421
Шетел компанияларының көші қауіп пе, мүмкіндік пе?
Шетел компанияларының көші қауіп пе, мүмкіндік пе?
Биылғы мамыр айының аяғындағы дерек бойынша, елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындар саны жыл басынан бері 12,7 пайызға, яғни 25 мыңға дейін өскен.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген finprom.kz сарапшылары мұның себебін геосаяси ахуалға байланысты санкциядан қашқан ресейлік компаниялардың жаппай елімізге көшуімен байланыстырған екен.
40,2 мың шетел компаниясы
Егер көрсеткіштің айлық өсіміне мән берер болсақ, шетелдік компаниялар қатарының өсуі наурыз айында басталған. Нақтырақ тоқталар болсақ, 2022 жылғы наурызда сектордағы өсім – 3,3 пайыз, сәуірде – 4 пайыз, мамырда 4 пайыз болған. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр шетелдік компаниялар санының орташа айлық өсу қарқыны бар болғаны 1,1 пайыз болған.
Сонымен қатар тіркелген заңды тұлғалардың, шетелдің заңды тұлғаларының қатысы бар филиалдарының саны мамыр айының соңына қарай 40,2 мыңға жеткен екен.
Нақты сандармен дәйектер болсақ, аталған биылғы қаңтар-мамыр айларында 2,4 мың компанияға артты. Компаниялардың негізгі ағыны Ресейден көшіп келген ұйымдардың үлесіне тиесілі екен. Олардың саны – 1,6 мың. Сөйтіп, еліміздегі Ресей компанияларының саны 13 мыңға жетті. Сонымен қатар компаниялар санының өсуі бойынша көшбасшылар үштігіне Өзбекстан (205 ұйым) және Беларусь (120 ұйым) енді.
Ресей мен Беларусь елдерінен келген компаниялардың негізгі ағыны санкцияларға байланысты. Қазіргі динамика мен геосаяси дағдарысқа байланысты ресейлік компаниялардың ағыны одан әрі жалғасады деген болжам бар.
Бұдан бұрын Үкіметтің кезекті отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасап, елімізге Ресейдің бірқатар алып компаниясының қызметкерлері көшіп келіп жатқанын мәлімдеген болатын.
Соның ішінде Playrix ($17 миллиард, ойындар әзірлеу); Tinkoff Bank ($6,3 миллиард, онлайн банк); Nexters ($1,9 миллиард, ойындар әзірлеу); InDriver ($1,2 миллиард, жолаушылар тасымалымен айналысатын сервисі); Санкт-Петербор биржасы ($1 миллиард, биржа) сияқты ірі компаниялардың қызметкерлері бар.
Жалпы, еліміз ресейлік 1 мыңнан астам IT маманды көшіріп әкеліп, тіркеуден өткізіп, қолұшын берген екен.
Министр Бағдат Мусин отандық IT экожүйені дамыту үшін адами капиталға назар аудару маңызды екеніне тоқталып өтті.
Иә, шетелдік мықты компаниялардың қазақстан нарығына келе бастауы бір жағынан ел экономикасына, қызмет түрлерінің сапасына, мамандарға бәсекелестік орта қалыптастыруға жақсы жағынан ықпал етеді деген болжамдар бар. Дегенмен, бұған дейін, әсіресе Ресей компанияларының отандық нарықты жаулағанына байланысты отандық компаниялардың «тұншығып» қалып жатқаны да талай рет мәселе ретінде көтерілген болатын. Яғни, біздің компаниялар шетелдік компаниялармен иық тіресе жұмыс істеуге қауқарсыздау болып тұрғаны айтылып келді.
Сырттан кіріп, сыналап жаулағандар
Расымен де, геосаяси ахуал шиеленіспей тұрып-ақ елімізде кей салада шетелдік компаниялардың, әсіресе Ресей компанияларының дәурені жүріп тұрды деуге әбден негіз бар.
Мәселен, қызметкерлері елге келіп жатыр деген 2ГИС компаниясы іске қосылғаннан бері біздің елдегі нөмірі бірінші навигаторға айналды. Қала тұрғындарының барлығы дерлік осы жол көрсетіп, пайда табатын бағдарламаны қолданады.
Компания негізінен сол қосымшаға жарнама орналастыру арқылы ақша табады. Пайдаланушылар аудиториясы қалың, компания жарнама беріп, ісін дөңгелетудің таптырмас жолын дөп басқан. Мысалы, бағдарламаға кіріп, бір мейрамхананы іздесеңіз, сізге оның мекенжайы мен қоса әлеуметтік желідегі парақшаларын, нөмірін, тіпті орташа есеппен қанша ақшаға шығындалуыңыз мүмкін екенін де көрсетеді. Ал бұл ақпаратты бағдарлама ұсынғаны үшін мейрамхана иелері компанияға ақша төлейді. Бірақ компания еш жерде табысы жайлы деректермен бөліспеген. Әйтеуір, жыл сайын жарнама берушілердің үлесі 30-40 пайызға артып отырғаны айтылады.
Ал такси нарығын жаулап алған «Яндекс.Такси» бағаны қалағанынша қоятынымен бұған дейін де аз дау тудырмаған еді. Оның басты себебі ретінде бұл салада оған бәсекелесуге басқа отандық компаниялардың қауқары жетпей жатқаны айтылған болатын. Жыл басында антимонополистер «Яндекске» тексеріс жүргізетінін де мәлімдеген еді. Тіпті, істі болып, мәселені сот та қарағаны есте. Себебі компания жолаушылардан негізсіз қосымша ақы алуды бастаған. Мәселен, үнемді тариф сегменті үшін қосымша – 350 теңге, қалада жүрген әр шақырымға – 50 теңге, ақылы күткені минутына 20 теңге алатын болған. Оған қоса, «Яндекс» ірі қалаларда күн құбылып, көлік кептелісі бола қалса, жолақысын шарықтатып жібереді. Дегенмен, сот ісіне байланысты жұмыстағы кідірістерге қарамастан, компания аз уақыттың ішінде қайтадан толыққанды жұмысқа кірісіп кетті.
Біз ел нарығындағы ең ықпалды дейтін компаниялар ғана тоқталып өттік. Бұл мәселенің шешімі, әрине, олардың жұмысын шектеу емес. Дегенмен, пайданың басым бөлігі сұранысқа ие компаниялардың еншісінде кететіні мәселенің қаншалықты өткір екенінің дәлелі.
Бірақ экономист сарапшы Бауыржан Ысқақов шетел компанияларының ағынынан зиян емес, пайда көп дейді.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
экономист:
Зиянынан пайдасы көп үрдіс
– Бұл үрдістің зиянынан гөрі пайдасы көп деп айтуға болады. Өйткені еліміз әу бастан өзін ашық экономикалы мемлекет ретінде қалыптастырған. Жалпы, сол бағытта сырттан инвестиция келетін болса, сырттан қаражат құйылып, қосымша жұмыс орындары ашылып, салық түсіміне жағдай жасайтын болса, біз бұл жерде оларға тек қана тиімді жағдай жасауымыз керек. Біздің шекарамызға келетін кәсіпорындар бар, сол үшін логистиканы дамытуымыз керек, жалпы басқа елдердің кәсіпорындары алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн. Егер олар біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандыратындай өнім шығаратын болса, оған қоса біздің елде тіркелетін болса, бұл біздің стратегиялық бағытымызға мүлде кереғар емес. Бірақ біз бір нәрсенің басын ашып анықтап алуымыз керек. Ол біздің ұлттық мүддемізге, экономикамызға қызмет ететін кәсіпорындар болуы шарт. Ал егер олар тек қана аты Қазақстанда болып, заты Ресейдің немесе басқа елдің экономикасына жұмыс істейтін болса, бізге бұл жерде нақты шарттар қоюға тура келеді. Яғни, өз экономикамызға қаржы әкелетін кәсіпорын ретінде тіркелетін болса және ол біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандырса, оған ешқандай шектеу қоймауымыз керек. Жалпы, санкция екі ел арасындағы шиеленіс десек, үшінші немесе басқа да мемлекеттерге мүмкіндік әкелетін дүние. Осы санкция бізге әсерін тікелей тигізбесе де, біздің одақтас мемлекетке салынып жатқандықтан, одан тиімді өтудің жолдарын қарастыратын бағдарлама әзірленуі керек деп ойлаймын. Бұл – жалпы әлемдік экономикада қалыптасқан дәстүр. Сол үшін біз келген кәсіпорындарға лайықты жағдай жасай алатындай, мамандарымыз бәсекеге қабілетті болатындай инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Ол өнімдер экспортқа шығатын болса, стратегиямыз соған сай болуы да – шарт. Бұл дегеніміз – ең алдымен көрші мемлекеттің қаржысы бізге келеді деген сөз, адами капиталы, білімді адамдары келеді дегенді білдіреді. Осындай үлкен қаражатқа да, потенциалға да, инновациялық жағдайға да жауап бере алатындай, соған ыңғайлы инвестициялық климат бола алатындай жағдай жасауымыз керек. Біз осы арқылы өзіміздің инвестициялық климатымызды жақсартамыз, халықаралық дәрежедегі имиджімізді көтере аламыз. Яғни, сырттан экономикаға қаражат салып, өнім шығаратын кәсіпорындардың көп болуына қызығушылығы зор мемлекет болуымыз керек. Жалпы, Ресей ғана емес, офшорлық зона болмасақ та, Орталық Азиядағы барлық ірі қаржы институты, капиталы бар ірі кәсіпорындардың экономикамызға келіп, жұмыс істейтіндей ел ретінде танылуымыз керек. Ал егер монополист болып келіп, елде енді ғана өркен жайып, енді ғана көтеріліп келе жатқан шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізетін болса, онда әңгіме басқа. Бізге осы мәселені де назардан тыс қалдырмаған жөн.Қорыта айтқанда, бұл мәселенің шешімі, негізгі кілті жағдайды өз пайдамызға шеше алу шеберлігінде сияқты. Дағдарыстың мүмкіндік дейтін де жағы бары анық, ал бұл жерде көрші елге салынып отырған санкцияның салқыны ғана емес, тартуы да болатыны анық. Бұл туралы геосаяси ахуал шиеленіскен алғашқы сәттерден-ақ айтылып келеді. Шетелдік компаниялар ел нарығына енді ене бастаған осы кезден бастап олардың жұмысына қатысты нақты амал-тетіктерді қарастырып, ойластырған опық жегізбейтіні анық.