754
Әнуар ИСКАРИН: Жастардың сұранысы – жаңашылдық
Әнуар ИСКАРИН: Жастардың сұранысы – жаңашылдық
– Жастар қанаты атауының «Жастар рухы» деп өзгеруінің тарихи маңызы бар. Рух – астары терең мағыналы сөз. Атауының жастарға бағытталуы бізге ерекше әсер етті. Бала жүрек батыр келеді дейді. Негізі батыл қадамға баратын жастар ғой. Елдің ертеңгі болашағын ілгері, батыл қадам жасайтын жастар жалғастырады. Сондықтан да жастардың рухы асқақ болсын, елім, жерім деп соғып тұратын жүрегі таза болсын деген ниеттен туындаған болар. Жастар қанаты – бұған дейін еліміздегі 5 мыңнан астам жастың басын қосқан, бірнеше бағытта жұмыс істеп, жастардың мәселесін көтеріп жатқан ірі ұйым. Енді ары қарай осы күнге дейін атқарған жұмысымыздың ауқымы одан ары кеңейеді, жауапкершілігіміз артады. Жалпы, іс-шара барысында түрлі мотивациялық тренингтер, кездесулер өтті. Съездің форматы да ерекше. Еркін, қатып қалған қағида жоқ. Дайын спикерлер, жаттанды сөздер емес. Кім сөйлейді, кім өз идеясын айтады, шектеу жоқ. Бұл – жаңашылдыққа ұмтылудың белгісі. Өйткені қазіргі жастардың талабы мен сұранысы – осы. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар үлкен әсер алып жатыр. Осыған дейін өзіміз атына қанық болғанмен, жүзбе-жүз кездеспеген тұлғалардың әңгімесін тыңдадық. Белсенді жастар түрлі жобаларын ұсынып жатыр. Өзім тренингтерге қатысып, нақты іске асыратындай шешім қабылдап қойдым. Ақтөбе қаласындағы орталық саябақта жас кәсіпкерлердің жәрмеңкесін өткізуді қолға алмақпын. Бұған дейін мұндай іс-шара ұйымдастырылмаған. Жалпы, қоғамдық жұмыстарда, ел өміріндегі маңызды іс-шараларға қатысатын жастар саны артып келеді. Жас толқынның білімін, идеясын, ерік-жігерін Жаңа Қазақстан идеясын дамытуға жұмсайтын кез келді.