50468
«Бұрын-соңды болмаған оқиға»: 7 жасар отандасымыз әлем чемпионы атанды
«Бұрын-соңды болмаған оқиға»: 7 жасар отандасымыз әлем чемпионы атанды
Панама астанасында өтіп жатқан шахматтан оқушылар арасындағы әлем чемпионатында жеті жасар отандасымыз Малика Зиядин жеңімпаз атанды деп хабарлады turkystan.kz.
Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясында білім алып жатқан жас шахматшы бірден екі атақты жеңіп алды: чемпион және жеті жасқа дейінгі шахматтан әлем чемпионы. Мұндай оқиға Қазақстан шахмат тарихында алғаш рет болып отыр.
Турнирге барлығы 36 жас шахматшы қатысып, әр спортшы тоғыз ойыннан ойнады. Чемпионат нәтижесінде Малика АҚШ-тан келген қарсыласы Гоэл Рабенді ұтып, ең көп 9 ұпаймен жеңіске жетті.
Әлем чемпионына қазақ шахматшысы әрі халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік жылы лебізін арнады.
«Мен Маликаны, ата-аналарды және жаттықтырушыларды осындай керемет жетістігімен құттықтағым келеді! Жерлестерімнің әр жеңісі үшін қуанамын және осыдан соң шахматты одан әрі дамытып, елімізді көрсеткім келеді. Себебі, бізде потенциал бар», – деді ол.ФИДЕ-нің ең жас чемпионы атанған Малика Зиядинді ел Президенті де құттықтады.
«Жеті жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өткен сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, екі бірдей атақты иеленуің – Қазақстанның шахмат тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Сен тума талантың мен жеңіске деген ерік-жігеріңнің арқасында осындай биік белесті бағындырдың. Өзің ізін басып келе жатқан қазақстандық шахмат шеберлерінің даңқты жолын лайықты жалғастыратыныңа кәміл сенемін, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.