388
Адал деп ішкен ас ажал құштырған
Адал деп ішкен ас ажал құштырған
Ауру айтып келмейді. Адал деп ішіп отырған астың өзі дертті қылуы мүмкін. Таяуда оңтүстікқазақстандық басылымдар тағамнан уланып, 1 айдан бері комада жатқан оқушы жайлы жазды. Өз үйінде тұздалып, қысқа арнайы сақталған тамақты жеген оқушы ботулизмге шалдығам деп ойламағаны анық. Ақ халаттылардың хабарлауынша, өңірде тағамнан улану дерегі жиілеген. Соңғы айда ботулизммен ауырған 12 адамның төртеуі төсекке таңылыпты.
Ботулизм – ауыр уытты инфекциялық ауру, оның салдарынан нерв жүйесі зақымданады. Дерт күтпеген жерден басталады. Науқастың аузы құрғап, бұлшық еттері әлсірейді, көздің көруі нашарлайды. Тағамды жұтуы да қиындайды. Көзінің қарашығы кеңейіп, тыныс алуы жиілейді. Дәрігерлердің айтуынша, ботулизм әдетте тұздалып, консервіленген өнімдерді тұтынғаннан болады.
Жалпақ тілмен айтатын болсақ, ботулизм ауруы – бұл тамақтан уланудың ауыр түрі. Өз бетінше емделем деп, дәрігерге дер кезінде көрінбесе, соңы қайғылы жағдайға апарып соғуы ықтимал. Өйткені тағам құрамында асқазан сөліне төзімді улы токсиннің болуы салдарынан адам ағзасы дертпен күресе алмауы мүмкін. Тағамның дәмінен, сыртқы түрінен күдікті белгі байқалмаса, оны тұтынушылар ештеңеден қауіптенбейді. Алайда кейде консервіленген немесе тұздалған ас салынған құтының қақпағы газ бөлінуі салдарынан көтеріліп, тағамның құрамы бұзыла бастағанын ескертіп тұрса да, көңіл бөлмейтіндер көп. Салдарынан токсиндер аспен бірге адам ағзасына түседі. Улы қоздырғыш жүйке жасушаларына барып түскен соң тыныс жолдарын тарылтып, жүрекке салмақ түсіреді. Ақырында өлімге себепші болуы ғажап емес.
Мәселен, өткен жылы Ақтауда тамақтан уланған 15 жасар қыз қайтыс болды. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, әуелі қыздың өзі, одан кейін 10 жастағы інісі мен әкесі өздерін нашар сезіне бастаған. Үшеуінің де бастары айналып, бойлары әлсіреп, бірнеше рет құсқан. Бір тәулік бойы үй жағдайында ем жасап, ертеңіне қызын төсектен тұрғыза алмаған кезде ғана отанасы дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Жедел жәрдем қызметкерлері жеткенде қызға көмектесуге тым кеш болды. Ал інісі мен әкесі ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін оңалды. Эпидемиологиялық зерттеуге сәйкес, улануға ашық күйінде консервіленген өнімнің дұрыс сақталмауы себеп болған.
Ақтау қаласында осыған ұқсас оқиға биылғы жылдың қазан айында тағы қайталанды. 1 қазан күні облыстық инфекциялық ауруханаға қаланың 28 шағынауданында тұратын бір отбасының төрт мүшесі бірдей жеткізілді. Кешкі астан соң көп ұзамай өздерін жайсыз сезініп, бастары айналып, іштері өте бастаған науқастар сырқаттарын консервіленген көкөніс салатымен байланыстырды. Салаттың аузы ашылып қалған көрінеді, бірақ дәмі, түр-түсі бұзылмаған. Ең сорақысы, үш ересекпен бірге ана сүті арқылы уланған тоғыз айлық сәби де облыстық инфекциялық ауруханаға жатуға мәжбүр болды. Дәрігерлер науқастарға ботулизм деген диагноз қойды. Отбасы мүшелерінің дер кезінде жедел жәрдем шақыруының арқасында аурумен күрес нәтижелі болды. Өзім білемге басып, халықтық ем-доммен шектелгенде, асқынған дерт бір үйлі жанның түбіне жетер ме еді, кім білсін? Солтүстік Қазақстандағы астан улану оқиғасының соңы солай аяқталды емес пе? Қазанның ортасында бүтін бір отбасы саңырауқұлақтан уланып, жарық дүниемен қоштасты. 32 жастағы әйел үш қызымен бірге кешкі асқа саңырауқұлақ қуырып жеген екен. Түні бойы құсып, қызулары көтерілген науқастардың тіпті жедел жәрдем шақыруға да шамасы болмапты. Тек таңертең үлкен қызының сынып жетекшісіне хабарласып, уланған әйел болған жағдайды әрең баяндап берген. Дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен, бір отбасының төрт мүшесін ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады.
«Науқастар ішкі органдарының улануынан мерт болды. Алдымен бауырлары зақымданған. Артынша бүйрек зәр шығармай қойды. Қандары сұйылып, жүрекке әсер еткен. Бір мезетте бірнеше орган жұмыс істемей қойғанда, адам ажал құшады», – дейді балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов.
Қолдан келген көмекті аямаған жергілікті ақ халаттылар еліміздің бас токсикологы мен реаниматологын Астанаға арнайы ұшақ жіберіп алдыртқан. Бірақ одан да нәтиже болған жоқ. Алғашқы болып бес жасар Олеся, ертеңіне анасы Вероника көз жұмды. Араға екі күн салып 9 жасар Ксения, одан соң сол үйдің тұңғышы – 12 жастағы Татьяна қайтыс болды. 32 жастағы Вероника Пономаренко былтыр күзде күйеуінен ажырасып, үш қызымен өзге ауданнан Соколовка ауылына көшіп келген екен. Сол кеште жеген саңырауқұлақты да өзі жақын маңдағы орманнан теріп әкеліпті. Теріскейде бұл уақытта, әдетте, саңырауқұлақ атаулы өспейді. Бірақ биылғы күз жылы да жауынды болғандықтан саңырауқұлақ ормандарда арагідік кездеседі екен. Марқұм әйел ағаштың түбінде өсетін жалған томарқұлақ деген түрін улысынан ажырата алмаған көрінеді.
«Аналары өте еңбекқор болатын. Қысқа қамданып, көкөніс кептіріп, саңырауқұлақ тұздап жүруші еді. Алғашқыда тұрмыстары қиын болды. Қолдан келгенше қарайласып жүрдік. Етене жақындасып кетіп едік. Туысымыздан айрылғандай болдық», – деді тілшілермен тілдескен көршісі Ольга Асанова.
Бір үйлі жанның түбіне жеткен орман саңырауқұлағы үшін ешкімді айыптай алмайсың. Алайда жылдам даярланатын жылы-жұмсағымен талай жанды дертті қылған тамақтану орындары жазасыз қалмайды. Мәселен, қараша айының басында Орал қаласындағы «Бургер стрит+» кафесінен тамақтанған 23 адам уланды. Олардың арасында балалар да бар. Ауқаттанып болған соң аяқ астынан жүрегі айнып, құсқысы келген науқастар өз сырқаттарын «Бургер стрит+» кафесінде тапсырыс берген гамбургер, чизбургер секілді фастфуд өнімдерінен көрді. Олардың кейбірі кафеден тамақ ішсе, енді кейбірі үйлеріне алып кеткен көрінеді.
Астан уланған оралдықтар біраз уақыт ем-дом қабылдап, ауруханадан шыққан соң әлгі тамақтану орнының үстінен шағым түсірді. Олар кәсіпкерден өздеріне келген шығынды өндіріп алмақ. Дәмханадан ауру жұқтырып, ауруханада емделіп шыққан 23 азаматтың құқын қорғаған БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті зардап шеккендердің атынан кафені сотқа берген. Жапа шеккен азаматтар өздеріне келген зиянды жүз мың теңгеден бағалады. БҚО тұтынушылар құқығын қорғау қорғау департаменті кәсіпкердің зардап шегушілерге барлығы 4 миллион теңге шығын келтіргенін алға тартты. Даулы оқиғаға қатысты сот отырысы жуырда өтпек. Бұзылған тағаммен 23 адамды, оның ішінде 7 баланы дертті қылған кафе тиісті жазасын алса, бұл оқиға көпшілікке ұсынылатын ас сапасына жүрдім-бардым қарайтын талай кәсіпкерге сабақ болары анық.
Өкінішке қарай, осы күні көшедегі тамақтану орындары ғана емес, жүздеген, тіпті мыңдаған баланы тамақтандыратын кейбір мектеп асханалары да тағам құрамын қадағалауды қойған. Салдарынан оқушылардың жаппай астан улану дерегі көбейіп барады. Жуырда Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл түрде Тасбөгет кентіндегі №176 мектептің 12 оқушысы жеткізілді. Балалардың жағдайы күрт нашарлағандықтан, мектепке дереу жедел жәрдем қызметі мен оқушылардың не себепті уланғанын анықтау үшін құзырлы органдар шақырылған.
Ата-аналардың айтуынша, улы кәмпит мектеп асханасында сатылған. Ал мектеп басшылығы бүлдіршіндердің дертіне белгісіз біреулердің тегін таратқан кәмпиті себеп болды дегенді алға тартты. Мәселенің мәнісін қалалық білім бөлімінің бас маманы Ғани Қамбарбекұлы түсіндірді.
– ПМК-66 саяжайынан қатынап оқитын №176 мектептің оқушылары аялдамада тұрған кездерінде қастарына «Фольксваген» автокөлігі келіп тоқтаған. Онда отырған азамат балаларға кәмпиттер мен бөтелкедегі майда витамин тектес заттарды тегін таратып берген. Тегін берілген соң балалар қуана алып, 6-сынып оқушысы оны мектепке әкеледі. Сөйтіп басқа балаларға да береді. Аялдамада тұрған кездерінде қастарында кейбірінің ата-аналары да бар көрінеді. Балалардың сөзіне сенсек, әлгі кәмпиттерді таратқан адам орысша сөйлеген. Алайда тілінде акценті бар екен. Сондай-ақ, кәмпиттерді тегін бергендігі жөнінде оқушыларды суретке де түсіріп алған көрінеді, – дейді ол.
Тегін кәмпиттерді кім таратқанын анықтау мүмкін болмады. Балалардың улануына мектеп асханасының кінәсі жоқ екенін біліп, өзге оқушылардың ата-аналарының көңілі жайланды. Өйткені оқушылардың ауруы асхана асынан болса, уақыттарының басым бөлігін мектепте өткізетін ұл-қызын уайымдаумен болар еді.
Өткен жылы 126 оқушысы бірдей тамақтан ұшынған Оралдағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатында балалары оқитын ата-аналар оқу орнының асханасына әлі күнге дейін күдікпен қарайды. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Мұхамед Арыспаевтың айтуынша, жүздеген баланың тағамнан улануына аталмыш мектепте директоры бекіткен ас мәзірінің бір апта бойы сақталмауы себеп болған. Мысалы, 29 қазан күні оқушыларға түскі асқа ет қосылған картоп берілген. Осы тағаммен кешкісін интернат балалары да тамақтанған. Сонымен қатар, мектеп асханасында санитарлық-техникалық жұмыс кестесінің бұзылғаны анықталды. Алынған талдаудың 28 пайызы талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Нәтижесінде өз жұмысына салғырт қараған аспаздар жұмыстарынан шеттетілді. Мектепте дезинфекциялық шаралар жүргізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің сөзіне қарағанда, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен 126 баланың 114-і интернатта жатса, 12-сі мектепке үйден келіп оқитындар. Олардағы ауру белгілері бірдей болған: жоғары дене қызуы, нәжістің бұзылуы, іш пен бас ауруы болып отыр. Тамақтан, сондай-ақ қатысы бар адамдардан салмонелланың табылуына және науқастардың жаппай өткір ішек жұқпасымен ауыруына байланысты балаларға сальмонелла этиологиясы, тамақтан токсиндік улану диагнозы қойылды. Оған қоса, 18 баладан дизентерия шыққан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, зерттеу және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін мектепте сабақ тоқтап қалған күндер де болды.
«Ауру – астан» дейді халқымыз. Оқушыларға адал ас ұсынбаған асхананың кесірінен талай ата-ана перзентінен айрыла жаздады. Аспаздардың ағаттығы қаншама адамды жұмыссыз қалдырды. Қоғамдық тамақтану орындарындағы әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікті арттырып, салғырттықты тыймай мұндай оқиғаларға тоқтау болмайтын сияқты.
Анар ЛЕПЕСОВА