50423
Петропавлда 16 көшенің аты қазақшаланды
Петропавлда 16 көшенің аты қазақшаланды
Петропавлда бұған дейін нөмірленіп келген 16 көше жаңа қазақша атауға ие болды деп хабарлады turkystan.kz.
Петропавл қалалық әкімдігінде «Солнечный-2» шағынауданындағы көшелерге жаңа атау беру бойынша жиын өтті.
Бұған дейін құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінен және осы шағынауданның тұрғындарынан көшелерді жаңаша атау бойынша 4 өтініш түскен. Жұмыс тобы оны шілде айының басында қарады. Тиісті тәртіп бойынша көшелерді жаңадан атау бойынша материалдар тұрақты комиссияда қоғамдық тыңдау өткізу үшін Петропавл қалалық мәслихатқа жіберілді.
Жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың депутаттары, Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері, облыс орталығының тұрғындары ортақ шешімге келе отырып, бұған дейін нөмірленіп келген көше атауларына мынадай атау беруді жөн көрді:
№1 көше - Шаңырақ,
№2 көше - Ынтымақ,
№3 көше - Саяхат
№4 көше - Баянды
№5 көше - Шабыт
№6 көше - Думан
№7 көше - Аққайың
№8 көше - Қайнар
№9 көше - Достық
№10 көше - Көктерек
№11 көше - Татулық
№12 көше - Сарыарқа
№13 көше - Ұлытау
№14 көше - Отбасы
№15 көше - Жарқын
№16 көше – Орда деп аталды.
«Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, көшелердің бір де - біреуіне ақынның не танымал тұлғаның есімін берген жоқпыз. «Солнечный-2» қаланың шеткері ауданы, түсініспеушіліктер болмауы үшін осылайша бейтарап, әрі әдемі қазақша атау беруді дұрыс деп шештік», – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.