Жастар ауылды көркейтуге үлес қосу қажет – Асыл Ахметова

Жастар ауылды көркейтуге үлес қосу қажет – Асыл Ахметова

Жастар ауылды көркейтуге үлес қосу қажет – Асыл Ахметова
ашық дереккөзі
50643
«AMANAT» партиясы Жастар қанатының VI cъезінде қоғамда белсенді болып жүрген жастар бірқатар ұсынысын айтты. Сондай жастардың бірі Жамбыл ауданы Озерный орта мектебіндегі информатика пәнінің мұғалімі, көпшілікке «жылқышы қыз» есімімен кеңінен танылған Асыл Ахметова. Ол әлеуметтік желілер арқылы қазіргі жастарға  атқа міну дәстүрін дәріптеп жүр. Айтуынша, елімізде атқа мінгізетін жазғы лагерьлер қолға алынуы қажет. Бұл ата-баба дәстүрін ұмыт қалдырмай, жалғастырып отырады.
«Атқа қызығушылығым бала кезден басталды. Бүгінде атқа міну дәстүрін әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап жүрмін. Мен елімізде ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл жастарының әлеуетін көтеру мәселесін көтергім келеді. Қазір ауданда этноауыл сипатында лагерь ашылды. Әр мектептен 40-45 оқушы келеді. Мұнда балаларға самауыр қайнату, бауырсақ пісіру сияқты ауыл өміріне тән жұмыстардың бәрін үйретеді. Мен балаларға атқа мінуді үйретемін, ат әбзелдерімен таныстырамын. Бүгінге дейін мыңға жуық оқушыға атты еркін тізгіндеп жүруді үйреттім. Енді осыны республика көлемінде жүзеге асырса деген ұсынысым бар. Жай ғана балалар лагерін жасамай, ұлттық құндылықтарды, атқа мінгізу дәстүрін жалғастыратын жазғы лагерьлер қолға алынса деген ұсынысымды айттым. Бұл ата-баба дәстүрін жетілдірудің жүйелі жалғасы боларына сенімдімін», – дейді Асыл Ахметова.
Ауыл жастарын дамыту үшін Асыл біріншіден ауылды дамытуды қолға алу керек деп есептейді. Тек сонда ғана ауылға жастар тұрақтамақ.
«Ең бірінші ауылды жерлерді дамыту керек. Жолдарын дұрыстаудан бастап, шалғай елдімекендерге назар аударылса жөн болар еді. Ауыл жастарының көпшілігінің қолы бос. Түнде көшеде қаңғырып жүруден басқа бітіретін, айналысатын ісі жоқ. Жас жеткіншектердің бос уақыттары болмау керек. Спорттық секциялар, өнер-білім орталықтары болса жастар ауылға көптеп келуші еді. Олар өз болашағын мегаполистермен байланыстырады. Қалада оқимын, жұмыс істеймін, сонда қаламын деп ойлайды. Жастар ауылды көркейтуге үлес қосу қажет. Ол үшін алдымен осындай өзекті мәселелерді шешіп алған жөн», – дейді Асыл Ахметова.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от ASSYL AKHMETOVA (@assylym21)

Серіктес жаңалықтары