51209
Арқалық Рысбекұлы: Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақталған қазақтар Қосағашта тұрады
Арқалық Рысбекұлы: Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақталған қазақтар Қосағашта тұрады
Арқалық Рысбекұлы – Ресей Федерациясы Алтай Республикасына қарасты Қосағаш ауданына таралатын «Шүйдің нұры» газетінің редакторы. Одан бөлек, ол Қосағаш ауданындағы қазақтар ұйымының төрағасы қызметін атқарады. Қазақ көп шоғырланған Алтай өлкесіндегі Шүй жазығында тұратын 10 мың қазақтың басын біріктіріп, берекесін арттыруға күш салып жүрген қандасымыз қазақша оқулықтар басып шығарып, қазақ күресін айрықша дәріптеп жүргенін айтады. Бүгінде «Алтай – бақытты ұлттар мекені» деген атпен Алтай Республикасы қазақтарының фестиваліне қызу дайындық жүргізіп жатқан қандасымызға хабарласып, әңгіме-дүкен құрған едік.
– Әңгімеміздің әлқиссасын туған өлкеңіз, өскен ортаңыз, сондай-ақ журналистикаға келу жолыңыздан бастасақ.
– Мен 1985 жылы 5 мамырда Алтай Республикасы Қосағаш ауданына қараған Ақтал ауылында дүниеге келдім. Бір жасқа толған кезімде ауыл топырағынан жерасты сулары көптеп шыққан соң ауыл тұрғындарын Шүй жолында орналасқан қыратқа көшіріп, оны Жаңа ауыл деп атады. Қосағаш ауданында туып-өскенімізбен, бізді көпшілік «Шүй қазақтары» деп атайды. Ал жергілікті халық бұл маңды «қасиетті қара Шүй» деп атайды. Сол Жаңа ауылда орта мектепті тәмамдаған соң Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында жаңадан ашылған Қобда университетінің филиалына оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Сосын өз ауылыма оралып, ондағы мектепте мамандық бойынша үш жылдай, кейін Моңғолиямен шекаралас жатқан Тошанты ауылында бір жылдай жұмыс істедім. Бертін келе бізде аудан орталығы саналатын Қосағаштағы үлкен мектепте сабақ бердім. Өзім бұрыннан ауданда үш тілде шығатын газеттің қазақтілді қосымшасына мақала жазып тұратын едім. Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы журналистер одағының мүшесімін. Кейіннен сонда журналист болып жұмысқа тұрып, ізінше бас редактор болып тағайындалдым. Негізі, біздің газет – күллі Ресей бойынша үш тілде шығатын жалғыз газет. Орысшасы «Чуйские зори», алтай тіліндегісі «Эре-Чуйдыҥ таҥдагы», ал қазақшасы «Шүйдің нұры» деген атпен аптасына бір рет шығады. Біздің штатта жұмыс істейтіндердің дені – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдер. Штаттан тыс тілшілеріміз де бар. Осы өлкенің көркін жырлаған ақын, жазушы аға-апаларымыз жиі мақала жариялайды. Имамдар да өз жазғанын бізге ұсынады. Сонымен қатар Қазақстанда, Алтайда болып жатқан үлкен жаңалықтарды жариялап отырамыз. Қосағаштағы қазақтардың жетістіктері туралы жазамыз. Жалпы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, дін, ұлттық мерекелер туралы материалдарды үзбей береміз. Одан бөлек, магистратура бөлімінде білім алып жатырмын.
– Ал Қосағаш қазақтарының ұйымына басшылық еткеніңізге қанша уақыт болды? Ол ұйым қашаннан бері жұмыс істейді?
– 1991 жылы Қазақстан егемен ел атанған кезде Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы құрылғанын білетін боларсыз. Сол кезде Қосағаш ауданында «Бірлік» деген атпен қазақтардың басын біріктіретін ұйым құрылды. Сол жылдан бері тынбай жұмыс істеп келе жатқан бұл ұйым қазір «Қосағаш қазақтарының жергілікті қоғамдық ұйымы» деп аталады. Бұрын Алтай Республикасында тұратын «ат төбеліндей он мың қазақпыз» дегенді жиі айтатын едік. Қазір, шүкір, санымыз 15 мыңға жетті. Сол 15 мыңның 12 мыңы осы Қосағаш ауданында тұрады. Мен бұл ұйымға 2018 жылдан бері төрағалық етемін. Бұл лауазымға халық сайлады. Жалпы, бізде ұйым төрағасын халық өзі сайлайды. Өз қалауындағы адамды төраға етіп тағайындайды. Басқа ұйымдардағыдай 5-10 кісі жиналып, ақылдасып, сайлау деген жоқ. Стадионда үлкен жиын өткіземіз. Мысалы, мені біздің аудандағы Төбелер деген қазақ ауылында үлкен жиын кезінде қазақтар «Сенің оқығаның – қазақ тілі мен әдебиеті. Тілді білесің, заңды білесің, ұйымдастырудан да кенде емессің. Төраға сен бол» деп маған жүк артты. Төраға ретінде ауыл ақсақалдары мен орта жастағы аға-апаларымызды үлкен стадионға жинап, жыл сайын өтетін Қосағаш қазақтарының құрылтайы кезінде атқарылған жұмыс туралы есеп беремін. Олардың алдында тұрып, айтар ақылы мен уәжін тыңдаймыз. Олар топтың ішінен қолдарын көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салады. Жалпы, Алтай Республикасында 12 аудан бар, сол 12-нің екі-үш ауданында бес-алты жүзден қазақ тұрады, кезінде сол жердегі қазақтардың басын біріктіретін аймақтық автономия құрғанбыз. Қазақ көп қоныстанған әлгі бірнеше ауданда жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар тағы бар. Олар да біздің құрылтайға арнайы келіп, тыныс-тіршілігімізбен танысып қайтады. Ол құрылтай осы жазда болмай қалды. Бұйырса, күзде Қосағаш қазақтарының құрылтайы өтетін кезде барлығына бір ай бұрын хабарлап, халықты стадионға жинаймыз. Халық ұйым төрағасынан бөлек, басқарма кеңесіне мүше атануға лайық азаматтарды да өзі сайлады. Олардың алдына шығып, қандай азамат екенін айтып береміз, сосын өздері таңдауын айтып, дауысқа салады. Біздің ұйымның басқарма кеңесіне он бір адам мүше. Барлығымыз қоян-қолтық жұмыс істейміз, бірақ біз жақта қызметте отырған қай қазаққа барсаң да, орнынан түрегеле жүгіріп, көмегін аямайды. Екі айтқызбай-ақ қол ұшын созып, алып-ұшып тұрады. Мысалы, жуырда бізде талантты күйші ағамыз Жанайдар Ермекұлының шығармашылықта жүргеніне 30 жыл толды. Оны естіген осындағы қазақтар бірігіп, әп-сәтте барлығын ұйымдастырып, керемет кеш ұйымдастыруымызға септігін тигізді. Ауызбіршіліктің, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін біздің ауданнан көруге болады. Ақылдасу қажет болса ақсақалдардың алдына барамыз. Біздің салтымыз бұрынғы салт. Қазақылығымыздан айырыла қойған жоқпыз.
– Кезінде ата-бабаларымыздың үш жүздің басын қосып, жұрт болып жиылып, халық алдында үлкен жиын өткізетін дәстүрі сіздер жақта сақталған ғой демек?
– Дәл солай. Осылай халықты жинап, сайлаймыз десем көбі сенбейді. Әсіресе, Омбы, Новосібір қазақтарына осылай айтсам олар «Сендерде әлі солай ма?» деп аң-таң болады. Иә, бізде әлі солай. Бір күні сыртынан келіп көрсеңіз, сіз де таңғалуыңыз мүмкін. Ата-бабаларымыздың Күлтөбенің басына шығып, үнемі жиын өткізетін дәстүрі бізде сақталған. Біз елу кісіні шақырып, құрылтай өткізе алмаймыз, ол құрылтайға кемі мыңнан астам адам қатысады. Жалпы, бұл қауымдастық осындағы көп қазақ ана тіліміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, дініміз бен ділімізден ажырап қалмасын деген мақсатта құрылған. Сондай-ақ Алтай Республикасында тұрып жатқан қазақтардың құқығын қорғауды көздейміз. Рухани даму жағына құрылған. Біз атқарып жатқан шаруаны Ресейдің өзге аймағында тұратын қазақтар мойындайды. Балаларымыздан бастап үлкендерімізге дейін қазақшадан ажырап қалғамыз жоқ. Кейде Моңғолиядағы қазақтар моңғолданып, Өзбекстандағылар өзбектеніп бара жатыр дегенді естіп қаламын. Ал бізде ондай жоқ. Шүкіршілік айтамыз. Бір аспан астында тату тұратын төлеңгіттер мен орыстардың бізге көмегі көп тиді. Қосағаш – өзге ұлттардың береке-бірлігі жарасқан өлке. Ешкімге бөле-жара қарамайды. Тіліне, дініне ешкім тиіспейді. Білім министрлігіне жүгінсек те, тілімізді сақтап қалудың амалын қарастырып, түбі бір жолын тауып береді. Осы ретте бір мысал келтіре отырайын. 2016 жылы Ресейде бірыңғай білім беру стандарты туралы заңға өзгеріс енгізіліп, Қазақстаннан әкелінетін оқулықтар бойынша оқытуға тыйым салынды. Балаларымызды қазақша оқыту үшін оқулық Ресейде құрастырылып, осы жерден басып шығарылуы қажет болды. Ал Ресей бойынша қазақ тілі оқулығын бізге кім әзірлеп береді? Астрахань қазақтары ма, әлде Омбы қазақтары ма? Мәскеуде тұратын аз қазақ құрастырып бере ме бізге? Ал біздің ауданда 12 ауыл бар, сол 12-нің 8-індегі мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Сол сегіз мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен жалпы саны 36 мұғалім сабақ береді. Олардың көбі Баян-Өлгей, Семей, Өскемендегі оқу ордаларында білім алған. Сол 36 мұғалім, тілді, заңды жетік білетін бірнеше азамат жұмылып, аудан әкімдігінің көмегімен өткен жылы 1-4-сынып оқушыларына арналған қазақ тілі оқулықтарын әзірлеп шығардық. Сосын оны Ресейдің Оқу-ағарту министрлігінің реестріне тіркедік. Біраз уақыт тексерістен өткен соң қазір сол оқулықтар арқылы аудандағы сегіз мектепте қазақ тілін пән ретінде оқытуға мүмкіндік алдық. Пандемия басталмай тұрып, осы оқулықтың шығуына байланысты Ресейдегі белсенді қазақтардың басын қосып, осында ғылыми-практикалық конференция өткізгенбіз. Алтай Республикасының өзге аудандарында тұратын қазақтар да мектеп бағдарламасына кіріктіру үшін 500 оқулыққа тапсырыс берді. Астрахань, Омбы қазақтары да хабарласып жатыр. Енді қазір 9-11-сынып оқушыларына арналған қазақша оқулықтар дайын тұр. Бұйырса, күзде алдымен өлкемізден, сосын Мәскеуде ғалымдардың сараптамасынан өткізіледі. Сосын заң тұрғысынан барлығы дұрыс болған жағдайда реестрге тіркеп оқу бағдарламасына пән ретінде енгіземіз. Бізде Ресейде білім берудің федералды мемлекеттік стандарты деген түсінік бар. Ол бойынша осында тұрып жатқан өзге ұлт өкілі ана тілінде білім алуына құқы бар. Орта білім туралы аттестатта негізгі пәндердің астында жазулы тұратын екінші ана тілі деген бағанға баға қойылуы керек. Мысалы, алтай немесе неміс халқы заң бойынша тіркелген, өз ана тілінде басып шығарылған оқулықтар бойынша білім алса, аттестатта екінші ана тілі деген жерге алтай немесе неміс тілі деп жазылып, баға қойылады. Жоғарыда айтып өткен, жоғары сыныпқа арналған оқулықтарымыз барлық тексерістен өтіп, реестрге тіркеліп, басып шығарылса, біздің балаларымыздың да аттестатында дәл солай жазылады.
«Отандастар» қорымен меморандумға отырдық. Қор өкілдерімен үнемі байланыстамыз. Олар бізге көп көмек береді. Бірдеңе керек болса, хабарласып, ресми хат жазамыз. Мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шараларға үнемі шақырып тұрады. Қосағаш қазақтары ол қордың қызметкерлеріне дән риза.
– Сұрайын деп ұмытып кетіппін. «Әліппені» қазақстандық нұсқасына сай құрастырып шығардыңыздар ма сонда?
– Иә. Біздегі қарапайым мұғалімдер 1-сыныптың оқулығын сіздердегі «Әліппеге» ұқсастырып әзірледі. Ал жоғары сыныпқа арналған кітапқа қазақ ақындары мен Алтай елінің майталмандары туралы деректер енгіздік. Алтайдың атын шығарған біраз ақынның шығармасын қазақшаға аудардық. Мысалы, бір бетінде қазақтың бас ақыны Абайдың «Қыс» деген өлеңі тұрса, екінші бетіне алтай халқының мақтанышы, ақын Лазарь Кокышевтың да «Қыс» атты өлеңін қазақшаға аударып салдық. Қазақ тілі сабақтары жүргізілетін мектептерде арнайы қазақ тілі кабинеттерін ашуды қолға алған едік. Алғашқы кабинет Жаңа ауыл ауылында ашылды. Амандық болса, бұл жұмысымызды осы оқу жылында да жалғастырамыз.
[caption id="attachment_190929" align="alignleft" width="358"] Қосағаш мұғалімдері мен тіл жанашырлары құрастырып шығарған оқулықтар[/caption]
Негізі, 15 мың қазақ осындай ауқымды шаруалар жасайды деп ешкім ойламайды. Ресей қазақтарының өздері «Ресей ішінде қазақ тілін ең таза қалпында сақтап отырған – Қосағаш қазақтары» деп мойындайды. Қазір біз күзде өтетін, үш күнге жалғасатын «Алтай – бақытты ұлттар мекені» деген атпен Алтай Республикасы қазақтарының фестиваліне қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Бар ойымыз сол фестивальда. Онда қолөнер, күй, терме, ұлттық ән, алтай күресі, қазақ күресінен сайыстар өткіземіз. Аталған фестивальға Қазақстанның бізге жақын орналасқан аймақтары – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Өскеменнен, сосын Омбы, Барнауыл, Астраханьнан, Алтайдың басқа аудандарынан арнайы қонақтар шақырамыз. Бұл фестивальдың соңы мерекеге ұласып, бір-бірімен бас қосқан қазақтар арқа-жарқа болады. Жалпы, Ресей көлемінде мақтанатындай Қосағаштың жағдайы бар. Біз «Ананы өткіздік, мынаны өткіздік» деп қайта-қайта айта бермейміз, бізде ондай іс-шаралар жиі өтеді. Күнделікті өтетін болған соң оны тізіп айтып, мақтанғымыз келмейді. Жоғарыда айтқандай, бізде бірдеңе ұйымдастыру керек болса барлығы «жүгіре» жөнеледі. Мысалы, кітапханада жұмыс істейтін бір мәдени қызметкер «бүгін «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізу керек» десе, тез арада жиналып, бірге өткізе саламыз. Біз тек Қосағаш қазақтары емес, мұқым Ресейде тұратын қазаққа пайдасы тиетін шаруалар атқаруды көздейміз. Айтуды ұмытып барамын, біз қазақ күресіне қатты көңіл бөлеміз, өзге ұлт өкілдеріне көп насихаттаймыз. Біле білсеңіз, Қосағашта қазақ күресінен бірінші Азия чемпионаты өткен болатын. Арамызда төл спортымыздың атын шығарып жүрген спорт шеберлері көп.
[caption id="attachment_190932" align="alignright" width="482"] Ат жарыс кезінде[/caption]
Қазір халықаралық төреші қызметін атқаратын Ернар Өкеев пен ержүрек Рамазан Мәжетханов деген азаматтар қазақ күресі десе жанын беруге әзір. Осындағы кәсіпкерлер де қазақ күресін дамытуға қаражатын аямайды. Оларға «Біз осындай мереке өткізгелі жатырмыз. Сіз алып салмақты, ал сіз мына салмақтың бәйгесін «көтеріп» аласыз ба?» десең, олар «Мен мына сыйлықты әперемін» деп бірден келісе кетеді. Біз өткізетін сайыстарда жүлдеге жылқы, мотоцикл секілді үлкен сыйлықтар тігіледі. Біздегі басты мақсат – өзге ұлттарға «қазақ күресі деген – осы, киімі міне, балуандар осылай екі киіз үйден, иығына шапан жауып шығады» деп ұлттық күрестің ерекшелігін көрсету. Алдағы қыркүйек айында «Шүй барысын» өткізейік деп отырмыз. Соған балуандар киетін күртешеге тапсырыс бердік. Жасырып не қылайын, «Отандастар қоры», Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығына «Бізге күртеше алып беруге көмектесіңіздерші. Қолымызда бары ескіріп, тозып қалды» деп ресми хат жазған едім. Әзірше ешқандай жауап жоқ. Бірақ бізде олардың жауабын күтетіндей уақыт жоқ. Арамызда мықтылығымен көзге түскен, республика парламентінде депутат болған азаматтарымыз көмектесеміз деген соң бірнеше күртеше сатып алғалы отырмыз.
– Омбы, Красноярск қазақтарының басын біріктіретін ұйымның жұмысына жауаптылар бізге берген сұхбатында оларды толғандыратын басты мәселе қазақ тілі екенін айтқан еді. Байқап қарасам, сіздерді күртешеден өзге алаңдататын басқа мәселе жоқ секілді.
– Құдайға шүкір, бізде бас қатыратындай мәселе жоқ. Бізге барлығы жетеді. Жағдайымыз жақсы. Барлығын өзіміз істейміз. Оқулықты да өзіміз құрастырамыз. WhatsApp-тағы «Ресей қазақтары» деген топта Астрахань, Омбы қазақтарына үнемі «Күзге дейін тапсырыс беріңдер. Ата-аналарға «Әр адамға туған тіл керек. Ана тілін ұмтыпауымыз керек» деп айтып жүріңдер. Әкімшіліктен қаражат сұрап алыңдар. Горно-Алтайскідегі баспаханаға барып, тапсырыс беріңдер» деп жар салып отырамын. Неге Горно-Алтайск десеңіз, Ресей баспаханаларының шет тілдегі оқулықты басып шығаратын лицензиясы болуы қажет. Одан бөлек, ол баспаханада қазақтілді қаріпті «тануы» керек, қазақ тілін түсінетін адам беттеуі қажет. Осындай мәселенің барлығын аудан әкімдігі шешіп, жағдайды жасап қойған. Қазақстан тарапынан «Отандастар» қоры, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы мен Білім министрлігі бізге көмектеспейміз деген жоқ. Бірақ көмектессе де Ресей заңы бойынша олардың көмегі бізге «келіңкіремейді» екен. Сондықтан дәл қазір бізде қазақ күресіне қажет күртешеден басқа еш мәселе жоқ. Негізі, ол күртеше өзімізде тігілсе, көмек сұрамас едік. Бірақ Ресейдің қай өңіріне барып қазақ күресінен киім сұрайсың? Кім болса да, «Дұрысы, атамекеніңнен сұрасаңшы» дейді ғой. Балуандардан сұрастырсақ, қазақ күресімен айналысатын балуандар киетін әлгі күртеше Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанда тігіледі екен. Бар ойымыз – осында каникулда жүрген студенттер Ресейдің әр түкпіріне оқуға кетіп қалмай тұрғанда сайысты өткізу. Арамызда небір мықты жастар, әлем чемпиондары бар. Олардың барлығы төл спортынан күш сынасқысы келеді. Әрі-беріден соң бізде де намыс бар ғой. Біздің балалар алтай күресінен, орыстың самбосынан, жапонның дзюдосынан қарсыласын жығып жатады. Сөйте тұра осында отырған 15 мың қазақ төл күресімізді дамыта алмаймыз ба?! Өзге ұлттың балуандары «Қанеки! Кілемдеріңді жайыңдар. Төрешілерді шақырыңдар. Қазақша күресте өзара кім мықтыны анықтайық» деп білек сыбанып отыр. Олар қазақ күресінің ережесін жақсы біледі. Көбі – қазақ күресінен Қазақстан чемпионатына, өзге де турнирлерге қатысып, топ жарған балуандар. Жуырда алтай халқының Эл Ойын деген өлкеаралық фестивалі өтті. Онда түрлі спорттық ойындардан бөлек, көпшілік асыға күткен алтай күресінен сайыс өтіп, бас жүлде иегеріне автокөліктің кілті табыс етілді. Сонда көбі «Қазақ күресі – таза күрес. Қосағашта ұйымдастырыңдар. Сонда барып белдесейік» деп сұрап жатыр. Оларға айтқан сөзімізде тұрып, қыркүйекте өткізбекпіз.
– Біздегі көпшілік Алтай өлкесін мекендеген қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен бейхабар. Тіпті, Алтай тауындағы Ресей, Қазақстан және Қытай мен Моңғолия шекарасының түйіскен жерінде дүйім халық, мұқым ел бар екенін біле бермейді. Осы ретте қазақтардың ол өлкеге тұрақтап, қоныстану тарихы туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Негізі, ата-бабаларымыз бұл өлкеге екі арнадан келген. Осында туып-өскен ақын, ғалымдардың жазып қалдырған шежіресіне сенсек, аталарымыз осында 1860-1870 жылдары көшіп келген. Архивті ақтарсақ, Омбы губерниясы туралы мәліметтерде де қазақтар дәл сол жылдары Қосағашқа ат басын тіреген делінеді. Көбі Шығыс Қазақстан жақтан кірсе, енді бірі Қытай, одан Моңғолияға өтіп, Қобданың бойын жағалай жеткен. Қосағаш қазақтарының негізгі мекені – Қатонқарағай. Бірақ мал өрісі тарылған соң біразы Қытайға, біразы елде қалып қойған. Бізбен бірге бір нанды бөлісіп жүрген төлеңгіттерге үлкен жиындарда үнемі алғысымды айтып жүремін. Аздап өлең жазатыным бар. Оларды әнге қосып, тойларымызға шақырамыз. Олар ата-бабаларымыз қысылып, қиналып келгенде тұратын жер, мал бағатын жайылым беріп, қуана-қуана қабылдағаны естен еш кетпейді. «Бауырлас елміз, түркі халықтарымыз» деуден шаршамайтын алтай халқының бірлікке ұмтылатын қасиетін жоғары бағалаймын. Негізі, Алтай – ұлы бабаларымыздың алтын бесігі. Түркі халқы бұл жерді «атажұртымыз» деп атайды. Алтайдың «құшағында» Ресей, Қазақстан, Қытай және Моңғолия халқы күн кешіп отыр. Сондықтан біз – Алтайдың төрт емшегін төл емген елміз деп айтамыз.
– Іргелес жатқан Баян-Өлгей қазақтарымен байланыс үзілмейтін шығар?
– Әлбетте, олармен байланысымыз жақсы. Қосағаштан Баян-Өлгейге дейін 200 шақырым жол жатыр. Екі аймақ арасында барыс-келіс, алыс-беріс өте жақсы. Пандемияға бола кейінгі екі жылда қатынас үзіліп қалды, әйтпесе ол жақтағы бауырларымыз біз ұйымдастырған іс-шаралардан қалмайды. Әсіресе, тоғызқұмалақ, шахматтан өтетін жарыстарға жиі келеді.
– Өзіңіз атамекенге келіп қайтқан боларсыз?
– Иә. Алғаш рет 2012 жылы қыстыгүні бардым. Ол кезде қасымда отырған бір ақсақал «Атажұрттан атамекеніңе келдің, қалтаңа топырақ салып ал» деді. Шекарадан өтер тұста орналасқан «Ауыл» деген бекетте құжаттарымды тексеріп болған соң, жерде жатқан қарды теуіп, астындағы суық топырақты алып, қалтама бір уыс қып салып алдым. Ондай сәтте далада қақаған аяз тұрса да, бойыңды жылулық билеп, ерекше күй кешеді екенсің. Сосын ауылға қайтқан соң балаларым «Бұл не?» деп сұрағанда «Бұл – атамекеніміздің топырағы, балам» деп айтқаным есімде. Енді мына қызықты қараңыз. 2019 жылы «Отандастар» қоры ұйымдастырған «Туған елге саяхат» жобасына қатыстыру үшін Қосағаштан он баланы елге алып келдім. Сондай-ақ ұлдарымды қоса ертіп алдым. Әлгі он бала пойызбен ел ішін аралағанша ұлдарыма астананы көрсеткім келді. Жаңағы «Ауыл» бекетінен көлікпен өтіп бара жатсақ, үлкен ұлым «Әке, көлікті тоқтатшы» дейді. Жүргізуші жол шетіне тоқтағаны сол-ақ еді, үлкенім сыртқа шығып, сәлден соң жүгіріп келіп: «Әке, есіңде ме? Сен қалтаңа салып бір уыс топырақ әкелгенсің. Мен де бір дорба топырақ салып алдым» дейді (күліп). Сөйтсем, қалтасына жылтыр дорба салып алып, дайындалып жүрген екен. Әлгі құм салынған дорба үйде әлі тұр, «Тиіспеңдер, солай тұрсын» дейді. Қазақстаннан оралған соң ұлдарым онда қайта барамыз деп байбалам салды (күліп). Қазақстанның Туын сатып алдыртты. Жалпы, ұлдарым Қазақстан десе жанын береді, елең ете қалады. Осы ретте отбасымнан тағы бір мысал айта кетейін. Жалпы, бізге отбасы аясында ана тіліміздің құдіретін түсіндіру қажет. «Біз орыс елінде тұрамыз, орыс тілі саған керек. Оқы. Алтай халқымен туған бауырдай араласамыз. Алтай тілін үйрен. Бірақ қазақ тілінің құдіреті бәрінен жоғары тұруы қажет. Осыны есіңнен шығарма, балам» деп айтып отырамыз. Кейбірі Ресей қазақтарын орыстанып кетті деп айтуы мүмкін. Бірақ Қосағашта отырған біз орыстанып кетсек қайда қалдық? Құдайға шүкір, бізде барлығы сақталған. Біздегі кәсіпкерлер елден Otau TV-дің антеннасын әкеп сатады. Соны тұрғызып, Қазақстаннан таралатын телеарналарды көріп отырамыз. Елдегі жаңалықтан, тіпті Түркістан облысында не болып жатқанын біліп отырамыз. Сосын үйде бізді балаларымыз «әке, ана» деп атайды. Оған достарым «Ал бізді папа, мама дейді. Неге сендерді атағандай атамайды? Ол қалай болды екен? Әке деген әдемі естіледі екен» деп айтатын. Бір күні Ержанат деген досымның үйіне барсам, балалары «әкелеп» жүр. «Қалай үйретіп алдың?» десем, «Сенің балаларыңмен ойнаған соң үйге келіп бірінші мені «әке» деді, екінші күні шешесіне «ана» деді. Осылайша, солай атап кетті» дейді. Қазір байқап қарасам, Қосағашта барлығы ата-анасын әке, ана дейтін болыпты. Осыдан-ақ қазақ тіліндегі бір сөздің құдіретін түсінуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ