50211
Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті
Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті
Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды:
1) «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы»;
2) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы»;
3) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы».
Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысымен қысқаша таныстырып өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы баяндады.
- Барлығы 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған, оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсынды. Жетісу облысында бір кандидат және Абай облысында бір кандидат тіркелгенге дейін өз өтініші бойынша кандидатураларын алып тастады.
- Қызмет салалары бойынша: ұсынылған 31 кандидаттың 10-ы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 12-сі әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 8-і мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері; 1-еуі саяси партия мен ҮЕҰ қызмет етеді.
- Партияға қатыстылығы бойынша: 24-і «AMANAT» партиясының мүшесі; 1-еуі «Ақ Жол» ҚДП мүшесі; 2-еуі партиясыз; 4-еуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
- Гендерлік құрамы бойынша: 10 әйел және 21 ер адам.
- 2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 18 кандидат тіркелген (әр облыстан 6 адамнан).
- Қызмет салалары бойынша: 11-і әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 4-еуі коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 3-еуі мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері.
- Партияға қатыстылығы бойынша: 14-і «AMANAT» партиясының мүшелері; 4-еуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
- Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам.