді. Кейбірі қазақша түсінгенімен, сөйлей алмайды. Олар Түркия жерінде өсіп-өніп, түріктілді ортада көп уақыт өткізетіндіктен, қазақ тілі ұмыт қалады. Қазір «Отандастар қоры» Түркия қазақтарына қайтсек қазақ тілін үйретсек болады деген мәселені басты күн тәртібіне қойып отыр. Қазақ тілінен курс, домбыра үйірмесі секілді түрлі іс-шара ұйымдастырып жүр. Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорын» басқарғаннан кейін мұндай іс-шаралардың саны екі есеге арта түсті. Жоғарыда айтып өткенімдей, ол кісі Түркия қазақтарына не қажет екенін жақсы біледі. Сондықтан біз болып, сіз болып, төл мәдениетіміз, тарихымыз бен тілімізді сақтай алатынымызға сенімім мол.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ