Сарыағашта 10 млн теңгенің жылқысы ұрланды
Сарыағашта 10 млн теңгенің жылқысы ұрланды
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласының «Самал-3» ықшамауданында 9-желтоқсан күні ұрылар 10 млн теңгенің жылқысын, «Пассат» көлігін және «КамАЗ» жүк көлігінің құны 85 мың теңгелік аккумуляторын қолды қылды, деп жазады "Замана" газеті.
«Біздің қорамыздан көкпарға түсіп жүрген атты ұрлап кетті. Содан бір аптадай бұрын үйге біреулер келіп саудаласқанда 10 миллион теңгеге сататынымызды айттық. Олар алғашында 5 миллион, кейін 7 миллион теңге бермекші болды. Біз ат өзіміздікі еместігін, ағамыз 10 миллионнан кемге сатпа дегенін айтып бермей қалғанбыз. 9-желтоқсан күні түн жарымында шыққанда ат қорада тұрған. Таңертең тұрсақ, ол жоқ. Полицияға арыз жаздым, олар келіп сұрады, жазатындарын жазды, енді содан нәтиже шықса жақсы болар еді. Күйеуім бір хабары шығып қалар деп іздеп жүр. Бірақ одан да нәтиже шығар емес", – деді Сәуле Полатова есімді әйел.
"Бір таңқаларлығы, біздің жылқы ұрланған түні осы төңіректегі ауылдасымыздың 350 мың теңгеге сатып алған «Пассат» көлігін ауласынан алып кеткен. Басқа да ұрлықтар болып жатыр. Сонда бұл ұрылар ешкімнен қорықпайтын болғаны ма?", - деп күйінді ол.