Қарқыны күшейгенімен, қауқары қайтты

Қарқыны күшейгенімен, қауқары қайтты

Қарқыны күшейгенімен, қауқары қайтты
ашық дереккөзі
315
Ай басынан бері елімізде коронавирус қайта күш ала бастағаны бай­қа­ла­ды. Ресми көрсеткіштегі дерекке сүйенсек, алдыңғы аптада індет жұқ­тырғандар саны тіптен еселене түскен. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары коронавирусқа шалдыққандар саны бойынша көш басында тұр. Елорда «сары аймаққа» өтті. Екі жыл бойы еңсе тіктетпеген ін­дет­тен ен­ді ес жиып жатқанда, мұндай ақпараттың тарауы халықтың күдігі мен үрейін қатар оятты. Вирустың таралуы күт­пеген жерден тоқ­тап, енді қайта көбеюі ел арасында түрлі пі­кір тудырып отыр. Соңғы рет мұндай көр­сеткіш тек қаңтар-наурыз кезінде тір­кел­ген екен. Індеттің күрт бәсеңдеп, қайта өршуіне не себеп болып отыр? Алда тағы түрлі шек­теу­лер мен ережелер, қарбалас пен қауіп кү­те ме? Вирус қайта қарқын алып барады Шілденің басында коронавирустың күрт өршігені байқалды. Бір күн­нің ішінде індет жұқтырғандар саны бір­не­ше есе өскен. Ресми деректерде 10-23 шілде ара­­­­­лығындағы екі апта ішінде 21 мыңнан ас­­там адамнан вирус анықталғаны көр­се­тіліпті. Күн сайын тіркеліп жатқан жаңа жағ­дайлардың саны 2 мыңнан түспей тұр. Де­генмен жалпы елдегі эпидахуал «жасыл ай­мақтан» жылжыған жоқ. Эпидемиоло­гия­лық ахуалды бағалау матрицасының гра­фи­гінде тек Нұр-Сұлтан қаласы «сары ай­мақ­та» еке­нін байқауға болады, ал Алматы және Ж­е­тісу облыстары, сондай-ақ Алматы қа­ла­сы «жасыл» аймақтың шетіне жақын­дағаны кө­рініп тұр. Егер вирустың қарқыны бәсең­де­месе, аталған өңірлер де «сары ай­маққа» ығы­суы ықтимал екені айтылып жатыр. Басқа елдерде де маусымнан бері эпи­д­а­хуал күрделене түскен. Естеріңізде бол­са, бұдан бір жыл бұрын осы уақытта «де­льта» штамының тіркелуіне байланысты әлем бойынша жағдай ушыққан еді. Бұл жо­лы «омикрон» нұсқасынан мутацияланған штам­дар таралып жатыр. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының ресми мәліме­тін­ше, індеттің таралуы тура былтырғы сце­на­рий бойынша қайталанып отыр. Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында «кен­тавр» деп аталатын коронавирустың жаңа мутациясы Үндістанда алғаш рет анық­талған еді. Содан бері әлемдегі жағдай күрт өзгерді. Ахуалдың күрт құбылуына байланысты мау­сымның басында Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Геб­­­рейюс ұмыт қалған ережелерді қатаң сақ­тап, сақ болу керегін бүкіл әлемге ескерт­кен болатын. Жағдайды бағамдасақ, кейінгі 6 аптада Еуропада вирус жұқтырған­дар саны үш есе өскен, ал өткен аптада 3 миллионға жуық жағдай тіркеліпті, бұл – әлем­дегі барлық жаңа жағдайдың жар­ты­сы­на жуығы. Ресейде де індет жұқтырғандардың са­ны күрт көбейгені байқалады. АҚШ, Жапониядағы ахуал да тура сондай. Қарбалас қайталанбайды 21 шілде күні елорданың «сары аймаққа» өтуі­не байланысты қаланың бас санитар дәрі­гері Сархат Бейсенова жаңа қаулыға қол қойған болатын. Қаулы 23 шілдеден бастап кү­шіне енді. Онда бірқатар шектеу шаралары қарас­тыры­лыпты: науқаспен жақын байланыста бол­ған, вакцина алуға болмайтын және жүк­ті әйелдерді қашықтан жұмыс істеуге кө­шіру; халық көп жиналатын орындарға бар­ған кезде және қоғамдық көлікте бет­пер­де тағу; 10-нан астам адамның қатысуымен өте­тін жиналыстарды онлайн форматқа ауыс­­тыру және тағы да басқа. Ал Ashyq жүйесі өңірлер «қызыл аймақ­қа» өтсе ғана қолданылуы мүмкін, әзірге биз­нес субъектілерінің жұмысына қандай да бір шектеу қойылған жоқ. Қазір кей сарапшылар мен мамандар Ден­саулық сақтау министрлігінің өкілдері мен дәрігерлер вируспен күресте вакци­на­ның маңызы жоғары екенін қайтадан еске са­лып жатыр. Сонымен қатар коронавирустың бұл тол­қыны алдыңғыларға қарағанда біршама жеңіл түрде жүріп жатқанын бай­қауға болады. Сарапшылар мен дәрігерлер коро­навирус мутация кезінде өкпе тініне ену қабілетін жоғалтқанын, омикрон штамы жедел респираторлық вирустық инфекция ретінде жүретінін, өкпенің зақымдануы өте сирек жағдайларда байқалатынын айтып жатыр. Дегенмен, созылмалы аурулары бар жандар үшін коронавирус қауіпті болып қала бермек. Омикрон жұқтырған кезде қызу кө­теріледі, дегенмен көп жағдайда 38 градустан аспайды. Күрделі жағдайларда ол одан да жоғары көтерілуі мүмкін, тыныс алу­дың қиындауы қосылады, жөтел күшейе­ді, кеуде қуысы қысылып, ауыруы мүмкін. Де­генмен жауаптылар алдыңғы жылдар­да­ғыдай жағдай, дүрбелең мен дүрмек, қайта­лан­байды деп сендіріп отыр. Әйтсе де, сақ­тансаң ғана сақтайтынын қаперде ұстаған абзал. Ержан БАЙТАНАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: Тұмау тәрізді екен деп қарап отыруға болмайды
– Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп айтуға болады. Соған қара­мастан, инфекцияның таралу қарқыны кү­шейіп келе жатқанын да жоққа шығар­май­мыз. Өткен тәулікте 2 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды, ал жазылып шық­қандар саны бір мыңнан асады. Індеттің таралуы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қа­ла­лары және Қарағанды облысы көш бастап тұр. Елімізде вакцина алғандар саны 10 мил­лионнан асады. Ал ревакцинациядан өткен, яғни қайтадан вакцина алған азамат­тар саны 5 миллионнан асады. «Кентавр» штамы елімізде тіркелген жоқ. Қазір бізде «омикрон штамы», «стэлс омик­рон» штамы және аздаған «дельта» штамы цир­куляцияда жүр. Расымен де, қазіргі коронавирус тол­қыны тұмау тәріздес болып өтіп жа­тыр. Дегенмен тұмау сияқты екен деп қарап отыруға болмайды. Оның таралу қарқыны жылдам, яғни тез жұғады, сонымен қатар адамның бұрыннан бір жері ауырса, денсаулығында басқа да бір кінәраты болса, сол жерге зақым келтіруі әбден мүмкін. Ал ауруды ауыздықтаудың жалғыз жолы – вакцина алу. Ол вирусқа қарсы қоғам иммунитетін қалыптастыру үшін аса қажет. Халық көп жиналатын жерлерде, қоғамдық орындарда бетперде тағып, сақтық шараларын сақтау аса маңызды екенін ескерткім келеді.
Әкім ТҰРСЫН, медицина сарапшысы: Коронавирус тұмау сияқты аурулардың бірі болып қалады
– Егер естеріңізде болса, біздің климат жағдаймызға бай­ла­нысты 2020 жылы да, былтыр да шілде, тамыз айларында вирус­ты қарқыны күшейген еді. Яғни, коронавирустың да тұмау немесе тағы басқа аурулар сияқты маусымдық сипат алғанын аңғаруға болады. Енді вирус жойылып кетпейді, осындай жаз айларында пайда болып отыруы ықтимал. Вирустың қарқыны бәсеңдеп келіп, енді өршуін осы нәр­семен байланыстыруға болады. Қазір әлем бойынша коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасты деп айта аламыз. Әу баста-ақ бұл вируспен бәрібір кездесеміз деп айтқан болатынбыз. Барлық адамда антидене бар десек болады. Жылдың басында «омикрон» штамы тараған еді. Оның таралу қарқыны жылдам, бірақ мутацияға ұшыраған себепті әлсіз болды. Сол «омикрон» ортақ иммунитет қалыптасуына зор ықпал етті. Қазір вирус жеңіл өтіп жатыр, тіпті симптомсыз өтіп жатқандардың үлесі жоғары. ИВЛ аппаратына түсіп жатқандар бар, бірақ олар өте аз. Әлем ғалымдары бұдан бұрын да уақыт өте келе коронавирус тұмау сияқты аурулардың бірі болып қалады деген болжамдарын, тұжырымдарын айтқан болатын. Сол жағдайға қазір келдік. Әлем бойынша қатаң шектеу шаралары алынып тасталды. Ал вакцина алда да бола береді. Күз айларында халық салдырып жататын тұмауға қарсы вакцина бары белгілі. Коронавирустың вакцинасы да сол сияқты қала береді.
Қорыта айтқанда, елдегі ахуал тұрақты, вирустың таралу қарқыны жоғары болғанымен, қаупі баяғыдай емес деген тұжырымға келуге болады. Дегенмен бұрыннан бар сырқатты асқындырып жіберуі мүмкін екенін есте ұстау керек. Мамандар мен жауаптылардың сөзіне сүйенсек, адамзаттың бұл індетті жеңетін уақыты жақындаған сияқты. Десе де, сақтық шараларын сақтау ешқашан артық болмайды.

Серіктес жаңалықтары