51349
Ерейментауда біз білмейтін қандай балбал тастар бар?
Ерейментауда біз білмейтін қандай балбал тастар бар?
Геральдикалық зерттеулер орталығы Ерейментаудағы балбал тастарға экскурсия ұйымдастырды деп хабарлады turkystan.kz.
Көнеден қалған тарихи ескерткіштерді көпшілікке насихаттау, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын білу мақсатында ұйымдастырылған рухани-танымдық сапар Ерейментау ауданына қарасты Қарағайлы ауылында өтті. Экскурсияға қатысушыларды аудан әкімі Абай Еламанұлы арнайы қарсы алды. Ол Ерейментау тарихын насихаттауда бұл сапардың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Елордадан барған қонақтар этнограф Манап Бектасұлы, аудандық мәслихат хатшысы Медеу Ерболұлымен бірге VI-VII ғасырлардағы түркі қағанатына тән «Қос батыр кешені», «Қарағайлы-1», «Қарағайлы-2» тас ескерткіштері мен «Мұртты» қорғанды тамашалады.
Ақмоланың Жыланды тау жотасы етегінен 2009 жылы табылған бұл қорымдар тарих ғылымының докторы, түркітанушы Айман Досымбаеваның жетекшілігімен қазылып, әлі де жан-жақты зерттеліп келеді.
Құмай өзенінің сол жағалауындағы 3-7 шақырым аумақта жатқандықтарына байланысты мұндағы қорымдар ғылыми айналымға да осы атаумен енген. Ал оның құрамында «Қос батыр» тас мүсінді түркілік қоршауы, қола дәуіріне тән бейіт, «Қарағайлы -1», «Қарағайлы-2», «Қарағайлы-3» тас қоршаулары, қола дәуіріне тән «Қарағайлы-4» қорымы, «Мұртты», «Балықты-1» қорғандары, ежелгі қоныстың орны мен тас мүсіндер, сондай-ақ ортағасырлық жерлеу құрылымдары секілді аса құнды ескерткіш-жәдігерлер бар.
Яғни, қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысы бұлардың әрқайсысы біздің арғы бабаларымыздың өмір сүру салтынан, олардың жеткен өркениетінен мағлұмат беретін, аса құнды деректі дәйектердің көрнекті жиынтығы екенін көрсетеді.
Сапар аясында қатысушылар мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау мақсатында Ерейментау аудандық жергілікті басқару органдары қызметкерлерімен кездесу өткізді.
«Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты кездесуге белгілі сәулетші, Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы, Ерейментау ауданы әкімі Абай Еламанұлы, аудандық мәслихат хатшысы, депутат Медеу Ерболұлы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Әжібайұлы, аудандық мәдениет үйі басшысы Сайлау Қабыкенұлы, тарихшы, этнограф Манап Бектасұлы сияқты ауданның зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
Ереймен елі тарихымен терең танысу үшін шараға қатысушылар қала ескерткіштері «Батырлар аллеясы» мен Бөгенбай батыр атындағы аудандық өлкетану мұражайына да ат басын тіреді.