703
Асыл АХМЕТОВА: Мың балаға жылқы тізгіндеуді үйреттім
Асыл АХМЕТОВА: Мың балаға жылқы тізгіндеуді үйреттім
– Өзім ауылда туып-өстім, жылқыны ерекше жақсы көремін. Әкем жылқышы, сол себепті атқа деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Қазір ауылдың шынайы тұрмысы мен боямасыз болмысын, атқа міну дәстүрін әлеуметтік желіде кеңінен насихаттап жүрмін. «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатында ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл жастарының әлеуетін көтеру жөнінде ой қозғадым. Алғашқы ұсынысым, түркі әлемінің генезисі атқа міну мәдениетін жаппай насихаттау. 2014 жылы Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш ететін, көшпенділер мұрасын насихаттайтын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қолға алынды. 40-қа жуық спорт түрінің ішінде ат спортына басымдық беретін жоба биыл Түркия елінде өткізілмек. Осы тұста, 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынамын. Өзім биыл мектеп оқушыларына арнап рухани құндылықтар мен қазақилықты арттыратын жазғы лагерь ұйымдастырып, 1 000-ға жуық балаға жылқыны еркін тізгіндеуді үйреттім. Жоғарыдағы ұсынысымның жалғасы ретінде жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтарға негізделген жазғы лагерь жобасын «AMANAT» партиясы қолдаса деген ниетім бар. Бұл ата-баба дәстүрін жетілдірудің жүйелі жалғасы боларына сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ең маңызды мәселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету» деген болатын. Осы орайда екінші ұсынысым, ауыл жастарының әлеуетін көтеру жолында күш біріктіру. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі болашағын мегополистермен байланыстырады. Дегенмен ауылда тұратын жастар да аз емес. Сол себепті жастарға жаңа мүмкіндік сыйлайтын бағдарламалар қолжетімді болуға тиіс. Қазір ауылдан шыққан кәсіпкерлер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері мен өзге де жетістікке жеткен азаматтар бар. Сондай азаматтар үшін жастар қанаты менторлар мектебін қолға алды. Мен жасақталып жатқан менторлық мектептің алғашқы құрамына енуге дайынмын. Ментор болу – бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл жастарымен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, туған жеріңе, сол жердің рухты жастарына қамқорлық көрсетуден басталады. Жаңа Қазақстанның қуатын арттыратын, жаңа реформалар дәуірін өз қолымен жасайтын рухты жастарымыз көп болсын!